Хадис

Муғаууизәтәйн сүрелері

Кутуб ситтә, 3-том, 142-тарау · 7 хадис · № 896–902

Хадистер

896
Кутуб ситтә, № 896 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Уқба ибн Амир (р.а.)

عَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: أَلَمْ تَرَ آيَاتٍ أُنْزِلَتْ هَذِهِ اللَّيْلَةَ لَمْ يُرَ مِثْلُهُنَّ قَطُّ؟ قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ. وَقُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِىُّ.

Қазақша аудармасы

Уқба ибн Амир (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Бүгін түнде түскен, бұрын-соңды теңдесі көрілмеген аяттарды байқадың ба? Олар – ‘Қул ағузу бираббил-фәләқ’ және ‘Қул ағузу бираббин-нас’ сүрелері”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Мусафирин», 264 (№814); Тирмизи, «Фадаил әл-Құран», 12 (№2902, Ибраһим Жанан басылымында №2904), «Тәпсір», «Муғаууизәтәйн» (№3367, сол басылымда №3364); Әбу Дәуіт, «Салат», 354 (№1462–1463); Нәсәи, «Истиғаза», 1 (8-т., 251–254-б.).
897
Кутуб ситтә, № 897 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ لِلتِّرْمِذِى عَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ قَالَ: «أَمَرَنِى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ أَقْرَأَ الْمُعَوِّذَتَيْنِ فِي دُبُرِ كُلِّ صَلَاةٍ».

Қазақша аудармасы

Уқба ибн Амир (р.а.) Тирмизидегі бір риуаятта былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған әр намаздың соңынан Муғаууизәтәйнді оқуымды әмір етті».1

  1. 1Тирмизи, «Фадаил әл-Құран», 12 (№2903, Ибраһим Жанан басылымында №2905).
898
Кутуб ситтә, № 898 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ خُبَيْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَصَابَنَا طَشٌّ وَظُلْمَةٌ فَانْتَظَرْنَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لِيُصَلِّيَ بِنَا ثُمَّ ذَكَرَ كَلَامًا مَعْنَاهُ: فَخَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِيُصَلِّيَ بِنَا، فَقَالَ: قُلْ. قُلْتُ: مَا أَقُولُ؟ قَالَ: قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ وَالْمُعَوِّذَتَيْنِ حِينَ تُمْسِى وَحِينَ تُصْبِحُ ثَلَاثًا تَكْفِيكَ مِنْ كُلِّ شَيْءٍ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Хубәйб (р.а.) былай дейді: «Қараңғыда сіркіреп жаңбыр жауды. Бізге намаз оқытып беруі үшін Расулалланы (с.а.с.) күттік». Рауи Абдулланың мына мағынада сөз айтқанын жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге намаз оқытуға шыққанда: “Айт!” – деді. Мен: “Не айтайын?” – деп сұрадым. Ол: “Кешке және таңертең ‘Ықылас’ сүресі мен екі Муғаууизәтәйнді үш реттен оқы. Бұл саған бар нәрседен қорғануға жеткілікті”, – деді».1

Түсіндірме

Қуаңшылық, қараңғылық, апат сияқты қорқынышты уақыттарда истиғаза (сиыну) керек. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұндай қауіп-қатерлерден қорғалған болса да, құлшылықты кемеліне жеткізу үшін әрі мұндай жағдайларда не істеу керектігін үмбетіне көрсету үшін, истиғаза жасаған. Мұндай жағдайларда жасалатын истиғаза мен дұға-тілектер, негізінде, ұнамсыз жағдайлардан құтылу үшін емес, осындай кездерде жасалатын құлшылықтарды орындау үшін. Өйткені ешбір құлшылықты дүниелік мақсатпен жасауға болмайды. Егер құлшылықта дүниелік мақсаттарға ниет ететін болса, ғибадаттың өзегі болып саналатын ықылас жоғалады, ал ықылассыз құлшылықтар Алланың құзырында қабыл болмайды.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ыңғайлы сәтті пайдаға асырып, қауіп-қатер төнген қиын-қыстау уақыттарда оқылуы керек сүрелерді үйретіп жатыр.

«Истиғаза» сөзі «ғауз» түбірінен жасалған, бұл сөз «сиыну» деген мағынаны білдіреді. Демек, «истиғаза» діни термин ретінде «сиыну, паналау» деген мағынаны білдіреді. Яғни қиналған сәттерде Аллаға сиынып, қауіп-қатерден, жамандықтан құтқаруын тілеу. Мұндай жағдайларда, яғни сиынатын уақытта «Фәләқ» пен «Нас» сүрелері оқылатын болғандықтан, бұл екі сүрені Муғаууизәтәйн деп атайды. Бұл сүрелердің артықшылығын Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әртүрлі хадистерінде баяндаған. Жоғарыдағы хадистер солардың біреуі.

  1. 1Нәсәи, Истиғаза 1, (8, 250.253).
899
Кутуб ситтә, № 899 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اقْرَأْ يَا جَابِرُ. قُلْتُ: وَمَاذَا أَقْرَأُ؟ بِأَبِي أَنْتَ وَأُمِّي. قَالَ: اقْرَأْ: قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ، وَقُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ. فَقَرَأْتُهُمَا فَقَالَ: اقْرَأْ بِهِمَا فَلَنْ تَقْرَأَ بِمِثْلِهِمَا». أَخْرَجَهُ النَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған: “Жәбир, оқы!” – деді. Мен: “Ата-анам сенің жолыңда құрбан болсын, не оқиын?” – деп сұрадым. Ол: “‘Қул ағузу бираббил-фәләқ’ пен ‘Қул ағузу бираббин-нас’ сүрелерін оқы!” – деді. Мен оларды оқыдым. Расулалла: “Осы екі сүрені оқы. Бұлардай сүре оқи алмайсың”, – деді».1

  1. 1Нәсәи, Истиғаза 1, (8, 254).
900
Кутуб ситтә, № 900 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ زِرِّ بْنِ حُبَيْشٍ قَالَ: «سَأَلْتُ أُبَيَّ بْنَ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ الْمُعَوِّذَتَيْنِ قُلْتُ: يَا أَبَا الْمُنْذِرِ، إِنَّ أَخَاكَ ابْنَ مَسْعُودٍ يَقُولُ كَذَا وَكَذَا. فَقَالَ: سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: قِيلَ لِى قُلْ، فَقُلْتُ: فَنَحْنُ نَقُولُ كَمَا قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ.

Қазақша аудармасы

Зирр ибн Хубәйш былай дейді: «Убәй ибн Кәғбтан (р.а.) Муғаууизәтәйн жайлы сұрап: “Уа, Әбу әл-Мунзир! Бауырың Ибн Мәсғуд былай-былай деп жүр”, – дедім. Ол: “Мен Алла елшісінен (с.а.с.) сұрадым. Ол: ‘Маған «Айт!» делінді, мен де айттым’, – деді. Біз де Алла елшісі (с.а.с.) айтқандай айтамыз”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Жоғарыдағы риуаятта ибн Мәсғудтың Муғаууизәтәйн жайлы не айтқаны белгісіз. Ибн Хажар оның әдейі айтылмай қалып кеткенін айтып, оны Бұхаридің өзі солай жасаған болуы мүмкін деген ой өрбітеді. Өйткені дәл осы риуаят Ахмад ибн Ханбалдың «Муснәдінде» былай берілген:

قُلْتُ لِأُبَىٍّ إِنَّ أَخَاكَ يَحُكُّهُمَا مِنَ الْمُصْحَفِ

«Убәйге: “Бауырың бұл екі сүрені мұсхафтан өшіріп жүр”, – дедім».2

Әли, Убәй ибн Кәғб және Ибн Мәсғуд секілді сахабалар Расулалланың көзі тірісінде Құранның өз мұсхафтарын түзген. Бұл мұсхафтардың сүрелерді орналастыру реті мен қамтитын мәтінінде айырма болған.

Ибн Мәсғудқа телінетін мұсхафта екі Муғаууизәтәйн мен «Фатиха» сүресі болмағаны айтылады. Алайда Ибн Нәдим (һижраның 385 жылы, милади 995 жыл) екі жүз жыл бұрын жазылған бір нұсқадан «Фатиханы» көргенін және Ибн Мәсғудтікі делінген екі мұсхафтың өзара сәйкес келмегенін жазған. Муғаууизәтәйн сүрелерінің бұл мұсхафта болмауын ғалымдар әртүрлі түсіндірген.

Бір риуаятта ибн Мәсғуд (р.а.) бұл екі сүрені истиғазаға жататын дұға ретінде үйретілгенін айтып, былай деген:

إِنَّمَا أَمَرَ النَّبِىُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ أَنْ يَتَعَوَّذَ بِهِمَا

«Пайғамбар (с.а.с.) тек осы екі сүремен Аллаға сыйынуды бұйырған». Жоғарыдағы риуаяттар да осыны көрсетеді. Бәлкім, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы сүрелерді намазда оқыған кезде ибн Мәсғуд оны естімеген болуы мүмкін, өйткені Мүслим мен Саид ибн Мансұрдың сахих сәнәдпен жеткізген риуаяттарында Расулалланың бұл сүрелерді намазда оқығаны айтылған. Расулаллаға ең жақын кейбір сахабалардың өзі біршама мәселеден бейхабар еді. Расулалла дүниеден өткеннен кейін орын алған кейбір оқиғалардан осы жағдайды көруге болады. Мысалы, әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омар кейбір хадистерді естіген кезде, куәгер көрсетуді талап еткен. Расулаллаға ең жақын осы екі ұлық сахабаның кейбір мәселені естіп, сол мәселеге қатысты «Расулалланың не істегенін кім біледі?» деп іздестіргеніне қарағанда, ибн Мәсғуд секілді кейбір сахабаның да біршама мәселелерді естімеуі мүмкін. Аталмыш риуаяттан да осыны байқауға болады. Ислам ғұламалары мұндай жағдайларда үмбет қателеспеу үшін мынадай қағида қойған: «Күдікті мәселелерде көпшіліктің пікірі негізге алынады».

Ибн Мәсғудтың Муғаууизәтәйнге қатысты пікірін бізге жеткізген риуаят сахих, демек, бұл риуаятты жоққа шығаруға болмайды. Оны жоққа шығару үшін нақты дәлел керек. Ал бұл риуаят сахих болғандықтан, нақты дәлел іздеудің қажеті жоқ.

Алайда бұл риуаяттың үкімінде мутауатир хабарға қайшылық бар. Хадис ғалымдары бұған «сенімді бір адамның сенімді көп адамға қарама-қайшы келуі» деп, оны шаз деп атаған. Олай болса, ибн Мәсғудтың риуаяты шаз. Мұндай риуаяттар түрлі себептермен кітапқа енген және бөлек зерттеуді қажет етеді. Өйткені риуаятты жеткізген Бәззар мына түсіндірмені қоса келтіреді:

وَلَمْ يُتَابِعْ اِبْنَ مَسْعُودٍ عَلَى ذَلِكَ اَحَدٌ مِنَ الصَّحَابَةِ

«Ешбір сахаба бұл мәселеде ибн Мәсғудпен келіспеген».

Ал ибн Хажар былай тұжырымдайды:

وَقَدْ صَحَّ عَنِ النَّبِىِّ ﷺ اَنَّهُ قَرَأَهُمَا فِي الصَّلَاةِ

«Расулалланың (с.а.с.) бұл екі сүрені намазда оқығаны сахих риуаяттарда берілген».

  1. 1Бұхари, Тәпсір, Қул ағузу бираббил-фәләқ 1.
  2. 2Ахмад ибн Ханбал, «Муснад» (№21189); Бұхари, «Тәпсір» (№4976, мазмұндас нұсқа).
901
Кутуб ситтә, № 901 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ نَظَرَ إِلَى الْقَمَرِ فَقَالَ: يَا عَائِشَةُ اسْتَعِيذِى بِاللَّهِ مِنْ شَرِّ هَذَا، فَإِنَّ هَذَا هُوَ الْغَاسِقُ إِذَا وَقَبَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Айға қарап: “Айша, мынаның кесірінен Аллаға сыйын. Бұл – аяттағы қараңғылық басқандағы ғасиқ”, – деді».1

Түсіндірме

Осы риуаятта Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Фәләқ» сүресіндегі кейбір сөздерді түсіндірген. Хадис бойынша, 3-аяттағы «ғасиқ» сөзі «қамар», яғни Айды білдіреді. Ал «уәқаба» етістігі «жоғалу, бату» дегенді білдіреді. Ибн Аббастың айтуынша, «ғасиқ» – көкжиектегі шапақтың, яғни Күн батқан кездегі шапақтың жоғалуымен шығыс жақтан түскен қараңғылық. Хазин осы аятты «Тұтылған кездегі Айдың кесірінен» деп түсінген, яғни «уәқаба» етістігі «Ай тұтылды» немесе «жоғалды» дегенді білдіреді.

Мынадай пікір де бар: «Батқан кезде إِذَا وَقَبَ Айдың соңғы күнінде көзден ғайып болуы, яғни ол айдың соңын білдіреді».

Бұл сүренің аудармасы:

1. ﴿قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ﴾ «Былай деп айт: Таң шапағының Раббысына сақтай көр деп сиынамын:»

2. ﴿مِنْ شَرِّ مَا خَلَقَ﴾ «Өзі жаратқан күллі жаратылыстың кесірінен,»

3. ﴿وَمِنْ شَرِّ غَاسِقٍ إِذَا وَقَبَ﴾ «жер бетін қаптаған қараңғы түннің кесірінен,»

4. ﴿وَمِنْ شَرِّ النَّفَّاثَاتِ فِي الْعُقَدِ﴾ «түйіншектерге үрлеп, дуалайтын дуашылардың кесірінен,»

5. ﴿وَمِنْ شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَدَ﴾ «Һәм күндеген кездегі күншілдердің кесірінен (сақтай көр деп сиынамын).»

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Муғаууизәтәйн» (№3366, Ибраһим Жанан басылымында №3363).
902
Кутуб ситтә, № 902 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الشَّيْطَانُ جَائِمٌ عَلَى قَلْبِ ابْنِ آدَمَ. فَإِذَا ذَكَرَ اللَّهَ تَعَالَى خَنَسَ، وَإِذَا غَفَلَ وَسْوَسَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ تَعْلِيقًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізді: «Шайтан адам баласының жүрегінде бұғып тұрады. Адам Алланы еске алса, ол шегінеді, ал ғапыл қалса, көкірегіне уәсуәсә салады».1

Түсіндірме

Бұхари бұл риуаятты өзгешелеу нұсқада, сәнәдін тізбей, «уәсуас» сөзін түсіндірген тұста келтірген:

«Уәсуас: адам туған кезде, шайтан оған жақындайды. Адам Алланы еске алғанда, шайтан шегінеді. Ал Алланы еске алмаса, шайтан оның жүрегіне орнығады». Бұхаридің мұндай риуаяттарды сәнәдін тізбей келтіруі туралы бірінші томда айтылған. Хадис түсіндірушілері осы риуаяттың сәнәдін әлсіз санаған.

Аталмыш хадиске Саид ибн Мансұр риуаятты түсіндіретін кейбір қосымшалар берген: «Нәресте дүниеге келгенде, шайтан жүрегіне түнейді. Егер Алланың есімі зікір етілсе, жоғалады, ғапыл болса, уәсуаса салады».

Ибн Мардауи тағы да ибн Аббастан хадистің басқа нұсқасын риуаят еткен: «Әл-уәсуас дегені – шайтан. Нәресте дүниеге келгенде, жүрек тұсына уәсуаса салу үшін туады. Уәсуаса оны қалағанынша басқарады. Алайда адам Алланы зікір еткен кезде, шайтан жоғалады, ғапылдыққа салынса, жүрегіне үңіліп уәсуаса салады».

Саид ибн Мансұр осыған ұқсас хадисті Уруа ибн Рууайннан риуаят етеді: «Әзірет Иса (а.с.) Раббысынан шайтанның адам баласындағы орнын көрсетуді сұрайды. Алла оған көрсетеді; шайтанның басы жыланның басы секілді еді және басын жүрек тұсына қойып тұрады. Пенде Раббысын зікір етіп, еске алғанда, кері шегініп, жоғалады, ал зікірді ұмытқан кезде, оған бас салып уәсуаса салатын».

«Нас» сүресінің аудармасы:

1. ﴿قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ﴾ «Былай деп айт: Сақтай көр деп сиынамын адамдардың Раббысына,»

2. ﴿مَلِكِ النَّاسِ﴾ «адамдардың Иесіне,»

3. ﴿إِلَٰهِ النَّاسِ﴾ «адамдардың Тәңіріне,»

4. ﴿مِنْ شَرِّ الْوَسْوَاسِ الْخَنَّاسِ﴾ «әзәзіл шайтанның кесірінен,»

5. ﴿الَّذِي يُوَسْوِسُ فِي صُدُورِ النَّاسِ﴾ «адамдардың көкірегіне уәсуәса салатын (әзәзілдің кесірінен сақтай көр!)»

6. ﴿مِنَ الْجِنَّةِ وَالنَّاسِ﴾ «Жыннан да, адамдардан да (болатын әзәзілдің кесірінен сақтай көр!)»

  1. 1Бұхари, Тәпсір, Қул ағузу бираббин-нас 1.