Хадис

«Ықылас» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 141-тарау · 8 хадис · № 888–895

Хадистер

888
Кутуб ситтә, № 888 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِأَصْحَابِهِ: أَيَعْجِزُ أَحَدُكُمْ أَنْ يَقْرَأُ ثُلُثَ الْقُرْآنِ فِي لَيْلَةٍ؟ قَالُوا: وَأَيُّنَا يُطِيقُ ذَلِكَ؟ فَقَالَ: قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ اللَّهُ الصَّمَدُ ثُلُثُ الْقُرْآنِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабалардан “Бір түнде Құранның үштен бірін оқуға шамаларың жетпей ме?” – деп сұрады. Олар мұны ауыр көріп, “Оған кімнің шамасы жетеді?” – деді. Сонда Алла елшісі “Ықылас” сүресінің Құранның үштен біріне тең екенін айтты».1

Түсіндірме

Түсіндірме №878, 879 хадистерде берілді.

  1. 1Бұхари, Фәдәилул-Құран 13, Тәухид 1; Мүслим, Мусафирин 259, (811); Тирмизи, Сауабул-Құран 11, (2898); Нәсәи, Ифтитах 69, (2, 171); Муатта, Құран 17, 19 (1, 208); Әбу Дәуіт, Уитр 18, Салат 353, (1961); ибн Мәжа, Әдәб 52, (3787, 3788, 3789).
889
Кутуб ситтә, № 889 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَجُلًا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّى أُحِبُّ هَذِهِ السُّورَةَ. قَالَ: إِنَّ حُبَّكَ إِيَّاهَا أَدْخَلَكَ الْجَنَّةَ»

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір кісі “Ықылас” сүресін меңзеп: “Уа, Алла елшісі, мен осы сүрені жақсы көремін”, – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Оны сүюің сені жәннатқа кіргізеді”, – деді».1

Түсіндірме

Хадистің Тирмизидегі нұсқасы ұзағырақ. Жоғарыдағы риуаятты кеңірек түсіну үшін соның аудармасын бере кетейік:

«Әзірет Әнәс былай дейді: «Бір ансарлық кісі Құба мешітінде имам еді. «Фатиха» сүресін оқығаннан кейін, әрқашан «Ықылас» сүресін оқып барып басқа қосымша сүре оқитын. Намаздың әр рәкатында солай жасайтын. Жамағат оның бұлай жасағанына қарсы шығып: «Сен әрі бұл сүрені оқисың, әрі сол жетпегендей басқа сүрені тағы да оқисың. Не соны ғана оқы, не оны оқымай басқа сүре оқы (екеуін бірге оқығанды қой)», – деді. «Жоқ, мен олай жасай алмаймын, менің осылай имам болғаныма көнсеңдер, жалғастырайын, ал егер ұнатпасаңдар, имамдықтан кетейін», – деп тоқетерін айтады.

Жамағат ол кісіні өз араларындағы (имамдыққа ең лайықты кісі) деп қабылдайтын. Өздеріне басқа біреудің имам болғанын құптамады. Алайда бір мәртесінде Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келген кезде, осы мәселені жеткізеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) имамды шақырып: «Жамағаттың өтінішін орындамауыңа не кедергі, әр рәкатта осы сүрені қайта-қайта оқуыңның себебі не?» – деп сұрады. Имам: «Уа, Алла елшісі, мен бұл сүрені жақсы көремін!» – деп жауап берді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол кезде: «Оны сүюің сені жаннатқа кіргізеді!» – деді. Осылайша Расулалла оны жаннатпен сүйіншілеп, оның әрекетін мақұлдаған. Сондай-ақ «Сахихайнда» әзірет Айшадан (р.а.) жеткен бір риуаят бойынша, бір қолбасшы да әр рәкатта зәм сүреден кейін «Ықыласты» оқып, әр рәкаттың қыраатын сонымен тамамдайтын. Бұл жағдай Расулаллаға (с.а.с.) айтылғанда, سَلُوهُ لِأَىِّ شَيْءٍ يَصْنَعُ ذَلِكَ «Неге солай жасап жүргенін сұраңдар?» – дейді. Сұраған кезде, қолбасшы: «Өйткені бұл сүре – Рахманның сипаты, мен әр рәкатта оны оқығанды жақсы көремін», – дейді. Оның жауабы Расулаллаға (с.а.с.) жеткен кезде: «Оған айтыңдар, Алла оны жақсы көреді!» – дейді.

Ғалымдар осы риуаяттарға қарап, бір рәкатта екі зәм сүре оқуға болатынын айтқан.

  1. 1Тирмизи, «Фадаил әл-Құран» (№2901, Ибраһим Жанан басылымында №2903).
890
Кутуб ситтә, № 890 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَنْ قَرَأَ قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ كُلَّ يَوْمٍ مِائَتَىْ مَرَّةٍ مُحِىَ عَنْهُ ذُنُوبُ خَمْسِينَ سَنَةً إِلَّا أَنْ يَكُونَ عَلَيْهِ دَيْنٌ».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізді: «Кімде-кім “Ықылас” сүресін күн сайын екі жүз рет оқыса, мойнында қарызы болмаса, елу жылдық күнәсі өшіріледі».1

Түсіндірме

Хадисті түсіндірушілер кісі ақысының бөлек айтылуынан екі мағына шығарған:

1. Кісі ақысы өтелмейінше, кешірілмейді. Хадистердегі осындай сөздер кісі ақысының мән-маңызын түсіндіріп, одан сақтандыруды меңзейді.

2. Біреудің кісі ақысы секілді кешірілмейтін күнәсі бар бола тұра, «Ықылас» сүресін хадисте айтылғандай оқыса, басқа күнәлары кешірілуі мүмкін. Алайда бұл сүренің оқылуы да кісі ақысы секілді күнәні өшіре алмайды.

  1. 1Тирмизи, «Фадаил әл-Құран», 11 (№2898, Ибраһим Жанан басылымында №2900).
891
Кутуб ситтә, № 891 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْهُ أَيْضًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ أَرَادَ أَنْ يَنَامَ عَلَى فِرَاشِهِ فَنَامَ عَلَى يَمِينِهِ ثُمَّ قَرَأَ قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ مِائَةَ مَرَّةٍ قَالَ لَهُ الرَّبُّ تَعَالَى يَوْمَ الْقِيَامَةِ ادْخُلْ عَلَى يَمِينِكَ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَ هَذِهِ الْأَحَادِيثَ الثَّلَاثَةَ التِّرْمِذِيُّ

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізді: «Ұйықтарда оң қырымен жатып, “Ықылас” сүресін жүз рет оқыған кісіге Алла Тағала Қиямет күні: ‘Жұмаққа оң жағыңмен кір!’ – дейді».1

  1. 1Тирмизи, «Фадаил әл-Құран», 11 (№2898, Ибраһим Жанан басылымында №2900), сол риуаяттың екінші мәтіні.
892
Кутуб ситтә, № 892 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Убәй ибн Кәғб (р.а.)

وَعَنْ أَبِي بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ الْمُشْرِكِينَ قَالُوا لِلنَّبِىِّ ﷺ اُنْسُبْ لَنَا رَبَّكَ فَنَزَلَ: قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ اللَّهُ الصَّمَدُ لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ: لِأَنَّهُ لَيْسَ شَيْءٌ يُولَدُ إِلَّا وَسَيَمُوتُ، وَلَيْسَ شَيْءٌ يَمُوتُ إِلَّا سَيُورَثُ، وَأَنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَا يَمُوتُ وَلَا يُورَثُ؛ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ. قَالَ لَمْ يَكُنْ لَهُ شَبِيهٌ وَلَا عَدِيلٌ وَلَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Убәй ибн Кәғб (р.а.) былай дейді: «Мүшріктер Алла Елшісіне (с.а.с.): «Раббыңды бізге сипаттап бер (таныт)!» – деді. Соған байланысты «Ықылас» сүресі түсті:

1. ﴿قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ﴾ «Былай деп айт: Ол Алла жалғыз!»

2. ﴿اللَّهُ الصَّمَدُ﴾ «Алла – Самад!»

3. ﴿لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ﴾ «Ол тумаған да, туылмаған да!»

4. ﴿وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ﴾ «Оның ешбір теңдесі де жоқ!» («Ықылас», 1–4-аяттар).

Убәй (р.а.) бұл сүренің кей сөзін былай түсіндірген: «Самад – бала сүймеген әрі дүниеге келмеген. Өйткені дүниеге келгеннің бәрі өледі, ал өлгеннің артында мұра қалады. Алла өлмейді және Оның мұрагері де болмайды».

«Оның ешбір теңдесі де жоқ» аяты Аллаға ұқсайтын ешбір нәрсе жоқ екенін, Оның ешбір теңдесі болмағанын білдіреді».1

Түсіндірме

Риуаяттың мазмұны түсінікті. Мұндағы «самад» сөзіне тәпсіршілер арнайы тоқталған, өйткені араб тілінде бұл сөз бірнеше мағынада қолданылады.

«Самад» сөзі «ең құрметті» дегенді білдіреді.

Әбу Уаил: «Құрметке ең лайықты», – деген.

Айни: «Арабтар «самад» сөзін «абырой-бедел» мағынасында қолданады, сондықтан ең сыйлы, аса қадірлі елбасыларын «самад» деп атаған», – дейді.

Ибн Аббас: «Сый-құрмет пен абырой-беделдің ең кемел шегіне жеткен» дейді.

Сондай-ақ өзіне ештеңе қажет болмай, басқалардың мұқтажын өтейтінді әрі бойында кемшілік болмайтынды «самад» деген.

Қазақ тілінде бұл сөздің тура баламасы жоқ. «Алла – самад» аятының мағынасын былайша беруге болады: «Соңы жоқ, мәңгі, бақи, барлығы оған мұқтаж, ұлылардың ең ұлысы».

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Ықылас» (№3364–3365, Ибраһим Жанан басылымында №3361–3362).
893
Кутуб ситтә, № 893 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ أَبِي وَائِلٍ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى: «الصَّمَدُ السَّيِّدُ الَّذِي انْتَهَى سُؤْدَدُهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Уаил (рахимаһуллаһ): «Самад – ұлықтықтың кемеліне жеткен ие», – деген.1

  1. 1Бұхари, Тәпсір, Ихлас 2.
894
Кутуб ситтә, № 894 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى يَشْتِمُنِى ابْنُ آدَمَ وَمَا يَنْبَغِى لَهُ أَنْ يَشْتِمَنِى! وَيُكَذِّبُنِى وَمَا يَنْبَغِى لَهُ أَنْ يُكَذِّبَنِى. أَمَّا شَتْمُهُ إِيَّاىَ فَيَقُولُ: أَنَّ لِى وَلَدًا. وَأَمَّا تَكْذِيبُهُ إِيَّايَ فَيَقُولُ: لَيْسَ يُعِيدُنِى كَمَا بَدَأَنِي. وَلَيْسَ أَوَّلُ الْخَلْقِ بِأَهْوَنَ عَلىَّ مِنْ إِعَادَتِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: «Алла Тағала былай деген: «Адам баласы Маған тіл тигізеді (Маған жараспайтын сөз айтады). Алайда бұл оған жараспайды. Адам баласы Мені жоққа шығарады, алайда Мені жоққа шығару оған жараспайды. Маған тіл тигізуіне келсек, бұл – оның Мен жайлы «баласы бар» деп айтуы. Жоққа шығаруына келсек, бұл – «Алла мені жаратқаны секілді мені қайтадан тірілтпейді» деп айтуы. Алайда екінші мәрте қайтадан тірілту Маған жоқтан бар еткенімнен қиын емес».1

  1. 1Бұхари, Тәпсір 1, Бәдул-халқ 1; Нәсәи, Жәнәиз 117, (4, 112).
895
Кутуб ситтә, № 895 · тараудағы реті: 8

وَفِي رِوَايَةٍ لَهُمَا: «وَأَمَّا شَتْمُهُ إِيَّاىَ فَقَوْلُهُ: اتَّخَذَ اللَّهُ وَلَدًا، وَأَنَا الْأَحَدُ الصَّمَدُ الَّذِي لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ».

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Нәсәиде берілген басқа риуаятта: «Маған тіл тигізуі – “Алла бала иемденді” деп айтуы. Алайда Мен бірмін, самадпын, тумағанмын, туылмағанмын, ешбір теңдесім де жоқ».

Түсіндірме

Біз «тіл тигізу» деп аударған хадистегі «шәтм» сөзі араб тілінде анайы сөзді білдіретін бүкіл сөздер үшін қолданылады: ұрысу, масқаралау, қарғау т.с.с. Тіл тигізуді жоғарыдағы риуаяттарда «жараспайтын сөз айту» деп аударған жөн.

Құдси хадисте Алла Тағала кейбір адамдардың күпірлікті, ширкті білдіретін сөздерін «шәтм» деп берген: «Алланың ұлы бар», «қызы бар» деген секілді...

Аллаға бала телу яһудилерде де, христиандарда да бар. Жаһилият арабтары да періштелерді «Алланың қыздары» деп, дәл сондай күпірлікке ұрынған.

Өлгеннен кейін қайта тірілуді ақылымен түсіне алмай, оны жоққа шығарып, күпірлік жасау барлық дәуірлерде болған. Құран кәрім мен басқа илаһи кітаптар және барша пайғамбарлар адамзатқа тәухидті насихаттаған, ал осы «тәухид» ұғымынан кейінгі екінші орында тұратыны – ақырет сенімі, яғни өлгеннен кейін қайта тірілу. Ақыретті, қайтадан тірілуді жоққа шығару – Алла тағаланы жоққа шығарумен тең. Жоғарыдағы бірінші риуаят адам баласын терең ойлануға (тәфәккүрге) жетелеп, былай дейді: «Уа, адам баласы! Жоқтан бар болғаныңды көре тұра, екінші рет қайта тірілуді неге жоққа шығарасың? Соны да қиын деп ойлайсың ба? Негізі, жоқтан бар жасау одан да қиын емес пе? Әлде сен қайта тірілтудің Аллаға жоқтан бар жасауынан қиын болады деп ойлайсың ба? Өкінішке орай, қате ойлап, өз-өзіңді алдап жатырсың. Алланың құдіретіне ол нәрселер өте оп-оңай. Барша болмыстың жаратылуы бір ғана болмыстың жаратылуы секілді оңай. Қайтадан тірілулерің де бір адамның тірілуіндей жеңіл, дабыл қағылғанда барша әскерлердің әп-сәтте қаз-қатар тізіліп тұра қалатыны секілді, қиямет-қайымда Исрафилдің (а.с.) сүр үрлеуімен шіріп кеткен денелерің әп-сәтте бір бүтінге айналып, есеп беру үшін махшарға жиналасыңдар».