عَنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ. قَالَ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ وَأَيُّ النَّعِيمِ نُسْأَلُ عَنْهُ؟ إِنَّمَا هُوَ الْأَسْوَدَانِ: التَّمْرُ وَالْمَاءُ، قَالَ: أَمَا إِنَّهُ سَيَكُونُ».
Зубәйір (р.а.) «Тәкәсур» сүресіндегі ﴿ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ﴾ «Сол күні бар нығметтің есебін бересіңдер.»1 деген аят жөнінде Алла Елшісінен (с.а.с.): «Уа, Алла елшісі! Жеп-ішкеніміз құрма мен судан ғана тұрса, қай нығмет үшін есеп береміз?» – деп сұрады. Расулалла: «Бұл міндетті түрде болады»2, – деді.
Түсіндірме
1. «Тәкәсур» сүресі – өлім мен қиямет-қайымның мән-жайын түсіндіретін маңызды сүрелердің бірі. Жоғарыда берілген риуаят, негізінен, сүренің ақыретте есеп-қисап беруге қатысты соңғы аятын түсіндірген.
Риуаяттың Тирмизидегі нұсқасында айтылғандай, Зубәйір ибн әл-Әууам (р.а.) «Тәкәсур» сүресі түскен кезде осы сұрағын сұраған.
2. Аяттағы «нағим» сөзі «өзінен ләззат алынатын кез келген нығмет» дегенді білдіреді. Өмір, денсаулық, ішуге жарамды бір тамшы су т.б. осыған жатады.
Кейбір Ислам ойшылдары «ішке тартылған әрбір тыныс пен өкпеде жұмысын бітірген соң сыртқа шығарылған әрбір тыныс өз алдына нығмет болып саналады» дей келе, «Бір рет тыныс алып бергеніміз үшін екі рет хамд айту мойнымызға қарыз болып жазылады» деген.
3. Әзірет Зубәйір (р.а.) су мен құрма нығметін тілге тиек етіп: «Осы екі нығметтің де есебін береміз бе?!» – деп таңдана сұраған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ол міндетті түрде болады» деп жауап берген. Бұл жауаптан екі түрлі мағына шығаруға болады:
1. Иә, «осы екі қара» (су мен құрмаң) үшін де есеп бересің!
2. Қазір қолыңда мол нығмет жоқ шығар, дегенмен болашақта (есебі қиын берілетін) мол нығметке кенелесің.
Хадисті түсіндірушілер осы екі мағынаға тоқталады.
Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құрма жеп, салқын су ішкен кезде
الْحَمْدُ لِلَّذِى أَطْعَمَنَا وَسَقَانَا وَجَعَلَنَا مُسْلِمِينَ
«Бізді тамақтандырған, сусындатқан әрі мұсылман еткен Аллаға мадақ!» деп дұға айтатын. Демек, су мен құрма нығметіне ие болмасақ та, денсаулығымызды, иманымызды ең үлкен нығмет деп біліп, мадақ айтуымыз керек.
Әзірет Омардан (р.а.) жеткен бір риуаятта сұрақ былай сұралған: «Уа, Алла елшісі, қай нығметтің есебін береміз, туған жерімізден қуылып, мал-мүлкімізден айырылдық емес пе?»
Расулалланың (с.а.с.) жауабы былай: «Сендерді ыстықтан, суықтан қорғаған баспаналарыңның, ағаштардың көлеңкесінен және аптап ыстықта ішкен салқын судан (есеп бересіңдер)».
Басқа хадисте: «Өз отанында тыныштықта тіршілік еткен, дені сау, күндік азығы бар адамға басқа не керек! (Шүкір етіп, зікір жасап, терең ойланып, о дүниесіне сауап жіберіп, жаратылу мақсатын орындай алады)» деген.
Осы тақырыпқа қатысты тағы бір хадис бар. Онда біз есеп беретін сансыз нығметтердің негізгілері берілген: «Қиямет күні бес нәрсенің есебін бермейінше, ешкім Раббысының құзырынан кетпейді, олар:
1. Өмірін қалай өткізгені,
2. Жастық шағын қайда өткізгені,
3. Дүние-мүлікті қандай жолмен тапқаны,
4. Дүние-мүлігін қайда жұмсағаны,
5. Ілімімен қандай амал жасағаны»
Сөзіміздің соңында әзірет Зубәйірдің неліктен су мен құрмаға «екі қара» дегенін түсіндіре кетейік. Хадисшілер оны былай түсіндіреді: «Мәдина құрмасы негізінен қара түсті. Араб тілінде екі нәрсе бірге айтылғанда, екеуінің қайсысы күштілеу болса, соны негізге алып сөйлеу әдетке айналған. Мысалы, араб тілінде «әке мен шеше» (әбун – уммун) сөздері «әке» сөзіне негізделіп «әбәуәйни» деп айтылады, «Күн мен Ай» (шәмс – қамар) сөздері «қамарайни» деп айтылады. Бұл жерде де сол қағидаға сүйеніп айтылған».