وَعَنْ زِرِّ بْنِ حُبَيْشٍ قَالَ: «سَأَلْتُ أُبَيَّ بْنَ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ الْمُعَوِّذَتَيْنِ قُلْتُ: يَا أَبَا الْمُنْذِرِ، إِنَّ أَخَاكَ ابْنَ مَسْعُودٍ يَقُولُ كَذَا وَكَذَا. فَقَالَ: سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: قِيلَ لِى قُلْ، فَقُلْتُ: فَنَحْنُ نَقُولُ كَمَا قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِىُّ.
Зирр ибн Хубәйш былай дейді: «Убәй ибн Кәғбтан (р.а.) Муғаууизәтәйн жайлы сұрап: “Уа, Әбу әл-Мунзир! Бауырың Ибн Мәсғуд былай-былай деп жүр”, – дедім. Ол: “Мен Алла елшісінен (с.а.с.) сұрадым. Ол: ‘Маған «Айт!» делінді, мен де айттым’, – деді. Біз де Алла елшісі (с.а.с.) айтқандай айтамыз”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
Жоғарыдағы риуаятта ибн Мәсғудтың Муғаууизәтәйн жайлы не айтқаны белгісіз. Ибн Хажар оның әдейі айтылмай қалып кеткенін айтып, оны Бұхаридің өзі солай жасаған болуы мүмкін деген ой өрбітеді. Өйткені дәл осы риуаят Ахмад ибн Ханбалдың «Муснәдінде» былай берілген:
قُلْتُ لِأُبَىٍّ إِنَّ أَخَاكَ يَحُكُّهُمَا مِنَ الْمُصْحَفِ
«Убәйге: “Бауырың бұл екі сүрені мұсхафтан өшіріп жүр”, – дедім».2
Әли, Убәй ибн Кәғб және Ибн Мәсғуд секілді сахабалар Расулалланың көзі тірісінде Құранның өз мұсхафтарын түзген. Бұл мұсхафтардың сүрелерді орналастыру реті мен қамтитын мәтінінде айырма болған.
Ибн Мәсғудқа телінетін мұсхафта екі Муғаууизәтәйн мен «Фатиха» сүресі болмағаны айтылады. Алайда Ибн Нәдим (һижраның 385 жылы, милади 995 жыл) екі жүз жыл бұрын жазылған бір нұсқадан «Фатиханы» көргенін және Ибн Мәсғудтікі делінген екі мұсхафтың өзара сәйкес келмегенін жазған. Муғаууизәтәйн сүрелерінің бұл мұсхафта болмауын ғалымдар әртүрлі түсіндірген.
Бір риуаятта ибн Мәсғуд (р.а.) бұл екі сүрені истиғазаға жататын дұға ретінде үйретілгенін айтып, былай деген:
إِنَّمَا أَمَرَ النَّبِىُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ أَنْ يَتَعَوَّذَ بِهِمَا
«Пайғамбар (с.а.с.) тек осы екі сүремен Аллаға сыйынуды бұйырған». Жоғарыдағы риуаяттар да осыны көрсетеді. Бәлкім, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы сүрелерді намазда оқыған кезде ибн Мәсғуд оны естімеген болуы мүмкін, өйткені Мүслим мен Саид ибн Мансұрдың сахих сәнәдпен жеткізген риуаяттарында Расулалланың бұл сүрелерді намазда оқығаны айтылған. Расулаллаға ең жақын кейбір сахабалардың өзі біршама мәселеден бейхабар еді. Расулалла дүниеден өткеннен кейін орын алған кейбір оқиғалардан осы жағдайды көруге болады. Мысалы, әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омар кейбір хадистерді естіген кезде, куәгер көрсетуді талап еткен. Расулаллаға ең жақын осы екі ұлық сахабаның кейбір мәселені естіп, сол мәселеге қатысты «Расулалланың не істегенін кім біледі?» деп іздестіргеніне қарағанда, ибн Мәсғуд секілді кейбір сахабаның да біршама мәселелерді естімеуі мүмкін. Аталмыш риуаяттан да осыны байқауға болады. Ислам ғұламалары мұндай жағдайларда үмбет қателеспеу үшін мынадай қағида қойған: «Күдікті мәселелерде көпшіліктің пікірі негізге алынады».
Ибн Мәсғудтың Муғаууизәтәйнге қатысты пікірін бізге жеткізген риуаят сахих, демек, бұл риуаятты жоққа шығаруға болмайды. Оны жоққа шығару үшін нақты дәлел керек. Ал бұл риуаят сахих болғандықтан, нақты дәлел іздеудің қажеті жоқ.
Алайда бұл риуаяттың үкімінде мутауатир хабарға қайшылық бар. Хадис ғалымдары бұған «сенімді бір адамның сенімді көп адамға қарама-қайшы келуі» деп, оны шаз деп атаған. Олай болса, ибн Мәсғудтың риуаяты шаз. Мұндай риуаяттар түрлі себептермен кітапқа енген және бөлек зерттеуді қажет етеді. Өйткені риуаятты жеткізген Бәззар мына түсіндірмені қоса келтіреді:
وَلَمْ يُتَابِعْ اِبْنَ مَسْعُودٍ عَلَى ذَلِكَ اَحَدٌ مِنَ الصَّحَابَةِ
«Ешбір сахаба бұл мәселеде ибн Мәсғудпен келіспеген».
Ал ибн Хажар былай тұжырымдайды:
وَقَدْ صَحَّ عَنِ النَّبِىِّ ﷺ اَنَّهُ قَرَأَهُمَا فِي الصَّلَاةِ
«Расулалланың (с.а.с.) бұл екі сүрені намазда оқығаны сахих риуаяттарда берілген».