وَفِي رِوَايَةٍ لَهُمَا: «وَأَمَّا شَتْمُهُ إِيَّاىَ فَقَوْلُهُ: اتَّخَذَ اللَّهُ وَلَدًا، وَأَنَا الْأَحَدُ الصَّمَدُ الَّذِي لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ».
Бұхари мен Нәсәиде берілген басқа риуаятта: «Маған тіл тигізуі – “Алла бала иемденді” деп айтуы. Алайда Мен бірмін, самадпын, тумағанмын, туылмағанмын, ешбір теңдесім де жоқ».
Түсіндірме
Біз «тіл тигізу» деп аударған хадистегі «шәтм» сөзі араб тілінде анайы сөзді білдіретін бүкіл сөздер үшін қолданылады: ұрысу, масқаралау, қарғау т.с.с. Тіл тигізуді жоғарыдағы риуаяттарда «жараспайтын сөз айту» деп аударған жөн.
Құдси хадисте Алла Тағала кейбір адамдардың күпірлікті, ширкті білдіретін сөздерін «шәтм» деп берген: «Алланың ұлы бар», «қызы бар» деген секілді...
Аллаға бала телу яһудилерде де, христиандарда да бар. Жаһилият арабтары да періштелерді «Алланың қыздары» деп, дәл сондай күпірлікке ұрынған.
Өлгеннен кейін қайта тірілуді ақылымен түсіне алмай, оны жоққа шығарып, күпірлік жасау барлық дәуірлерде болған. Құран кәрім мен басқа илаһи кітаптар және барша пайғамбарлар адамзатқа тәухидті насихаттаған, ал осы «тәухид» ұғымынан кейінгі екінші орында тұратыны – ақырет сенімі, яғни өлгеннен кейін қайта тірілу. Ақыретті, қайтадан тірілуді жоққа шығару – Алла тағаланы жоққа шығарумен тең. Жоғарыдағы бірінші риуаят адам баласын терең ойлануға (тәфәккүрге) жетелеп, былай дейді: «Уа, адам баласы! Жоқтан бар болғаныңды көре тұра, екінші рет қайта тірілуді неге жоққа шығарасың? Соны да қиын деп ойлайсың ба? Негізі, жоқтан бар жасау одан да қиын емес пе? Әлде сен қайта тірілтудің Аллаға жоқтан бар жасауынан қиын болады деп ойлайсың ба? Өкінішке орай, қате ойлап, өз-өзіңді алдап жатырсың. Алланың құдіретіне ол нәрселер өте оп-оңай. Барша болмыстың жаратылуы бір ғана болмыстың жаратылуы секілді оңай. Қайтадан тірілулерің де бір адамның тірілуіндей жеңіл, дабыл қағылғанда барша әскерлердің әп-сәтте қаз-қатар тізіліп тұра қалатыны секілді, қиямет-қайымда Исрафилдің (а.с.) сүр үрлеуімен шіріп кеткен денелерің әп-сәтте бір бүтінге айналып, есеп беру үшін махшарға жиналасыңдар».