وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّهُ أُخْبِرَ بِقَوْلِ عَائِشَةَ: إِنَّ الْحِجْرَ بَعْضُهُ مِنَ الْبَيْتِ. قَالَ: وَاللَّهِ إِنْ كَانَتْ عَائِشَةُ سَمِعَتْ هَذَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِنِّي لَأَظُنُّ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَمْ يَتْرُكِ اسْتَلَامَ هَذَيْنِ الرُّكْنَيْنِ إِلَّا أَنَّهُمَا لَيْسَا عَلَى قَواعِدِ الْبَيْتِ وَلَا طَافَ النَّاسُ مِنْ وَرَاءِ الْحِجْرِ إِلَّا لِذَلِكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Айшаның (р.а.) «Хижрдың бір бөлігі Қағбаға кіреді» деген сөзі Ибн Омарға (р.а.) жеткенде, ол: «Алланың атымен ант етемін, егер Айша мұны Алла елшісінен (с.а.с.) естіген болса, Пайғамбардың осы екі бұрышқа истиләм жасамағаны олардың Қағбаның бастапқы іргетасына тұрғызылмауынан деп ойлаймын. Жұрттың Хижрды сыртынан айналып тауап етуі де содан», – деген1.
Түсіндірме
1. Хижр – Қағбаның солтүстік-батыс қабырғасының алдындағы, биіктігі бір метрдей жартылай шеңберлі дуал мен Қағбаның арасындағы кеңістік. Ол Қағбаның ішінен саналады. Айшаның (р.а.) Хижрдың бір бөлігі Қағбаға жататыны туралы сөзі Ибн Омарға (р.а.) жетеді. Бұған дейін ол Алла елшісінің (с.а.с.) Шам жақтағы екі бұрышқа истиләм жасамағанын білетін, бірақ себебі беймәлім еді. Екі бұрыштың бастапқы іргетас үстіне тұрғызылмағаны оған осы хабардан түсінікті болды.
2. Хижрдың қай бөлігі Қағбаға жататыны жөнінде ғалымдардың пікірлері әртүрлі. Риуаяттың бір түсіндірмесі Хижрдың бір бөлігі Қағбаға кіретінін, қалғаны сыртта қалатынын білдіреді. Рафии, Бағауи сияқты ғалымдар осы мазмұндағы хабарларға сүйеніп, Хижрдың Қағбаға іргелес алты шынтақтай жерін Бәйтуллаға жатқызған.
Хижрды түгелдей Қағбаның ішінен санайтын риуаяттар да бар. Ибн Аббас, Шәфиғи, Ибн Салах және Нәуәуи сияқты ғалымдар сол риуаяттарға сүйенген. Айша (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) қолымнан ұстап, Хижрға кіргізді де: “Қағбаға кіргің келсе, осы жерде намаз оқы”, – деді», – делінеді.
- 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 48, (1875).