وَعَنْ عُرْوَةَ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِابْنِ عَوْفٍ. يَا أَبَا مُحَمَّدٍ كَيْفَ صَنَعْتَ فِي اسْتِلَامِ الرُّكْنِ الْأَسْوَدِ؟ قَالَ: اسْتلَمْتُ وَتَرَكْتُ! قَالَ: أَصَبْتَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Уруа ибн Зубәйр былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдуррахман ибн Ауфтан (р.а.):
– Уа, Әбу Мұхаммед! Қара тас тұрған бұрышқа қалай истиләм жасадың? – деп сұрады. Ол:
– Ыңғайы келгенде истиләм жасадым, келмегенде өтіп кеттім, – деді. Пайғамбар (с.а.с.):
– Дұрыс істепсің, – деді».1
Түсіндірме
Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а.) айтпағы – жұрт ығы-жығы болмаса истиләм жасап, жақындау қиын болса өтіп кету. Сағид ибн Мансур жеткізген риуаятта Ибн Ауф бұрыштың маңында жұрт көп болса, Қара тасқа қарап тәкбір айтып, дұға жасаған соң тауабын жалғастыратыны айтылады. Бұрыш бос болса, истиләм жасайтын.
Алла елшісінің (с.а.с.) оны құптауы Қара тасқа жету үшін өзгелерді итермелеудің мәкрүһ екенін білдіреді. Бір риуаятта Пайғамбардың Омарға (р.а.) былай дегені айтылады: «Уа, Әбу Хафс! Сен күштісің. Қара тасқа ұмтыламын деп әлсіздерге жапа шектірме. Бұрыш бос болса, жақындап истиләм жаса. Жұрт көп болса, тәкбір айтып өте бер».
- 1Мууатта, Қажылық 113, (1/366).