وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ نَظَرَ إِلَى الْقَمَرِ فَقَالَ: يَا عَائِشَةُ اسْتَعِيذِى بِاللَّهِ مِنْ شَرِّ هَذَا، فَإِنَّ هَذَا هُوَ الْغَاسِقُ إِذَا وَقَبَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Айға қарап: “Айша, мынаның кесірінен Аллаға сыйын. Бұл – аяттағы қараңғылық басқандағы ғасиқ”, – деді».1
Түсіндірме
Осы риуаятта Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Фәләқ» сүресіндегі кейбір сөздерді түсіндірген. Хадис бойынша, 3-аяттағы «ғасиқ» сөзі «қамар», яғни Айды білдіреді. Ал «уәқаба» етістігі «жоғалу, бату» дегенді білдіреді. Ибн Аббастың айтуынша, «ғасиқ» – көкжиектегі шапақтың, яғни Күн батқан кездегі шапақтың жоғалуымен шығыс жақтан түскен қараңғылық. Хазин осы аятты «Тұтылған кездегі Айдың кесірінен» деп түсінген, яғни «уәқаба» етістігі «Ай тұтылды» немесе «жоғалды» дегенді білдіреді.
Мынадай пікір де бар: «Батқан кезде إِذَا وَقَبَ Айдың соңғы күнінде көзден ғайып болуы, яғни ол айдың соңын білдіреді».
Бұл сүренің аудармасы:
1. ﴿قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ﴾ «Былай деп айт: Таң шапағының Раббысына сақтай көр деп сиынамын:»
2. ﴿مِنْ شَرِّ مَا خَلَقَ﴾ «Өзі жаратқан күллі жаратылыстың кесірінен,»
3. ﴿وَمِنْ شَرِّ غَاسِقٍ إِذَا وَقَبَ﴾ «жер бетін қаптаған қараңғы түннің кесірінен,»
4. ﴿وَمِنْ شَرِّ النَّفَّاثَاتِ فِي الْعُقَدِ﴾ «түйіншектерге үрлеп, дуалайтын дуашылардың кесірінен,»
5. ﴿وَمِنْ شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَدَ﴾ «Һәм күндеген кездегі күншілдердің кесірінен (сақтай көр деп сиынамын).»
- 1Тирмизи, «Тәпсір», «Муғаууизәтәйн» (№3366, Ибраһим Жанан басылымында №3363).