وَعَنْ عبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ صَفْوَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَدْ خَرَجَ مِنَ الْكَعْبَةِ هُوَ وَأَصْحَابُهُ، وَقَدِ اسْتَلَمُوا الْبَيْتَ مِنَ الْبَابِ إِلَى الْحَطِيمِ، وَوَضَعُوا خُدُودَهُمْ عَلَيْهِ، وَرَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَسَطَهُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Абдуррахман ибн Сафуан (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларымен бірге Қағбадан шығып келе жатқанын көрдім. Олар Қағба есігінен Хатимге дейін истиләм жасап, жақтарын Қағбаның қабырғасына тигізді. Алла елшісі олардың ортасында еді»1.
Түсіндірме
1. Әбу Дәуіттегі толық нұсқаға қарағанда, бұл оқиға Мекке алынған күні болған.
2. Хадистегі «Хатим» атауының қай жерді білдіретіні жөнінде бірнеше пікір бар.
• Мұхиббуддин әт-Табари мен кейбір ғалымдар Хатимді Қара тас бұрышы мен Қағба есігінің арасындағы бөлік деп түсіндірген.
• Имам Мәликтің пікірінше, ол – Қағба есігі мен Мақам Ибраһимнің арасы.
• Кейбір ғалымдар Хатим деп Қара тастың өзін атаған.
• Кең тараған пікір бойынша, Хатим – Қағбаның солтүстік-батыс қабырғасының алдындағы, биіктігі бір метрдей, қалыңдығы бір жарым метрдей жартылай шеңберлі дуал. Сол дуал мен Қағбаның арасындағы кеңістік «Хижр» деп аталады. Ханафи ғалымдарының кейбір еңбектерінде мизаб орналасқан тұс Хатим деп көрсетілген.
Бұл риуаятта «Хатим» атауы Қара тасты білдіреді деген пікір басым.
3. Хадис Қағбаның Қара тас бұрышы мен есігінің арасындағы бөлігіне бет не кеуде тигізудің мұстахаб екенін білдіреді. Бұл жерді «Мултазам» деп те атайды.
Бәйһақи жеткізген риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) беті мен кеудесін Қағбаға тигізгені айтылады. Ибн Аббастан жеткен бір риуаят бойынша, Пайғамбар сол бұрыш пен есіктің арасында Алладан тілек тілеген кісінің дұғасы қабыл болатынын сүйіншілеген.
- 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 55, (1898).