وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَبَى أَنْ يَدْخُلَ الْبَيْتَ وَفِيهِ الآلِهَةُ فَأَمَرَ بِهَا فَأُخْرِجَتْ وَأَخْرَجُوا صُورَةَ إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ عَلَيْهِمَا السَّلَامُ فِي أَيْدِيهِمَا الْأَزْلَامُ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَاتَلَهُمْ اللَّهُ أَمَا وَاللَّهِ لَقَدْ عَلِمُوا أَنَّهُمَا لَمْ يَسْتَقْسِمَا بِهَا قَطُّ. فَدَخَلَ الْبَيْتَ فَكَبَّرَ فِي نَوَاحِيهِ وَلَمْ يُصَلِّ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «الأَزْلَامُ» الْقِدَاحُ الَّتِي كَانُوا يَسْتَقْسِمُونَ بِهَا.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге келгенде, ішінде пұттар тұрған Қағбаға кіруден бас тартты. Пұттарды шығаруды бұйырды. Олармен бірге қолдарына бал ашатын жебелер ұстатқан Ибраһим мен Исмаилдың (а.с.) бейнелері де шығарылды. Алла елшісі: “Алла оларды жазаласын! Аллаға ант етейін, бұл екеуінің ол жебелермен ешқашан бал ашпағанын өздері де біледі”, – деді. Сосын Қағбаға кіріп, әр тұсында тәкбір айтты. Ішінде намаз оқыған жоқ»1. «Әзлам» – бал ашып, жеребе тартуға қолданылған жебелер.
Түсіндірме
1. Алла елшісінің (с.а.с.) Қағбаға қай кезде кіргені жөніндегі пікірлер алдыңғы риуаяттың түсіндірмесінде келтірілді. Біреулер Мекке алынған күні, өзгелері қоштасу қажылығында, тағы бір тобы екі жолы да кірген болуы мүмкін дейді. Бұл риуаят Мекке алынған күнгі оқиғаны бейнелесе керек. Алла елшісінің қоштасу қажылығына дейін Қағбада пұттардың тұруына көз жұма қарамасы анық.
2. Риуаяттар Қағбада 360 пұттың болғандығын айтады. Бұл пұттардың барлығын арабтардың баршасы тең дәрежеде қабылдай бермейтін. Баршаға ортақ пұттармен қатар, әр тайпаның тәу етіп, жоғары қоятын пұттары бар-тын. Құрайыш тайпасының ең үлкен пұты – Һубәл деп аталатын. Ол Қағбаның ішінде тұратын. Осы пұттардың арасында арабтардың аталары және Қағбаны тұрғызушы ретінде қабылданатын Ибраһим мен Исмаилдың де мүсін түрінде пұттары болатын. Ал олардың қолындағы жебелерге келер болсақ, арабтар оларды бір істі таңдарда немесе өзара келіпеушіліктерін шешерде жеребе тартуға қолданатын.
Хадис түсіндіруші ғалымдар бұған қатысты мынадай мәліметтерді келтірген: Ибн Жарир: «Жәһилият арабтары бір істі жасамас бұрын үш оқтың бірін тартып таңдау жасайтын. Олардың бірінде «жаса», екіншісінде «жасама» үшіншісінде «пайдасыз» деп жазылатын.
Фәрра былай дейді: «Біреуінде “Раббым маған бұйырды”, екіншісінде “Раббым тыйым салды”, үшіншісінде “Пайдасыз!” деп жазылатын». Бір адам қандай да бір істі жасағысы келсе бұл оқтардың бірін тартып алып, әмір еткен оқ шықса жасайтын, оны жасаудан қайтаратыны шықса жасаудан бас тартатын, ештеңе шықпаса қайтадан тартатын. Ибн Исхақ бұл оқтардың ең үлкен пұт Һубәлдің жанында тұрғанын, бір шешімге келе алмаған істерінде оның алдында жеребе тартып, жеребе нені көрсетсе соған бағынғандығын айтады. Бал оқтарына құстардың жүні тағылмайтын. Бұл оқтарға тек талас-тартысты мәселелерді шешетін кезде ғана жүгінген деп айта алмаймыз. Деректерде жеке істерде де адамдардың осындай бал оқтарына жүгінгені айтылған.
Сағид ибн Жубәйр бұл оқтардың ақ, шағыл тастар болғаны, ал Мужаһид жазулы тас болғанын айтады. Мужаһидтің риуаятында арабтардың сапарға, шайқасқа, саудаға шығарда осындай бал оқтарына жүгінгендігі айтылады. Бұл бал оқтарының Қағбада Һубәл пұтының алдындағы оқтардан өзгеше екендігі байқалады. Қағбадағы оқтарда «жаса» кейбіреуерінде сол мағынаға келетін «Раббым маған бұйырды» деп жазылған. Ибн Исхақтың риуаятында бұл оқтардың Һубәлдің жанында болғаны айтылса, біз тоқталып отырған Бұхаридың риуаятында әзірет Ибраһим мен әзірет Исмаилдың қасында да бал оқтарының болғандығы айтылған. Демек, бұл оқтар жүгінілетін мәселенің ерекшелігіне байланысты бірнеше түрлі болуы мүмкін. Әр риуаят осылардың әр қайсысын білдіруі кәдік. Ибн Хажар осы тақырыпқа қатысты риуаяттардан мынадай қорытынды шығарады: «Жәһилия арабтары үш түрлі бал оқтарын қолданатын.
1. Әр адамның өзі үшін үш дана оқ.
2. Қоғамдық мәселелерді шешу үшін жүгінілетін оқтар.
Бұлар Қағбада болатын. Сондай-ақ арабтардың көріпкелдері мен хакимдерінің қасынан да табылатын. Үстіне жазу жазылған бұндай оқтар жеті дана болатын. Мәселен «сізден», «бұған құн керек», «біріктірілген» дегендей жиі кезігетін істерге үкім беретіндей сөздер болатын.
3. Құмар оқтары. Бұлар он дана. Жетеуінде жазу бар, үшеуінде жоқ-тын. Бұлармен бір мәселенің шешімін табу үшін емес, құмар ойыны үшін қолданатын.
3. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әзірет Ибраһим мен әзірет Исмаилдың бұл оқтармен сәттілік іздемегенін олар да біледі» деген сөздерімен оқтарды бал ашу, құмар ойындары секілді діни тұрғыдан тыйым салынған жаман істерде қолдану мәселесінде аталған ұлы пайғамбарларға жала жабылғанын, олардың бұндай лас істерді бастамағандығын білдіреді. Жәһилия дәуірінде бұл оқтарды дәстүрге айналдырғанның кім екендігі жайлы деректер бар. Оқтармен сәттілік күту ісін алғаш бастаған адам Амр ибн Лухай. Алла елшісі бір хадисінде: «Жаһаннамда ішегін сүйретіп жүргенін көрдім» деп айтқан бұл адам әзірет Ибраһимнің дінімен жүрген араб қауымын пұтқа табынушылыққа түсірген.
- 1Бұхари, «Қажылық», 54, «Әнбия», 8, «Мағази», 48 (№4288). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 93 (№2027).