وَعَنْ أَسْلَمَ قَالَ: «سَمِعْتُ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: فِيمَ الرَّمَلَانُ الْيَوْمَ وَالْكَشْفُ عَنِ الْمَنَاكِبِ، وَقَدْ أَطَّأَ اللَّهُ الْإِسْلَامَ وَنَفَى الْكُفْرَ وَأَهْلَهُ؟ مَعَ ذَلِكَ لَا نَدَعُ شَيْئًا كُنَّا نَفْعَلُهُ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «أَطَّأَ» مِثْلُ «وَطَّأَ»، وَمَعْنَاهُ: ثَبَّتَ وَمَهَّدَ.
Омар ибн әл-Хаттабтың азат еткен адамы Әсләм былай дейді: «Омардың (р.а.): “Алла Исламды қуаттандырып, күпірлік пен оны ұстанушыларды ығыстырған бүгінгі күні рәмәл жасап, иық ашудың не қажеті бар? Соған қарамастан Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында істеген амалдарымыздың ешқайсысын тастамаймыз”, – дегенін естідім»1.
Түсіндірме
№ 1326 хадисте айтылғандай, Алла елшісі (с.а.с.) Мекке мүшріктеріне мұсылмандардың күш-қайратын көрсету үшін рәмәл мен изтибаны бұйырған. Рәмәлде алғашқы үш айналымда иықты қомдап, шапшаң жүреді. Изтибада оң иықты ашады. Мұсылмандар үстемдікке жеткеннен кейін бұл амалдардың бастапқы себебі жойылды. Омар (р.а.) әуелде оларды тоқтатуды ойлағанымен, Пайғамбармен бірге жасаған амалдарынан бас тартпауға тоқтады. Оның сөзі сүннетте бізге беймәлім хикметтің де болуы мүмкін екенін аңғартады.
Омар (р.а.) рәмәлге қатысты сүннетті ұстануды абзал көрді. Оның сөзі Ибн Аббастың Қоштасу қажылығында рәмәл жасалғаны туралы риуаятын және бұл сүннетті жалғастыру керектігі жөніндегі түсінікті қуаттайды. Жәбирден (р.а.) жеткен жоғарыдағы риуаятта да Қоштасу қажылығында рәмәл жасалғаны айтылады.
Хаттаби осы риуаяттарға сүйеніп: «Алла елшісі (с.а.с.) бір себеппен сүннет енгізсе, кейін сол себеп жойылғанда да сүннет бастапқы қалпында жалғаса береді», – деген. Суфиян әс-Сәури бастаған кейбір ғалымдар рәмәлді бекітілген сүннет деп санап, оны тәрк еткен адам өтем ретінде құрбан шалуға тиіс деген. Ғалымдардың басым көпшілігі рәмәлдің сүннет екенін және оны тәрк еткен адамнан өтем талап етілмейтінін айтқан.
- 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 51, (1887).