Хадис

Истиләм

Кутуб ситтә, 4-том, 160-тарау · 27 хадис · № 1339–1365

ТАУАП ЖӘНЕ САҒИ

Хадистер

1339
Кутуб ситтә, № 1339 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَابِسِ بْنِ رَبِيعَةَ قَالَ: «رَأَيْتُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُقَبِّلُ الْحَجَرَ وَيَقُولُ: إِنِّي لَأَعْلَمُ أَنَّكَ حَجَرٌ لَا تَنْفَعُ وَلَا تَضُرُّ، وَلَوْلَا أَنِّي رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُقَبِّلُكَ مَا قَبَّلْتُكَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَزَادَ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِي فِي رِوَايَة: وَلَكِنْ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِكَ حَفِيًّا؛ وَلَمْ يَذْكُرْ يُقَبِّلُكَ. «الْحفِيُّ» الْمُبَالَغَةُ فِي الْإِكْرَامِ وَالعِنَايَة.

Қазақша аудармасы

Табиғин Абис ибн Рабиға былай дейді: «Омардың (р.а.) Қара тасты сүйіп тұрып: “Сенің пайда да, зиян да келтіре алмайтын тас екеніңді білемін. Алла елшісінің (с.а.с.) сені сүйгенін көрмесем, мен де сені сүймес едім”, – дегенін көрдім»1.

Түсіндірме

Алғашқы хадис Омардың (р.а.) Қара тасқа қатысты ұстанымын танытады. Ғалымдардың пікіріне өтпес бұрын, Қара тасқа истиләм жасау жайлы өзге риуаяттарға тоқталайық.

1. «Хажар» араб тілінде «тас» деген сөз. «Әл-Хажар әл-әсуәд», яғни Қара тас – Қағбаның бұрышына орнатылған тас. Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Қара тас жәннаттан түскен. Түскенде сүттен де ақ еді. Оны адам баласының күнәлары қарайтты». Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) жеткен марфуғ риуаятта: «Қара тас пен Мақам Ибраһим – жәннат жақұттарының екеуі. Алла олардың нұрын бүркеді. Нұрын бүркемегенде, шығыс пен батыстың арасын жарық қылар еді», – делінген. Ибн Аббастан жеткен тағы бір риуаятта тастың тілі мен екі ерні бар екені және қиямет күні өзіне лайықты түрде истиләм жасағандарға куәлік ететіні айтылады. Әлиден жеткен бір риуаятта Алла елшісі Қара тастың қиямет күні әкелініп, қажылықта Аллаға серік қоспай өзіне истиләм жасағандарға тілімен куәлік беретінін айтқан.

Айшадан (р.а.) мынадай риуаят жеткен: «Қара тас жер бетінен көтерілмей тұрғанда оның игілігін көріп қалыңдар. Өйткені ол жәннаттан түскен. Жәннаттан шыққан нәрсе қиямет орнамай тұрып сонда қайтпайды».

2. Табари Омардың (р.а.) бұл сөзін былай түсіндірген: «Ол кезде жұрт пұтқа табынудан енді арылған еді. Омар кейбір адамдар Қара тасқа истиләм жасауды жаһилият дәуіріндегі тастарға тағзым етумен шатастыра ма деп қауіптенді. Сондықтан ол истиләмнің мәні Алла елшісінің (с.а.с.) ісіне еру екенін, тастың өздігінен пайда не зиян келтіре алмайтынын түсіндірді».

Мұһәлләб былай деген: «Омардың (р.а.) сөзі “Қара тас – Алланың жер бетіндегі оң қолы, Алла онымен құлдарының қолын алады” деген пікірді теріске шығарады. Жаратушыға дене мүшесін телуден Аллаға сиынамыз. Қара тасты сүюге шариғатта мойынсұнудың белгісі ретінде рұқсат етілген. Бұл Ібіліске Адамға сәжде ету бұйырылғандағыдай сынақ».

Мұхиббуддин әт-Табари былай түсіндіреді: «Алыстан патшаға сәлем бере келген кісі оның қолын сүйеді. Қажының Қағбаға барып Қара тасты сүюі осыған ұқсатылған».

Ибн Хажар былай деген: «Омардың (р.а.) бұл сөзінен кісі діни әмірлердің мәні мен хикметін толық білмесе де, оларды орындауға тиіс екені аңғарылады. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) ісіне оның хикметі белгісіз кезде де ерудің мысалы. Хадис Қара тастың өздігінен әсер ететін қасиеті бар деген пікірді де теріске шығарады. Сондай-ақ сөзбен және іспен жеткен сүннеттің бірін-бірі қалай түсіндіретінін көрсетеді. Ел басшысы жұрт өзінің бір амалын қате түсініп, сеніміне нұқсан келеді деп қауіптенсе, оның мәнін кешіктірмей түсіндіруге тиіс».

3. Кейбір ғалымдар бұл хадистен шариғатта сүюге рұқсат етілмеген нәрсені сүюдің мәкрүһ екені аңғарылады деген. Имам Шәфиғи Қағбаның кез келген бөлігін сүйген кісі айыпталмайтынын айтқан.

Ахмад ибн Ханбал Алла елшісінің (с.а.с.) қабірі мен мінберін сүюдің әбестігі жоқ деп санаған.

4. Бұл риуаят Қара тасты сүюдің сүннет екенін білдіреді. Имам Тирмизи ғалымдардың осы үкімін жеткізген. Имам Шәфиғидің пікірінше, тасты сүйе алмаған адам оған қол тигізіп, қолын сүйеді. Жақындай алмаса, алыстан ишара жасап, тәкбір айтады. Көпшілік ғалымдар Қара тасқа қол тигізгеннен кейін қолды сүюге рұқсат берген. Имам Мәлик истиләмнен кейін қолды сүюді жөн көрмеген.

  1. 1Бұхари, Қажылық, 50, 57, 60. Мүслим, Қажылық (№ 1270). Мууатта, Қажылық, 36 (1/367). Тирмизи, Қажылық, 37 (№ 860). Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 47 (№ 1873). Нәсәи, Қажылық, 147 (5/227). Ибн Мәжа, Мәнәсик, 27 (№ 2943).
1340
Кутуб ситтә, № 1340 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمْ أَرَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْتَلِمُ مِنَ الْبَيْتِ إِلَّا الرُّكْنَيْنِ الْيَمَانِيَّيْنِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаның Йемен жақтағы екі бұрышынан өзге бұрыштарына истиләм жасағанын көрмедім»1.

Түсіндірме

1. Хадистегі «Йемен жақтағы екі бұрыш» – Қара тас орнатылған бұрыш пен оған іргелес Йемен бұрышы. Қара тас Қағбаның шығыс жағында, есікке жақын бұрышта орналасқан. Араб тілінде ай мен күнді бірге «қамарайн», әке мен ананы «әбәуәйн» дейтіні сияқты, бұл екі бұрышты да қосарлап «Йемен бұрыштары» дейді.

Қара тас тұрған бұрышты кейде жай ғана «рүкін» деп атайды. Қалған екі бұрыш «шамиәйн», яғни «Шам жақтағы екі бұрыш» деп аталады.

Бұл бұрыштардың өзіне тән ерекшеліктері бар.

2. Бұл риуаят Қағбаның екі бұрышына истиләм жасауға негіз болады. Абдулла ибн Зубәйр, Жәбир, Әнәс, Хасан мен Хусейн (р.а.) сияқты кейбір сахабалардың төрт бұрышқа да истиләм жасағаны айтылады. Ибн Зубәйр былай деген:

لَيْسَ شَيْءٌ مِنَ الْبَيْتِ مَهْجُورًا

«Қағбаның елеусіз қалатын ешбір бөлігі жоқ».

Адамның (а.с.) қажылықта барлық бұрышқа истиләм жасағаны, Ибраһим мен Исмайылдың (а.с.) Қағбаны тұрғызған кезде оны жеті айналып, әр бұрышына истиләм жасағаны жайлы риуаяттар жеткен. Абдулла ибн Омардан жеткен хабарда Алла елшісінің (с.а.с.) Шам жақтағы екі бұрышқа истиләм жасамаған себебі айтылады. Олар Ибраһим (а.с.) қалаған бастапқы іргетасқа жетпейтін. Кейбір ғалымдар Ибн Зубәйрдің төрт бұрышқа да истиләм жасауын Қағбаны Пайғамбардың хадисіне сай бастапқы іргетасына қайта тұрғызғанымен түсіндірген.

Ибн Хажардың кең түсіндірмесіне өтпес бұрын Имам Шәфиғидің пікіріне тоқталайық. Оның айтуынша, екі бұрышқа истиләм жасау анық риуаяттармен бекітілген. Қалған екеуі жөнінде әртүрлі хабар жеткен.

«Қағбаның елеусіз қалатын бөлігі жоқ» деген пікірге былай жауап берілген: «Қалған екі бұрышқа истиләм жасамау оларды елемеу деген сөз емес. Бүкіл Қағбаны тауап еткен адам оны қалайша елемейді? Біз қай жерде истиләм жасап, қай жерде жасамауды сүннетке сүйеніп айқындаймыз. Егер бір бұрышқа истиләм жасамау оны елемеу болса, арадағы қабырғаларға да солай қарау керек болар еді. Алайда ешкім олай демеген».

Ибн Хажар осы түсіндірмеден әр нәрсенің өз орнын және өзіне тиесілі ақысын сақтау керектігін түйіндеген.

Бұған қатысты ғалымдар былай дейді: «Қағбаның төрт бұрышы бар:

Бірінші бұрыштың екі ерекшелігі бар.

1. Онда Қара тас орнатылған.

2. Ол Ибраһим (а.с.) қалаған іргетастың үстіне тұрғызылған.

Екінші бұрыштың бір ғана ерекшелігі бар. Ол да Ибраһим (а.с.) қалаған іргетастың үстінде тұр.

Қалған екі бұрышта бұл ерекшеліктер жоқ. Сол себепті бірінші бұрыштағы Қара тасты сүйеді, екінші бұрышқа қол тигізіп, истиләм жасайды. Қалған екеуін сүймейді әрі оларға истиләм жасамайды. Көпшілік ғалымдар осы пікірді ұстанған. Кейбір ғалымдар Йемен бұрышын сүюді мұстахаб санаған.

Әбу Ханифа Қара тасқа ғана истиләм жасауды сүннет деп білген. Сонымен қатар ол Йемен бұрышына истиләм жасаған кісіні айыптамаған.

3. Қағба бұрыштарын сүюдің шариғи негізін талқылаған кейбір ғалымдар мынадай тұжырымдар айтқан.

1) Құрмет көрсетуге болатын адамды не затты сүюге де болады.

2) Белгілі шарттар сақталса, адамның қолын сүюге болады.

3) Ахмад ибн Ханбал Алла елшісінің (с.а.с.) қабірі мен мінберін сүюге болады деген. Кейбір ғалымдар одан жеткен бұл риуаятты әлсіз деп бағалаған.

4) Кейбір шәфиғи ғалымдары Құран мұсхафын, хадис кітаптарын және ізгі кісілердің қабірін сүюге рұқсат берген. Әбу Һурайра (р.а.) Хасаннан Алла елшісі (с.а.с.) сүйген жерін ашуға рұқсат сұрап, кіндігінен сүйген. Сәбит әл-Бунани де Әнәстың (р.а.) қолын сүйіп: «Бұл қол Алла елшісінің қолын ұстаған», – дейтін.

  1. 1Бұхари, Қажылық 59; Мүслим, Қажылық 242, (1267); Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 48, (1874); Нәсәи, Қажылық 156, (5, 231.232).
1341
Кутуб ситтә, № 1341 · тараудағы реті: 3

وَفِي رِوَايَةٍ: «مَا تَرَكْتُ اسْتِلَامَ هذَيْنِ الرُّكْنَيْنِ الْيَمَانِيَّيْنِ وَالحَجَرَ فِي شِدَّةٍ وَلَا رَخَاءٍ مُنْذُ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْتَلِمُهُمَا».

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта Ибн Омардың (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) Йемен жақтағы екі бұрышқа, соның ішінде Қара тасқа истиләм жасағанын көргелі бері, жұрт көп болса да, аз болса да, оларға истиләм жасауды тастаған емеспін», – дегені айтылады1.

  1. 1Бұхари, Қажылық 60; Мүслим, Қажылық 245, (1268).
1342
Кутуб ситтә, № 1342 · тараудағы реті: 4

وَفِي أُخْرَى لِلْشَّيْخَيْنِ. قَالَ نَافِعٌ: «رَأَيْتُ ابْن عُمَرَ يَسْتَلِمُ الْحَجَرَ بِيَدِهِ، ثُمَّ يُقَبِّلُ يَدَهُ».

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Мүслим жеткізген бір нұсқада Нафиғ: «Ибн Омардың (р.а.) Қара тасқа қол тигізіп, содан кейін қолын сүйгенін көрдім»1, – дейді.

  1. 1Бұхари, Қажылық 60; Мүслим, Қажылық 246, (1268).
1343
Кутуб ситтә, № 1343 · тараудағы реті: 5

وَلِأَبِي دَاوُدَ وَالنَّسَائِي: «كَانَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَدَعُ أَنْ يَسْتَلِمَ الرُّكْنَ الْيَمَانِيّ وَالحَجَرَ فِي كُلِّ طَوافِهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт пен Нәсәи жеткізген риуаятта Ибн Омар (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) тауаптың әр айналымында Йемен бұрышы мен Қара тасқа истиләм жасауды қалдырмайтын»1, – дейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 48, (1876); Нәсәи, Қажылық 156, (5/231).
1344
Кутуб ситтә, № 1344 · тараудағы реті: 6

وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ وَالنَّسَائِي: «سَأَلَ رَجُلٌ ابْنَ عُمَرَ عَنِ اسْتِلَامِ الْحَجَرِ. فَقَالَ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْتَلِمُهُ وَيُقَبِّلُهُ. فَقَالَ الرَّجُلُ: أَرَأَيْتَ أَنْ زُحِمْتُ أَرَأَيْتَ أَنْ غُلِبْتُ؟ قَالَ ابْنُ عُمَرَ: اجْعَلْ أَرَأَيْتَ بِالْيَمَنِ؛ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْتَلِمُهُ وَيُقَبِّلهُ».

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Нәсәи жеткізген нұсқада бір кісі Ибн Омардан (р.а.) Қара тасқа истиләм жасау жайлы сұрайды. Ибн Омар: «Алла елшісінің (с.а.с.) оған қол тигізіп, сүйгенін көрдім», – деп жауап береді. Әлгі кісі: «Жұрт сығылысып, мені ығыстырып жіберсе ше?» – дегенде, Ибн Омар ашуланып:

«“Солай болса ше?” деген сұрағыңды Йеменде қалдыр. Алла елшісінің (с.а.с.) оған қол тигізіп, сүйгенін көрдім», – дейді1.

وَمَعْنَى «اجْعَلْ أَرأَيْتَ بالْيَمَنِ» أَىْ اجْعَلْ سُؤَالَكَ هَذَا وَاعْتِرَاضَكَ بَعِيدًا عَنْكَ حَتَّى كَانَهُ بِاليَمَنِ وَأَنْتَ مَوْضِعَكَ.

Түсіндірме

1. Абдулла ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне деген құрметімен танылған атақты сахабалардың бірі. Алла елшісінен көргені мен естігенін қандай қиын болса айна-қатесіз жасауға немесе жеткізуге тырысатын. Алла елшісі айтқан сөздің ешбіріне бейқам қарамайтын. Бұл саңлақ сахабаның болмыс-бітімін төмендегі риуаяттан да байқауға болады. Алла елшісі қара тасты сүйетін және истилам да жасайтын. Олай болса, сүю әрі истилам жасау керек. Әлгі кісі: «Егер адам көп болып, сығылысып, қара тасқа жақындай алмасам ше?» дегенде, «Сұрақ қоюды таста. Мен саған Алла елшісінің сүннетін айтып тұрмын» деп, жоғарыдағы пікірін қайталайды. Ашуланғанын білдіру үшін: «Сұрағыңды Йеменге қой» деген сөзді қолданады. Ибн Хажар сахаба Ибн Омардың ашулануын әлгі адамның сұрағымен Алла елшісінің хадисіне өз ойын айтып қарсы шығу пиғылын сезгендігімен байланыстырады. Осылайша ардақты сахаба әлгі адамға бір хадис риуаят еткенде өз ойын бір жаққа ысырып, хадиске сай амал ету қажеттігін білдіріп, ғибрат көрсеткен.

2. Бұл хадис Ибн Омардың адамдардың көп болуын – истиләм жасау сүннетін тәрк етуге жеткілікті себеп ретінде көрмегендігін білдіреді. Сағид ибн Мансұрдың бір риуаяты бойынша ибн Омар (р.а.) қара тасты нөпір халықтың арасынан өтіп жүріп, тіпті жараланып жатып сүйеді. Басқа риуаятта бұлай жанкештілікке баруының себебін сұрағанда:

هَوَتِ الْأَفْئِدَةُ إِلَيْهِ فَأَرِيدُ أَنْ يَكُونَ فُؤَادِي مَعَهُمْ

«Көңілдердің барлығы соған қарай илікті. Менің де көңілім солармен бірге болғанын қаладым».

Бірақ Ибн Аббастың (р.а.) мына сөзі қара тасты сүю үшін кептеліс жасаудың мәкрүһ екенін аңғартады:

لَا يُؤْذِي وَلَا يُؤْذَى

Ибн Аббас (р.а.): «Басқаларға зиян келтірмесін, өзі де зиян көрмесін», – деген.

Қара тасты сүю мәселесінде басқаларға қиындық тудырмауға тырысу керек. Біреуге қиындық тудыру жақсы іс емес. Адам тым көп болып, алға жылжу басқаларға жайсыздық тудыратын жағдайда алыстан ишарамен истиләм жасалады.

3. Қара тасты сүюге ұмтылғанда айқай-шу мен дау туғызбаған жөн.

  1. 1Бұхари, Қажылық 60; Нәсәи, Қажылық 155, (5/231).
1345
Кутуб ситтә, № 1345 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: «طُفْتُ مَعَ عَبْدِ اللَه يَعْنِي أَبَاهُ فَلَمَّا جِئْنَا دُبُرَ الْكَعْبَةِ قُلْتُ أَلَا تَتَعَوَّذُ؟ قَالَ أَتَعَوَّذُ بِاللَّهِ مِنَ النَّارِ، ثُمَّ مَضَى حَتَّى اسْتَلَمَ الْحَجَرَ فَأَقَامَ بَيْنَ الرُّكْنِ وَالْبَابِ فَوَضَعَ صَدْرَهُ وَوَجْهَهُ وَذِرَاعَيْهِ وَكَفَّيْهِ هَكَذَا وَبَسَطَهُمَا بَسْطًا ثُمَّ قَالَ: هَكَذَا رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَفْعَلُهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесінің мына сөзін жеткізеді: «Абдулламен бірге тауап жасадым. Қағбаның артқы жағына жеткенде одан: “Аллаға сиынбайсың ба?” – деп сұрадым. Ол: “Тозақтан Аллаға сиынамын”, – деп жүре берді. Қара тасқа жеткен соң оған истиләм жасады. Бұрыш пен есіктің арасына келіп, кеудесін, жүзін, білектері мен алақандарын қабырғаға тигізіп: “Алла елшісінің (с.а.с.) осылай істегенін көрдім”, – деді»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 55, (1899).
1346
Кутуб ситтә, № 1346 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу әт-Туфайл (р.а.)

وَعَنْ أَبِي الطُّفَيْلِ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا وَمُعَاوِيَةُ لَا يَمُرُّ بِرُكْنٍ إِلَّا اسْتَلَمَهُ. فَقَالَ لَهُ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَمْ يَكُنْ يَسْتَلِمُ إِلَّا الْحَجَرَ الْأَسْوَدَ وَالرُّكْنَ الْيَمَانِيَّ. فَقَالَ مُعَاوِيَةُ: لَيْسَ شَيْءٌ مِنَ الْبَيْتِ مَهْجُورًا. وَكَانَ ابْنُ أَلزُّبَيْر يَسْتَلِمُهُنَّ كُلَّهُنَّ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу әт-Туфәйл былай дейді: «Ибн Аббас (р.а.) пен Муғауиямен (р.а.) бірге болдым. Муғауия әр бұрыштан өткенде истиләм жасады. Ибн Аббас оған:

– Алла елшісі (с.а.с.) Йемен жақтағы екі бұрыштан басқа бұрыштарға истиләм жасамаған, – деді. Муғауия:

– Бәйтулланың ешбір бөлігін елеусіз қалдырмаймыз, – деп жауап берді».

Ибн Зубәйр Қағбаның барлық бұрышына истиләм жасайтын1.

Бұл мәселенің түсіндірмесі № 1340 хадисте берілді.

  1. 1Бұхари, Қажылық 59; Мүслим, Қажылық 247, (1269); Тирмизи, Қажылық 35, (858).
1347
Кутуб ситтә, № 1347 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ حَنْظَلَة قَالَ: «رَأَيْتُ طَاوُسًا يَمُرُّ بِالرُّكْنِ فَإِنْ وَجَدَ عَلَيْهِ زِحَامًا مَرَّ وَلَمْ يُزَاحِمْ، وَإِنْ رَآهُ خَالِيًا قَبَّلَهُ ثَلَاثًا؛ ثُمَّ قَالَ: رَأَيْتُ ابْنَ عَبَّاسٍ فَعَلَ مِثْلَ ذَلِكَ. وَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَأَيْتُ عُمَر فَعَلَ مِثْلَ ذَلِكَ. وَقَالَ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَعَلَ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ханзала ибн Әбу Суфиян былай дейді: «Таустың тауап жасап жатқанын көрдім. Қара тас тұрған бұрышқа келгенде жұрт көп болса, ешкімді қыспай өтіп кететін. Ал айналасы бос болса, тасты үш рет сүйетін. Таус: “Ибн Аббастың (р.а.) осылай істегенін көрдім”, – деді. Ибн Аббас мұны Омардан (р.а.) көргенін, ал Омар Алла елшісінің (с.а.с.) осылай істегенін көргенін айтқан»1.

  1. 1Нәсәи, Қажылық 148, (5/227).
1348
Кутуб ситтә, № 1348 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ عُرْوَةَ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِابْنِ عَوْفٍ. يَا أَبَا مُحَمَّدٍ كَيْفَ صَنَعْتَ فِي اسْتِلَامِ الرُّكْنِ الْأَسْوَدِ؟ قَالَ: اسْتلَمْتُ وَتَرَكْتُ! قَالَ: أَصَبْتَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Уруа ибн Зубәйр былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдуррахман ибн Ауфтан (р.а.):

– Уа, Әбу Мұхаммед! Қара тас тұрған бұрышқа қалай истиләм жасадың? – деп сұрады. Ол:

– Ыңғайы келгенде истиләм жасадым, келмегенде өтіп кеттім, – деді. Пайғамбар (с.а.с.):

– Дұрыс істепсің, – деді».1

Түсіндірме

Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а.) айтпағы – жұрт ығы-жығы болмаса истиләм жасап, жақындау қиын болса өтіп кету. Сағид ибн Мансур жеткізген риуаятта Ибн Ауф бұрыштың маңында жұрт көп болса, Қара тасқа қарап тәкбір айтып, дұға жасаған соң тауабын жалғастыратыны айтылады. Бұрыш бос болса, истиләм жасайтын.

Алла елшісінің (с.а.с.) оны құптауы Қара тасқа жету үшін өзгелерді итермелеудің мәкрүһ екенін білдіреді. Бір риуаятта Пайғамбардың Омарға (р.а.) былай дегені айтылады: «Уа, Әбу Хафс! Сен күштісің. Қара тасқа ұмтыламын деп әлсіздерге жапа шектірме. Бұрыш бос болса, жақындап истиләм жаса. Жұрт көп болса, тәкбір айтып өте бер».

  1. 1Мууатта, Қажылық 113, (1/366).
1349
Кутуб ситтә, № 1349 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّهُ أُخْبِرَ بِقَوْلِ عَائِشَةَ: إِنَّ الْحِجْرَ بَعْضُهُ مِنَ الْبَيْتِ. قَالَ: وَاللَّهِ إِنْ كَانَتْ عَائِشَةُ سَمِعَتْ هَذَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِنِّي لَأَظُنُّ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَمْ يَتْرُكِ اسْتَلَامَ هَذَيْنِ الرُّكْنَيْنِ إِلَّا أَنَّهُمَا لَيْسَا عَلَى قَواعِدِ الْبَيْتِ وَلَا طَافَ النَّاسُ مِنْ وَرَاءِ الْحِجْرِ إِلَّا لِذَلِكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айшаның (р.а.) «Хижрдың бір бөлігі Қағбаға кіреді» деген сөзі Ибн Омарға (р.а.) жеткенде, ол: «Алланың атымен ант етемін, егер Айша мұны Алла елшісінен (с.а.с.) естіген болса, Пайғамбардың осы екі бұрышқа истиләм жасамағаны олардың Қағбаның бастапқы іргетасына тұрғызылмауынан деп ойлаймын. Жұрттың Хижрды сыртынан айналып тауап етуі де содан», – деген1.

Түсіндірме

1. Хижр – Қағбаның солтүстік-батыс қабырғасының алдындағы, биіктігі бір метрдей жартылай шеңберлі дуал мен Қағбаның арасындағы кеңістік. Ол Қағбаның ішінен саналады. Айшаның (р.а.) Хижрдың бір бөлігі Қағбаға жататыны туралы сөзі Ибн Омарға (р.а.) жетеді. Бұған дейін ол Алла елшісінің (с.а.с.) Шам жақтағы екі бұрышқа истиләм жасамағанын білетін, бірақ себебі беймәлім еді. Екі бұрыштың бастапқы іргетас үстіне тұрғызылмағаны оған осы хабардан түсінікті болды.

2. Хижрдың қай бөлігі Қағбаға жататыны жөнінде ғалымдардың пікірлері әртүрлі. Риуаяттың бір түсіндірмесі Хижрдың бір бөлігі Қағбаға кіретінін, қалғаны сыртта қалатынын білдіреді. Рафии, Бағауи сияқты ғалымдар осы мазмұндағы хабарларға сүйеніп, Хижрдың Қағбаға іргелес алты шынтақтай жерін Бәйтуллаға жатқызған.

Хижрды түгелдей Қағбаның ішінен санайтын риуаяттар да бар. Ибн Аббас, Шәфиғи, Ибн Салах және Нәуәуи сияқты ғалымдар сол риуаяттарға сүйенген. Айша (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) қолымнан ұстап, Хижрға кіргізді де: “Қағбаға кіргің келсе, осы жерде намаз оқы”, – деді», – делінеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 48, (1875).
1350
Кутуб ситтә, № 1350 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ عُبَيْدِ بْنِ عُمَيْرٍ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: كَانَ يُزَاحِمُ عَلَى الرُّكْنَيْنِ زِحَامًا. فَقُلْتُ: يَا أَبَا عَبْدِ الرَّحْمَنِ إِنَّكَ تُزَاحِمُ عَلَى الرُّكْنَيْنِ زِحَامًا مَا رَأَيْتُ أَحَدًا مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُزَاحِمُهُ؟ فَقَالَ: إِنْ أَفْعَلْ فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِنَّ مَسْحَهُمَا كَفَّارَةٌ لِلْخَطَايَا. وَسَمِعْتُهُ يَقُولُ: مَنْ طَافَ بِهَذَا الْبَيْتِ أُسْبُوعًا فَأَحْصَاهُ كَانَ كَعِتْقِ رَقَبَةٍ، وَسَمِعْتُهُ يَقُولُ: مَنْ طَافَ وَلَا يَرْفَعُ قَدَمًا وَلَا يَضَعُ قَدَمًا إِلَّا حَطَّ اللَّهُ عَنْهُ بِهَا خَطِيئَةً وَكَتَبَ لَهُ بِهَا حَسَنَةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي. «الْأُسْبُوعُ» سَبْعُ مَرَّاتٍ، وَمِنْهُ أُسْبُوعُ الأيَّامِ لاِشْتِمَالِهِ عَلَى سَبْعَةِ أَيَّامِ.

Қазақша аудармасы

Убәйд ибн Умәйр былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) екі бұрышқа жеткенде қалың жұрттың арасын жарып өтетін. Мен: “Уа, Әбу Абдуррахман! Алла елшісінің (с.а.с.) басқа сахабаларынан мұндай әрекетті көрмедім”, – дедім. Ол: “Олай істеуімнің себебі – Алла елшісінің ‘Осы екі бұрышқа қол тигізу күнәларға кәффарат болады’ дегенін естідім. Тағы да ‘Кім осы Бәйтулланы жеті рет айналып, айналымдарын түгел санап шықса, бір құл азат еткендей сауап алады’ дегенін естідім. Сондай-ақ ‘Тауап еткен адам бір аяғын басып, екіншісін көтерген сайын, Алла оның бір күнәсін өшіріп, бір жақсылығын жазады’ дегенін естідім”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Тауап кезінде Қара тасты сүю және оған қол тигізіп истиләм жасау – сүннет. Жұртқа кедергі келтірмей орындауға мүмкіндік болса, сылтауратып бұл амалды тастамаған жөн. Алыстан ишара жасауға жағдайға қарай рұқсат берілген.

2. Ибн Омар (р.а.) сүннетке айрықша ықылас танытқан. Ол Қара тасты қолайлы сәтте сүюдің артықшылығын Алла елшісінің (с.а.с.) өз аузынан естіп, мұны оның істегенін өз көзімен көрген. Сондықтан сол сүннетті орындауда қажыр-қайрат көрсетіп, қиындыққа төзген. № 1344 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, ол қалың жұрттың арасынан өтуге де тайсалмаған.

3. «Усбуғ» сөзінің «апта» мағынасына сүйенген бір жорамал бойынша, хадис аптаның әр күні бір рет тауап жасап, жеті тауапты түгел санау жайында. Суюти «санау» сөзін тауапты артық-кемсіз толық орындау деп түсінген. Әли әл-Қари тауаптың шарттары мен әдебін сақтап, жеті айналымға мұқият болуды меңзегенін айтқан.

«Усбуғ» أُسْبُوعٌ сөзі Тирмизидің кей нұсқасында алғашқы әлифсіз, «субуғ» سُبُوعٌ түрінде кездеседі. Мұнда «жеті» мағынасы айқын. Осыған сүйенген түсіндірмешілер оны жеті айналым деп түсінген. Сонда хадистің мағынасы мынадай: «Кім Қағбаны жеті рет айналып, әр айналымын санап, тауапты шарттары мен әдебіне сай толық орындаса, бір құл азат еткендей сауап алады».

Автор екі түсіндірмені де орынды санайды. Оның пікірінше, мұндай амалды мүмкіндігіне қарай аптаның әр күні немесе сол ниетпен бір-екі күнде де орындауға болады.

  1. 1Тирмизи, Қажылық 111, (959); Нәсәи, Қажылық 134, (5/221).
1351
Кутуб ситтә, № 1351 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: مَا بَيْنَ الرُّكْنِ وَالبَابِ الْمُلْتَزَمُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Мултазам – Қара тас бұрышы мен Қағба есігінің арасы», – деген.1

Түсіндірме

Мултазам – Қағбаның Қара тас тұрған бұрышы мен есігінің арасындағы бөлігі. Оның орны туралы өзге риуаяттар да бар. Кең тараған анықтама Ибн Аббас (р.а.) көрсеткен орынға негізделеді.

Мултазам қажылар бас, кеуде, қол мен алақандарын тигізіп, дұға жасайтын жер. Бұл жерде жасалған дұғалардың қабыл болатындығын айтқан марфуғ риуаят бар:

مَا بَيْنَ الرُّكْنِ وَالْبَابِ مُلْتَزَمٌ، مَنْ دَعَا اللَّهَ عِنْدَهُ مِنْ ذِي حَاجَةٍ أَوْ ذِي كَرْبَةٍ أَوْ ذِي غَمٍّ فُرِّجَ عَنْهُ

«Бұрыш пен есіктің арасы мултазам. Мұқтаждығы барлар мен қайғы-мұң басқан адамдар осы жерде Аллаға жалбарынса, дұғасы қабыл болады».

  1. 1Мууатта, Қажылық 81, (1/424).
1352
Кутуб ситтә, № 1352 · тараудағы реті: 14

وَعَنِ ابْنِ عَوْفٍ قَالَ: «سَمِعْتُ رَجُلًا يَقُولُ. قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِعُمَرَ بْنِ الْخَطَابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: يَا أَبَا حَفْصٍ إِنَّكَ فِيكَ فَضْلُ قُوَّةٍ فَلَا تُؤْذِ الضَّعِيفَ إِذَا رَأَيْتُ الرُّكْنَ خِلْوًا فَاسْتَلِمْ وَالا فَكَبِّرْ وَامْضِ. ثُمَّ قَالَ سَمِعْتُ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ لِرَجُلٍ: لَا تُؤْذِ النَّاسَ بِفَضْلِ قُوَّتِكَ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) былай дейді: «Бір кісінің: “Алла елшісі (с.а.с.) Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.): ‘Уа, Әбу Хафс! Сен күштісің. Әлсіздерге жапа шектірме. Бұрыш бос болса, жақындап истиләм жаса. Әйтпесе тәкбір айтып өте бер’, – деді”, – дегенін естідім. Сосын сол кісі: “Омардың бір адамға ‘Күшіңе сүйеніп, жұртқа жапа шектірме’ дегенін естідім”, – деді»1.

  1. 1Бұл риуаятты Шәфиғи «Муснәдінде» (2, 43) келтірген. Ахмад ибн Ханбал «Муснәдінде» хадисті әзірет Омардың өзінен риуаят етеді. (1, 23).
1353
Кутуб ситтә, № 1353 · тараудағы реті: 15

وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يُصَلِّي لِكُلِّ أُسْبُوعٍ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَعْلِيقًا.

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) әр жеті айналымнан кейін екі рәкәғат намаз оқитын»1.

Түсіндірме

1. «Тәйсирде» және кейбір риуаяттарда أُسْبُوعٌ деп берілген сөз Бұхариде әлифсіз, سُبُوعٌ түрінде келген. «Усбуғ» сөзі әдетте аптаны білдіреді, бірақ апта жеті күннен тұратындықтан, бұл сөздің «жеті» мағынасы да бар. № 1350 хадиске қараңыз.

2. Бұл риуаятты Абдурраззақ «Мусаннафында» тізбекпен жеткізген:

عَنِ ابْنِ عُمَرَ أَنَّهُ كَانَ يَطُوفُ بِالْبَيْتِ سَبْعًا ثُمَّ يُصَلِّي رَكْعَتَيْنِ

«Ибн Омар (р.а.) Қағбаны жеті рет айналып, екі рәкәғат намаз оқитын».

Басқа риуаятта «Тауаптарды (араларына екі рәкәғат намаз қоймай) біріктіруді мәкрүһ деп білетін» делінеді.

Бір кісі әрқайсысы жеті айналымнан тұратын бірнеше тауапты қатарынан жасай алады. Ибн Омар (р.а.) әр жеті айналымды аяқтаған соң екі рәкәғат намаз оқып, содан кейін келесі тауапқа көшетін. Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті.

  1. 1Бұхари, Қажылық, 69. Нафиғтан жеткен муғаллақ риуаят.
1354
Кутуб ситтә, № 1354 · тараудағы реті: 16

وَعَنْ عُرْوَةَ قَالَ: «كَانَ ابْنُ الزُّبَيْرِ يَقْرِنُ بَيْنَ الْأَسَابِيعِ وَيُسْرِعُ الْمَشْيَ وَيَذْكُرُ عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّهَا كَانَتْ تَفْعَلُهُ ثُمَّ تُصَلِّي لِكُلِّ أُسْبُوعٍ رَكْعَتَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Уруа былай дейді: «Ибн Зубәйр бірнеше тауапты үзіліссіз жасап, шапшаң жүретін. Айшаның (р.а.) осылай істегенін әрі соңынан әр жеті айналым үшін екі рәкәғаттан намаз оқығанын айтатын»1.

  1. 1Рәзиннің қосымшасы.
1355
Кутуб ситтә, № 1355 · тараудағы реті: 17

وَفِي رِوَايَةٍ: «أَنَّهُ كَانَ يَطُوفُ بَعْدَ الْفَجْرِ وَيُصَلِّي رَكْعَتَيْنِ فَكَانَ إِذَا طَافَ يُسْرِعُ الْمشْىَ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Басқа бір риуаятта Ибн Зубәйрдің таң намазынан кейін тауап жасап, екі рәкәғат намаз оқығаны және тауап кезінде шапшаң жүргені айтылады1.

  1. 1Рәзиннің қосымшасы.
1356
Кутуб ситтә, № 1356 · тараудағы реті: 18

وَعَنْ امْرَأَةٍ كَانَتْ تَخْدِمُ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا «أَنَّهَا طَافَتْ مَعَهَا أَرْبَعَةَ أَسَابِيعَ مَقْرُونَةً ثُمَّ رَكَعَتْ لِكُلِّ أُسْبُوعٍ رَكْعَتَيْنِ. قَالَتْ: وَتَسْتَحِبُّ اسْتِلَامَ الرُّكْنِ فِي كُلِّ وَتْرٍ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Айшаға (р.а.) қызмет еткен бір әйелдің айтуынша, ол Айшамен бірге әрқайсысы жеті айналымнан тұратын төрт тауапты үзіліссіз жасаған. Содан кейін Айша әр тауап үшін екі рәкәғаттан намаз оқыған. Ол әр тақ айналымда бұрышқа истиләм жасауды мұстахаб санаған1.

  1. 1Рәзиннің қосымшасы.
1357
Кутуб ситтә, № 1357 · тараудағы реті: 19

وَعَنْ عبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عَبْدِ القَارِي. «أَنَّهُ طَافَ مَعَ عُمَر بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بَعْدَ صَلَاةِ الصُّبْحِ فَلَمَّا قَضَى عُمَر طَوَافَهُ نَظَرَ فَلَمْ يَرَ الشَّمْسَ فَرَكِبَ حَتَّى أَنَاخَ بِذِي طَوَى وَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Абд әл-Қари былай дейді: «Омар ибн әл-Хаттабпен (р.а.) таң намазынан кейін тауап жасадық. Омар тауабын аяқтаған соң күнге қарады. Күннің әлі шықпағанын көріп, көлігіне мінді. Зу-Туаға келгенде аялдап, екі рәкәғат намаз оқыды»1.

Түсіндірме

1. «Тәйсирдің» мәтіні «Мууаттадағы» нұсқадан ықшам. Аудармада «Мууаттадағы» түсіндірме сөздер де ескерілді.

2. Зурқани Омардың (р.а.) бұл тауапты Меккеден шығарда қоштасу үшін жасағанын айтады.

Омар (р.а.) таң намазынан кейін күн шыққанша нәпіл намаз оқылмайды деп санаған. Күннің әлі шықпағанын көрген соң, екі рәкәғат намазды оқымай жолға шыққан. Ол намазды Зу-Туада көлігінен түскеннен кейін оқыған. Бір нұсқада: «Содан кейін Мәдинаға бет алды. Зу-Туаға жеткенде күн шықты. Сонда екі рәкәғат намаз оқыды», – делінеді.

3. Осы тақырыпқа қатысты «Мууаттадағы» өзге бір риуаят Ибн Аббас (р.а.) жайында. Әбу әз-Зубәйр әл-Мәкки: «Ибн Аббастың екінті намазынан кейін тауап жасағанын көрдім. Тауапты аяқтаған соң бөлмесіне кіріп кетті. Онда не істегенін білмеймін», – деген.

Имам Мәлик былай деген: «Тауапты бастаған кісі жеті айналымды бітірмей тұрып таң не екінті намазы басталса, имамға ұйып намаз оқиды. Содан кейін қалған айналымдарын жасап, жетеуге толтырады. Екі рәкәғат тауап намазын күн шыққанша не батқанша кейінге қалдырады. Оны ақшам намазынан кейін оқыса да айыбы жоқ».

4. Кейбір ғалымдар екінті мен таң намазынан кейін тауап жасауды мәкрүһ санаған. Ғалымдардың басым көпшілігі оған рұқсат берген.

Ханафи ғалымдарының кейбірінен екінті мен таң намазынан кейін тауап жасауды мәкрүһ санаған пікір жеткен. Мәзһабтағы негізгі пікір бойынша бұл уақытта тауап жасауға болады. Мәкрүһ саналатыны – тауаптан кейінгі намаз.

Ибн әл-Мунзир былай дейді: «Сахабалар мен табиғиндердің көпшілігі тауап намазын кез келген уақытта оқуға рұқсат берген. Кейбір ғалымдар таң мен екінтіден кейін нәпіл намаздан тыйған хадистің жалпы мағынасына сүйеніп, бұл уақытта тауап намазын мәкрүһ санаған. Омар, Сәури, Имам Мәлик, Әбу Ханифа және бірқатар ғалым осы пікірді ұстанған».

Имам Шәфиғи және «Сунән» кітаптарының авторларының бір тобы Жубәйр ибн Мутғимнен жеткен, №1375 хадиспен келетін мына хадисті негізге ала отырып, кез келген уақытта тауап намазын оқуға болатындығын айтқан. يَا بَنِى عَبْدِ مَنَافٍ! مَنْ وَلَّى مِنْكُمْ مِنْ أَمْرِ النَّاسِ شَيْئًا فَلَا يَمْنَعَنْ أَحَدًا طَافَ بِهَذَا الْبَيْتِ وَصَلَّى أَيَّةَ سَاعَةٍ شَاءَ مِنْ لَيْلٍ أَوْ نَهَارٍ «Уа, Әбдіманапұлдары сендердің қайсыбірің халықты басқаруда бір жауапкершілік алса, Қағбаны күндіз немесе түнде зиярат етіп, намаз оқушыны қайтарудан сақ болсын» деген хадис. (№1375-хадисте егжей-тегжейлі түсіндірме жасалады).

  1. 1Мууатта, Қажылық 38, (1/369).
1358
Кутуб ситтә, № 1358 · тараудағы реті: 20

وَعَنْ إِسْمَاعِيلَ بْنِ أُمَيَّةَ قَالَ: «قُلْتُ لِلْزُّهْرِيِّ: إِنَّ عَطَاءً يَقُولُ تُجْزِئُهُ الْمَكْتُوبَةُ مِنْ رَكْعَتِي الطَّوافِ. فَقَالَ: اتِّبَاعُ السُّنَةِ أَفْضَلُ، لَمْ يَطُفْ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَطُّ أَسْبُوعًا إِلَّا صَلَّى لَهُ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَعْلِيقًا.

Қазақша аудармасы

Исмаил ибн Умәйя былай дейді: «Зуһриден: “Ата ибн Әбу Рабах парыз намаз екі рәкәғат тауап намазының орнына жүреді дейді. Бұған не айтасыз?” – деп сұрадым. Ол: “Сүннетке ерген абзал. Алла елшісі (с.а.с.) жеті айналым тауап жасады. Соның соңынан екі рәкәғат намаз оқыған”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Тауаптан кейінгі екі рәкәғат намаздың орнын өзге намаз алмастыра ма деген мәселе сөз болып отыр. Мысалы, екінтіден кейін тауап жасаған кісі мәкрүһ уақыттың өтуін күтеді. Ақшам кіргенде ол жамағатпен парыз намазын оқыса, тауап намазы сонымен өтеле ме? Зуһри осы сұраққа Алла елшісінің (с.а.с.) тауап үшін бөлек намаз оқығанын айтып, сүннетке еруді жөн көрген.

2. Айни былай түсіндірген: «Тауаптан кейін Мақам Ибраһимнің артында екі рәкәғат намаз оқылады. Оны сүннет дегендер де, уәжіп дегендер де бар. Намаздың үкімі тауапқа байланысты. Тауап сүннет болса, намаз да сүннет, ал тауап уәжіп болса, намаз да уәжіп».

  1. 1Бұхари, Қажылық 69.
1359
Кутуб ситтә, № 1359 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَرَأَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي رِكْعَتَى الطَّوَافِ بِسُورَتَيِ الْإِخْلَاصِ: ﴿قُلْ يَا أَيُّهَا الْكَافِرُونَ﴾ وَ﴿قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ﴾». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) тауап намазының екі рәкәғатында қос “Ықылас” сүресін, яғни ﴿قُلْ يَا أَيُّهَا الْكَافِرُونَ﴾ “Былай деп айт: ‘Әй, кәпірлер!’” деп басталатын “Кәфирун” сүресін және ﴿قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ﴾ “Былай деп айт: Ол Алла жалғыз!” деп басталатын “Ықылас” сүресін оқыды»1.

Түсіндірме

1. Екі сүрені қосарлап «Ықылас сүрелері» деуі араб тіліндегі бір атаудың екеуіне ортақ қолданылуынан. Әке мен ананы «әбәуәйн», ай мен күнді «қамарайн» дейтіні сияқты, бұл екі сүре де мазмұны жағынан жақын. Екеуінде де таухид баяндалады.

2. Осы риуаятқа сүйеніп, тауап намазының бірінші рәкәғатында «Кәфирун», екіншісінде «Ықылас» сүресін оқу мұстахаб саналған. Кейбір ғалымдар мұны екі сүренің де таухид жайында болуымен түсіндіреді. Тауап та жалғыз Алла үшін ықыласпен жасалады.

  1. 1Тирмизи, Қажылық, 43 (№ 869). «Кәфирун» сүресі, 1-аят. «Ықылас» сүресі, 1-аят.
1360
Кутуб ситтә, № 1360 · тараудағы реті: 22

وَعَنْ كَثِيرِ بْنِ جَمْهَانِ قَالَ: «رَأَيْتُ ابْن عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَمْشِي فِي الْمَسْعَى فَقُلْتُ أَتَمْشِي فِي الْمَسْعَى؟ فَقَالَ: لَئِنْ سَعَيْتُ لَقَدْ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْعَى وَلَئِنْ مَشَيْتُ لَقَدْ رَأَيْتُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَمْشِي وَأَنَا شَيْخٌ كَبِيرٌ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Кәсир ибн Жамһан былай дейді: «Ибн Омардың (р.а.) сағи жасайтын жерде аяңдап бара жатқанын көрдім. Одан: “Жүгіретін жерде жүріп барасыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Жүгірсем де, жүрсем де, Алла елшісінің (с.а.с.) солай істегенін көргенмін. Қазір жасым ұлғайды”, – деді»1.

Түсіндірме

1. «Мәсға» сөзі «сағи» түбірінен тараған және «жүгіретін орын» деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде Сафа мен Мәруа арасындағы аңғар меңзелген.

2. Тирмизи былай түсіндірген: «Ғалымдар Сафа мен Мәруа арасында жүгіруді мұстахаб санаған. Жүгіруге шамасы жетпеген кісіге қалыпты жүруге рұқсат берген».

3. Сағидың үкімі жөнінде бірнеше пікір бар. Ғалымдардың көпшілігі оны парыз санап, орындалмаса қажылықтың кемшілігі құрбандықпен өтелмейтінін айтқан. Әбу Ханифа сағиды уәжіп деп білген. Оның пікірінше, сағи жасалмай қалса, өтеміне құрбан шалынады.

Әнәс пен Атадан (р.а.) сағида жүгірудің сүннет екені және оны тастаған кісіден өтем талап етілмейтіні жеткен.

  1. 1Тирмизи, Қажылық 39, (864); Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 56, (1904); Нәсәи, Қажылық 174, (5, 241.242); Ибн Мәжа, Қажылық 43, (2988).
1361
Кутуб ситтә, № 1361 · тараудағы реті: 23Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا نَزَلَ مِنَ الصَّفَا مَشَى حَتَّى إِذَا انْصَبَّتْ قَدَمَاهُ فِي بَطْنِ الْوَادِي سَعَى حَتَّى يَخْرُجَ مِنْهُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Сафадан түскенде қалыпты жүрді. Аяғы аңғардың табанына тигенде, одан шыққанша шапшаң жүрді»1.

وَمَعْنَى «انْصَبَّتْ قَدَمَاهُ» اِنْحَدَرَتْ فِي الْمسْعَى.

Түсіндірме

Соңғы екі хадис сағидың орындалу тәртібін баяндайды. Сафа мен Мәруа – арасын аңғар бөліп тұрған екі төбе. Төбеден түсерде және қайта көтерілерде қалыпты жүріп, аңғардың тегіс тұсынан шапшаң өтеді. Қазір екі төбені жалғап тұрған дәлізде сол аралық жасыл белгілермен көрсетілген. Екі жақтан да белгіге жеткенше қалыпты жүреді, белгілердің арасында адымын ширатады. Мұны «һәруәлә» дейді. Бұл амал ерлерге қатысты.

Алла елшісі (с.а.с.) бұл тұсқа келгенде жүрісін өзгерткен. Дарақутни Сафия бинт Шәйба арқылы жеткізген риуаятта Пайғамбардың шапшаң жүргенде изары қозғалғаны айтылады. Сондай-ақ ол былай деген:

اسْعَوْا فَإِنَّ اللَّهَ كَتَبَ عَلَيْكُمُ السَّعْيَ

«Сағи жасаңдар, өйткені Алла сендерге сағиды міндеттеді».

Көпшілік ғалым аңғардан шапшаң өтуді сүннет деп білген. Оны тастаған кісіден өтем талап етілмейді.

  1. 1Мууатта, Қажылық, 42 (1/374). Нәсәи, Қажылық, 178 (№ 2981).
1362
Кутуб ситтә, № 1362 · тараудағы реті: 24Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ حِينَ خَرَجَ مِنَ الْمَسْجِدِ وَهُوَ يُرِيدُ الصَّفَا: نَبْدَأُ بِمَا بَدَأَ اللَّهُ بِهِ فَبَدَأَ بِالصَّفَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي. وَزَادَ رَزِينُ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: فَلَمَّا عَلَا عَلَى الصَّفَا حَيْثُ يَنْظُرُ إِلَى الْبَيْتِ رَفَعَ يَدَيْهِ فَجَعَلَ يَذْكُرُ اللَّهَ تَعَالَى مَا شَاءَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) Харам мешітінен шығып, Сафаға беттегенде: “Алла неден бастаса, біз де содан бастаймыз”, – дегенін естідім. Ол сағиды Сафадан бастады»1.

Рәзин Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай қосымша хабар жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Сафаға шыққанда Бәйтуллаға қарады. Екі қолын көтеріп, қалағанынша Алланы еске алды».

Түсіндірме

Хадис Қоштасу қажылығында Алла елшісінің (с.а.с.) тауаптан сағиға өткен сәтін баяндайды. Тирмизидегі нұсқа мұны анығырақ көрсетеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге келген соң Бәйтулланы жеті айналды. Содан кейін ﴿وَاتَّخِذُوا مِنْ مَقَامِ إِبْرَاهِيمَ مُصَلًّى﴾ “Ендеше, сендер де ‘Мақам Ибраһимде’ намаз оқып, дұға етіңдер”2 деген аятты оқып, Мақамның артында намаз оқыды. Содан соң Қара тасқа келіп, истиләм жасады. ﴿إِنَّ الصَّفَا وَالْمَرْوَةَ مِنْ شَعَائِرِ اللَّهِ﴾ “Сафа мен Маруа – Алланың қасиетті нышандарының бірі”3 деген аятты оқып: “Алла неден бастаса, біз де содан бастаймыз”, – деді де, Сафадан бастады».

• «Алла неден бастаса» деген сөз аятқа меңзейді. Онда алдымен Сафа аталады.

• «Шағаир» – «шағира» сөзінің көпше түрі. «Нышан», «белгі» деген мағынаны білдіреді.

Алланың нышандары – Оған құлшылық етуге негіз болатын белгілер. Мүміндер оларды құрмет тұтуымен ерекшеленеді.

  1. 1Мууатта, Қажылық, 42 (1/374). Тирмизи, Қажылық, 38 (№ 862). Нәсәи, Қажылық, 163 (5/235), 168 (5/237). Мазмұндас нұсқалар: Мүслим, Қажылық, 147 (№ 1218). Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 57 (№ 1905). Ибн Мәжа, Мәнәсик, 84 (№ 3074).
  2. 2«Бақара» сүресі, 125-аят.
  3. 3«Бақара» сүресі, 158-аят.
1363
Кутуб ситтә, № 1363 · тараудағы реті: 25Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَيْسَ السَّعْىُ فِي بَطْنِ الْوَادِي بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ سُنَّةً، إِنَّمَا كَانَ أَهْلُ الْجَاهِلِيَّةِ يَسْعَوْنَهَا وَيَقُولُونَ: لَا نُجِيزُ الْبَطْحَاءَ إِلَّا شَدًّا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «الشَّدُّ» الْعَدُوُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Сафа мен Мәруа арасындағы аңғардың табанымен жүгіру сүннет емес. Ол жерде жаһилият дәуіріндегі адамдар жүгіретін. Олар: “Батханы жүгіріп қана өтеміз”, – дейтін»1.

وَالمُرَادُ «بِالبَطْحَاءِ» هَهُنَا: بَطْنُ الْمَسْعَى.

Түсіндірме

Бір қарағанда, Ибн Аббас (р.а.) сағидың өзін сүннетке жатқызбай отырғандай көрінеді. Ибн әт-Тин сияқты түсіндірмешілер оны көпшілік ғалымның ұстанымына қарсы пікір деп білген. № 1360 хадисте айтылғандай, көпшілік сағиды парыз санайды. Оны уәжіп немесе сүннет дегендер де болған. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Ибн Аббас бүкіл сағиды емес, тек оның шапшаң жүретін тұсын меңзеген. Шапшаң жүрудің парыз еместігі белгілі.

Сафа мен Мәруа арасындағы сағи Ажар анамыздан бастау алады. Бұл жайлы риуаятты да Ибн Аббас жеткізген. Демек, оның жаһилият дәуіріне жатқызғаны – аңғардан жүгіріп өту. Егер ол осы жүгірудің мұстахаб екенін терістесе, тауаптағы рәмәлге қатысты пікіріндегідей, ғалымдардың басым көпшілігімен келіспеген болады. Сондай-ақ оның «сүннет» сөзін усул ғалымдары қолданатын «шариғат белгілеген жол» мағынасында айтуы да ықтимал.

Ибн Аббастың бұл сөзін оның рәмәл жайлы пікірімен байланыстырып түсінуге болады. Оның пікірінше, тауапта шапшаң жүру мұсылмандардың күш-қайратын мүшріктерге көрсету үшін жасалған. Кейін мұндай қажеттілік болмаған.

  1. 1Бұхари, Мәнәқиб әл-ансар (№ 3847, муғаллақ).
1364
Кутуб ситтә, № 1364 · тараудағы реті: 26

وَعَنْ صَفِيَّةَ بِنْتِ شَيْبَةَ. «أَنَّ امْرَأَةً قَالَتْ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْعَى فِي بَطْنِ الْمَسِيلِ وَيَقُولُ: لَا يُقْطَعُ الْوَادِي إِلَّا شَدًّا». أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Сафия бинт Шәйба бір әйелдің мына сөзін жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) аңғардың табанымен шапшаң өтіп бара жатқанын көрдім. Ол: “Аңғардан шапшаң өту керек”, – деді»1.

  1. 1Нәсәи, Қажылық 177, (5/242); Ибн Мәжа, Мәнәсик 43, (2987).
1365
Кутуб ситтә, № 1365 · тараудағы реті: 27

وَعَنِ الزُّهْرِيِّ قَالَ: «سَأَلُوا ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا هَلْ رَأَيْتَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَمَلَ بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ؟ فَقَالَ: كَانَ فِي جَمَاعَةٍ مِنَ النَّاسِ فَرَمَلُوا فَمَا أَرَاهُمْ رَمَلُوا إِلَّا بِرَمَلِهِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Зуһри былай дейді: «Ибн Омардан (р.а.):

– Алла елшісінің (с.а.с.) Сафа мен Мәруа арасында шапшаң жүргенін көрдің бе? – деп сұрады. Ол:

– Ол бір топ адаммен бірге еді. Олар шапшаң жүрді. Мен олардың Алла елшісі (с.а.с.) жүргендей шапшаң жүргенін көрдім, – деп жауап берді»1.

  1. 1Нәсәи, Қажылық, 175, (5/242).