Хадис

Қағбаға кіру

Кутуб ситтә, 4-том, 168-тарау · 16 хадис · № 1398–1413

ТАУАП ЖӘНЕ САҒИ

Хадистер

1398
Кутуб ситтә, № 1398 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ عِنْدِي وَهُوَ مَسْرُورٌ ثُمَّ رَجَعَ وَهُوَ كَئِيبٌ. فَقَالَ: إِنِّي دَخَلْتُ الْكَعْبَةَ وَلَوِ اسْتَقْبَلْتُ مِنْ أَمْرِي مَا اسْتَدْبَرَتُ مَا دَخَلْتُهَا إِنِّي أَخَافُ أَنْ أَكُونَ قَدْ شَقَقْتُ عَلَى أُمَّتِي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қасымнан көңілді шыққан еді, бірақ жабырқап оралды. “Мен Қағбаға кірдім. Істің ақырын алдын ала білгенімде, оған кірмес едім. Үмбетіме қиындық туғыздым ба деп қорқамын”, – деді».

1399
Кутуб ситтә, № 1399 · тараудағы реті: 2

وَعِنْدَهُ: «وَدِدْتُ أَنِّي لَمْ أَكُنْ فَعَلْتُ إِنِّي أَخَافُ أَنْ أَكُونَ قَدْ أَتْعَبْتُ أُمَّتِي مِنْ بَعْدِي».

Қазақша аудармасы

Тирмизи келтірген нұсқада: «Солай істемегенімді қалар едім. Өзімнен кейінгі үмбетіме машақат туғыздым ба деп қорқамын»1, – делінген.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға кіргеннен кейін істің салдарын ойлап, өкініш білдірді. Оның бұл алаңдаушылығы Тирмизи келтірген нұсқада анығырақ айтылады. Айша анамыз жабырқауының себебін сұрағанда, ол Қағбаға кіргенін және осы ісі кейінгі үмбетіне машақат туғыза ма деп қауіптенгенін жеткізді. Ғалымдар мұны жұрттың Қағбаға кіруді қажылықтың бір рәсімі санап, оған шамасы жетпегенде қиналуы мүмкін деп алаңдауымен түсіндірген.

2. Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға қай кезде кіргені туралы пікірлер әртүрлі. Бірқатар ғалымдар оны тек Мекке алынған жылы кірді деп санайды. Шаукани «Нәйлул-аутарда»: «Бұл хадис Алла елшісінің Қағбаға Мекке алынған жылдан басқа кезде де кіргеніне дәлел. Өйткені жеңіс жылы Айша (р.а.) оның қасында болған жоқ», – дейді. Пайғамбар бұл оқиғаны Мәдинаға оралғаннан кейін Айшаға айтуы мүмкін деген жорамал да келтірілген. Алайда бұл түсіндірме тым жасанды саналып, қабылданбаған.

Алла елшісінің (с.а.с.) умра кезінде Қағбаға кірмегені анықталған. Кейбір ғалымдар оның қоштасу қажылығында кіруін ықтималырақ көреді. Бәйһақи де осы пікірде. Бұл жөнінде №1408 хадистің түсіндірмесінде толығырақ айтылады.

3. Көпшілік ғалым осы хадиске сүйеніп, Қағбаға кіру қажылық рәсімдеріне жатпайды деген үкім шығарған.

Құртуби Қағбаға кіруді қажылық рәсімі санаған ғалымдарды да атаған. Қағбаға кіру мұстахаб саналған. Бұған Ибн Хузайма келтірген мына риуаят пен өзге деректер дәлел болады:

مَنْ دَخَلَ الْبَيْتَ دَخَلَ فِي جَنَّةٍ وَخَرَجَ مَغْفُورًا لَهُ

«Қағбаға кірген кісі жәннатқа кіргендей болады әрі кешірімге ие болып шығады».

Бұл тақырып №1408 хадистің түсіндірмесінде кеңірек баяндалады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 95, (2029); Тирмизи, Хажж 45, (873); ибн Мәжа, Мәнәсик 79,(3063).
1400
Кутуб ситтә, № 1400 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «دَخَلَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْبَيْتَ هُوَ وَأُسَامَةُ بْنُ زَيْدٍ وَبِلَالٌ وَعُثْمَانُ بْنُ طَلْحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَأَغْلَقُوا عَلَيْهِمْ. فَلَمَّا فَتَحُوا كُنْتُ أَوَّلَ مَنْ وَلَجَ فَلَقِيتُ بِلَالًا فَسَأَلْتُهُ هَلْ صَلَّى فِيهِ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ فَقَالَ نَعَمْ بَيْنَ الْعَمُودَيْنِ الْيَمَانِيَّيْنِ، وَذَهَبَ عَنِّي أَنْ أَسْأَلَهُ كَمْ صَلَّى». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Усама ибн Зәйд, Біләл және Осман ибн Талхамен бірге Қағбаға кірді. Іштегілер есікті жапты. Есік ашылғанда, ішке алдымен мен кірдім. Біләлге жолыға салып, Алла елшісінің Қағба ішінде намаз оқыған-оқымағанын сұрадым. Ол: “Иә, Йемен жақтағы екі бағанның арасында оқыды”, – деді. Қанша рәкәғат оқығанын сұрауды ұмытып кетіппін».

№1400–1408 хадистердің дереккөздері №1408 хадистен кейін бірге көрсетіледі.

1401
Кутуб ситтә, № 1401 · тараудағы реті: 4

وَفِي رِوَايَةٍ: «فَسَأَلْتُ بِلَالًا حِينَمَا خَرَجَ مَا صَنَعَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالَ: جَعَلَ عَمُودَيْنِ عَنْ يَمِينِهِ وَعَمُودًا عَنْ يَسَارِهِ وَثَلَاثَةَ أَعْمِدَةٍ وَرَاءَهُ، وَكَانَ الْبَيْتُ يَوْمَئِذٍ عَلَى سِتَّةِ أَعْمِدَةٍ ثُمَّ صَلَّى».

Қазақша аудармасы

Басқа бір риуаятта Ибн Омар былай дейді: «Біләл сыртқа шыққанда:

– Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаның ішінде не істеді? – деп сұрадым. Ол:

– Екі бағанды оң жағына, біреуін сол жағына, үшеуін артына қалдырып, намаз оқыды, – деп жауап берді. Ол кезде Қағбаның ішінде алты баған бар еді».

1402
Кутуб ситтә, № 1402 · тараудағы реті: 5

وَفِي رِوَايَةٍ: «صَلَّى رَكْعَتَيْنِ بَيْنَ السَّارِيَتَيْنِ اللَّتَيْنِ عَنْ يَسَارِكَ إِذَا دَخَلْتَ ثُمَّ خَرَجَ فَصَلّى فِي وَجْهِ الْكَعْبَةِ رَكْعَتَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта: «Қағбаға кіргенде сол жақта қалатын екі бағанның арасында екі рәкәғат намаз оқыды. Сосын сыртқа шығып, Қағбаның алдында тағы екі рәкәғат оқыды», – делінген.

1403
Кутуб ситтә, № 1403 · тараудағы реті: 6

وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ: «أَقْبَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَامَ الْفَتْحِ عَلَى نَاقَتِهِ الْقَصْوَاءِ وَهُوَ مُرْدِفٌ أُسَامَةَ».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің бір риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған жылы Қасуа атты түйесіне мініп келді. Усаманы артына мінгестіріп алған еді», – делінген.

1404
Кутуб ситтә, № 1404 · тараудағы реті: 7

وَفِي أُخْرَى: «عَلَى نَاقَةٍ لِأُسَامَةَ حَتَّى أَنَاخَ بِفِنَاءِ الْكَعْبَةِ ثُمَّ دَعَا عُثْمَانَ بْنَ طَلْحَةَ فَقَالَ: ائْتِنِي بِالْمِفْتَاحِ فَذَهَبَ إِلَى أُمِّهِ فَأَبَتْ أَنْ تُعْطِيَهُ. فَقَالَ: وَاللَّهِ لَتُعْطِيَنِّيهِ أَوْ لَيَخْرُجَنَّ هَذَا السَّيْفُ مِنْ صُلْبِي فَأَعْطَتْهُ إِيَّاهُ فَجَاءَ بِهِ إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَفَتَحَ وَذَكَرَ نَحْوهُ».

Қазақша аудармасы

Басқа бір риуаятта былай делінген: «...Усаманың түйесіне мініп келіп, оны Қағбаның ауласында шөктірді. Содан кейін Осман ибн Талханы шақырып:

– Маған кілтті әкел, – деді. Осман анасына барды. Анасы кілтті бергісі келмеді. Сонда Осман:

– Аллаға ант етейін, кілтті бересің, әйтпесе мына қылышымды қынынан суырамын! – деді. Анасы кілтті Османға берді. Ол кілтті Алла елшісіне әкелді. Алла елшісі Қағбаның есігін ашты...» Риуаяттың жалғасы алдыңғы нұсқадағыдай баяндалады.

1405
Кутуб ситтә, № 1405 · тараудағы реті: 8

وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ أَيْضًا عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ قَالَ: «إِنَّمَا أُمِرْتُمْ بِالطَّوَافِ وَلَمْ تُؤْمَرُوا بِدُخُولِهِ. وَقَالَ: أَخْبَرَنِي أُسَامَةُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَمَّا دَخَلَ الْبَيْتَ دَعَا فِي نَوَاحِيهِ كُلِّهَا وَلَمْ يُصَلِّ فِيهِ حَتَّى خَرَجَ فَلَمَّا خَرَجَ رَكَعَ فِي قِبَلِ الْبَيْتِ رَكْعَتَيْنِ فَقَالَ: هَذِهِ الْقِبْلَةُ».

Қазақша аудармасы

Мүслим келтірген бір риуаятта Ибн Аббас: «Сендерге Қағбаны тауап ету бұйырылды. Оның ішіне кіру міндеттелген жоқ», – дейді. Содан соң: «Усама маған Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға кіріп, оның әр тұсында дұға жасағанын, сыртқа шыққанша намаз оқымағанын жеткізді. Шыққан соң ол Қағбаның алдында екі рәкәғат намаз оқып, “Құбыла – осы”, – деген», – дейді.

1406
Кутуб ситтә, № 1406 · тараудағы реті: 9

وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ: «دَخَلَ الْكَعْبَةَ وَفِيهَا سِتَّةُ سَوَارٍ فَقَامَ عِنْدَ كُلِّ سَارِيَةٍ فَدَعَا وَلَمْ يُصَلِّ».

Қазақша аудармасы

Бұхаридің бір риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға кірді. Ішінде алты баған бар еді. Әр бағанның тұсына тоқтап, дұға жасады. Намаз оқымады», – делінген.

1407
Кутуб ситтә, № 1407 · тараудағы реті: 10

وَعِنْدَ النَّسَائِي: «دَخَلَ الْكَعْبَةَ وَسَبَّحَ فِي نَوَاحِيهَا وَلَمْ يُصَلِّ حَتَّى خَرَجَ وَصَلَّى خَلْفَ الْمَقَامِ رَكْعَتَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Нәсәидің риуаятында: «Қағбаға кіріп, оның әр тұсында тәсбих айтты. Сыртқа шыққанша намаз оқыған жоқ. Содан соң Ибраһим мақамының артында екі рәкәғат намаз оқыды», – делінген.

1408
Кутуб ситтә, № 1408 · тараудағы реті: 11

وَفِي أُخْرَى لَهُ: «دَخَلَ فَمَضَى حَتَّى إِذَا كَانَ بَيْنَ الْأُسْطُوَانَتَيْنِ اللَّتَيْنِ تَلِيَانِ الْبَابَ جَلَسَ فَحَمِدَ اللَّهَ تَعَالَى وَأَثْنَى عَلَيْهِ وَسَأَلَهُ وَاسْتَغْفَرَهُ ثُمَّ قَامَ حَتَّى أَتَى مَا اسْتَقْبَلَ مِنْ دُبُرِ الْكَعْبَةِ فَوَضَعَ وَجْهَهُ وَخَدَّهُ عَلَيْهِ وَحَمِدَ اللهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ وَسَأَلَهُ وَاسْتَغْفَرَهُ ثُمَّ انْصَرَفَ إِلَى كُلِّ رُكْنٍ مِنْ أَرْكَانِ الْكَعْبَةِ فَاسْتَقْبَلَهُ بِالتَّكْبِيرِ وَالتَّهْلِيلِ وَالتَّسْبِيحِ وَالثَّنَاءِ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى وَالْمَسَأَلَةِ وَالِاسْتِغْفَارِ ثُمَّ خَرَجَ فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ مُسْتَقْبِلَ وَجْهِ الْبَيْتِ ثُمَّ انْصَرَفَ فَقَالَ: هَذِهِ الْقِبْلَةُ». «الْقَصْوَاءُ» الَّتِي قُطِعَ طَرَفُ أُذْنِهَا، وَلَمْ تَكُنْ نَاقَةُ النَّبِيّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَذَلِكَ وَإِنَّمَا كَانَ لَقَبًا لَهَا.

Қазақша аудармасы

Нәсәидің басқа бір риуаятында былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға кіріп, алға жүрді. Есікке жақын екі бағанның арасына келгенде отырды. Аллаға мадақ айтып, тілек тілеп, кешірім сұрады. Содан кейін Қағбаның артқы қабырғасына дейін барып, жүзі мен бетін қабырғаға тигізді. Аллаға мадақ айтып, дұға етті, кешірім сұрады. Қағбаның әр бұрышына кезек барып, тәкбір, тәһлил және тәсбих айтты. Алланы мадақтап, тілек тілеп, кешірім сұрады. Сыртқа шыққаннан кейін Қағбаға бет бұрып, екі рәкәғат намаз оқыды. Намаздан соң: “Құбыла – осы”, – деді»1. «Қасуа» деп құлағының ұшы кесілген түйені атайды. Алла елшісінің түйесінің құлағы кесілмеген еді. Бұл оның лақап аты болатын.

Түсіндірме

1. Алдыңғы он бір риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға кіруі, оны зиярат етуі, ішінде намаз оқуы және қай тұста қандай дұға жасағаны жөніндегі деректерді толықтырады. Ғалымдар осы мәселелерді әр қырынан түсіндірген. Сол пікірлердің маңыздыларына тоқталамыз.

1) Алла елшісі Қағбаға қашан кірген?

Ғалымдар үш ықтимал уақытты атаған:

1. Қаза умрасы кезінде.

2. Мекке алынған күні.

3. Қоштасу қажылығында.

Қаза умрасы кезінде кіруі ықтимал деген жорамал әлсіз саналған, сондықтан көп талқыланбаған. Ол кезде Қағба пұттарға толы еді. Алла елшісі (с.а.с.) ондай жерге кірмейтін. Худайбия келісімінде Меккеде үш күн аялдау көзделгенімен, Қағбаға кіру туралы шарт болмаған.

2. Мекке алынған күні. Бұл пікірді қуаттайтын риуаяттар бар. Ибн Хажар №1403 және №1404 хадистерге сүйеніп, Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға Мекке алынған күні кірген дейді. Пайғамбарға Қағбаның кілтін әкелген Осман ибн Талха туралы төменде толығырақ айтылады. Ол жәһилият дәуірінен бері Қағбаны күтіп, кілтін сақтаған.

3. Қоштасу қажылығында. Бәйһақи мен бірқатар ғалым осы пікірді ұстанған. Айшадан жеткен №1398 хадис те оны қуаттайды. Ал Мекке алынған күні кіргенін айтқандар бұл хабарды Пайғамбардың Мәдинаға оралған соң Айшаға айтқан болуы мүмкін деп түсіндіреді. Қоштасу қажылығында кірген деп есептейтіндердің кейбірі Қағбаға кіруді қажылықтың бір рәсімі санаған.

Бұл пікірді қолдағандар көп болмаған. Бұхари Ибн Омардың бірнеше рет қажылық жасағанымен, Қағбаға кірмегенін келтіреді. Ибн Омар Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға кіргенін жеткізген ең белгілі риуаятшылардың бірі еді. Сүннетті берік ұстанған оның қажылықта Қағбаға кірмеуін Бұхари бұл істің қажылық рәсімі еместігіне жеткілікті дәлел санаған.

4. Мекке алынған күні де, қоштасу қажылығында да кірген. Бірқатар ғалым риуаяттарды осылай үйлестірген. Бұл пікір Қағба ішінде намаз оқыған-оқымағаны туралы хабарларды да түсіндіреді. Бұхариге түсіндірме жазған Мухаллаб: «Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған жылы Қағбаға кіріп, екі рәкәғат оқыған, кейін қоштасу қажылығында да кірген. Соңғы кіргенінде намаз оқымаған», – дейді. Ибн Хиббан да екі хабарды әр уақытта болған екі оқиға деп қараған.

Нәуәуи бұған келіспей, Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға Мекке алынған күні кіргеніне күмән жоқ екенін айтқан. Ибн Хажар әр пікірдің дәлелін келтіріп, олардың бірін түпкілікті таңдамаған. Хадистен түйген үкімдерінің арасында Қағбаға кірудің мұстахаб екенін атаған.

2) Қағбаның ішіндегі намаз

Талас туғызған мәселе – Алла елшісінің (с.а.с.) Қағба ішінде намаз оқыған-оқымағаны. №1400–1402 хадистерде Біләл Хабаши (р.а.) Алла елшісінің Қағба ішінде екі рәкәғат оқығанын жеткізеді. №1405–1408 риуаяттарда Усама ибн Зәйдтен (р.а.) оның Қағба ішінде намаз оқымағаны айтылады.

Ибн Хажар тағы бір жайтқа назар аударады. Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснадында» Ибн Омар Усамадан Алла елшісінің (с.а.с.) Қағба ішінде намаз оқығанын да жеткізеді.

Осы тақырыптағы сахих риуаяттар әртүрлі келген. Ғалымдар олардың мәнін ашып, бірнеше жолмен үйлестіруге тырысқан:

1) Біләл (р.а.) намаздың оқылғанын көргенін айтқандықтан, оның хабары негізге алынады. Бір хабар істің болғанын растап, екіншісі болмағанын айтса, болғанын растайтын хабарға басымдық беріледі.

2) Біләлдің (р.а.) риуаяты бірізді. Усамадан келген нұсқалар әртүрлі. Мәселен, Ибн Омар Усаманың «Алла елшісі (с.а.с.) Қағбада намаз оқыды» деген сөзін де жеткізген.

3) Нәуәуи екі риуаятты былай үйлестіреді: «Қағбаға кіргендер дұға жасай бастады. Усама Алла елшісінің (с.а.с.) дұға еткенін көрді. Усама бір шетте дұға жасап жатқанда, Алла елшісі басқа тұста екі рәкәғат намаз оқыды. Жақын тұрған Біләл мұны көрді. Алысырақ тұрып дұғамен айналысқан Усама көрмей қалды. Есік жабық болғандықтан іші қараңғы еді. Араларындағы бағандар да оған кедергі жасауы мүмкін. Усама көргеніне сүйеніп, намаз оқылмады деген болуы ықтимал». Мухибб әт-Табари Усаманың сол аралықта сыртқа шығып, Алла елшісі намаз оқыған сәтте ішінде болмауы мүмкін екенін айтқан.

Бұл болжамды Әбу Дәуіт әт-Таялиси жеткізген риуаят қуаттайды. Усама онда: «Қағбаға Алла елшісімен (с.а.с.) бірге кірдім. Ол іштен суреттерді көріп, су алып келуімді сұрады. Су әкелгенімде, оны суреттерге шашып, оларды жуды», – дейді. Мұны қуаттайтын өзге риуаяттар да бар.

Ғалымдардың бір тобы Қағбадағы намаз туралы риуаяттардың біріне басымдық бермей, екеуін басқаша үйлестірген:

а) «Намаз оқыды» деген нұсқалардағы «салат» сөзі тілдік мағынасында, яғни «дұға жасады» деген мәнде қолданылған. «Намаз оқымады» деген нұсқаларда ол ғибадат атауы ретінде келген. Қағба ішінде парыз да, нәпіл де намаз оқуды мәкруһ санағандар осы түсіндірмені таңдаған. Алайда рәкәғат санын көрсеткен №1402 секілді риуаяттар бұл түсіндірмеге сыймайды.

ә) «Намаз оқыды» деген хабарлар нәпіл намазды, «намаз оқымады» дегендері парыз намазды меңзеуі мүмкін. Құртуби осы пікірде. Мәлики мәзһабында да осы түсіндірме негізге алынған.

б) Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаға екі рет кіріп, бірінде намаз оқып, екіншісінде оқымаған болуы мүмкін. Осы пікірді ұстанғандар Пайғамбардың Қағбаға Мекке алынған күні ғана кіргенін айтқандарға риуаяттар оның сол күні екі рет кіруін жоққа шығармайды деп жауап берген.

3) Намаздың орны мен түрі

Алла елшісінің (с.а.с.) Қағба ішінде намаз оқығаны кеңінен қабылданған. Риуаяттарда оның орны мен қалай оқылғаны да айтылады. Ибн Омар Алла елшісінің намаз оқыған жерін сұрап білген, өйткені Қағбаға онымен бірге кіргендердің қатарында болмаған. №1400 хадисте айтылғандай, Алла елшісімен бірге Усама, Біләл және Осман кірген. Бір нұсқада Фадл ибн Аббас та аталады. Олар кіргеннен кейін есік жабылған.

Әзрақидың Мекке туралы еңбегінде Халид ибн Уәлид сыртта есік күзетіп, жиналған жұрттың ішке ұмтылуына бөгет болғаны айтылады.

Алла елшісі (с.а.с.) шыққан соң ішке алғаш кірген – Абдулла ибн Омар. Ол сол сәтті «Жас әрі қайратты едім» деп еске алған. Жұрттың арасынан өтіп, Біләлге Алла елшісінің намаз оқыған-оқымағанын, оқыса қай жерде оқығанын сұраған. Кейбір риуаятта рәкәғат санын сұрауды ұмытқанын өзі айтады. Ол Пайғамбар намаз оқыған жерді сол тұста өзі де ғибадат ету үшін сұраған. Оның пайымдауынша, Қағбаның сол тұсында оқылған намаздың сауабы мол. Риуаяттар Қағбаның сол кездегі ішкі көрінісін де сипаттайды. Ішінде үш-үштен екі қатарға қойылған алты баған болған. Пайғамбар алдыңғы қатардағы екі бағанның ортасында, қарсы қабырғадан үш шынтақтай жерде, алдына сутра қоймай екі рәкәғат оқыған. Намаз оқыған тұста қызыл мәрмәр тас болған.

Ибн Хажар бұл риуаяттар Қағбаның Ибн Зубәйр тұсындағы қирауына дейінгі көрінісін сипаттайтынын айтады. Абдулла ибн әз-Зубәйр қоршауда атылған тастардан бүлінген Қағбаны Ибраһим (а.с.) қалаған іргетасына дейін бұзып, қайта тұрғызған.

4) Қағбада намаз оқуға бола ма?

Алла елшісінің (с.а.с.) Қағба ішінде намаз оқуы ғалымдар арасында үкімге қатысты пікірталас туғызған. Ибн Аббас Қағбаның ішінде намаз оқуға болмайды деп санаған. Өйткені адам іште тұрғанда Қағбаның бір бөлігіне арқасын береді. Ал Қағбаға бет бұру жөніндегі әмірді ол бүкіл Қағбаға бағытталу деп түсінген. Мәликилердің бір бөлігі, заһирилер және Табари осы пікірде болған.

Әл-Мазари былай дейді: «Мәлики мәзһабында Қағба ішінде парыз намаз оқуға болмайды, оқыған кісі оны қайта оқиды деген пікір кең тараған». Кейбір ғалымдар білместікпен оқыған кісінің де қайта оқуын қажет санаған.

Тирмизи Имам Мәликтің нәпіл намаз оқуға рұқсат бергендігін жеткізеді. Нәуәуи кейбір ғалымдардың көзқарастарын келтіре отырып Қағбаның ішіндегі намаз сыртындағыдан абзал екендігін айтады. Алайда көпшілік ғалымдар сыртта оқудың абзал екендігіне бірауыздан келіскендіктен, бірауыздан абзал деп қабылдау таласты түрде абзал деп қабылдағаннан артық. Ғалымдардың басым көпшілігі Қағбаның ішінде намаз оқуды мұстахаб деп санаған. Бұл үкімді айтуда сүйенген дәлелді №1398 хадисте жазып өттік.

5) Қағбаның есігі не себепті жабылған?

Ғалымдар арасында дау тудырған тақырыптарның бірі осы. Алла елшісі Қағбаға кірген соң есігін неге жаптырған? Ибн Баттал: «Бұл жердегі хикмет халықтың Қағбаның ішіне кіргенін көріп, сүннет деп ойлап қалуынан сақтану» деп тұжырымдаған. Бұл жорамал сын көтермейді. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) бұлай ойлағанда ешкімге білдірмей, жасырын барар еді. Әйтпесе бірнеше адам үшін мұстахаб болған амалдың, басқалар үшін де мұстахаб болары анық.

Есіктің жабылуына қатысты бірқатар көзақарстар айтылған:

• Қағбаның ішінде әр жерде намаз оқи алу үшін есік жабылған. Өйткені есікке бағытталған жағдайда Қағбаның бір-бөлігіне емес, сыртқа бағытталып қалады.

• Ханафиларде есік ашық күйде намаз оқуға болады.

• Шәфиғилерде Қағбаның есігі ашық күйде намаз оқуға болатындығын айтады.

• Қағбаның үстінде оқылатын намазға қатысты да әртүрлі көзқарастар айтылған.

6) Кейбір қосымша мағлұматтар

Бұл риуаяттардан жоғарыда айтып өткендерден басқа да пайдалар мен сырлардың бар екендігіне назар аудартады:

1. Сахабаның сахабадан риуаят етуі.

2. Абзалырақ нәрсе бар бола тұра, абзалырақ емесімен шектелуге болатындығы.

3. Ахад хабарды дәлел ретінде қабылдау.

4. Ибн Омардың (р.а.) сүннетті үйренуге деген жанкештілігі мен артықшылығы.

5. Сахабалардың ішінде абзал болғандары барлық нәрседе де алда дегенді білдірмейді. Әзірет Әбу Бәкір, әзірет Осман, әзірет Талха сынды үлкен сахабалардың ешбірі Алла елшісінің Қағба зияратында қасында болмаған.

6. Жалғыз оқитын намаздарда, мешіттерде тіреулердің артында емес, арасында да оқуға болады.

7. Мешіттерге есік салуға болады және жабуға рұқсат.

8. Алдыдан басқа біреулер өту мүмкін деген қауіп болған жағдайда сутра қою бұйырылған. Алла елшісі (с.а.с.) екі тіректің арасында тұрып, тіректердің бірінің артына өтіп, сутра жасамаған. Олай жасауының себебі де дуал жақын болғандықтан деп айтылады.

9. Намаз оқыған адам сутра қоятын қашықтық үш адымнан алыс болмауы керек. Кейбір ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбада намаз оқығанда дуалмен үш адым арақашықтықта болғанын білдіретін риуаятты дәлел ретінде қолданған.

10. Ғалымдардың «Харам мешітінің сәлем намазы тауап» сөзі Қағбаның ішіне қатысты емес сыртына қатысты. Өйткені Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түйесімен келіп, шөктіріп, бірден Қағбаға кіріп, сонда екі рәкәғат сәлем намазын оқыған. Бұл намаз – сәлем намазы болуы мүмкін. Қағба өз алдына бөлек мешіт болуынан туындауы да мүмкін. (Яғни Қағбаны айналасынан бөлек алып қарағанда ол Харам мешіті емес, өз алдына жеке дара мешіт. Басқаша айтқанда, айналасындағы Матаф, Мақам, Рукн, Хижр, Зәмзәм құдығымен бірге Харам мешіті болады)

11. Қағбаның ішінде намаз оқу – мұстахаб. Алайда оған кіру арқылы ешкімге қиындық тудырмау керек. Ибн Аббастың: «Қағбаға кірудің қажылыққа еш қатысы жоқ» деп айтқандығы риуаят етілген. Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға Меккенің жеңісінде кіргенін айтқандардың тұрғысынан бұның қажылыққа ешбір қатысы жоқ екендігі анық. Өйткені ол кезде Алла елшісі ихрамсыз болатын.

12. Бұл риуаяттар «Күндізгі нәпіл намаздар екі рәкәғаттан оқылады» деп айтқандарға дәлел болады.

13. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Бұл (үй) құбыла» деген сөзін Хаттаби былай түсіндірген: «Бұл сөзбен Алла елшісі (с.а.с.) «Құбыла мәселесі осы үйге бағытталу арқылы нақты бекітілген. Сондықтан қияметке дейін құбыланы ешкім өзгерте алмайды, үкім жойылмайды, намазды үнемі осыған бағытталып оқимыз» дегісі келген.

Осы сөзбен «Харам мешітінде имамның орнын бекітуі де ғажап емес. Имам Қағбаның бұрыштарына немесе жан жағына емес тура өзіне бағытталады. Намаз бір шетіне бағытталып оқылса, қабыл болғанымен сүннет болғаны осы».

Нәуәуидің пікірінше хадистің мағынасы «Құбыла барлық харам аймағы немесе Мекке немесе Қағбаның айналасындағы мешіт емес, Қағбаның өзі» деген.

7) Осман ибн Талха

Мүслим келтірген №1404 хадисте Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған күні Усамамен бірге келіп, Қағбаның алдында түйесін шөктіргені және Осман ибн Талхадан кілтті сұратқаны айтылады.

Осман ибн Талха ибн Әбу Талха (р.а.) Құрайыш тайпасынан шыққан. Әл-Хажаби деген лақап аты Қағбаға қатысты қызметінен қалған. Ол Қағбаны күзетіп, кілтін сақтаған. Кілтті беруден бас тартқан анасының аты – Сулафа, оны Үммі Сағид деп те атаған.

Әкесі Талха мен көкесі Осман ибн Әбу Талха Ұхұд шайқасында мұсылман болмай тұрып қаза тапқан. Османды Хамза (р.а.), Талханы Әли (р.а.) өлтірген. Османның Мусафи, Жулас, Харис және Килаб есімді бауырлары да сол шайқаста қаза болған.

Осман ибн Талха Худайбия бітімінен кейін Халид ибн Уәлидпен (р.а.) бірге мұсылман болып, Мәдинаға қоныс аударған. Риуаят бойынша, Нәжәшиден қайтып, Мәдинаға көшуді көздеген Амр ибн әл-Ас жолда Османмен кездеседі. Екеуі жолдас болып, Мәдинаға бірге барады. Алла елшісі (с.а.с.) оларды көргенде: «Мекке сендерге ең қымбат адамдарын жіберіп отыр», – деген.

Осман (р.а.) Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Мәдинада тұрып, Меккені алуға қатысты. Мекке алынған күні Алла елшісі Қағбаның кілтін Осман мен немере ағайыны Шәйба ибн Осман ибн Әбу Талхаға беріп: «Мұны мәңгіге алыңдар. Оны сендерден тек залым ғана тартып алады», – деді. Алла елшісі дүние салған соң Осман Меккеге қайтып, һижраның 42-жылы дүние салғанға дейін сонда тұрған. Басқа бір деректе оның Әжнәдин шайқасында шейіт болғаны айтылады. Пайғамбар Османға тапсырған хижаба немесе сидана қызметі жәһилият дәуірінен бері осы әулетке тиесілі еді. Бұл әулетті хажабиюн деп атаған. Хижаба Қағбаның күтімін, күзетін және кілтін сақтауды қамтыды. Кілтті ұстау абыройлы міндет еді. Хажибтің рұқсатынсыз ешкім Қағбаға кірмейтін. Мекке алынған күні Алла елшісі қажыларға су беру мен Қағбаны күту қызметтерін қалдырып, өзге қызметтерді тоқтатты.

Ғалымдар былай деген: «Бұл әулеттен Қағбаның кілттерін алу ешкімге рұқсат етілмеген. Бұл қызметті оларға Алла елшісі берген. Оларда мәңгі қалады. Олардан кейін ұрпақтары алады. Бұл істе оларға қарсы келуге, ортақтасуға болмайды. Бұл ұрпақ бар кезде, осы істі жалғастырады».

  1. 1Бұхари, «Қажылық», 51, 52, 54, «Мағази», 48, 77, «Салат», 30, 81, 96, «Таһажжуд», 25, «Жиһад», 127. Мүслим, «Қажылық», 388–397 (№1329–1332). Мәлик, «Муатта», «Қажылық», 193 (1/398). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 93 (№2023). Нәсәи, «Мәсәжид», 5 (2/33–34), «Қажылық», 126, 127, 131, 139 (5/216–221), «Құбыла», 6 (5/217). №1408 риуаяттың осы мәтіні – Нәсәи, №2914.
1409
Кутуб ситтә, № 1409 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَبَى أَنْ يَدْخُلَ الْبَيْتَ وَفِيهِ الآلِهَةُ فَأَمَرَ بِهَا فَأُخْرِجَتْ وَأَخْرَجُوا صُورَةَ إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ عَلَيْهِمَا السَّلَامُ فِي أَيْدِيهِمَا الْأَزْلَامُ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَاتَلَهُمْ اللَّهُ أَمَا وَاللَّهِ لَقَدْ عَلِمُوا أَنَّهُمَا لَمْ يَسْتَقْسِمَا بِهَا قَطُّ. فَدَخَلَ الْبَيْتَ فَكَبَّرَ فِي نَوَاحِيهِ وَلَمْ يُصَلِّ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «الأَزْلَامُ» الْقِدَاحُ الَّتِي كَانُوا يَسْتَقْسِمُونَ بِهَا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге келгенде, ішінде пұттар тұрған Қағбаға кіруден бас тартты. Пұттарды шығаруды бұйырды. Олармен бірге қолдарына бал ашатын жебелер ұстатқан Ибраһим мен Исмаилдың (а.с.) бейнелері де шығарылды. Алла елшісі: “Алла оларды жазаласын! Аллаға ант етейін, бұл екеуінің ол жебелермен ешқашан бал ашпағанын өздері де біледі”, – деді. Сосын Қағбаға кіріп, әр тұсында тәкбір айтты. Ішінде намаз оқыған жоқ»1. «Әзлам» – бал ашып, жеребе тартуға қолданылған жебелер.

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға қай кезде кіргені жөніндегі пікірлер алдыңғы риуаяттың түсіндірмесінде келтірілді. Біреулер Мекке алынған күні, өзгелері қоштасу қажылығында, тағы бір тобы екі жолы да кірген болуы мүмкін дейді. Бұл риуаят Мекке алынған күнгі оқиғаны бейнелесе керек. Алла елшісінің қоштасу қажылығына дейін Қағбада пұттардың тұруына көз жұма қарамасы анық.

2. Риуаяттар Қағбада 360 пұттың болғандығын айтады. Бұл пұттардың барлығын арабтардың баршасы тең дәрежеде қабылдай бермейтін. Баршаға ортақ пұттармен қатар, әр тайпаның тәу етіп, жоғары қоятын пұттары бар-тын. Құрайыш тайпасының ең үлкен пұты – Һубәл деп аталатын. Ол Қағбаның ішінде тұратын. Осы пұттардың арасында арабтардың аталары және Қағбаны тұрғызушы ретінде қабылданатын Ибраһим мен Исмаилдың де мүсін түрінде пұттары болатын. Ал олардың қолындағы жебелерге келер болсақ, арабтар оларды бір істі таңдарда немесе өзара келіпеушіліктерін шешерде жеребе тартуға қолданатын.

Хадис түсіндіруші ғалымдар бұған қатысты мынадай мәліметтерді келтірген: Ибн Жарир: «Жәһилият арабтары бір істі жасамас бұрын үш оқтың бірін тартып таңдау жасайтын. Олардың бірінде «жаса», екіншісінде «жасама» үшіншісінде «пайдасыз» деп жазылатын.

Фәрра былай дейді: «Біреуінде “Раббым маған бұйырды”, екіншісінде “Раббым тыйым салды”, үшіншісінде “Пайдасыз!” деп жазылатын». Бір адам қандай да бір істі жасағысы келсе бұл оқтардың бірін тартып алып, әмір еткен оқ шықса жасайтын, оны жасаудан қайтаратыны шықса жасаудан бас тартатын, ештеңе шықпаса қайтадан тартатын. Ибн Исхақ бұл оқтардың ең үлкен пұт Һубәлдің жанында тұрғанын, бір шешімге келе алмаған істерінде оның алдында жеребе тартып, жеребе нені көрсетсе соған бағынғандығын айтады. Бал оқтарына құстардың жүні тағылмайтын. Бұл оқтарға тек талас-тартысты мәселелерді шешетін кезде ғана жүгінген деп айта алмаймыз. Деректерде жеке істерде де адамдардың осындай бал оқтарына жүгінгені айтылған.

Сағид ибн Жубәйр бұл оқтардың ақ, шағыл тастар болғаны, ал Мужаһид жазулы тас болғанын айтады. Мужаһидтің риуаятында арабтардың сапарға, шайқасқа, саудаға шығарда осындай бал оқтарына жүгінгендігі айтылады. Бұл бал оқтарының Қағбада Һубәл пұтының алдындағы оқтардан өзгеше екендігі байқалады. Қағбадағы оқтарда «жаса» кейбіреуерінде сол мағынаға келетін «Раббым маған бұйырды» деп жазылған. Ибн Исхақтың риуаятында бұл оқтардың Һубәлдің жанында болғаны айтылса, біз тоқталып отырған Бұхаридың риуаятында әзірет Ибраһим мен әзірет Исмаилдың қасында да бал оқтарының болғандығы айтылған. Демек, бұл оқтар жүгінілетін мәселенің ерекшелігіне байланысты бірнеше түрлі болуы мүмкін. Әр риуаят осылардың әр қайсысын білдіруі кәдік. Ибн Хажар осы тақырыпқа қатысты риуаяттардан мынадай қорытынды шығарады: «Жәһилия арабтары үш түрлі бал оқтарын қолданатын.

1. Әр адамның өзі үшін үш дана оқ.

2. Қоғамдық мәселелерді шешу үшін жүгінілетін оқтар.

Бұлар Қағбада болатын. Сондай-ақ арабтардың көріпкелдері мен хакимдерінің қасынан да табылатын. Үстіне жазу жазылған бұндай оқтар жеті дана болатын. Мәселен «сізден», «бұған құн керек», «біріктірілген» дегендей жиі кезігетін істерге үкім беретіндей сөздер болатын.

3. Құмар оқтары. Бұлар он дана. Жетеуінде жазу бар, үшеуінде жоқ-тын. Бұлармен бір мәселенің шешімін табу үшін емес, құмар ойыны үшін қолданатын.

3. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әзірет Ибраһим мен әзірет Исмаилдың бұл оқтармен сәттілік іздемегенін олар да біледі» деген сөздерімен оқтарды бал ашу, құмар ойындары секілді діни тұрғыдан тыйым салынған жаман істерде қолдану мәселесінде аталған ұлы пайғамбарларға жала жабылғанын, олардың бұндай лас істерді бастамағандығын білдіреді. Жәһилия дәуірінде бұл оқтарды дәстүрге айналдырғанның кім екендігі жайлы деректер бар. Оқтармен сәттілік күту ісін алғаш бастаған адам Амр ибн Лухай. Алла елшісі бір хадисінде: «Жаһаннамда ішегін сүйретіп жүргенін көрдім» деп айтқан бұл адам әзірет Ибраһимнің дінімен жүрген араб қауымын пұтқа табынушылыққа түсірген.

  1. 1Бұхари, «Қажылық», 54, «Әнбия», 8, «Мағази», 48 (№4288). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 93 (№2027).
1410
Кутуб ситтә, № 1410 · тараудағы реті: 13

وَعَنِ الأَسْلَمِيَّةِ قَالَتْ: «قُلْتُ لِعُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَا قَالَ لَكَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ دَعَاكَ؟ قَالَ: قَالَ لِي: إِنِّي نَسِيتُ أَنْ آمُرَكَ أَنْ تُخَمِّرَ الْقَرْنَيْنِ فَإِنَّهُ لَيْسَ يَنْبَغِي أَنْ يَكُونَ فِي الْبَيْتِ شَيْءٌ يَشْغَلُ الْمُصَلِّي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «التَّخْمِيرُ» التَّغْطِيَةُ.

Қазақша аудармасы

Әсләмия былай дейді: «Османнан (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) сені шақырғанда не айтты?” – деп сұрадым. Ол Алла елшісінің: “Екі мүйізді бүркеп қой деп айтуды ұмытыппын. Қағба ішінде намаз оқып тұрған кісінің көңілін бөлетін ештеңе тұрмауы керек”, – дегенін айтты»1. «Тахмир» – бүркеу, жабу.

Түсіндірме

1. Бұл жердегі Осман – Қағбаның кілттерін ұстайтын Осман ибн Талха. №1408-хадиске қатысты түсіндірменің соңында оған қатысты мәлімет бердік.

2. Алла елшісі жабылуын тапсырған «екі мүйіз» Қағбаның ішінде сақталып келген әзірет Исмаилдың орнына шалынған қошқардың мүйізі. Бұл мүйіз Абдулла ибн Зубәйрдің дәуіріне дейін Қағбада тұрған. Язидтің әскері Мекені қоршауға алғанда, катапультадан атылған тастардан шыққан ұшқын Қағбаның жабуына тиіп, өрт шығып, осы кезде мүйіз де өртеніп кеткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 95, (2030).
1411
Кутуб ситтә, № 1411 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كُنْتُ أُحِبُّ أَنْ أَدْخُلَ الْبَيْتَ وَأُصَلِّيَ فِيهِ فَأَخَذَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بِيَدِي فَأَدْخَلَنِي فِي الْحِجْرِ فَقَالَ صَلِّي فِيهِ إِنْ أَرَدْتِ دُخُولَ الْبَيْتِ فَإِنَّمَا هُوَ قِطْعَةٌ مِنْهُ، وَأَنَّ قَوْمَكِ اقْتَصَرُوا حِينَ بَنَوْا الْكَعْبَةَ فَأَخْرَجُوهُ عَنِ الْبَيْتِ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Қағбаға кіріп, ішінде намаз оқығым келді. Алла елшісі (с.а.с.) қолымнан ұстап, мені Хижрға кіргізді. “Қағбаға кіргің келсе, осы жерде намаз оқы. Бұл да оның бір бөлігі. Қауымың Қағбаны қайта тұрғызғанда құрылысын қысқартып, осы бөлігін сыртта қалдырған”, – деді»1.

Түсіндірме

Харам мешітінің хижр бөлігі жайлы егжей-тегжейлі мәліметті №1386-хадисте бердік. Сол жерге қараңыз.

  1. 1Тирмизи, Хажж 48, (876); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 94, (2028); Нәсәи, Хажж 129, (5, 219), Муатта, Хажж 105, (1, 364).
1412
Кутуб ситтә, № 1412 · тараудағы реті: 15

وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِي: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ أَلَا أَدْخُلُ الْبَيْتَ؟ قَالَ: اُدْخُلِي الْحِجْرَ فَإِنَّهُ مِنَ الْبَيْتِ».

Қазақша аудармасы

Нәсәидің басқа нұсқасында Айша (р.а.): «“Уа, Алланың елшісі! Қағбаға кірсем бола ма?” – дедім. Ол: “Хижрға кір. Ол да Қағбаның бір бөлігі”, – деп жауап берді»1, – дейді.

  1. 1Нәсәи, Хажж 129.
1413
Кутуб ситтә, № 1413 · тараудағы реті: 16

وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا دَخَلَ الْكَعْبَةَ يَمْشِي قِبَلَ وَجْهِ حِينَ يَدْخُلُ وَيَجْعَلُ الْبَابَ قِبَلَ ظَهْرِهِ وَيَمْشِي حَتَّى يَكُونَ بَيْنَهُ وَبَيْنَ الْجِدَارِ الَّذِي قِبَلَ وَجْهِهِ قَرِيبًا مِنْ ثَلَاثَةِ أَذْرُعٍ فَيُصَلِّي، يَتَوَخَّى الْمَكَانَ الَّذِي أَخْبَرَهُ بِلَالٌ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَّى فِيهِ. قَالَ: وَلَيْسَ عَلَى أَحَدٍ بَأْسٌ أَنْ يُصَلّى فِي أَيِّ نَوَاحِي الْبَيَتِ شَاءَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «التّوَخِّي» الْقَصْدُ وَالِاعْتِمَادُ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) Қағбаға кіргенде есікті артта қалдырып, алға қарай жүретін. Қарсы қабырғаға үш шынтақтай қалғанда тоқтап, намаз оқитын. Ол Біләлдің Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқыды деп көрсеткен жерін көздейтін. “Қағбаның ішінде қалаған тұста намаз оқудың айыбы жоқ”, – деп те айтқан»1. «Тәуаххи» – көздеу, діттеу.

Түсіндірме

Хадис осы мәтінімен Бұхаридің «Қажылық» кітабының 52-бабында келтірілген. Басқа баптарда Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбада оқыған намазы мен оның орны туралы нұсқалар да бар. Хадистің түсіндірмесі №1408 хадисте берілді.

  1. 1Бұхари, Хажж 52, 51, Салат 30, 81, 96.