Хадис

Миқат және ихрам. Миқат

Кутуб ситтә, 4-том, 151-тарау · 17 хадис · № 1182–1198

ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ УМРА

Хадистер

Қажылық пен умраның рәсімдері мен әдептерінің бірі – ихрам. Меккеге сырттан қажылық не умра жасауға келген адам ихрамсыз өтуге болмайтын шекаралар «миқат» деп аталады. Миқат сөзі белгілі уақытты да, белгіленген орынды да білдіреді. Қажылықтың белгіленген айлары – уақыт миқаты, ал ихрамға кіретін шекаралар – орын миқаты.

Мекке тұрғындарының қажылық миқаты – Меккенің өзі. Умра үшін олар Харам аймағынан шығып, сыртта ихрамға кіреді. Соған ең жақын жерлердің бірі – Тәнғим. Ихрамға кіру уақытына қатысты да бөлек үкімдер бар.

Ихрам тыйымдары адам ихрамға кірген сәттен басталады. Миқаттар Меккеге келетін жолдың бағытына қарай белгіленген:

1. Зүлхуләйфа – Мәдина жақтан келетіндердің миқаты. Меккеден ең алыс миқат осы. Алла елшісі (с.а.с.) Қоштасу қажылығында осында ихрамға кірген. Бұл жер «Абар Әли» немесе «Әбяр Әли» деп те аталады.

2. Жұхфа – Шам жақтан келетіндердің миқаты. Меккеден 187 шақырым жерде.

3. Зәтул-ирқ – Ирак жақтан келетіндердің миқаты. Меккеден 94 шақырым жерде.

4. Қарн – Нәжд пен Кувейт жақтан келетіндердің миқаты.

5. Яләмләм – Йемен жақтан келетіндердің миқаты. Меккеден 54 шақырым жерде.

Қызыл теңіз бен Суэц жақтан келгендерге Жұхфаға жақын Рабиғ аймағы аталады. Кейбір пікірде Жидда жақтан келетіндерге Жидда миқат ретінде көрсетілген.

1182
Кутуб ситтә, № 1182 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَشْهُرُ الْحَجِّ شَوَّالٌ وَذُو الْقَعْدَةِ وَعَشْرٌ مِنْ ذِي الْحِجَّةِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَرْجَمَةً.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.): «Қажылық айлары – шәууәл, зүлқағда және зүлхижжаның алғашқы он күні»1, – деген.

Түсіндірме

Риуаятта қажылық рәсімдері орындалатын мезгіл айтылған. Оны қажылық айлары немесе қажылық маусымы дейді. Оған шәууәл, зүлқағда және зүлхижжаның алғашқы он күні жатады. Қажылық рәсімдері осы мезгілге байланған.

Құранда ﴿الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَعْلُومَاتٌ فَمَنْ فَرَضَ فِيهِنَّ الْحَجَّ فَلَا رَفَثَ وَلَا فُسُوقَ وَلَا جِدَالَ فِي الْحَجِّ﴾ «Қажылық – белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кімде-кім сол белгілі айларда қажылық парызын өтеуге ниет етсе, онда қажылық парызын өтеу барысында жұбайлардың бір-бірімен төсек қатынасына түсуіне, шариғаттың шеңберінен шығуға, дауласуға және шекісуге жол жоқ...»2 делінген.

Ибн Аббас, Ибн Омар, Ибраһим ән-Нахағи, Шағби, Мужаһид, Хасан әл-Басри және Ахмад ибн Ханбал зүлхижжаның онын да қажылық маусымына жатқызған. Ханафи мазһабы осы пікірді ұстанады. Қажылықтың соңғы рүкіні саналатын зиярат тауабы осы күні жасалады.

Имам Шафиғи қажылық маусымы зүлхижжаның тоғызында аяқталады деп, оныншы күнді оған қоспаған.

Имам Мәлик зул-хижжа айын толықтай қажылық маусымы деп есептеген. Оның пікірі бойынша, аяттағы «әшһур» сөзі «шәһр» сөзінің көпше түрі. Араб тілінде көпше атау, ең аз үш санды білдіреді. Ендеше, аяттағы «әшһур» сөзі ең аз үш айды меңзейді. Бұл үш ай толықтай қажылық айлары болып саналады. Бірақ Шәфиғи мен Мәликидің бұл айтқандары көпшілік білетін белгілі мағлұматқа қайшы келеді.

Қажылық маусымы бұл уақыттардан басқа уақытқа өзгертілмейді. Ханафи мен Мәликилер қажылықтың шариғаттағы басты шарты болған ихрамға бұл айлардан басқа уақытта да кіруге болатынын қабыл етеді, бірақ сүннетке қайшы болғандықтан мәкруһ санайды. Имам Шәфиғи мұны дұрыс санамайды және былай дейді: «Бұл қажылық емес, умра болады».

Имамдардың барлығы тәмәттуғ, қиран және ифрад қажылықтың қайсысы болса да әдебі мен тәртібінің дұрыс болуы үшін аталмыш айлардың ішінде орындалуы шарт деген байламға келген.

Бұхаридегі дерекке қарағанда, Абдулла ибн Амир Хорасанды алған соң, жорықтағы жәрдемге шүкіршілік ретінде Нишапурда ихрамға кіріп, Мәдинаға дейін сол күйде баруға серт еткен.

Мәдинаға жетіп, Османның (р.а.) алдына келгенде, Осман бұл істі құптамаған. Кей ғалымдар мұның себебін оның қажылық маусымынан тыс уақытта ихрамға кіруімен түсіндірген.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 33-тараудың атауында иснадсыз берілген.
  2. 2«Бақара» сүресі, 197-аят
1183
Кутуб ситтә, № 1183 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ هِشَامِ بْنِ عُرْوَةَ «أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَقَامَ بِمَكَّةَ تِسْعَ سِنِينَ يُهِلُّ بِالْحَجِّ لِهِلَالِ ذِي الْحِجَّةِ، وَعُرْوَةُ مَعَهُ يَفْعَلُ ذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

Хишам ибн Уруаның айтуынша, Абдулла ибн Зубәйр (р.а.) Меккеде тоғыз жыл тұрған. Ол зүлхижжаның жаңа айы көрінісімен қажылық үшін тәлбия айта бастайтын. Інісі Уруа да онымен бірге солай істейтін1.

Түсіндірме

Бұл риуаят Абдулла ибн Зубәйірдің Меккеде өткізген халифалық жылдарында қажылық маусымы басталғанда басқа жердегі қажылар сияқты тәлбия айта бастағанын баян етеді. Жоғарыда да айтылғандай отырықшы немесе кейіннен келген Меккедегілер қажылық маусымы бастала салысымен сол жерде ихрамға кіріп, тәлбия айта бастайды. (Тәлбия дауыстап: «Ләббәйк Аллаһуммә ләббәйк... деп басталатын дұғаны оқу). Меккеден басқа жақта жүрген Меккеліктер қажылық жасау үшін Меккеге келетін болса, басқа жақтан келген адамдар сияқты миқаттарда ихрамға кіреді.

Меккеде қажылық үшін ихрамға кіргендер тауап пен Сафа мен Мәруа арасындағы сағиды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдырады. Имам Мәлик Абдулла ибн Омардың солай істегенін жеткізген.

  1. 1Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 50 (1/339).
1184
Кутуб ситтә, № 1184 · тараудағы реті: 3

وَعَنِ القَاسِمِ بْنِ مُحَمَّدٍ «أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: يَا أَهْلَ مَكَّةَ مَا شَأْنُ النَّاسِ يَأْتُونَ شَعْثًا وَأَنْتُمْ مُدَّهِنُونَ أَهِلُّوا إِذَا رَأَيْتُمُ الهِلَالَ». أَخْرَجَهُمَا مَالِكٌ. «الشَّعِثُ» الْبَعِيدُ الْعَهْدُ بِتَسْرِيحِ الشَّعْرِ وَغَسْلِهِ.

Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед Омардың (р.а.) Мекке халқына былай дегенін жеткізген: «Уа, Мекке тұрғындары, жұрттың шашы ұйпа-тұйпа болып келіп жатқанда, сендер қалайша шаштарыңды майлап, сыланып-сипанып жүрсіңдер? Жаңа айды көргенде тәлбия айтыңдар»1.

Түсіндірме

Алыстан келген қажылар ихрамда болғандықтан, шашын майлап, тарап жүре алмайтын. Омар олардың шашын «ұйпа-тұйпа» деп сипаттаған. Риуаяттағы «шағас» сөзі ұзақ уақыт таралмай, жуылмай қалған шашты білдіреді.

Әзірет Омар былай деп тұрғандай еді: «Бұл жерге алыстан құлшылық жасау үшін келгендердің шаштары ретсіз болып тұрғанда, бұл жердегі сендердің құлшылық көрсетпеулерің жарамайды? Сендердің де құлшылық етулерің қажет».

Сондықтан бұл ниетін былайша ашық айтқан еді: «Ай (зул-хижжа айы) көрінісімен, сендер де тәлбия келтіріңдер».

Абдулла ибн Омар (р.а.) әкесінен өзгеше амал етіп, тәлбияны тәруия күні2, зүлхижжаның сегізінде бастаған. Фиқһ ғалымдары арасында екі амалды да құптағандар бар.

  1. 1Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 49 (1/339).
  2. 2Тәруия – суға қандыру немесе көрген түс бойынша ойлану дегенді білдіреді. Зил-хижжаның 8-күні қажылар, таң намазын Меккеде оқығаннан кейін Минаға кетеді. Минада су жоқ болғандықтан, Меккеде өздері және көліктері қанғанша су ішіп жолға шығатындықтан ол күнге «Тәруия күні» деп айтылған. Сонымен қатар әзірет Ибраһим, ұлы Исмағилдың құрбанға шалынуы жайлы түсті де сол түні көрген және ол күні сол түс бойынша ойланған. Сол себепті ол күнге «Тәруия күні» деп айтылған.
1185
Кутуб ситтә, № 1185 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عَطَاءٍ «أَنَّهُ سُئِلَ عَنِ الْمُجَاوِرِ مَتَى يُلَبِّي بِالْحَجِّ. فَقَالَ: كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا أَتَى مُتَمَتِّعًا يُلَبِّي بِالْحَجِّ يَوْمَ التَّرْوِيَةِ إِذَا صَلَّى الظُّهْرَ وَاسْتَوَى عَلَى رَاحِلَتِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَرْجَمَةً «يَوْمُ التَّرْوِيَةِ» هُوَ الثَّامِنُ مِنْ ذِي الْحِجَّةِ، سُمِّيَ بِذَلِكَ لِأَنَّهُمْ كَانُوا يَرْتَوُونَ مِنَ الْمَاءِ فِيهِ.

Қазақша аудармасы

Атадан Меккеде уақытша тұрып жатқан адамның қажылық тәлбиясын қашан бастайтынын сұрады. Ол: «Ибн Омар (р.а.) тәматтуғ үшін келгенде, тәруия күні бесін намазын оқып, көлігіне отырған соң қажылық тәлбиясын айтатын»1, – деп жауап берді.

Түсіндірме

1. Алдыңғы риуаяттың түсіндірмесінде де айтылғандай ибн Омар зул-хижжаның сегізінші күні, яғни, тәруия күні ихрамға кірген. Бұхаридың риуаяты бойынша, ибн Омардан «Бәрі зул-хижжа айын көрген сәттен бастап ихрамға кіргенде, сен неге тәруия күніне дейін ихрамға кірмейсің?» – деп сұрағанда: «Мен Расулалланың (с.а.с.) көлігімен жолға шықпайынша тәлбия келтіргенін көрмедім» деп жауап берген.

2. Хадисте аталған мутәмәттиғ «умра мен қажылықты жеке-жеке ихраммен орындаушы» дегенді білдіреді. Яғни, умраға ниет етіп ихрам киеді және умраны аяқтаған кезде ихрамнан шығады. Белгілі бір уақыт ихрамсыз, тыйымсыз еркін жүреді, одан кейін қайтадан қажылық ниетімен ихрамға кіреді. Ендеше, аталмыш хадис Абдулла ибн Омардың (р.а.) тәмәттуғ қажылық жасағанын, қажылық жасау үшін ихрамға зул-хижжаның сегізінші күні ихрамға кіргенін және бесін намазын оқығаннан кейін түйесіне мініп Минаға бет алып, тәлбия келтіре бастағанын баяндайды. Ибн Омар (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) қажылықты осылай орындағанын көргендіктен, осылай әрекет еткен.

  1. 1Бұхари, Хажж 82.
1186
Кутуб ситтә, № 1186 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مِنَ السُّنَّةِ أَنْ لَا يُحْرَمَ بِالْحَجِّ إِلَّا فِي أَشْهُرِ الْحَجِّ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَرْجَمَةً أَيْضًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Қажылық үшін ихрамға қажылық айларында кіру – сүннет»1, – деген.

Түсіндірме

1. Қажылық рәсімдерін шәууәл, зүлқағда және зүлхижжа айларында бастайды. № 1182 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, кей ғалымдар осы айлардан тыс уақытта да ихрамға кіруге рұқсат бергенімен, оны мәкруһ санаған. Ибн Аббас (р.а.) қажылық рәсімдерін белгіленген айларда бастауды сүннет деп көрсеткен.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 33-тараудың атауында иснадсыз берілген.
1187
Кутуб ситтә, № 1187 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يُهِلُّ أَهْلُ الْمَدِينَةِ مِنْ ذِي الْحُلَيْفَةِ، وَيُهِلُّ أَهْلُ الشَّامِ مِنَ الْجُحْفَةِ، وَيُهِلُّ أَهْلُ نَجْدٍ مِنْ قَرْنٍ». أَخْرَجَهُ السِّتَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Мәдина тұрғындары Зүлхуләйфадан, Шам тұрғындары Жұхфадан, Нәжд тұрғындары Қарннан тәлбия айтып, ихрамға кіреді», – дегенін жеткізді1.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 5, 8, 10 (№ 1525). Мүслим, «Хаж» (№ 1182). Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 22 (1/330). Тирмизи, «Хаж», 17 (№ 831). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 9 (№ 1737). Нәсәи, «Хаж», 17–18, 21 (5/122–125).
1188
Кутуб ситтә, № 1188 · тараудағы реті: 7

وَفِي رِوَايَةٍ: قَالَ ابْنُ عُمَرَ «وَذُكِرَ لِي وَلَمْ أَسْمَعْ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: وَيُهِلُّ أَهْلُ الْيَمَنِ مِنْ يَلَمْلَمَ».

Қазақша аудармасы

Басқа риуаятта Ибн Омар (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) “Йемен тұрғындары Яләмләмнан ихрамға кіреді”1 дегенін өзім естімедім. Бұл сөзді маған жеткізді», – деген.

Түсіндірме

Ибн Омар (р.а.) риуаят жеткізуде мұқият болған. Сондықтан Йемен тұрғындарының миқаты жайындағы сөзді Алла елшісінен (с.а.с.) өзі тікелей естімей, өзге кісіден естігенін ашық айтқан.

Басқа сахабалар Йемен тұрғындарының миқаты Яләмләм екенін Алла елшісінен (с.а.с.) тікелей жеткізген.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 8 (№ 1525), «Ғылым», 52, «Иғтисам», 16. Мүслим, «Хаж» (№ 1182).
1189
Кутуб ситтә, № 1189 · тараудағы реті: 8

وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ: «أَنَّ رَجُلًا سَأَلَهُ مِنْ أَيْنَ يَجُوزُ لِي أَنْ أَعْتَمِرَ؟ فَقَالَ: فَرَضَهَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لِأَهْلِ نَجْدٍ قَرْنًا، وَلِأَهْلِ الْمَدِينَةِ ذَا الْحُلَيْفَةِ، وَلِأَهْلِ الشَّامِ الْجُحْفَةَ، وَلَمْ يَزِدْ».

Қазақша аудармасы

Бұхаридегі бір риуаятта Зәйд ибн Жубәйр Ибн Омардан (р.а.): «Умра үшін ихрамға қай жерден кірсем болады?» – деп сұраған. Ол: «Алла елшісі (с.а.с.) Нәжд тұрғындарына Қарнды, Мәдина тұрғындарына Зүлхуләйфаны, Шам тұрғындарына Жұхфаны миқат етіп белгіледі», – деген. Басқа миқат атамаған1.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 5 (№ 1522).
1190
Кутуб ситтә, № 1190 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «وَقَّتَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِأَهْلِ الْمَدِينَةِ ذَا الْحُلَيْفَةِ، وَلِأَهْلِ الشَّامِ الْجُحْفَةَ، وَلِأَهْلِ نَجْدٍ قَرْنَ الْمَنَازِلِ، وَلِأَهْلِ الْيَمَنِ يَلَمْلَمَ. قَالَ: فَهُنَّ لَهُنَّ وَلِمَنْ أَتَى عَلَيْهِنَّ مِنْ غَيْرِ أَهْلِهِنَّ مِمَّنْ أَرَادَ الْحَجَّ وَالعُمْرَةَ. وَمَنْ كَانَ دُونَهُنَّ فَمُهَلُّهُ مِنْ أَهْلِهِ وَكَذَلِكَ حَتَّى أَهْلُ مَكَّةَ يُهِلُّونَ مِنْهَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдина тұрғындарына Зүлхуләйфаны, Шам тұрғындарына Жұхфаны, Нәжд тұрғындарына Қарнул-мәнәзилді1, Йемен тұрғындарына Яләмләмды миқат етіп белгіледі. Бұл миқаттар сол өңірлердің халқына және қажылық не умра ниетімен сол жолдан өтетін өзге адамдарға да ортақ. Миқаттың Мекке жағында тұратын адам өз мекенінен ихрамға кіреді. Мекке тұрғындары да Меккенің өзінен ихрамға кіреді»2.

Түсіндірме

1. Риуаят миқаттардың атын атап, олардың қолданылуына қатысты екі қағиданы көрсетеді:

а) Миқат сол өңірдің тұрғынына ғана емес, қажылық не умра ниетімен сол бағыттан өтетін кез келген адамға ортақ. Мысалы, Йеменге бір шаруамен барған шамдық қажы сол жақтан Меккеге аттанса, Яләмләмнан ихрамға кіреді.

б) Миқат пен Меккенің арасында тұратын адам қажылық не умра үшін өз мекенінен ихрамға кіреді. Мекке тұрғындары қажылыққа Меккеде, умраға Харам аймағынан тыс жерде ихрамға кіреді.

1) Ихрамға миқатта кіру шарт па?

Ихрамға кіру үшін ардақты Пайғамбар белгілеген бұл орындарға келу міндет пе? Ол жерлерге келмес бұрын ихрам кисе болмай ма? Осы сұрақтарға ғалымдар әртүрлі жауап берген:

а) Имам Ағзам, Имам Шәфиғи және Сәури сынды ғалымдардың пікірі бойынша миқатқа жетпей жатып та ихрамға кіруге болады. Көбінде Шәфиғилер миқатта ихрамға кіру сүннетке сай болғандықтан, миқатта ихрамға кіру абзал деп санаған. Миқаттан жақын жерде ихрамға кіруге болмайды. Егер миқаттан ихрамсыз өтіп кетіп, ихрамға кіретін болса, бұл әрекеті бір қой құрбан етуді талап ететіндей жаза саналады. Ал ихрамсыз миқаттан өтіп кеткеннен кейін кері қайтып миқатқа келіп ихрам киетін болса, онда мойнынан мұндай жаза түседі. Имам Ағзам мен Шәфиғи ихрам тыйымдарын орындауға күші бар адамның, миқаттан бұрын ихрамға кіруін абзал санаған. Ибн Мәсғуд, әзірет Али, Имран ибн Хусейін, ибн Аббас, ибн Омар және Абдулла ибн Амир бастаған бірқатар сахабалар осыған сай әрекет еткен. №1168 хадисте берілгендей, бұған Расулалланың (с.а.с.) ұсынысы бар екенін айтуға болады.

Миқаттан бұрын ихрамға кіруді абзал санаған ғалымдар өз үйінде ихрамға кіруге де, оны миқатқа дейін кейінге қалдыруға да рұқсат берген.

Демек, осы пікірге сай миқатқа жетпей де ихрамға кіруге болады. Бұл мәселе № 1193 хадистің түсіндірмесінде де сөз болады.

ә) Имам Мәлик, Хасан Басри, Ата секілді кейбір ғалымдар миқаттан бұрын ихрамға кіру мәкруһ деп үкім берген. Бұлар әзірет Омар, әзірет Осман (р.а.) сынды сахабалардың миқаттан бұрын ихрамға кіруді құптамағанын дәлел ретінде келтіреді. Өйткені әзірет Омар, Имран ибн Хусейіннің Басрада ихрамға кіруін, ал әзірет Осман, Абдулла ибн Амирдың Нисабурда ихрамға кіруін құп көрмеген және сол үшін айыптаған.

б) Заһирилерден ибн Хазм миқаттан бұрын ихрамға кіруді харам санаған. Оның пікірі бойынша миқаттан бұрын ихрамға кіріп және сол қалпы миқаттан өткен адамның қажылығы да, умрасы да дұрыс болмайды. Егер миқатқа жеткенде ихрамын жаңаламастан жаңа ниет етсе, онда бұл ихрамы дұрыс болып саналады.

2. Ихрам не үшін қажет, қайда киіледі және кімдер киеді?

Ханафилар бойынша ихрам Харам аймағына құрмет үшін киіледі. Яғни, тек қана умра немесе қажылық ниетімен емес, сауда жасау, зиярат ету, ғылым үйрену қатарлы басқа мақсатпен Меккеге барғысы келетін мүмін, қасиетті аймаққа құрмет үшін ихраммен кіруі қажет, яғни, миқаттан ихраммен өтуі керек.

Шафиғи мазһабында қажылық не умра ниеті болмаған адамға Харам аймағына ихрамсыз кіруге рұқсат етіледі.

· Миқат пен Харам шекарасының арасындағы «Хилл» аймағында тұратындар Меккеге қажылық пен умрадан өзге мақсатпен келсе, ихрамға кіруге міндетті емес.

· Харам шекарасынан шыққан меккеліктер миқат шекарасынан өтпеген болса, қажылық не умрадан өзге мақсатпен Меккеге ихрамсыз қайта кіре алады.

· Тікелей Харам аймағына немесе Меккеге баруға ниеті жоқ, тек қана Хилл аймағына бармақшы болған миқаттың сыртында тұратындар да миқаттан ихраммен өтуі қажет емес. Осылайша Хилл аймағына ихрамсыз кірген адам егер Харамға немесе Меккеге барғысы келсе, Хилл аймағында тұратындарға тән үкіммен әрекет етеді. Қажылық пен умра үшін сол жерінде ихрамға кіреді. Ал сауда жасау, зиярат ету сияқты мақсаттармен кіретін болса, ихрам киюі қажет емес. Ихрам киместен Қағбаны тауап жасауына болады.

· Қажылығын немесе умрасын аяқтаған қажы ихрамнан шыққаннан кейін Хилл аймағының шекарасынан шықпайынша Меккеге кіргенде ихрам кимеуіне болады. Мысалы, миқат орны болған Жиддәға баратын болса, ихрамға кірмей қайтадан Меккеге баруына болады.

· Хилл аймағының сыртына шығатын болса, Меккелік болса да, сырттың адамы болса да миқатта ихрам киюі қажет.

· Ихрамды адамның ұстануы қажетті бірқанша тыйымдар бар. №1193 пен №1261 хадистер арасындағы хадистер ихрам мен тыйымдарына қатысты болады.

· Харам аймағының шекарасы әзірет Ибраһим (а.с.) тарапынан сызылған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл жерлерге арнайы адамдар жіберу арқылы белгілеткен.

  1. 1Қарнул-мәнәзил: Кейбір риуаяттарда тек қана Қарн деп келген. Бұл риуаяттағы қосымша, Қарн деп аталатын басқа бір есімнен ажыратылуы үшін айтылған. Ол басқа есім, Қарнул-сәалим деп аталады, ол қайқайыстың басында орналасқан. Ал Қарнул-мәнәзил болса қайқайыстың аяғында орналасқан.
  2. 2Бұхари, «Хаж», 7, 9, 11–12 (№ 1524, 1526, 1529). Мүслим, «Хаж», 11 (№ 1181). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 9 (№ 1738). Нәсәи, «Хаж», 20, 23 (5/123–125).
1191
Кутуб ситтә, № 1191 · тараудағы реті: 10

وَفِي رِوَايَةٍ: «وَمَنْ كَانَ دُونَ ذَلِكَ فَمِنْ حَيْثُ أَنْشَأَ حَتَّى أَهْلُ مَكَّةَ مِنْ مَكَّةَ».

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта: «Кім миқаттың Мекке жағында болса, қажылық не умраға ниет еткен жерінен ихрамға кіреді. Мекке тұрғындары Меккенің өзінде ихрамға кіреді», – делінген1.

Түсіндірме

Бұл риуаят – алдыңғы риуаяттың жалғасы әрі жартысы. Бұл хадиске берілген түсіндірмелердің кейбірі «қажылық немесе умра үшін сапарға бастаған жер» деп белгілеген. Сонымен қатар «қажылық пен умра үшін ниет еткен жер» деп те белгіленген.

Хилл аймағына қажылық пен умраға ниеті болмастан кірген және сол себепті ихрамсыз жүрген сырттың адамдары сол жерде жүріп қажылық пен умраға ниет ететін болса, ихрам кию үшін миқатқа бармай-ақ, тұрған жерлерінде ихрам киюге болатындығына қатысты рұқсат хадисте келген: «Қай жерде бастаса, сол жерде» деген сөйлемнен шығарылған. Басталған нәрсе, сырттан келгендер үшін «ниет», ал Хилл аймағының халқы үшін «сапар» саналған.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 7 (№ 1524). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 9 (№ 1738).
1192
Кутуб ситтә, № 1192 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ أَبِي الزُّبَيْر قَالَ: «سُئِلَ جَابِرٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ الْمُهَلِّ فَقَالَ: سَمِعْتُ ـ أَحْسِبُهُ رَفَعَ إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ـ فَقَالَ: مُهَلُّ أَهْلِ الْمَدِينَةِ مِنْ ذِي الْحُلَيْفَةِ، وَالطَّرِيقُ الآخَرُ الْجُحْفَةُ، وَمُهَلُّ أَهْلِ الْعِرَاقِ مِنْ ذَاتِ عِرْقٍ، وَمُهَلُّ أَهْلِ نَجْدٍ مِنْ قَرْنِ الْمَنَازِلِ وَمُهَلُّ أَهْلِ الْيَمَنِ مِنْ يَلَمْلَمَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу әз-Зубәйрдің айтуынша, Жәбирден (р.а.) ихрамға кіретін жер жайында сұралғанда, ол: «Мына сөзді естідім», – деген. Әбу әз-Зубәйр: «Меніңше, Жәбир оны Алла елшісіне (с.а.с.) теліген», – дейді. Риуаятта: «Мәдина тұрғындарының миқаты – Зүлхуләйфа, басқа жолмен барғандардікі – Жұхфа. Ирак тұрғындарының миқаты – Зәтул-ирқ, Нәжд тұрғындарынікі – Қарн, Йемен тұрғындарынікі – Яләмләм»1, – делінген.

  1. 1Мүслим, «Хаж», 18 (№ 1183b).
1193
Кутуб ситтә, № 1193 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا فُتِحَ هَذَانِ الْمِصْرَانِ أَتَوْا عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالُوا: يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ، إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَدَّ لِأَهْلِ نَجْدٍ قَرْنًا وَهُوَ جَوْرٌ عَنْ طَرِيقِنَا، وَإِنَّا إِنْ أَرَدْنَا أَنْ نَأْتِيَ قَرْنًا شَقَّ عَلَيْنَا. قَالَ: فَانْظُرُوا حَذْوَهَا مِنْ طَرِيقِكُمْ فَحَدَّ لَهُمْ ذَاتَ عِرْقٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «المِصْرُ» الْمَدِينَةُ، وَالمُرَادُ بِهِمَا هُنَا: الْكُوفَةُ وَالبَصْرَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Басра мен Куфа орналасқан өңірлер алынғанда, жұрт Омарға (р.а.) келіп: “Уа, мүміндердің әміршісі, Алла елшісі (с.а.с.) Нәжд тұрғындары үшін Қарнды миқат етіп белгіледі. Ол біздің жолымыздан шалғай. Қарнға бұрылып бару бізге қиын”, – деді. Омар: “Өз жолдарыңнан Қарнмен тұспа-тұс келетін жерді белгілеңдер”, – деді де, оларға Зәтул-ирқты миқат етіп белгіледі»1.

Түсіндірме

1. Риуаяттағы «миср» сөзі «қала» дегенді білдіреді. Оның екілік түрі «мисран» Куфа мен Басраны меңзейді. Екі қаланы да мұсылмандар салғандықтан, мұнда сол қалалар орналасқан өңірлерді алу туралы айтылған.

2. Хадистің мәтініне қарасақ Зәтул-ирқты миқат ретінде әзірет Омар (р.а.) өзінің жеке пікірімен белгілеген болуы қажет. Имам Шәфиғидің: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шығыстан келетін халық үшін ешбір миқат белгілемеген. Халық Зәтул-ирқ тауларын белгіледі» деп айтқаны риуаят етілген.

Ахмад ибн Ханбал осыған қатысты мына сөзді келтірген:

فَآثَرَ النَّاسُ ذَاتَ عِرْقٍ عَلَى قَرْنٍ

Ибн Омар: «Жұрт Қарннан гөрі Зәтул-ирқты таңдады», – деген.

Басқа бір риуаятта ибн Омар (р.а.) миқаттарды атап көрсеткенде бір кісі «Ирактың миқаты қайда» деп сұрағандығы, ибн Омардың оған: «Ол кезде Ирак жоқ еді, (яғни әлі жеңіспен алынбаған еді)» деп жауап бергендігі айтылған.

Ирактың миқаты ардақты Пайғамбар тарапынан белгіленбегендігін білдіретін басқа да риуаяттар бар. Бұлардың барлығын келтіргеннен кейін ибн Хажар: «Бұл риуаяттардың барлығы Зәтул-ирқ миқатының пайғамбар тарапынан белгіленбегендігін көрсетеді», – дейді және қосымша былай дейді: «Ғазали мен әр-Рафиғи “Шәрхул-Муснәдта”, Нәуәуи “Шәрху Мүслимде” осыған үкім берген. Имам Мәликтің “Мудәууәнәсінде” осылай келген».

Сондай-ақ ибн Хажар Зәтул-ирқтың миқат ретінде белгіленуі пайғамбар тарапынан белгіленгендігін айтқан ғалымдарды да атаған: «Ханафилер, Ханбалилер және Шафиғилердің көпшілігі яғни, “Шәрхус-Сағирде” Рафиғи, “Шәрхул-Муһәззабта” Нәуәуи бұл миқаттың да ардақты Пайғамбар тарапынан белгіленгендігін айтқан». Сонымен қатар, Ибн Хажар Мүслимде әзірет Жәбирден жеткен бір риуаяттың да бұл үкімді растайтынын, алайда ол риуаяттың мәрфуғ екеніне күмән барын айтқан.

Сонымен, Зәтул-ирқ, миқат ретінде Расулалла тарапынан әлде әзірет Омар тарапынан белгіленді ме? Бұл жайлы бір-біріне қарсы дәлелдерді келтіргеннен кейін бір жағының басымдығы жайлы анықтама келтірмейді. Бірақ Зәтул-ирқтың миқат ретінде белгіленуі, әзірет Омарға негізделген риуаяттардың негізге алынуы бойынша миқаты жоқтардың мәселесі шешілгенін көрсетіп былай дейді: «Миқаты жоқтардың үкімі мынау: Егер үйінен тура Меккеге кететін бағытта миқат болмаса, өздеріне ең жақын тұрған миқаттың тұсында ихрамға кіреді. Бірақ әзірет Омар (р.а.) Зәтул-ирқты миқат ретінде белгіледі, сахабалар да сол бойынша әрекет етті. Осы үкім бойынша амал жалғасты, сондықтан осыны ұстанған тиімді болды және миқаты жоқтар аталмыш бес миқаттың бірінің тұсында ихрамға кіруі керектігі бір тұжырымға келді. Аталмыш бес миқат Харам аймағының әр тарапында орналасқан: Зул-хуләйфә Шам бағытын (солтүстік), Иәләмләм Иемен бағытын (оңтүстік). Бұл екеуі бір-біріне қарсы Меккенің екі жағында, бірақ бірі Меккеге жақынырақ орналасқан. Қарн шығыс бағытын, ал Жухфа батыс тарапында орналасқан, бұл екеуі де Меккенің екі жағында бір-бірінің қарсы тұсында орналасқан. Бұлардың да Меккеге жақындығы екі түрлі. Ал Зәтул-ирқ, Қарнның тұсында орналасқан. Міне, осы жағдайда жер бетінің ешбір жағы, бұл миқаттардан бірінің тұсынан басқа жақта қала алмайды, дүниенің қай бағытынан келсе де бірінің тұсынан өтері сөзсіз».

Кирмани Зәтул-ирқты миқат етіп Омар (р.а.) белгіледі деген. Ал Айни бірнеше дерекке сүйеніп, оны Алла елшісі (с.а.с.) белгілеген деген пікір айтқан.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 13 (№ 1531).
1194
Кутуб ситтә, № 1194 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «وَقَّتَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ذَاتَ عِرْقٍ لِأَهْلِ الْعِرَاقِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Ирак тұрғындары үшін Зәтул-ирқты миқат етіп белгілегенін жеткізді1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 9 (№ 1739). Нәсәи, «Хаж», 22 (5/125).
1195
Кутуб ситтә, № 1195 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «وَقَّتَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِأَهْلِ الْمَشْرِقِ الْعَقِيقَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) шығыс өңірлердің халқы үшін Ақиқты миқат етіп белгілегенін жеткізді1.

Түсіндірме

Ақиқ пен Зәтул-ирқ бір-біріне жақын. Ибн Хажар жеткізу тізбегінде Зәйд ибн Әбу Зияд бар болғандықтан, бұл риуаятты әлсіз санаған. Оны сахих деп қабылдағандар басқа риуаяттармен бірнеше жолмен сабақтастырған:

а) Зәтул-ирқ – міндетті миқат, Ақиқ – одан алыс болғандықтан, ихрамға кіруі құп көрілетін орын.

б) Ақиқ – Ирак халқының Мәдина жаққа жақын бөлігінің миқаты, Зәтул-ирқ – Басра тұрғындарының миқаты.

с) Зәтул-ирқ әуелде қазіргі Ақиқтың орнында болған, кейін миқат Меккеге жақынырақ жерге ауыстырылған. Осы түсінік бойынша екі атау алғашында бір орынды білдірген.

Шафиғи Ирак жақтан келетіндердің Ақиқта ихрамға кіруін мұстахаб санап, Зәтул-ирқта ихрамға кіруге де рұқсат берген.

Зәтул-ирқты Омар (р.а.) белгілеген деп санаған Хаттаби жұрттың осы мәселеде Омардың ұстанымын ұстанғанын айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 9 (№ 1740). Тирмизи, «Хаж», 17 (№ 832).
1196
Кутуб ситтә, № 1196 · тараудағы реті: 15

وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَهَلَّ مِنَ الْجِعِرَّانَةِ بِعُمْرَةٍ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәлик: «Маған жеткен хабарға қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) Жиғранада умра үшін ихрамға кірген», – деген.1

Түсіндірме

«Мууаттада» жеткізу тізбегі көрсетілмей, қысқа берілген бұл риуаят басқа жинақтарда иснадымен әрі толығырақ келген. Жиғрана Таиф пен Меккенің арасында, Меккеге жақынырақ орналасқан. Хунәйнде түскен олжа осы жерде бөлінген. Риуаяттағы умра олжа бөлініп біткен соң, һижреттің сегізінші жылы зүлқағда айында жасалған.

Тирмизидің риуаяты оқиғаны кең көлемді былай баяндайды: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) умра жасау үшін Жиғранадан түнде жолға шықты. Меккеге түнде келді, умрасын жасады және сол түні кері қайтты, түнін Жиғранада өткізген адамдай таңда Жиғранада болды. Ертеңінде күннің зауал уақыты ауған кезде (Жиғранадан), Батнус-Сәрәф бағытына жолға шықты. Ол жерден (Мәдинаға кететін), жол айырымына дейін келді. Сондықтан бұл жолғы умрасы басқа адамдарға құпия болды». Бұл оқиғаны баяндаған риуаяттар арасында қарама-қайшылық бар. Олардың кейбірі Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таңды Меккеде атырған болуы керек деседі. Мухаддистер жалпылама Тирмизиде келген риуаятты сахих деп қабыл еткен. Жақшаның ішіне алынған қосымшалар Ахмад ибн Ханбалдің «Мүснәдінде» келген риуаяттан алынған.

  1. 1Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 27 (1/331). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 81 (№ 1996). Тирмизи, «Хаж», 96 (№ 935). Нәсәи, «Хаж», 104 (5/199).
1197
Кутуб ситтә, № 1197 · тараудағы реті: 16

وَعَنِ الثِّقَةِ عِنْدَهُ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ أَهَلَّ بِحَجَّةٍ مِنْ إِيلِيَاءَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «إِيلِيَاءُ» بِالْمَدِّ وَالتَّخْفِيفِ: اسْمُ بَيْتِ الْمَقْدِسِ.

Қазақша аудармасы

Имам Мәликтің өзі сенімді санаған адамнан жеткізген хабарында Ибн Омардың (р.а.) Илияда қажылық үшін ихрамға кіргені айтылады1.

Түсіндірме

1. Мәлик «сенімді адам» деп Нафиғты меңзеген болуы мүмкін. Алдыңғы риуаят сияқты мұның да «Мууаттада» жеткізу тізбегі толық берілмеген.

«Маған жетті» деген сөзбен келтірілген осындай риуаят «бәләғ» деп аталады. Оның көпше түрі – «бәләғат».

2. Илия – Бәйтул-Мақдистың аты. Зурқанидың түсіндіруі бойынша, бұл қажылық хакамәйн (Екі төреші) оқиғасы орын алған жылы жасалған. Танымал екі төреші: Әбу Мұса мен Амр ибн әл-Ас (р.а.) Дәумәтул-Жәндәлден бір байламға тұрақтамай шыққан кезде ибн Омар (р.а.) Бәйтул-Мақдиске барады және сол жерде ихрамға кіреді.

Жоғарыда №1187, 1188, 1193 хадистерде баяндалғандай, ихрам киетін орындар, яғни, миқаттарға қатысты риуаяттарды жеткізген Абдулла ибн Омар еді. Ол риуаяттарда Расулалланың (с.а.с.) Құдысты миқат ретінде белгілемегенін көрдік. Бұл мәселені қарастырған бірқатар ғалымдар Абдулла ибн Омардың миқатқа қатысты пайғамбардан келтірген басқа хадистерде белгіленген орындарда ихрам киюдің уәжіп еместігі, тек қана ол жерлерден ихрамсыз өтуіне тыйым салынғаны, сондай-ақ, одан бұрын да ихрам киюге болатыны жайлы үкім шығарған. Әзірет Омар мен әзірет Осман (р.а.) сынды кейбір сахабалар миқаттан алыста ихрам киюді құптамаған және мәкруһ деп санаған. Оның себебі, жолдың алыстығына байланысты. Өйткені миқатқа жетпей алыс жолда ихрамға кірсе, ихрам тыйымдарын жол бойы сақтау қажет. Бұл мәселе адамға ауырлық тудырады. Сондықтан бұл жерде ихрам тыйымдары бұзылмасын деген сақтық бар.

Ибн Абд әл-Бәрр миқаттан бұрын ихрамға кіруді мәкруһ санаудың тағы бір себебін айтады. Алла жеңілдік берген істе адам өзіне ауырлық жүктеп қояды.

  1. 1Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 26 (1/331).
1198
Кутуб ситтә, № 1198 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Осман (р.а.)

وَعَنْ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّهُ كَرِهَ أَنْ يُحْرِمَ الرَّجُلُ مِنْ خُرَاسَانَ وَكِرْمَانَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَرْجَمَةً.

Қазақша аудармасы

Османның (р.а.) адамға Хорасаннан немесе Кирманнан ихрамға кіруді мәкруһ санағаны риуаят етілген1.

Түсіндірме

Бұл риуаят – миқаттардан бұрын ихрамға кіруді мәкруһ санаған ғалымдардың сүйенген дәлелдерінің бірі. Бұл риуаятты Бұхари «Сахихында» тараудың тақырыбы ретінде келтірген, бірақ сәнәдін келтірмеген. Ал ибн Хажардың айтуы бойынша, Саид ибн Мансұрдың «Муснәдінде», Абдурраззақтың «Мусаннафында» және тағы басқа бірқатар кітаптарда сәнәдімен келген. (Бұл тақырыпқа қатысты оқиға №1182 хадистің түсіндірмесінде баяндалды)

  1. 1Бұхари, «Хаж», 33-тараудың атауында иснадсыз берілген.