وَعَنْ أَبِي بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ الْمُشْرِكِينَ قَالُوا لِلنَّبِىِّ ﷺ اُنْسُبْ لَنَا رَبَّكَ فَنَزَلَ: قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ اللَّهُ الصَّمَدُ لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ: لِأَنَّهُ لَيْسَ شَيْءٌ يُولَدُ إِلَّا وَسَيَمُوتُ، وَلَيْسَ شَيْءٌ يَمُوتُ إِلَّا سَيُورَثُ، وَأَنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَا يَمُوتُ وَلَا يُورَثُ؛ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ. قَالَ لَمْ يَكُنْ لَهُ شَبِيهٌ وَلَا عَدِيلٌ وَلَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.
Убәй ибн Кәғб (р.а.) былай дейді: «Мүшріктер Алла Елшісіне (с.а.с.): «Раббыңды бізге сипаттап бер (таныт)!» – деді. Соған байланысты «Ықылас» сүресі түсті:
1. ﴿قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ﴾ «Былай деп айт: Ол Алла жалғыз!»
2. ﴿اللَّهُ الصَّمَدُ﴾ «Алла – Самад!»
3. ﴿لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ﴾ «Ол тумаған да, туылмаған да!»
4. ﴿وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ﴾ «Оның ешбір теңдесі де жоқ!» («Ықылас», 1–4-аяттар).
Убәй (р.а.) бұл сүренің кей сөзін былай түсіндірген: «Самад – бала сүймеген әрі дүниеге келмеген. Өйткені дүниеге келгеннің бәрі өледі, ал өлгеннің артында мұра қалады. Алла өлмейді және Оның мұрагері де болмайды».
«Оның ешбір теңдесі де жоқ» аяты Аллаға ұқсайтын ешбір нәрсе жоқ екенін, Оның ешбір теңдесі болмағанын білдіреді».1
Түсіндірме
Риуаяттың мазмұны түсінікті. Мұндағы «самад» сөзіне тәпсіршілер арнайы тоқталған, өйткені араб тілінде бұл сөз бірнеше мағынада қолданылады.
«Самад» сөзі «ең құрметті» дегенді білдіреді.
Әбу Уаил: «Құрметке ең лайықты», – деген.
Айни: «Арабтар «самад» сөзін «абырой-бедел» мағынасында қолданады, сондықтан ең сыйлы, аса қадірлі елбасыларын «самад» деп атаған», – дейді.
Ибн Аббас: «Сый-құрмет пен абырой-беделдің ең кемел шегіне жеткен» дейді.
Сондай-ақ өзіне ештеңе қажет болмай, басқалардың мұқтажын өтейтінді әрі бойында кемшілік болмайтынды «самад» деген.
Қазақ тілінде бұл сөздің тура баламасы жоқ. «Алла – самад» аятының мағынасын былайша беруге болады: «Соңы жоқ, мәңгі, бақи, барлығы оған мұқтаж, ұлылардың ең ұлысы».
- 1Тирмизи, «Тәпсір», «Ықылас» (№3364–3365, Ибраһим Жанан басылымында №3361–3362).