وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَجُلًا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّى أُحِبُّ هَذِهِ السُّورَةَ. قَالَ: إِنَّ حُبَّكَ إِيَّاهَا أَدْخَلَكَ الْجَنَّةَ»
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір кісі “Ықылас” сүресін меңзеп: “Уа, Алла елшісі, мен осы сүрені жақсы көремін”, – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Оны сүюің сені жәннатқа кіргізеді”, – деді».1
Түсіндірме
Хадистің Тирмизидегі нұсқасы ұзағырақ. Жоғарыдағы риуаятты кеңірек түсіну үшін соның аудармасын бере кетейік:
«Әзірет Әнәс былай дейді: «Бір ансарлық кісі Құба мешітінде имам еді. «Фатиха» сүресін оқығаннан кейін, әрқашан «Ықылас» сүресін оқып барып басқа қосымша сүре оқитын. Намаздың әр рәкатында солай жасайтын. Жамағат оның бұлай жасағанына қарсы шығып: «Сен әрі бұл сүрені оқисың, әрі сол жетпегендей басқа сүрені тағы да оқисың. Не соны ғана оқы, не оны оқымай басқа сүре оқы (екеуін бірге оқығанды қой)», – деді. «Жоқ, мен олай жасай алмаймын, менің осылай имам болғаныма көнсеңдер, жалғастырайын, ал егер ұнатпасаңдар, имамдықтан кетейін», – деп тоқетерін айтады.
Жамағат ол кісіні өз араларындағы (имамдыққа ең лайықты кісі) деп қабылдайтын. Өздеріне басқа біреудің имам болғанын құптамады. Алайда бір мәртесінде Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келген кезде, осы мәселені жеткізеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) имамды шақырып: «Жамағаттың өтінішін орындамауыңа не кедергі, әр рәкатта осы сүрені қайта-қайта оқуыңның себебі не?» – деп сұрады. Имам: «Уа, Алла елшісі, мен бұл сүрені жақсы көремін!» – деп жауап берді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол кезде: «Оны сүюің сені жаннатқа кіргізеді!» – деді. Осылайша Расулалла оны жаннатпен сүйіншілеп, оның әрекетін мақұлдаған. Сондай-ақ «Сахихайнда» әзірет Айшадан (р.а.) жеткен бір риуаят бойынша, бір қолбасшы да әр рәкатта зәм сүреден кейін «Ықыласты» оқып, әр рәкаттың қыраатын сонымен тамамдайтын. Бұл жағдай Расулаллаға (с.а.с.) айтылғанда, سَلُوهُ لِأَىِّ شَيْءٍ يَصْنَعُ ذَلِكَ «Неге солай жасап жүргенін сұраңдар?» – дейді. Сұраған кезде, қолбасшы: «Өйткені бұл сүре – Рахманның сипаты, мен әр рәкатта оны оқығанды жақсы көремін», – дейді. Оның жауабы Расулаллаға (с.а.с.) жеткен кезде: «Оған айтыңдар, Алла оны жақсы көреді!» – дейді.
Ғалымдар осы риуаяттарға қарап, бір рәкатта екі зәм сүре оқуға болатынын айтқан.
- 1Тирмизи, «Фадаил әл-Құран» (№2901, Ибраһим Жанан басылымында №2903).