وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَطَبَنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ فُرِضَ عَلَيْكُمْ الْحَجُّ فَحُجُّوا. فَقَالَ رَجُلٌ: أَفِي كُلِّ عَامٍ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَسَكَتَ حَتَّى قَالَهَا ثَلَاثًا. ثُمَّ قَالَ: ذَرُونِي مَا تَرَكْتُكُمْ. لَوْ قُلْتُ نَعَمْ لَوَجَبَتْ وَلَمَا اسْتَطَعْتُمْ. إِنَّمَا أَهْلَكَ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ كَثْرَةُ سُؤَالِهِمْ وَاخْتِلَافُهُمْ عَلَى أَنْبِيَائِهِمْ، فَإِذَا أَمَرْتُكُمْ بِأَمْرٍ فَأَتُوا مِنْهُ مَا اسْتَطَعْتُمْ وَإِذَا نَهَيْتُكُمْ عَنْ شَيْءٍ فَاجْتَنِبُوهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِي.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге уағыз айтып: “Уа, адамдар, сендерге қажылық парыз етілді. Қажылыққа барыңдар”, – деді. Бір кісі: “Уа, Алланың елшісі, жыл сайын ба?” – деп сұрады. Ол әлгі адам сұрағын үш рет қайталағанша жауап бермеді. Содан соң: “Мен үндемеген мәселеде сендер де мені жайыма қалдырыңдар. ‘Иә’ десем, қажылық жыл сайын міндет болар еді, ал сендердің оған шамаларың жетпес еді. Сендерден бұрынғыларды көп сұрақ қойып, пайғамбарларымен келіспеушілікке түскені құрдымға жіберді. Бір істі әмір етсем, шамаларың келгенше орындаңдар. Бір іске тыйым салсам, одан аулақ болыңдар”, – деді».1
Түсіндірме
1. Басқа нұсқаларда бұл сұрақты Ақрағ ибн Хабис (р.а.) қойғаны айтылады.
2. Орынсыз көп сұрақ қою жайында № 581 хадистің түсіндірмесінде кеңірек айтылған. Мұнда соған қатысты бірнеше мәселе сөз болады.
3. Әмір қайталауды қажет ете ме?
Нәуауи бұл хадисті түсіндіргенде, фиқһ негіздерінің ғалымдары талқылаған бір мәселеге тоқталады. Құранда не хадисте айтылған әмірді бір рет орындау жеткілікті ме, әлде оны қайта орындау қажет пе? Бұл жайында бірнеше пікір бар:
1) Шафиғи ғалымдарының пікірінше, әмір өздігінен қайталауды міндеттемейді, бірақ қайталану ықтималы бар.
2) Екінші пікір бойынша, әмір істі қайта-қайта орындауды талап етеді.
3) Бір пікір бойынша, әмірді бірнеше рет орындау сақтыққа жатады. Ал әмір белгілі шартқа не себепке байланса, сол шарт не себеп қайталанған сайын іс те қайталанады.
4) Жалпылама келген әмір қайталап орындауды қажет етпейді. Ондай ықтимал да жоқ. Намаз, ораза, зекет сияқты ғибадаттардың қайталануы, себептерінің қайталануына байланысты. Қажылықтың себебі болған Бәйтул-Харам қайталанбағандықтан өмірде бір-ақ рет әмірді орындау арқылы парыз өтеледі. Ханафилердің көпшілігі ұстанған пікірі осы.
4. Сұрақ сұрауға қатысты тыйым қандай мәселелерге байланысты?
Сахаба мен табиғиндерден кейбір ғалымдар, бұл тыйымның, бір оқиғаға байланысты болсын, болмасын әр мәселеге қатысты екенін айтқан. Бірақ бұл пікірге көптеген фиқыһ ғалымдары қарсылық білдірген. Бұл пікірді құптаған Әбу Бәкір ибн әл-Араби былай дейді: «Кейбір шолақ ойлайтындар сұрақ сұрауға тыйым салған аятқа қарап, (яғни, “Мәида” сүресі, 101-аятта. авт.) Құран мен хадисте аталмаған нәрселердің амалда анық пайда болмайынша, оларға қатысты сұрақ сұрауға тыйым салынған деп ойлап қалды. Анығында, мәселенің мәні олай емес еді. Өйткені аятта жауап берілсе жамандық туындатуы мүмкін деген сұрақтарға тыйым салынғандығы анық еді. Ал аят пен хадисте аталмаған нәрселерге қатысты сұрақтар бұл топқа жатпайды».
Ибн Хажар бұл пікірді құптаған, бірақ ибн әл-Арабидың өзі сияқты ойламаған ғалымдарға қатысты «таяз ойлайтындар» деп айтқанын айыптаған. Сондай-ақ одан бұрын Қуртуби да оны айыптаған және мұндай әрекеттердің ибн әл-Арабидің бойынан үнемі көрініп қала беретін мінез екенін айтқан.
5. Тыйым Расулалланың (с.а.с.) заманына ғана тән бе?
Кейбір ғалымдар сұрақ сұрауға тыйым салынудың Расулалланың (с.а.с.) заманына ғана қатысты еді деп қараған. Олар Расулалладан (с.а.с.) кейін сұралатын сұрақтар себепті аятта баяндалғандай жамандық туындау ықтималы жойылғандығын айтқан және мына хадистерді дәлел ретінде келтірген:
مَا أَحَلَّ اللَّهُ فِي كِتَابِهِ فَهُوَ حَلَالٌ وَمَا حَرَّمَ فَهُوَ حَرَامٌ وَمَا سَكَتَ عَنْهُ فَهُوَ عَفْوٌ فَاقْبَلُوا مِنَ اللَّهِ عَافِيَتَهُ فَإِنَّ اللَّهَ لَمْ يَكُنْ يَنْسَى شَيْئًا ثُمَّ تَلَا هَذِهِ الْآيَةَ: ﴿وَمَا كَانَ رَبُّكَ نَسِيًّا﴾
«Алла Өз кітабында халал еткен нәрсе – халал, харам еткені – харам. Ол үкімін ашық айтпаған нәрсені кешірімге қалдырған. Алланың осы кеңшілігін қабыл етіңдер. Алла ешнәрсені ұмытпайды». Алла елшісі (с.а.с.) артынша ﴿وَمَا كَانَ رَبُّكَ نَسِيًّا﴾ «Әрі сенің Раббың ұмытшақ емес» деген аятты оқыды2.
Басқа хадисте былай делінген:
إِنَّ اللَّهَ فَرَضَ فَرَائِضَ فَلَا تُضَيِّعُوهَا وَحَدَّ حُدُودًا فَلَا تَعْتَدُوهَا وَسَكَتَ عَنْ أَشْيَاءَ رَحْمَةً لَكُمْ غَيْرَ نِسْيَانٍ فَلَا تَبْحَثُوا عَنْهَا
«Алла парыздарды міндеттеді, оларды тәрк етпеңдер. Шек қойды, одан аспаңдар. Кей істерді сендерге мейірім етіп, үкімін ашық айтпады. Алла оларды ұмытқан жоқ. Ендеше, олардың қыр соңына түспеңдер».
Тағы бір хадисте былай делінген:
أَعْظَمُ الْمُسْلِمِينَ بِالْمُسْلِمِينَ جُرْمًا مَنْ سَأَلَ عَنْ شَيْءٍ لَمْ يُحَرَّمْ فَحُرِّمَ مِنْ أَجْلِ مَسْأَلَتِهِ
«Мұсылмандарға ең ауыр кінә арқалаған адам – харам етілмеген бір нәрсе жайында сұрап, сол сұрағы себепті ол нәрсенің харам етілуіне түрткі болған адам».
6. Тыйым Мәдина тұрғындарына да қатысты ма? Кейбір риуаяттарда тыйым Мәдинадағы мұһажирлер мен ансарларға да қатысты екені айтылады. Бұдан оның аясы шектеулі болып, көбіне уахи түскен дәуірмен байланысты екені аңғарылады. Әнәс (р.а.) былай деген: «Алла елшісіне (с.а.с.) сұрақ қоюдан тыйылған едік. Сырттан ақылды бір бәдәуи келіп, сұрақ қойса, жауабын тыңдағанды жақсы көретінбіз». Мүслимде Нәууас ибн Сәмған (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) Мәдинада бір жыл болдым. Тек сұрақ қою мүмкіндігін жоғалтпау үшін һижрет етпедім. Біреуіміз һижрет етіп, мұһажир болғаннан кейін, Алла елшісіне (с.а.с.) сұрақ қоя алмайтын едік». Нәууас сұрақ қоя алу үшін мұһажир ретінде Мәдинаға қоныстанбаған. Ахмад ибн Ханбал келтірген риуаятта сахабалардың сырттан келген бәдәуиге сый беріп, сұрақ қоюға ынталандырғаны айтылады:
لَمَّا نَزَلَتْ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَسْأَلُوا عَنْ أَشْيَاءَ الآيَةَ كُنَّا قَدْ اِتَّقَيْنَا أَنْ نَسْأَلَهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَتَيْنَا أَعْرَابِيًّا فَرَشَوْنَاهُ بُرْدًا وَقُلْنَا: سَلِ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ
«Уа, иман келтіргендер! Ашық айтылған жағдайда көңілдеріңе жақпай қалатын мәселелерді қазбалап сұрай бермеңдер.» деген аят түскенде, Алла елшісіне (с.а.с.) сұрақ қоюдан тартындық. Бір бәдәуиге барып, үстіне жабатын бір шапан бердік те: «Пайғамбардан сұрашы», – дедік. Бұл тақырыпта басқа да риуаяттар бар.
7. Сахабалардан туындаған сұрақтардың түсіндірмесі:
Сахабалардың Алла елшісіне (с.а.с.) қойған көптеген сұрағы хадис кітаптарында келтірілген. «Сұрақ қоюдан тыйылса, олар бұл сауалдарды қалай қойған?» деген мәселені ғалымдар үш түрлі түсіндірген:
а) Бұл сұрақтар сұрақ қоюға қатысты тыйым салған аят түспей тұрып сұралған.
ә) Аят арқылы келген тыйым жалпылама емес, жекелей мәселеге қатысты еді. Яғни, үкімі нақты белгілі болған мәселелерге қатысты сұрақ қою қажет болса оған тыйым жоқ.
б) Тыйым міндетті түрде білінуі қажет мәселелерге қатысты емес еді. Қамыспен бауыздалған малдың етіне қажетті үкім, әміршілер Аллаға мойынсұнуға қарсы келетін әмір беретін болса, оларға бағынып, бағынбауға қатысты сұрақтар, қиямет жағдайлары мен ақырзаман бүлігіне қатысты сұрақтар, сондай-ақ, тікелей Құранда аталған кәлала (әке-шешесіз және баласыз), арақ-шарап, құмар ойындары, қасиетті айлардағы соғыс, жетімдер, хайыз уақыты, әйел, аңшылық және т.б. мәселелерге қатысты туындаған сұрақтар болатын. Бұл сұрақтар негізгі қажеттіліктерден туындағандықтан, тыйым бұлардың барлығын қамтымаған.
8. Тыйым әлі орын алмаған мәселелерді де қамтиды.
Кей ғалымдар сұрақ қоюға қатысты тыйым әлі орын алмаған, тіпті болуы екіталай оқиғаларды да қамтиды деген. Болған істің өзін орынсыз қазбалау адамға ауырлық әкелуі мүмкін болса, әлі болмаған істі сұраудың жөні одан да аз деп санаған.
Дарими «Сунәнінің» кіріспесінде осы тақырыпқа тоқталып, бірнеше сәләф ғұламаларының (алғашқы буынның) пікірін келтірген.
Ибн Омар: «Әлі туындай қоймаған мәселе жайлы сұрамаңдар, өйткені мен әлі орын алмаған оқиға болады-ау деп сұрақ сұраған адамға әкем Омардың (р.а.) лағынет айтқанын естідім» деген.
Зәйд ибн Сәбит өзіне бір мәселеге қатысты сұрақ қойылғанда, алдымен оның болып-болмағанын сұрайтын. Егер «иә, солай болды» дейтін болса, ол мәселеге қатысты білетінін айтатын. Ал «жоқ, әлі болған жоқ» десе, «Қоя тұрыңдар, алдымен сондай жағдай туындасын, сол кезде сұрарсыңдар» деп, жауап беруден бас тартатындығы айтылады.
Әзірет Омар да: «Орын алған оқиғалар бізге жеткілікті» деп әлі туындамаған мәселелерге қатысты сұрақ сұрауға тыйым салған.
Ғалымдар мәтінде тікелей үкімі айтылмаған мәселелерді зерттеудің екі түрін ажыратқан:
1) Оқиғаның үкімін Құран мен хадистегі дәлелдерге сүйеніп анықтау. Мұндай ізденіс құпталады, ал мұжтаһидтер үшін ол міндет.
2) Риуаяттар арасында қаралмай қалуы мүмкін немесе біріктіруге болатын кішкентай айырмашылықтарға ерекше тоқталып, шариғатқа ешбір пайдасы жоқ мәселелерді іздеу, осыған ұқсас мәселелер арасында жоқ жерден өзге айырмашылықтар табуға тырысу немесе арасында айырмашылықтары бар мәселелерді айырмашылығы жоқ, керісінше, бір нәрсе сияқты көрсету үшін бос ізденіске кірісу – дәлелдерді қисынсыз орынға күшпен келтіру болмақ. Сәләф ғұламалары мәкруһ деп саналған ғылыми зерттеулер осы тармаққа кіреді. Бұл негіздегі еңбектер босқа уақыт жоғалтудан басқа еш нәрсе емес. Сонымен қатар мына хадистің ескертуіне кіретіні белгіленген:
هَلَكَ الْمُتَنَطِّعُونَ
«Асыра сілтеушілер құрдымға кетті».
Хадисте айтылған «мутанаттиғун» сөзін «асыра сілтеушілер» деп аудардық.
Зәмахшари хадистегі тыйымды қағидалары орныққан қырағаттарды бір-біріне қарсы қойып, орынсыз дау туғызуға да қатысты түсіндірген.
Нәуәуи болса: «Сөз өнерінде әртүрлі тәсілдерді қолдану арқылы халық алдына шыққан кезде мәнерлеп, көркем сөйлеймін деп өзін-өзі қинап, жасандылыққа жол берудің, ғылыми мәселелерде хабары жоқ халыққа грамматиканың терең мәселелерін айтып, өзін-өзі жарнамалаудың жағымсыз іс екені айтылған. Сонымен қатар пайдасыз, бос тақырыптарға кірудің, орын алуы мүмкін емес оқиғаларды болғандай етіп сұрақ сұраудың және т.б. осы сияқты мәселелерге қатысты айтылған.
Ибн Хажар Құран мен ғұламалар ижмағы сияқты негізге сүйенбейтін мәселелерге тереңдеуді осыған жатқызған. Басқа істерге арналса әлдеқайда жақсы нәтиже беретін құнды уақыттардың, болмаған яки болуы мүмкін де емес мәселелерді зерттеуге жұмсауды ұнатпай былай деген: «Бұлардың ең жаманы – шариғатта тек қана сенім білдіруі талап етілген нәрселерді егжей-тегжейлі зерттеу үшін көп сұрақ сұрау. Мысалы, кейбір мәселелер бар, оның бұл дүниеде сезілуі, білінуі мүмкін емес: қияметтің уақыты, рухтың мән-мағынасы, бұл үмбеттің өмір сүретін уақыты сияқты мәселелер. Бұлар тек сөзбен жеткізу арқылы ғана білінетін нәрселер бола тұра, бұларға қатысты сұрақтар да сұралады. Алайда бұлардың дәл қалай жүзеге асатынына қатысты жеткен мағлұмат жоқ, бұларды зерттеп қарастырып жатпастан иман ету керек. Сонымен қатар тағы бір жағымсыз жері, мұндай мәселелердің кейбірін тым түртпектеп қыр-соңына түсу, адамды күмәнға және адасуға апарады. Әбу Һурайрадан жеткен бір риуаятта: «Адамдар бір-бірінен ананы-мынаны сұрай келе: «Бұл жаратылысты Алла жаратты, олай болса Алланы кім жаратты?» деген сұрақ сұрауға апарады». Аталмыш хадис осы жағдайға байланысты хабар беріп тұр.