Хадис

Кутуб ситтә, № 898

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
142. Муғаууизәтәйн сүрелері
Нөмірі
№ 898 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
898
Кутуб ситтә, № 898 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ خُبَيْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَصَابَنَا طَشٌّ وَظُلْمَةٌ فَانْتَظَرْنَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لِيُصَلِّيَ بِنَا ثُمَّ ذَكَرَ كَلَامًا مَعْنَاهُ: فَخَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِيُصَلِّيَ بِنَا، فَقَالَ: قُلْ. قُلْتُ: مَا أَقُولُ؟ قَالَ: قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ وَالْمُعَوِّذَتَيْنِ حِينَ تُمْسِى وَحِينَ تُصْبِحُ ثَلَاثًا تَكْفِيكَ مِنْ كُلِّ شَيْءٍ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Хубәйб (р.а.) былай дейді: «Қараңғыда сіркіреп жаңбыр жауды. Бізге намаз оқытып беруі үшін Расулалланы (с.а.с.) күттік». Рауи Абдулланың мына мағынада сөз айтқанын жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге намаз оқытуға шыққанда: “Айт!” – деді. Мен: “Не айтайын?” – деп сұрадым. Ол: “Кешке және таңертең ‘Ықылас’ сүресі мен екі Муғаууизәтәйнді үш реттен оқы. Бұл саған бар нәрседен қорғануға жеткілікті”, – деді».1

Түсіндірме

Қуаңшылық, қараңғылық, апат сияқты қорқынышты уақыттарда истиғаза (сиыну) керек. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұндай қауіп-қатерлерден қорғалған болса да, құлшылықты кемеліне жеткізу үшін әрі мұндай жағдайларда не істеу керектігін үмбетіне көрсету үшін, истиғаза жасаған. Мұндай жағдайларда жасалатын истиғаза мен дұға-тілектер, негізінде, ұнамсыз жағдайлардан құтылу үшін емес, осындай кездерде жасалатын құлшылықтарды орындау үшін. Өйткені ешбір құлшылықты дүниелік мақсатпен жасауға болмайды. Егер құлшылықта дүниелік мақсаттарға ниет ететін болса, ғибадаттың өзегі болып саналатын ықылас жоғалады, ал ықылассыз құлшылықтар Алланың құзырында қабыл болмайды.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ыңғайлы сәтті пайдаға асырып, қауіп-қатер төнген қиын-қыстау уақыттарда оқылуы керек сүрелерді үйретіп жатыр.

«Истиғаза» сөзі «ғауз» түбірінен жасалған, бұл сөз «сиыну» деген мағынаны білдіреді. Демек, «истиғаза» діни термин ретінде «сиыну, паналау» деген мағынаны білдіреді. Яғни қиналған сәттерде Аллаға сиынып, қауіп-қатерден, жамандықтан құтқаруын тілеу. Мұндай жағдайларда, яғни сиынатын уақытта «Фәләқ» пен «Нас» сүрелері оқылатын болғандықтан, бұл екі сүрені Муғаууизәтәйн деп атайды. Бұл сүрелердің артықшылығын Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әртүрлі хадистерінде баяндаған. Жоғарыдағы хадистер солардың біреуі.

  1. 1Нәсәи, Истиғаза 1, (8, 250.253).