وَعَنْ كَثِيرِ بْنِ جَمْهَانِ قَالَ: «رَأَيْتُ ابْن عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَمْشِي فِي الْمَسْعَى فَقُلْتُ أَتَمْشِي فِي الْمَسْعَى؟ فَقَالَ: لَئِنْ سَعَيْتُ لَقَدْ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْعَى وَلَئِنْ مَشَيْتُ لَقَدْ رَأَيْتُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَمْشِي وَأَنَا شَيْخٌ كَبِيرٌ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.
Кәсир ибн Жамһан былай дейді: «Ибн Омардың (р.а.) сағи жасайтын жерде аяңдап бара жатқанын көрдім. Одан: “Жүгіретін жерде жүріп барасыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Жүгірсем де, жүрсем де, Алла елшісінің (с.а.с.) солай істегенін көргенмін. Қазір жасым ұлғайды”, – деді»1.
Түсіндірме
1. «Мәсға» сөзі «сағи» түбірінен тараған және «жүгіретін орын» деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде Сафа мен Мәруа арасындағы аңғар меңзелген.
2. Тирмизи былай түсіндірген: «Ғалымдар Сафа мен Мәруа арасында жүгіруді мұстахаб санаған. Жүгіруге шамасы жетпеген кісіге қалыпты жүруге рұқсат берген».
3. Сағидың үкімі жөнінде бірнеше пікір бар. Ғалымдардың көпшілігі оны парыз санап, орындалмаса қажылықтың кемшілігі құрбандықпен өтелмейтінін айтқан. Әбу Ханифа сағиды уәжіп деп білген. Оның пікірінше, сағи жасалмай қалса, өтеміне құрбан шалынады.
Әнәс пен Атадан (р.а.) сағида жүгірудің сүннет екені және оны тастаған кісіден өтем талап етілмейтіні жеткен.
- 1Тирмизи, Қажылық 39, (864); Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 56, (1904); Нәсәи, Қажылық 174, (5, 241.242); Ибн Мәжа, Қажылық 43, (2988).