Хадис

Тауап пен сағидың мәні

Кутуб ситтә, 4-том, 159-тарау · 13 хадис · № 1326–1338

ТАУАП ЖӘНЕ САҒИ

Хадистер

1326
Кутуб ситтә, № 1326 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَدِمَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَصْحَابُهُ مَكَّةَ وَقَدْ وَهَنَتْهُمْ حُمَّى يَثْرِبَ. فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ إِنَّهُ يَقْدُمُ عَلَيْكُمْ غَدًا قَوْمٌ قَدْ وَهَنَتْهُمْ الْحُمَّى وَلَقُوا مِنْهَا شِدَّةً فَجَلَسُوا مِمَّا يَلِي الْحِجْرَ، وَأَمَرَهُمُ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يَرْمُلُوا ثَلَاثَةَ أَشْوَاطٍ وَيَمْشُوا بَيْنَ الرُّكْنَيْنِ لِيُرِيَ الْمشْرِكِينَ جَلَدَهُمْ. فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ: هَؤُلَاءِ الَّذِينَ زَعَمْتُمْ أَنَّ الْحُمَّى قَدْ وَهَنَتْهُمْ هَؤُلَاءِ أَجْلَدُ مِنْ كَذَا وَكَذَا. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: وَلَمْ يَمْنَعْهُ أَنْ يَأْمُرَهُمْ أَنْ يَرْمُلُوا الْأَشْوَاطَ كُلَّهَا إِلَّا إِبْقَاءً عَلَيْهِمْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. زَادَالْبُخَارِيُّ فِي رِوَايَة: لَمَّا قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِعَامِهِ الَّذِي اسْتَأْمَنَ فِيهِ قَالَ: أَرْمِلُوا لِيُرِيَ الْمشْرِكينَ قُوَّتَهُمْ وَالمُشْرِكِينَ مِنْ قِبَلِ قُعَيْقِعَانَ

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары Меккеге келгенде, Ясрибтің қызбасы оларды әлсіреткен еді. Мүшріктер: “Ертең мұнда қызбадан әбден қалжыраған жұрт келеді”, – десті де, Хижр тұсына отырды. Алла елшісі (с.а.с.) мүшріктерге мұсылмандардың қайратын көрсету үшін сахабаларына алғашқы үш айналымда рәмәл жасауды, екі бұрыштың арасында жай жүруді бұйырды».

Мұны көрген мүшріктер: «Қызба әлсіретті деген адамдарың осы ма? Бұлар пәленше-түгеншеден де қайратты екен ғой!» – деді.

Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) оларға ауыр тимесін деп, барлық айналымда рәмәл жасауды бұйырмады», – деген1.

Бұхари нұсқасында: «Алла елшісі (с.а.с.) бітімнен кейінгі жылы келгенде, мүшріктерге мұсылмандардың қайратын көрсету үшін “Рәмәл жасаңдар!” – деп бұйырды. Мүшріктер Қуайқиған тауы жағында отырған еді», – деп қосылған.

Түсіндірме

1. Ясриб қызбасы. «Хумма» дене қызуын көтеретін ауруды білдіреді. Мұнда оны безгек деп түсіндірген. Суы мол, ылғалды Мәдинада бұл ауру бұрыннан кездесетін.

2. «Шаут» тілде межені және оған қарай бір рет жүріп өтуді білдіреді. Қажылықта екі мағынада қолданылады.

а) Тауапта Қара тастан бастап, сол тұсқа қайта келгенше Бәйтулланы бір айналып шығу бір шаут саналады. Жеті шаут бір тауапты құрайды.

ә) Сағида Сафадан Мәруаға бару да, Мәруадан Сафаға қайту да бір-бір шаут саналады. Сафадан Мәруаға төрт рет, Мәруадан Сафаға үш рет жүріп, жеті шаутты аяқтайды.

3. «Тауап» тілде айналып жүруді білдіреді. Қажылық рәсімі ретінде Қағбаны белгіленген тәртіппен жеті айналу – бір тауап. Кей риуаятта бұл сөз Сафа мен Мәруа арасындағы сағиға да қолданылған.

4. Хижр. Қағбаның солтүстік-батыс қабырғасының алдында жарты шеңбер пішінді, биіктігі бір метрдей, қалыңдығы бір жарым метрдей дуал бар. Дуал «Хатим» деп аталады. Дуал мен Қағбаның арасындағы жер – Хижр. Ол «Хижри Исмаил», «Хижри Қағба» және «Хатыра» деп те аталады.

Бұл жер Ибраһим (а.с.) тұрғызған Қағбаның ішіне кіретін. Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық келместен бұрын Қағбаны қайта тұрғызғанда, құрылыс материалы жетпей, бұл бөлік сыртта қалған.

5. Қуайқан: Меккедегі таудың аты. Қағбаның Хижр бөлігіне қараған тұсында орналасқан. Яғни, Хижрдің Ирак бұрышы мен Шам бұрышының арасында орын алғандығын ескерсек, бұл тау Қағбның бір бұрышындағы немесе бір жанындағы биік төбе екендігі байқалады. Қуайқан деп аталатын басқа жерлер болғанымен де, біз айтып отырған жерге қатысы жоқ.

6. Ясриб – Мәдинаның жаһилия дәуіріндегі атауы. Һижрадан соң қала «Мәдинатур-расул», яғни Алла елшісінің қаласы, кейін қысқаша «Мәдина» деп аталған.

7. «Рәмәл» – ширақ жүру. Тауапта ерлердің алғашқы үш айналымда қысқа адымдап, иықтарын қозғай ширақ жүруі осылай аталады. Сағи жалғасатын тауапта рәмәл жасау сүннет. Сағи жасалмайтын тауапта және әйелдерге рәмәл қажет емес.

Хадис бұл сүннеттің қалай пайда болғанын баяндайды. Бұл қаза умра кезінде пайда болған. Бір риуаятта мүшріктердің мұсылмандар жайлы «Оларды Ясрибтің безгегі әбден титықтатты. Ертең көрерміз түрлерін» деп қаңқу сөз айтқанынан уахи арқылы Алла елшісі хабардар болады. Бұған қатысты басқа да риуаяттар бар.

Алла елшісі дұшпанның қаңқу сөзінің қуатын азайту үшін сахабаларын рәмәл жасауға, яғни, тауап кезінде жылдам әрі айбынды кейіппен жүруге ынталандырған. Сахабалар да Қағбаның Хижр тарапында өздеріне қарап тұрған мүшріктердің алдынан өтіп бара жатып, жылдам әрі иықтарын сілкілеп жүреді. Қағбаның екінші жағында, яғни, мүшріктер көре алмаған арт жағында кәдімгідей қалыпты жүріске салады. Риуаяттағы «Екі рүкіннің арасында қалыпты жүріспен жүрулерін бұйырды» деген сөз де осыны білдіреді. Яғни, Аллан елшісі екі үш айналымда рәмәл жасауды әмір еткенімен, шауттардың барлығында рәмәл жасап жүруді бұйырған жоқ. Әр айналымда тек мүшріктер көретін жеріне келгенде ғана жылдам жүріп, ал арт жағында қалыпты жүріске салатын. Ғалымдар бұлай жүрудің мүшріктерге күш-қуаты мол болып көрінуді көздегенін, кейін бұл үкімнің жойылғандығын айтады.

Алайда Алла елшісі һижреттің оныншы жылы Қоштасу қажылығында қара тастан бастап, қара тасқа келгенше шауттың басынан аяғына дейін рәмәл жасаған. Демек, қазір қажылықта рәмәл жасау Алла елшісінің қоштасу қажылығында жасаған рәмәлден сүннет болып қалған және алғашқы үш шауттың барлығында жасалады.

Рәмәлдің үкіміне қатысты ғалымдар әртүрлі пікір білдірген. Ибн Аббастың пікірінше рәмәл жасау қайталауды қажет ететін сүннет емес. Ол тек сол кездегі мүшріктерге қуатты көріну үшін жасалған. Сол себептен де қалаған адам жасай алады. Табиғиндерден Ата, Қасым және Сәлим рәмәлге қатысты Ибн Аббас секілді пікір білдіріп, «Қалаған адам жасайды, жасағысы келмесе жасамайды. Бұл мүбаһ амал» – деген. Алайда басқа ғалым сахабалар мен табиғиндер тауаптың алғашқы үш айналымында рәмәл жасаудың сүннет екендігіне бірауыздан келіскен. Бұл сүннетті тәрк еткен адамның тауабында еш нұқсандық болмайды, яғни, осыны тәрк еткені үшін құрбан шалудың қажеті жоқ.

Абдулла ибн Зубәйір рәмәлдің тауаптың жеті айналымында да сүннет екендігін айтқан. Хасан Басри, Суфиян Сәури, Мәликилерден Ибн Мажуишунның пікірінше рәмәл жасамаған адам құрбан шалуы қажет. Имам Мәлик те алғашында осындай үкім айтқан. Бірақ бұл үкімін кейінірек өзгерткен.

Рәмәлге сүннет деген көпшілік ғалымдар (Әзірет Омар, Ибн Омар, Ибн Масғуд, төрт мәзһаб имамы және т.б.) дәлел ретінде ардақты Пайғамбардың қоштасу қажылығындағы ісін көрсетеді. Пайғамбар қоштасу қажылығында алғашқы үш айналымда рәмәл жасап, кейінгі төртеуінде жүріп, «Менен қажылық рәсімдеріңді үйреніңдер» لِتَأْخُذُوا مَنَاسِكَكُمْ عَنَّى. деген.

9. Ғалымдар осы хадисике сүйене отырып: «Кәпірлерге қарсы қарулы және күшті көрініп, оларға сес көрсетудің рұқсат, сөзде ғана емес істе де айбындылық көрсету кей жағдайда рұқсат қана емес, қажет» деген.

  1. 1Бұхари, Хажж 55, Мағази, 43; Мүслим, Хажж 240, (1266); Тирмизи, Хажж 39, (863); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 51, (1886, 1889); Нәсәи, Қажылық 155, (5, 230).
1327
Кутуб ситтә, № 1327 · тараудағы реті: 2

وَفِي أُخْرَى: «إِنَّمَا سَعَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْبَيْتِ وَبَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ لِيُرِيَ الْمُشْرِكِينَ قُوّتَهُ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас басқа нұсқада: «Алла елшісі (с.а.с.) мүшріктерге өз қайратын көрсету үшін Бәйтулланы айналғанда және Сафа мен Мәруа арасында ширақ жүрді», – деген.

1328
Кутуб ситтә, № 1328 · тараудағы реті: 3

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ«أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ اضْطَبَعَ فَاسْتَلَمَ وَكَبّرَ ثُمَّ رَمَلَ ثَلَاثَةَ أَطْوَافٍ، فَكَانُوا إِذَا بَلَغُوا الرُّكْنَ الْيَمَانِيّ وَتَغَيَّبُوا عَنْ قُرَيْشٍ مَشَوْا ثُمَّ يَطْلُعُونَ عَلَيْهِمْ يَرْمُلُونَ فَتَقُولُ قُرَيْشٌ كَأَنَّهُمُ الغِزْلَانُ. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ فَكَانَتْ سُنَّةً».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің басқа нұсқасында былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) оң иығын ашып, Қара тасқа истилам жасады, тәкбір айтты. Сосын алғашқы үш айналымда рәмәл жасады. Мұсылмандар Йемен бұрышына жетіп, құрайыштардың көзінен тасаланғанда жай жүретін. Қайта көрінгенде ширақ басатын. Оларды көрген құрайыштар: “Киіктей екен ғой!” – дейтін».

Ибн Аббас: «Осылайша рәмәл сүннетке айналды», – деген1.

وَمَعْنَى «وَهَنَتْهُمْ» أَضْعَفْتُهُمْ «وَالأَشْوَاطُ» جَمْعُ شُوطٍ، وَالمُرَادُ بِهِ الْمرَّةِ الْوَاحِدَةِ مِنَ الطَّوَافِ بِالبَيْتِ «وَالرَّمَلُ» سُرْعَةُ الْمشْىِ وَالهَرْوَلَةِ. «وَاضْطِبَاعٌ فِي الطَّوَافِ» أَنْ يُدْخِلَ الرَّجُلِ الرَّدَاءَ مِنْ تَحْتِ إِبْطِهِ الْأَيْمَنِ وَيَجْمَعُ طَرَفِيهِ عَلَى عَاتِقِهِ الْأَيْسَرِ وَيَكْشِفَ مَنْكِبَهُ الْأَيْمَنَ وَيُغَطِّيَ الْأَيْسَرَ. سُمِّيَ بِذَلِكَ لِإِبْدَاءِ الضَّبِعَيْنِ وَهُمَا مِنْ تَحْتِ الْإِبْطِ

Түсіндірме

1. Изтиба – ихрамның дененің үстіңгі жағын жабатын бөлігін оң қолтықтың астынан өткізіп, екі ұшын сол иыққа салу. Сонда сол иық жабылып, оң иық пен қол ашық қалады. Осы хадиске сүйенген ғалымдар рәмәл жасалатын айналымдарда изтибаны сүннет санаған.

2. Истиләм – Қара тасқа қол тигізіп, сәлем беру. Бұл ұғым № 1265 хадисте түсіндірілді.

3. Кейбір ғалымдар Ибн Аббастың осы риуаятта рәмәлді «сүннет» деуін оның бұрынғы пікірінен қайтып, көпшіліктің ұстанымына қосылғанының белгісі деп санаған. № 1326 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, Ибн Аббас әуелде рәмәлді мүбаһ амал деп білген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 51 (№ 1889).
1329
Кутуб ситтә, № 1329 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу әт-Туфайл (р.а.)

وَعَنْ أَبِي الطُّفَيْلِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ لِابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَرَأَيْتَ هَذَا الرَّمَلَ بِالْبَيْتِ ثَلَاثَةَ أَطْوَافٍ، وَمَشَى أَرْبَعَةِ أَطْوَافٍ: أَسُنَّةٌ هُوَ؟ فَإِنَّ قَوْمَكَ يَزْعُمُونَ أَنَّهُ سُنَّةٌ. فَقَالَ: صَدَقُوا وَكَذَبُوا. فَقُلْتُ: مَا قَوْلُكَ صَدَقُوا وَكَذَبُوا؟ فَقَالَ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَدِمَ مَكَّةَ. فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ: إِنَّ مُحَمَّدًا وَأَصْحَابَهُ لَا يَسْتَطِيعُونَ أَنْ يَطُوفُوا بِالْبَيْتِ مِنَ الْهُزَالِ، وَكَانُوا يَحْسُدُونَهُ فَأَمَرَهُمْ أَنْ يَرْمُلُوا ثَلَاثًا وَيَمْشُوا أَرْبَعًا. فَقُلْتُ: أَخْبِرْنِي عَنْ الطَّوَافِ بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ رَاكِبًا، أَسُنَّةٌ هُوَ؟ فَإِنَّ قَوْمَكَ يَزْعُمُونَ أَنَّهُ سُنَّةٌ. قَالَ: صَدَقُوا وَكَذَبُوا. قُلْتُ: مَا صَدَقُوا وَكَذَبُوا؟ قَالَ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَثُرَ عَلَيْهِ النَّاسُ يَقُولُونَ هَذَا مُحَمَّدٌ هَذَا مُحَمَّدٌ، حَتَّى خَرَجَ الْعَوَاتِقُ مِنَ الْبُيُوتِ، وَكَانَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يُضْرَبُ النَّاسُ بَيْنَ يَدَيْهِ فَلَمَّا كَثُرُوا رَكِبَ، وَالْمَشْىُ فِي السَّعْىِ أَفْضَلُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَاللَّفْظُ لَهُ، وَأَبُو دَاوُدَ بِنَحْوِهِ. وَزَادَ: أَنَّ قُرَيْشًا قَالَتْ زَمَنَ الْحُدَيْبِيَّةِ: دَعُوا مُحَمّدًا وَأَصْحَابَهُ حَتَّى يَمُوتُوا مَوْتَ النَّغَفِ. فَلَمَّا صَالَحُوهُ عَلَى أَنْ يَجِيئُوا مِنَ الْعَامِ الْمُقْبِلِ قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَالمُشْرِكُونَ مِنْ قِبَلِ قُعَيْقِعَانَ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِأَصْحَابِهِ: اُرْمُلُوا بِالْبَيْتِ ثَلَاثًا وَلَيْسَ بِسُنَّةٍ وَقَالَ فِي السَّعِي بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ مِثْلَ مُسْلِمٍ. وزَادَ: فَطَافَ عَلَى بَعِيرٍ لِيَسْمَعُوا كَلَامَهُ وَلِيَرَوْا مَكَانَهُ وَلَا تَنَالَهُ أَيْدِيهِمْ. «النَّغَفُ» دُودٌ يَكُونُ فِي أُنُوفِ الْإِبِلِ وَالغَنَمِ.

Қазақша аудармасы

Әбу әт-Туфәйл былай дейді: «Ибн Аббастан (р.а.): “Қағбаны тауап еткенде алғашқы үш айналымда рәмәл жасап, қалған төрт айналымда қалыпты жүру сүннет пе? Сенің қауымың мұны сүннет дейді”, – деп сұрадым.

Ибн Аббас (р.а.) маған:

– Бір жағынан дұрыс, бір жағынан қате айтқан, – деп жауап берді. Мен:

– Қалайша әрі дұрыс, әрі қате айтқан? – деп сұрадым. Ол:

– Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге келгенде мүшріктер: “Мұхаммед пен жолдастары әлсіреген, Қағбаны тауап ете алмайды”, – десті. Олардың Пайғамбарды көре алмайтын өшпенділігі бар еді. Алла елшісі сахабаларына алғашқы үш айналымда рәмәл жасап, қалған төртеуінде қалыпты жүруді бұйырды, – деді.

Мен қайтадан Ибн Аббасқа:

– Сафа мен Мәруа арасында мініп жүріп сағи жасау сүннет пе? Сенің қауымың мұны да сүннет дейді, – дедім. Ол:

– Бір жағынан дұрыс, бір жағынан қате айтқан, – деді.

– Мұны қалай түсінеміз? – деп қайта сұрадым. Ол:

– Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге келгенде жұрт оны қоршап алып: “Міне, Мұхаммед! Міне, Мұхаммед!” – десті. Тіпті үйдегі бойжеткендер де оны көруге шықты. Алла елшісіне (с.а.с.) жол ашу үшін жұртқа қол көтерілмейтін. Айналасына адам көбейген соң, ол көлікке мінді. Сағиды жаяу жасау абзал, – деп жауап берді»1.

Әбу Дәуіттің нұсқасында Ибн Аббастан (р.а.) мынадай қосымша сөз жеткен: «Худайбия келіссөзінде құрайыштар: “Мұхаммед пен жолдастарын жайына қалдырыңдар. Құрттай қырылып қалсын”, – десті. Келесі жылы ұмра жасау шартымен бітім жасалған соң, Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге келді. Мүшріктер Қуайқиған төбесі жақтан келді. Пайғамбар сахабаларына: “Бәйтулланың алғашқы үш айналымында рәмәл жасаңдар”, – деді. Бұл – бүкіл үмбетке міндеттелген сүннет емес».

Сафа мен Мәруа арасындағы сағи жайлы Әбу Дәуіттің нұсқасы Мүслимдегі риуаятпен мазмұндас. Әбу Дәуітте мына сөз де бар: «Алла елшісі (с.а.с.) жұрт сөзін жақсы естіп, өзін анық көрсін әрі қолы жетпесін деп түйеге мінді».

Түсіндірме

1. Ибн Аббас (р.а.) осы сұрақтарға жауап бере отырып, бірнеше мәселенің мәнін ашты.

• Ибн Аббастың пікірінше, тауаптың алғашқы үш айналымында рәмәл жасап, қалған төртеуінде қалыпты жүруді сүннет деудің екі жағы бар. Алла елшісі (с.а.с.) мұны бір сапарда мүшріктерге мұсылмандардың күш-қайратын көрсету үшін жасаған. Ибн Аббас оны әр тауапта орындалатын тұрақты сүннет деп түсінбеген.

Араб тіліндегі «кизб» сөзі кейде «қате айту» мағынасында да қолданылады. Ибн Аббас (р.а.) рәмәлді тұрақты сүннет санағандардың пікірін осы мағынада қате деп тапқан.

• Міне жүріп сағи жасау да Алла елшісінің (с.а.с.) ісіне сай келеді. Ибн Аббас оның түйеге белгілі бір қажеттілікпен мінгенін түсіндіріп, сағиды жаяу жасауды абзал санаған. Ғалымдар да осы пікірді ұстанған. Мұқтаж адамға мініп сағи жасауға рұқсат.

• Әбу Дәуіттегі «Құрттай қырылып қалсын» деген сөз кемсіту ниетімен айтылған. Түпнұсқадағы «нағаф» – жануардың танауында болатын паразит құрт.

  1. 1Мүслим, Қажылық 237, (1264); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 51, (1885).
1330
Кутуб ситтә, № 1330 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا اسْتَلَمَ الرُّكْنَ الْأَسْوَدَ أَوَّلَ مَا يَطُوفُ يَخُبُّ ثَلَاثَةَ أَطْوَافٍ مِنَ السَّبْعِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي رِوَايَةٍ: وَكَانَ يَسْعَى بِبَطْنِ الْمَسِيلِ إِذَا طَافَ بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلْشَّيْخَيْنِ: رَمَلَ مِنَ الْحَجَرِ (إِلَى الْحَجَرِ) ثَلَاثًا وَمَشَى أَرْبَعًا ثُمَّ يُصَلِّي رَكْعَتَيْنِ، يَعْنِي بَعْدَ الطَّوَافِ. ثُمَّ يَطُوفُ بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ فِي الْحَجِّ وَالعُمْرَةِ. «الْخَبَبُ» ضَرْبٌ مِنَ السَيْرِ السَرِيعِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) алғашқы тауабын Қара тасқа қол тигізіп бастағанын және жеті айналымның алғашқы үшеуінде рәмәл жасағанын көрдім»1.

Бір риуаятта «Сафа мен Мәруа арасында сағи жасағанда аңғардың табанымен жүгіріп өтетін» делінген.

Бұхари мен Мүслимдегі бір нұсқада былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Қара тастан Қара тасқа дейінгі алғашқы үш айналымда рәмәл жасап, қалған төртеуінде қалыпты жүрді. Тауаптан кейін екі рәкәғат намаз оқыды. Қажылықта да, ұмрада да содан соң Сафа мен Мәруа арасында сағи жасады».

Түсіндірме

Ғалымдар Ибн Омардың осы риуаятын Қоштасу қажылығына қатысты деп түсіндіреді. Олар мұндағы амал Ибн Аббастың қаза ұмра жайлы риуаятындағы бұрынғы тәртіптің орнын басты деп есептейді. Ибн Аббас сипаттаған тауапта алғашқы үш айналымның бір бөлігінде ғана рәмәл жасалған. Ал бұл риуаятта рәмәлдің әр айналымда Қара тастан Қара тасқа дейін жалғасқаны айтылады.

  1. 1Бұхари, Қажылық 56; Мүслим, Қажылық, 232, (1261); Мууатта, Қажылық, 108, (1/365); Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 51, (1891) 52, (1893); Нәсәи, Қажылық 152, (5/229), 153, (5/230).
1331
Кутуб ситтә, № 1331 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَكَّةَ فَدَخَلَ الْمَسْجِدَ فَاسْتَلَمَ الْحَجَرَ ثُمَّ مَضَى عَلَى يَمِينِهِ فَرَمَلَ ثَلَاثًا وَمَشَى أَرْبَعًا ثُمَّ أَتَى الْمَقَامَ. فَقَالَ: ﴿وَاتَّخِذُوا مِنْ مَقَامِ إِبْرَاهِيمَ مُصَلًّى﴾؛ وَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ وَالْمَقَامُ بَيْنَهُ وَبَيْنَ الْبَيْتِ ثُمَّ أَتَى الْحَجَرَ بَعْدَ الرَّكْعَتَيْنِ فَاسْتَلَمَهُ. ثُمَّ خَرَجَ إِلَى الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ أَظُنُّهُ قَالَ: ﴿إِنَّ الصَّفَا وَالْمَرْوَةَ مِنْ شَعَائِرِ اللَّهِ﴾». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге келгенде Харам мешітіне кіріп, Қара тасқа истиләм жасады. Содан соң оң жаққа қарай жүріп, үш айналымда рәмәл жасап, қалған төрт айналымда қалыпты жүрді. Кейін Мақам Ибраһимге келіп, ﴿وَاتَّخِذُوا مِنْ مَقَامِ إِبْرَاهِيمَ مُصَلًّى﴾ “Ендеше, сендер де ‘Мақам Ибраһимде’ намаз оқып, дұға етіңдер”1 деген аятты оқыды. Содан соң Мақамды өзі мен Қағбаның ортасына келтіріп, екі рәкәғат намаз оқыды. Намаздан кейін Қара тасқа қайта келіп, истиләм жасады.

Содан соң Сафа мен Мәруаға қарай шықты. Меніңше, ﴿إِنَّ الصَّفَا وَالْمَرْوَةَ مِنْ شَعَائِرِ اللَّهِ﴾ “Сафа мен Маруа – Алланың қасиетті нышандарының бірі”2 деген аятты оқыды»3.

Түсіндірме

Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) ұмра тауабын қалай атқарғанын баяндайды.

1) Тауапты Қара тасқа истиләм жасаудан бастау.

2) Алғашқы үш айналымда рәмәл жасау.

3) Кейінгі төрт айналымда қалыпты жүріспен жүру.

4) Мақам Ибраһимде екі рәкәғат намаз оқу. Кей риуаяттарда бірінші рәкәғатта «Кәфирун», екіншісінде «Ықылас» сүресін оқығаны айтылады.

5) Сафа мен Мәруа арасында сағи жасау. Алла елшісі (с.а.с.) сағиды Сафадан бастаған.

  1. 1«Бақара» сүресі, 125-аят.
  2. 2«Бақара» сүресі, 158-аят.
  3. 3Мүслим, Қажылық 147, (1218), 235 (№ 1263); Мууатта, Қажылық 107, (4/364); Тирмизи, Қажылық 33, (856), 34, (857); Нәсәи, Қажылық 149, (5/228); Ибн Мәжа, Мәнәсик, 29, (2951).
1332
Кутуб ситтә, № 1332 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «اعْتَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَصْحَابُهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ مِنَ الْجِعَرَّانَةِ فَرَمَلُوا بِالْبَيْتِ وَجَعَلُوا أَرْدِيَتَهُمْ تَحْتَ آبَاطِهِمْ ثُمَّ قَذَفُوهَا عَلَى عَوَاتِقِهِمُ الْيُسْرى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары Жиғранадан ұмраға аттанды. Олар Бәйтулланы тауап еткенде рәмәл жасады. Ридаларының бір ұшын оң қолтықтарының астынан өткізіп, екінші ұшын сол иықтарына салды»1.

Түсіндірме

Хунәйн шайқасынан кейін Алла елшісі (с.а.с.) олжаны бөлісу үшін Жиғранада аялдады. Сол жерден түнде Меккеге барып, ұмра жасады. Худайбия бітімінен кейінгі жылы өтелген қаза ұмрадан соң жасалған бұл ұмра – Пайғамбардың төрт ұмрасының бірі. Риуаятта оның ридасын оң иығы ашық қалатындай жамылғаны айтылады. Изтиба рәмәл жасалатын тауаптың барлық айналымында сақталады. Өзге тауаптарда оны жасау қажет емес.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 50, (1884), 50, (1891).
1333
Кутуб ситтә, № 1333 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ عُرْوَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَحْرَمَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ الزُّبَيْرِ بِعُمْرَةٍ مِنَ التَّنْعِيمِ ثُمَّ رَأَيْتُهُ يَسْعَى حَوْلَ الْبَيْتِ الْأَشْوَاطَ الثَّلَاثَةَ».

Қазақша аудармасы

Уруа былай дейді: «Абдулла ибн Зубәйр ұмра үшін Тәнғимде ихрамға кірді. Кейін оны Қағбаны айналып, алғашқы үш айналымда шапшаң жүріп бара жатқанда көрдім»1.

Түсіндірме

Тәнғим, Жиғрана сияқты Харам шекарасынан тыс жерде ихрамға кіргендерге алдымен ұмра жасап, оның тауап пен сағи амалдарын орындау мұстахаб саналады. Меккеде ихрамға кірген кісі тауап пен сағиды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдырады. Бұған қатысты мынадай риуаят бар.

  1. 1Мууатта, Қажылық, 34, (1/365).
1334
Кутуб ситтә, № 1334 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّهُ كَانَ: إِذَا أَحْرَمَ مِنْ مَكَّةَ لَمْ يَطُفْ بِالْبَيْتِ وَبَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ حَتَّى يَرْجِعَ مِنْ مِنًى، وَكَانَ لَا يَرْمُلُ إِذَا طَافَ حَوْلَ الْبَيْتِ إِذَا أَحْرَمَ مِنْ مَكَّةَ». أَخْرَجَهُمَا مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғтың жеткізуінше, Ибн Омар (р.а.) Меккеде ихрамға кіргенде Бәйтулланы тауап ету мен Сафа және Мәруа арасындағы сағиды Минадан қайтқанға дейін кейінге қалдыратын. Ал Меккеде ихрамға кіріп тұрып Бәйтулланы тауап етсе, рәмәл жасамайтын.1

Түсіндірме

Бәйтулланы тауап ету мен ұмра – өз алдына екі құлшылық. Тауапты сағисыз да жасауға болады, одан кейін шаш қыру талап етілмейді. Тауаптан соң сағи жасалмаса, рәмәл де қажет емес. Ханафи мәзһабының үкімі де осындай. Меккеде ихрамға кірген Ибн Омардың (р.а.) сағисыз тауапта рәмәл жасамағаны осыған сай.

  1. 1Мууатта, Қажылық, 34, (1/365).
1335
Кутуб ситтә, № 1335 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. لَمْ يَرْمُلْ فِي السَّبْعِ الَّذِي أَفَاضَ فِيهِ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) ифада тауабының жеті айналымында да рәмәл жасамаған1.

Түсіндірме

Ифада тауабы Арафадан түскен соң жасалады. Оны «зиярат тауабы» деп те атайды. Бұл – қажылықтың екі рүкінінің бірі. Алғашқы төрт айналымы парыз. Ханафи мәзһабында бұл тауапты Құрбан айттың алғашқы үш күнінің бірінде жасау қажет деп саналады. Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) осы тауапта рәмәл жасамағанын білдіреді. Алдыңғы риуаяттарда айтылғандай, рәмәл соңынан сағи жасалатын тауаптың алғашқы үш айналымында жасалады. Бұл жағдайда ифада тауабынан кейін сағи жасалмағандықтан, рәмәл де жасалмаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 83, (2001).
1336
Кутуб ситтә, № 1336 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ أَسْلَمَ قَالَ: «سَمِعْتُ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: فِيمَ الرَّمَلَانُ الْيَوْمَ وَالْكَشْفُ عَنِ الْمَنَاكِبِ، وَقَدْ أَطَّأَ اللَّهُ الْإِسْلَامَ وَنَفَى الْكُفْرَ وَأَهْلَهُ؟ مَعَ ذَلِكَ لَا نَدَعُ شَيْئًا كُنَّا نَفْعَلُهُ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «أَطَّأَ» مِثْلُ «وَطَّأَ»، وَمَعْنَاهُ: ثَبَّتَ وَمَهَّدَ.

Қазақша аудармасы

Омар ибн әл-Хаттабтың азат еткен адамы Әсләм былай дейді: «Омардың (р.а.): “Алла Исламды қуаттандырып, күпірлік пен оны ұстанушыларды ығыстырған бүгінгі күні рәмәл жасап, иық ашудың не қажеті бар? Соған қарамастан Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында істеген амалдарымыздың ешқайсысын тастамаймыз”, – дегенін естідім»1.

Түсіндірме

№ 1326 хадисте айтылғандай, Алла елшісі (с.а.с.) Мекке мүшріктеріне мұсылмандардың күш-қайратын көрсету үшін рәмәл мен изтибаны бұйырған. Рәмәлде алғашқы үш айналымда иықты қомдап, шапшаң жүреді. Изтибада оң иықты ашады. Мұсылмандар үстемдікке жеткеннен кейін бұл амалдардың бастапқы себебі жойылды. Омар (р.а.) әуелде оларды тоқтатуды ойлағанымен, Пайғамбармен бірге жасаған амалдарынан бас тартпауға тоқтады. Оның сөзі сүннетте бізге беймәлім хикметтің де болуы мүмкін екенін аңғартады.

Омар (р.а.) рәмәлге қатысты сүннетті ұстануды абзал көрді. Оның сөзі Ибн Аббастың Қоштасу қажылығында рәмәл жасалғаны туралы риуаятын және бұл сүннетті жалғастыру керектігі жөніндегі түсінікті қуаттайды. Жәбирден (р.а.) жеткен жоғарыдағы риуаятта да Қоштасу қажылығында рәмәл жасалғаны айтылады.

Хаттаби осы риуаяттарға сүйеніп: «Алла елшісі (с.а.с.) бір себеппен сүннет енгізсе, кейін сол себеп жойылғанда да сүннет бастапқы қалпында жалғаса береді», – деген. Суфиян әс-Сәури бастаған кейбір ғалымдар рәмәлді бекітілген сүннет деп санап, оны тәрк еткен адам өтем ретінде құрбан шалуға тиіс деген. Ғалымдардың басым көпшілігі рәмәлдің сүннет екенін және оны тәрк еткен адамнан өтем талап етілмейтінін айтқан.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 51, (1887).
1337
Кутуб ситтә, № 1337 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Яғла ибн Умәйя (р.а.)

وَعَنْ يَعْلَى بْنِ أُمَيَّةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «طَافَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مُضْطَبِعًا بِبُرْدٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ؛ وَعِنْدَهُ بِبُرْدٍ أَخْضَرَ.

Қазақша аудармасы

Яғла ибн Умәйя (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жамылғысын оң иығы ашық қалатындай жамылып, тауап жасады»1.

Хадистің Әбу Дәуіттегі нұсқасында «жасыл жамылғы» деп беріледі.

Түсіндірме

Хадистегі «бурда» – арабтардың денесінің жоғарғы жағына жабатын киімі. Алла елшісі (с.а.с.) тауап кезінде жамылғысының бір ұшын оң қолтығының астынан өткізіп, кеудесінің үстімен сол иығына салған. Мұны изтиба дейді. Әбу Дәуіттің нұсқасында жамылғының жасыл болғаны айтылады. Осыдан ихрам киімінің түрлі түсті болуына тыйым салынбағаны аңғарылады. Изтиба күш-қайратты танытуға әрі шапшаң жүруге қолайлы болған. Имам Мәликтен өзге ғалымдар оны мұстахаб санаған. Шәфиғилер рәмәл жасалатын тауапта изтибаны сүннет деп білген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 50 (№ 1883). Тирмизи, Қажылық, 36 (№ 859).
1338
Кутуб ситтә, № 1338 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ عبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ صَفْوَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَدْ خَرَجَ مِنَ الْكَعْبَةِ هُوَ وَأَصْحَابُهُ، وَقَدِ اسْتَلَمُوا الْبَيْتَ مِنَ الْبَابِ إِلَى الْحَطِيمِ، وَوَضَعُوا خُدُودَهُمْ عَلَيْهِ، وَرَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَسَطَهُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Сафуан (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларымен бірге Қағбадан шығып келе жатқанын көрдім. Олар Қағба есігінен Хатимге дейін истиләм жасап, жақтарын Қағбаның қабырғасына тигізді. Алла елшісі олардың ортасында еді»1.

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіттегі толық нұсқаға қарағанда, бұл оқиға Мекке алынған күні болған.

2. Хадистегі «Хатим» атауының қай жерді білдіретіні жөнінде бірнеше пікір бар.

• Мұхиббуддин әт-Табари мен кейбір ғалымдар Хатимді Қара тас бұрышы мен Қағба есігінің арасындағы бөлік деп түсіндірген.

• Имам Мәликтің пікірінше, ол – Қағба есігі мен Мақам Ибраһимнің арасы.

• Кейбір ғалымдар Хатим деп Қара тастың өзін атаған.

• Кең тараған пікір бойынша, Хатим – Қағбаның солтүстік-батыс қабырғасының алдындағы, биіктігі бір метрдей, қалыңдығы бір жарым метрдей жартылай шеңберлі дуал. Сол дуал мен Қағбаның арасындағы кеңістік «Хижр» деп аталады. Ханафи ғалымдарының кейбір еңбектерінде мизаб орналасқан тұс Хатим деп көрсетілген.

Бұл риуаятта «Хатим» атауы Қара тасты білдіреді деген пікір басым.

3. Хадис Қағбаның Қара тас бұрышы мен есігінің арасындағы бөлігіне бет не кеуде тигізудің мұстахаб екенін білдіреді. Бұл жерді «Мултазам» деп те атайды.

Бәйһақи жеткізген риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) беті мен кеудесін Қағбаға тигізгені айтылады. Ибн Аббастан жеткен бір риуаят бойынша, Пайғамбар сол бұрыш пен есіктің арасында Алладан тілек тілеген кісінің дұғасы қабыл болатынын сүйіншілеген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 55, (1898).