Хадис

Уақфалар және үкімдері (жалпы мәлімет)

Кутуб ситтә, 4-том, 169-тарау · 16 хадис · № 1414–1429

УАҚФАЛАР ЖӘНЕ ИФАДА

Хадистер

«Уақфа» сөзі «тұру» дегенді білдіреді. Арафаттағы уақфа – қажылықтың екі рүкіні саналатын парыздардың бірі. Екінші рүкін – зиярат тауабы. Тауапқа қатысты риуаяттар алдыңғы бөлімде, №1366–1413 хадистерде берілді.

Бұл бөлімде қажылықтағы екі уақфа туралы риуаяттар қарастырылады.

1. Арафаттағы уақфа. Бұл – қажылықтың рүкіні. «Уақфа» дегенде, әдетте, осы амал меңзеледі. Оны орындай алмаған кісінің қажылығы дұрыс болмайды, сондықтан кейін қажылықты қайта өтейді.

2. Мұздалифадағы уақфа. Бұл – уәжіп амал. Орындалмай қалса, кемшілік құрбан шалу арқылы өтеледі. Қажылықты келесі жылы қайта жасау талап етілмейді.

Арафаттағы уақфаның дұрыс орындалуының үш шарты бар:

а) Ихрам

ә) Уақфаны Арафаттың шекарасында жасау

б) Уақфаны зул-хижжаның тоғызыншы күні күн тас төбеден ауған сәттен оныншы күні таң атқанға дейінгі аралықта жасау.

• Осы аралықта Арафатта болған кісі уақфа жасаған болып есептеледі. Оған арнайы ниет ету немесе уақфа орнында екенін білу шарт емес. Ұйықтап жатқан немесе есінен танған кісіге де осы үкім жүреді.

• Арафа күні Арафатқа барған кісі күн батқанша сол жерде қалуға міндетті. Мұздалифадағы уақфаның шарттары: ихрамда болу, Арафаттағы уақфаны өтеу, Мұздалифа шекарасында тұру және белгіленген уақытты сақтау. Ханафи мәзһабында бұл уақыт зул-хижжаның оныншы күні таң атқаннан күн шыққанға дейін созылады. Арнайы ниет ету немесе уақфа орнында екенін білу шарт емес. Аталған уақытта Мұздалифа шекарасында аз да болса болғаны жеткілікті.

1414
Кутуб ситтә, № 1414 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَتْ قُرَيْشٌ وَمَنْ دَانَ دِينَهَا يَقِفُونَ بِالْمُزْدَلِفَةِ وَكَانُوا يُسَمُّونَ الْحُمْسَ، وَكَانَ سَائِرُ الْعَرَبِ يَقِفُونَ بِعَرَفَةَ: فَلَمَّا جَاءَ الْإِسْلَامُ أَمَرَ اللَّهُ تَعَالَى نَبِيَّهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يَأْتِي عَرَفَةَ فَيَقِفَ بِهَا ثُمَّ يَفِيضَ مِنْهَا وَذَلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَى: ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Жәһилият дәуірінде Құрайыш пен оның жолын ұстанғандар Мұздалифада уақфа жасайтын. Оларды хумс деп атайтын. Өзге арабтар Арафатта уақфа жасайтын. Ислам келген соң Алла Пайғамбарына (с.а.с.) Арафатқа барып, сонда уақфа жасауды, содан кейін сол жерден қайтуды бұйырды. Алланың ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ “Адамдар лек-легімен ағылған жерден сендер де ағылыңдар”1 деген сөзі осыны білдіреді»2.

Түсіндірме

1. Мұздалифа – қажылық рәсімдері өтетін маңызды мекендердің бірі. Арафат пен Минаның арасындағы тар алқап. Оны «Мұхассар аңғары мен Мағзамайн арасындағы жер» деп те сипаттайды.

Бұл аймақтың Муздалифа деп аталуының себебіне қатысты әртүрлі көзқарас бар. Кейбір ғалымдар жиналу деген мағынаны білдіретін «издилаф» деген сөзден шыққанын және «издилаф үшін иқтираб» яғни (бір-біріне жақындау) деп айтқандар да болған. Ол жер Аллаға жақындайтын жер. Кейбіреулер Арафатта тұрған қажылардың Минада бас қосуының себебінен осы ат берілгенін алға тартқан. Кейбіреулер әзірет Хауа мен әзірет Адамның сол жерде кездескен жері деген мағынада осы ат берілгенін айтқан. Адам мен Хауаның кездескен жері деген мағынада «жәмғ» деп те аталған. Хадистерде Муздалифаның жиі-жиі «жәмғ» деп аталғанын кездестіреміз.

Басқа бір көзқарас бойынша «зулфат» деген түбір сөз «қурбат» яғни жақындық деген мағынаны білдіреді. Қажылар бұл жерде харам аймағына жақындайтындықтан Муздалифа «жақындайтын жер» деп аталған. Өйткені бұл жер Харам мен Арафат арасындағы шекара аймақ.

Мынадай да көзқарас бар: «Әзірет Адам (а.с.) жәннаттан жер бетіне түскен кезде әзіреті Хауамен Арафатта кезіккенше жақындай алмайды. Сол жерде кездесіп, Муздалифада қосылады. Сол себептен ол жерді Муздалифа деп атаған».

Мұздалифа – Арафаттан қайтқан қажылар түнейтін, намаз оқып, дұға жасайтын мекен. Құранда аталған Мәшғарул-харам осы жерде. Арафаттағы уақфадан кейін Мұздалифада да уақфа жасау уәжіп. Қажылар ақшам мен құптан намаздарын осында қосып оқиды. Құрбан айттың алғашқы күні таң намазын да осында оқып, таң атқан соң Минаға беттейді. Мұхассар шатқалы Мұздалифа шекарасына кірмейтіндіктен, ондағы уақфа дұрыс саналмайды.

2. Мәшғарул-харам – Мұздалифа шекарасындағы Қуза тауында орналасқан төбенің атауы. Құранда فَإِذَا أَفَضْتُمْ مِنْ عَرَفَاتٍ فَاذْكُرُوا اللَّهَ عِنْدَ الْمَشْعَرِ الْحَرَامِ «Арафатта тұрғаннан кейін Мұздалифаға қарай ағылғандарыңда, Мәшғарул-харамда Алланы еске алыңдар»3 деп осы мүбәрак мекен аталады. Кейбір ғалымдар Жәмғ немесе Мұздалифа деп аталатын бүкіл өңірді Мәшғарул-харам дейді. Қуза төбесінде «Миқада» деп аталатын цилиндр пішінді белгі бар. Әуелде белгі беру үшін ошаққа от жағылған. Һарун Рашид тұсында үлкен майшамдар, кейін ірі шырақтар қолданылған. Кейін бұл жерге ғимарат салынып, белгі беретін шырақтардың орнын электр шамдары басты.

Қажылар Минадағы жамраларға лақтыратын ұсақ тастарды Мұздалифадан жинайды.

3. Мина – қажылықтың бірқатар маңызды рәсімі өтетін мекен. Мұздалифа мен Меккенің арасында, Харам аймағында орналасқан. Қажылар Мұздалифадағы уақфадан кейін құрбан айттың алғашқы күні таң намазын оқып, Минаға келеді. Мұнда құрбан шалып, шаш алдырады және ихрамнан шығады. Жамраларға тасты да осында лақтырады. Осы рәсімдердің кейбірі белгілі шарттарда уәжіп саналады. Минаның қажылықтағы орны осыдан көрінеді.

Бір түсіндірмеге сай, осы жерде құрбандықтың қаны ағатындықтан ол Мина аталған. Исмаилдың (а.с.) орнына берілген қошқар да осы жерде шалынған деседі. «Мина» сөзі қан ағызу мағынасында түсіндіріледі. Сондай-ақ осы түбірден тараған «тәмәнни» сөзі тілек тілеуді білдіреді. Адам ата жәннатты осы жерде тілегендіктен, мекен осылай аталған деген пікір де бар. Тәруия күнінен Арафа күніне қараған түн мен айт түндерін Минада өткізу – сүннет.

  1. 1«Бақара» сүресі, 199-аяттың басы.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, «Бақара» 35, Қажылық, 91; Мүслим, Хажж 152, (1219); Тирмизи, Хажж 53, (884); Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 58, (1910); Нәсәи, Хажж 202 (5, 255).
  3. 3«Бақара» сүресі, 198-аяттың үзіндісі.
1415
Кутуб ситтә, № 1415 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «قَالَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا الحُمْسُ: هُمُ الَّذِينَ أَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى فِيهِمْ: ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ: قَالَتْ: وَكَانَ النَّاسُ يُفِيضُونَ مِنْ عَرَفَاتَ، وَالحُمْسُ مِنْ مُزْدَلِفَةَ، يَقُولُونَ لَا نُفِيضُ إِلَّا مِنَ الْحَرَمِ. فَلَمَّا نَزَلَتْ: ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ رَجَعُوا إِلَى عَرَفَاتَ».

Қазақша аудармасы

Басқа бір риуаятта Айша (р.а.) былай дейді: «Хумс деп Алланың ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ “Адамдар лек-легімен ағылған жерден сендер де ағылыңдар”1 деген аяты өздеріне қатысты түскен жұртты атайды. Өзге қажылар Арафаттан қайтатын, хумс болса Мұздалифадан қайтатын. Олар: “Біз Харам аймағынан ғана қайтамыз”, – дейтін. Осы аят түскен соң олар да уақфа жасауға Арафатқа шықты».

  1. 1«Бақара» сүресі, 199-аяттың басы.
1416
Кутуб ситтә, № 1416 · тараудағы реті: 3

وَذَكَرَ رَزِينُ رِوَايَةً. قَالَ: «كَانَتْ قُرَيْشٌ وَمَنْ دَانَ دِينَهَا وَهُمُ الْحُمْسُ يَقِفُونَ بِالْمُزْدَلِفَةِ وَيَقُولُونَ نَحْنُ قَطِينُ اللَّهِ تَعَالَى: أَىْ جِيرَانُ بَيْتِ اللَّهِ تَعَالَى، فَلَا نَخْرُجُ مِنْ حَرَمِهِ، وَكَانَ يَدْفَعُ بِالْعَرْبِ أَبُو سَيَّارَةَ عَلَى حِمَارٍ عَرَبِيٍّ مِنْ عَرَفَةَ». «الْحُمْسُ» قُرَيْشٌ، سُمِّيتْ بِذَلِكَ لِشَجَاعَتِهَا وَشِدَّتِهَا.

Қазақша аудармасы

Рәзин келтірген риуаятта былай делінеді: «Құрайыш пен оның жолын ұстанғандар хумс деп аталатын. Олар Мұздалифада уақфа жасап: “Біз Алланың үйінің көршілеріміз, сондықтан Оның Харам аймағынан шықпаймыз”, – дейтін. Арабтарды Арафаттан Әбу Сайяра бастайтын. Ол араб есегіне мініп жүретін». «Хумс» – Құрайыштың батылдығы мен табандылығына орай берілген атау.

Түсіндірме

Үш риуаят та бір жайтты баяндайды. Жәһилият дәуірінде Құрайыш пен оларға ілескендер өзге араб тайпаларынан өзгеше амал жасап, Арафатқа бармай, Мұздалифадағы уақфамен шектелген. Өздерін хумс деп атаған. Ислам келгенде бұл ерекшелік жойылып, Арафаттағы уақфа барша қажыға парыз болды.

Сондықтан бұл жерде анық көрсетілетін бірнеше мәселе бар:

1. «Хумс» – «ахмас» сөзінің көпше түрі. «Ахмас» қатты жерді білдіреді. Мұнда дін жолында бекем болу мағынасы да бар. Құрайыштықтар өздерін дінге өзгелерден беріктірек санағандықтан, осы атауды иемденген.

Мүжәһид: «Хумс – Құрайыш және оның жолын ұстанған Әус, Хазраж, Хузаға, Сақиф, Ғатафан, Бәни Амир, Бәни Сағсаға мен Бәни Кинана тайпалары», – дейді.

Араб тілінде «хумс» қатаңдықты білдіреді. Құрайыштықтар өздеріне қатаң талап қойғандықтан осылай аталған. Қажылық не умра үшін ихрамға кіргенде ет жемейтін, жүн мен қылдан тоқылған шатырға отырмайтын. Меккеге келгенде үстіндегі киімдерін тастайтын.

Ибн Исхақтың айтуынша, Құрайыш бұл тәртіпті Піл оқиғасына дейін немесе одан кейін, сол оқиғаның тұсында енгізген.

Құрайыштың Арафаттағы уақфа мен одан қайтуды тәрк етуі де хумс дәстүрінен туған. Аят пен риуаяттар өздерін хумс деп атап, Арафатқа шықпағандарға барша жұртпен бір жерден қайтуды бұйырады. Жұрт уақфадан кейін Мұздалифаға Арафаттан аттанған. Екінші риуаятта Айша осы аят түскен соң Құрайыш пен оған ергендердің де уақфа үшін Арафатқа шыққанын айтады.

2. «Ифада» сөзі тілде судың тасып ағуын білдіреді. Арафаттағы және Мұздалифадағы уақфалар аяқталғанда мыңдаған қажының бір мезгілде ағылып шығуын ифада деп атайды.

3. Үшінші риуаяттағы «қатин» сөзі үйдің тұрғынын білдіреді. «Қатинуллаһ» деп меккеліктер өздерін Алланың үйінің байырғы тұрғындары, яғни Қағбаның көршілері санаған. Бұл атау олардың жәһилият дәуірінде өздерін өзге арабтардан жоғары қойғанын аңғартады. «Біз Алланың Харам аймағынан шықпаймыз» деген сөзі Арафатты Харам шекарасынан тыс деп санағанын көрсетеді.

Рәзин қосқан үшінші хабар Тирмизиде де осы мағынада келген. Алайда Әбу Сайяра туралы соңғы мәлімет Тирмизиде жоқ, Мүслимде бар. Мәйдәнидің айтуынша, Әбу Сайяра қырық жыл бойы жайдақ есегіне мініп, Арафаттан Мұздалифаға беттеген қажыларды бастап жүрген. Уақфа аяқталғанда бірінші болып аттанып, жұртқа жол бастаған. Есегінің қырық жыл бойы осы қызметке жарағанына жұрт таңданған. Содан бері «Әбу Сайяраның есегінен де төзімді» деген теңеу айтылған. Мәйдәни Әбу Сайяраның беделді адам болғанын және кісі құнын жүз түйе етіп белгілеген алғашқы адам екенін де жазады.

4. Арафат – қажылықтың басты рүкіндерінің бірі орындалатын мекен. Ол Меккеден он екі мильдей жерде, айналасындағы таулардан биіктеу орналасқан. Қажылар Арафа күні осында уақфа жасайды. Зул-хижжаның сегізі – қажылардың Меккеден аттанатын тәруия, яғни шөл қандыратын күні. Тоғызы – Арафатта уақфа жасайтын Арафа күні.

«Арафат» – «Арафа» сөзінің көпше түрі. Бұл атаудың тауға қалай берілгені туралы пікірлер әртүрлі:

• Бір топ ғалым оны «тану» мағынасындағы «мағрифат» сөзімен байланыстырады.

• Енді біреулері «мойындау» мағынасындағы «иғтираф» сөзінен таратады.

• Тағы бір топ ғалым оны «хош иіс» мағынасындағы «арф» сөзінен шығарады.

Алайда бұл көзқарастардың әрқайсысы Арафат тауының ерекшелігін, маңызын білдіру тұрғысынан айтылған сипаттарды қуаттайды. Олар мынадай:

• Адам ата мен Хауа ана жұмақтан шығарылған соң осы жерде қауышқан.

• Әзірет Ибраһим (а.с.) бұл жерді көргенде бұрыннан өзіне сипатталған жер екендігін бірден таныған.

• Әзірет Ибраһим Жәбірейлдің үйретуімен қажылық рәсімдерімен ең алғаш осы жерде танысады.

• Әзірет Исмаил анасынан біраз уақыт жырақта қалған соң осы жерде қауышады.

• Қажылар бұл жерге лек-легімен келіп, кездесіп, танысады.

• Қажылар бұл жерде уақфа жасау арқылы Алла тағаланың құдіреті мен айбынын танып, өзінің әлсіздігі мен кемшілігін мойындайды.

• Қажылар бұл жерде қабыл болған тәубелері, истиғфар мен дұғаларының нәтижесінде өткен күнәларынан арылып, жәннатқа лайық руханиятқа ие болады.

Осылайша рахымы мол Алланың, құлдарына мейірімділігімен осындай сипаттарға ие мүбарак аймақтың Арафат деп аталуы – жоғарыдағы мағыналардың барлығына ие болуынан. Арафа күні осы таудың күні деген сөз. Бұл күнді йәуму иәси (кәпірлер үміт үзетін күн) йәуми икмалид-дин (діннің кемелденген күні) йәуми ридуан (Алла разы болған күн) деп те атайды.

1417
Кутуб ситтә, № 1417 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жубәйр ибн Мутғим (р.а.)

وَعَنْ جُبَيْرِ بْنِ مُطْعِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَضْلَلْتُ بَعِيرًا لِي فَذَهَبْتُ أَطْلُبُهُ يَوْمَ عَرَفَةَ فَرَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَاقِفًا مَعَ النَّاسِ بِعَرَفَةَ فَقُلْتُ هَذَا وَاللَّهِ مِنَ الْحُمْسِ فَمَا شَأْنُهُ هَهُنَا؟ وَكَانَتْ قُرَيْشٌ تُعَدُّ مِنَ الْحُمْسِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Жубәйр ибн Мутғим (р.а.) былай дейді: «Түйем жоғалып, Арафа күні оны іздеуге шықтым. Арафатта Алла елшісінің (с.а.с.) жұртпен бірге уақфа жасап тұрғанын көріп: “Аллаға ант етейін, хумстың бір адамы мұнда не істеп жүр?” – дедім». Құрайыш хумсқа жататын1.

Түсіндірме

1. Жубәйр ибн Мутғим (р.а.) Алла елшісін (с.а.с.) Арафатта көргенде таңғалды. Алдыңғы риуаятта айтылғандай, меккеліктер мен оларға ерген бірқатар тайпа өздерін Харамның байырғы тұрғындары санап, өзге қажылардан жоғары қойған. Бұл ерекшелігін Харам шекарасынан шықпау арқылы көрсеткен.

Құрайыштан шыққан Жубәйр ибн Мутғим Алла елшісінің (с.а.с.) өзге жұртпен бірге Арафатта уақфа жасап тұрғанына қайран қалып: «Аллаға ант етейін, хумстың адамы мұнда не істеп жүр?» – деді.

2. «Құрайыш хумсқа жататын» деген соңғы сөйлем Бұхаридегі нұсқада жоқ. Хадис ғалымдары оны Жубәйрдің сөзінен кейін рауи Суфиян қосқан дейді.

3. Кей ғалым бұл оқиғаны Исламға дейінгі дәуірге жатқызады. Басқа риуаяттарға сүйенсек, елшілік міндет жүктелмей тұрып-ақ Пайғамбар хумстың дәстүріне ермей, Арафатқа уақфаға шыққан. Жубәйр осыған таңғалған. Оның бір нұсқасы: «Мұсылман болған соң Алланың бұл істе Пайғамбарына ақиқатты көрсеткенін түсіндім», – деп аяқталады. Жубәйр оны пайғамбарлықтан кейін көрген болуы мүмкін деген пікір де бар. Кирмани былай дейді: «Алла елшісінің Арафаттағы уақфасы һижраның оныншы жылы болды. Жубәйр ол кезде мұсылман еді, өйткені Мекке алынған күні иман келтірген. Егер ол бұл істі құптамай сұраса, ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ “Адамдар лек-легімен ағылған жерден сендер де ағылыңдар” деген аятты естімеген болуы мүмкін. Ал хумстың салтынан ауытқудың сырын білгісі келсе, сұрағы түсінікті. Алла елшісінің һижрадан бұрын да уақфа жасауы ықтимал».

Ибн Хажар бұл соңғы ықтималдылықтың ақылға қонымды екендігін айтып, бірқатар дәлелдер ұсынады.

  1. 1Бұхари, Хажж 91; Мүслим, Хажж 153, (1220); Нәсәи, Хажж 202, (5, 255).
1418
Кутуб ситтә, № 1418 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ صَفْوَانَ عَنْ يَزِيدِ بْنِ شَيْبَانِ الْأَزْدِي رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَانَا ابْنُ مِرْبَعٍ الْأَنْصَارِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَنَحْنُ وُقُوفٌ بِالْمَوْقِفِ مَكَانًا يُبَاعِدُهُ عَمْرٌو عَنِ الإِمَامِ. فَقَالَ: إِنِّي رَسُولُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَيْكُمْ، يَقُولُ: كُونُوا عَلَى مَشَاعِرِكُمْ فَإِنَّكُمْ عَلَى إِرْثٍ مِنْ إِرْثِ أَبِيكُمْ إِبْرَاهِيمَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. «الْمَشَاعِرُ» جَمْعُ مَشْعَرٍ، وَهُوَ الْمَعْلَمُ، وَالمُرَادُ بِهَا مَعَالِمُ الْحَجِّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Абдулла ибн Сафуан Язид ибн Шәйбан әл-Әздидің (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Біз Арафатта, Амрдың айтуынша, имамнан шалғай жерде уақфа жасап тұрған едік. Ибн Мирбағ әл-Ансари келіп: “Мені сендерге Алла елшісі (с.а.с.) жіберді. Ол: ‘Қажылық рәсімі өтетін орындарыңда тұра беріңдер. Өйткені сендер аталарың Ибраһимнен қалған мұраны жалғастырып жүрсіңдер’, – деді”, – деп хабарлады»1.

Түсіндірме

1. Қосымша түсіндірме сөздер хадистің басқа нұсқаларынан алынды.

2. Мәтінде аталған Амр – осы хабарды жеткізген Амр ибн Абдулла ибн Сафуан. Ол оқиғаны баяндағанда өзін үшінші жақта атаған.

3. «Имам» деп қажылықты басқарушы аталады. Бұл риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) меңзелген. Амр уақфа жасаған тұстың имамнан шалғай екенін білдірген.

4. «Машағир» – «машғар» сөзінің көпше түрі. «Машғар» белгіленген мекенді білдіреді. Машағир деп қажылық рәсімдері өтетін орындарды, ал бұл хадисте уақфа жасайтын жерлерді айтады. Алла елшісінің нұсқауы ежелден уақфа орны саналған аймақтың сол қалпында қалғанын білдіреді. Қажылықтың кей рәсімі өзгергенімен, бұл жердің орны өзгермеген. «Аталарың Ибраһимнен қалған мұраны жалғастырып жүрсіңдер» деген сөз осыны қуаттайды. Пайғамбар өзінен алыс тұрғандардың уақфа шекарасынан шығып кеттік пе деген күдігін сейілткен. Имамға жақын не шалғай болсын, ежелден уақфа жасалған орындар Ибраһимнен қалған.

  1. 1Тирмизи, Хажж 53, (883); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 63, (1919); Нәсәи, Хажж 202, (5, 255); ибн Мәжа, Мәнәсик 55, (3011).
1419
Кутуб ситтә, № 1419 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ نُبَيْطِ بْنِ شَرِيطٍ الْأَشْجَعِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمَ عَرَفَةَ وَاقِفًا عَلَى جَمَلٍ أَحْمَرَ يَخْطُبُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي. وَزَادَ: بَعْدَ الصَّلَاةِ.

Қазақша аудармасы

Нубәйт ибн Шәрит әл-Әшжағи (р.а.): «Арафа күні Алла елшісінің (с.а.с.) қызыл түйе үстінде құтба айтып тұрғанын көрдім», – дейді. Нәсәи нұсқасында құтбаның намаздан кейін айтылғаны көрсетілген1.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 62, (1916); Нәсәи, Хажж 199 (5, 253).
1420
Кутуб ситтә, № 1420 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ العَدَّاءِ بْنِ خَالِدِ بْنِ هَوْذَةَ الْعَامِرِي رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَخْطُبُ النَّاسَ يَوْمَ عَرَفَةَ عَلَى بَعِيرٍ قَائِمًا فِي الرِّكَابَيْنِ».

Қазақша аудармасы

Әл-Адда ибн Халид ибн Хауза әл-Амири (р.а.): «Арафа күні Алла елшісінің (с.а.с.) түйе үстінде аяғын үзеңгіге тіреп, түрегеп тұрып жұртқа құтба айтқанын көрдім», – дейді1.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 62, (1917).
1421
Кутуб ситтә, № 1421 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ زَيْدِ بْنِ أَسْلَمَ عَنْ رَجُلٍ مِنْ بَنِي ضَمُرَةَ عَنْ أَبِيهِ أَوْ عَمِّهِ قَالَ: «رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ عَلَى الْمِنْبَرِ بِعَرَفَةَ»

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм Бәни Дамурадан шыққан бір кісі арқылы оның әкесі не көкесінің: «Алла елшісін (с.а.с.) Арафатта мінбер үстінде көрдім», – деген сөзін жеткізеді.1

Түсіндірме

Соңғы үш риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) Арафатта қоштасу құтбасын айтқанын баяндайды. Арафатта құтба айту – қажылықтың сүннеттерінің бірі. Соңғы хабарда мінбер аталғанымен, хадис түсіндірмелерінде ол кезде Арафатта мінбер болмағаны айтылады. Алдыңғы риуаяттар Алла елшісінің құтбаны түйе үстінде айтқанын көрсетеді. Мұны қуаттайтын өзге хабарлар да бар. «Мінбер» сөзімен түйе астарлап айтылуы немесе рауи осы тұста жаңылуы мүмкін.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 62, (1915).
1422
Кутуб ситтә, № 1422 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «غَدَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ مِنىً حِينَ صَلّى الصُّبْحَ صَبِيحَةَ يَوْمِ عَرَفَةَ حَتَّى أَتَى عَرَفَةَ فَنَزَلَ بِنَمِرَةَ وَهُوَ مَنْزِلُ الْأَمُرَاءِ الَّذِي تَنْزِلُ فِيهِ بِعَرَفَةَ حَتَّى إِذَا كَانَ بَعْدَ صَلَاةِ الظُّهْرِ رَاحَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مُهَجِّرًا فَجَمَعَ بَيْنَ الظُّهْرِ وَالْعَصْرِ ثُمَّ خَطَبَ النَّاسَ ثُمَّ رَاحَ فَوَقَفَ عَلَى الْمَوْقِفِ مِنْ عَرَفَةَ». أَخْرَجَ هَذِهِ الْأَحَادِيثَ الثَّلَاثَةَ أَبُو دَاوُدَ. «التَّهْجِيرُ» هُنَا السَّيرُ عَنْ الهَاجِرَة، وَهِيَ شِدَّةُ الْحَرِّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң Минадан шығып, Арафатқа жетті. Арафатқа келген басшылар аялдайтын Намираға тоқтады. Бесін уақыты кіргенде Намирадан күннің ыстығында жүріп кетті. Бесін мен екінті намазын қосып оқыды, содан соң жұртқа құтба айтты. Кейін Арафаттағы уақфа орнына барып тұрды»1. «Тәһжир» бұл жерде аптап ыстықта жолға шығуды білдіреді.

Түсіндірме

1. Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) Арафа күні уақфаға қалай барғанын баяндайды:

1) Зул-хижжаның сегізінен тоғызына қараған түнді Минада өткізіп, таң намазын сонда оқыған. Содан кейін Арафатқа барып, имамдар аялдайтын жерге тоқтаған. Хадис түсіндірушілер бұл жерді Әрак деп атайды. Жәбирдің Мүслимде келген ұзақ риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) Минадан күн шыққан соң аттанған.2

2) Түс болған соң күннің қызуы қайтқанын күтпей аттанған. Жәбирдің хадисінде Урана аңғарына барып, сол жерде бесін және екінті намаздарын біріктіріп оқығандығы айтылады. Урана аңғары Арафатқа жатпайды. Хадисте айтылған «мухажжир» сөзі – түскі ыстықта жүрген адам дегенді білдіреді.

3) Намаздан кейін қажыларға құтба айтады.

4) Құтбадан кейін уақфа орнында қажылықтың парыз уақфасын(бір мезет тұру) жасаған. Жәбир хадисінде алдымен құтба айтып, кейін бесін мен екінті намаздарын біріктіріп оқығандығы айтылады.

2. Нәмира Харамның сыртында Арафатқа жақын, Арафат пен Харамның арасындағы бір таудың аты. Харам аймағын бөліп тұрған белгі сол жерде. Бұл риуаят Алла елшісінің қоштасу қажылығында Минадан жолға аттанғанда алдымен осы жерге аялдағанын білдіреді. Қажылық кезінде Алла елшісі аялдаған жерге аялдау мұстахаб. Бұл жер Арафатқа бара жатқан жолаушының оң жағында, таудың түбіне қарай кеткен жартастың жаны.

3. Уақфа – тұру деген сөз. Арафатта уақфа жасау – біз тоқталып отырған риуаятта да көрініп тұрғанындай арафа күні, яғни, Зул-хижжаның тоғызында түстен бастап, Арафат шекарасының ішінде болу деген мағынаны білдіреді. Уақфа уақыты ертеңгі күннің таңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында Арафатта үздіксіз болу міндет емес. Осы белгіленген уақыттың бір кезінде Арафатта болу жеткілікті. Түс кезінен бастап, кеш батқанша болу сүннет. Ақшам намазының уақыты кірген соң жолға шығып, ақшам мен құптан намаздарын біріктіріп Муздалифа аумағында оқыған жөн.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 60, (1913).
  2. 2Мүслим, «Қажылық», 147 (№1218).
1423
Кутуб ситтә, № 1423 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يُصَلِّي الظُّهْرَ وَالْعَصْرَ وَالْمَغْرِبَ وَالْعِشَاءَ وَالصُّبْحَ بِمَنىً ثُمَّ يَغْدُو إِذَا طَلَعَتْ الشَّمْسُ إِلَى عَرَفَةَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ: «Ибн Омар (р.а.) бесін, екінті, ақшам, құптан және таң намазын Минада оқитын. Күн шыққан соң Арафатқа беттейтін», – дейді1.

Түсіндірме

Бұл намаздардың алғашқы төртеуі тәруия күніне тиесілі. Абдулла ибн Омар (р.а.) зул-хижжаның сегізі күні күн шыққан соң, бесінге дейін Минаға жететіндей етіп, Меккеден ихраммен жолға шығатын. Минада бесін, екінті, ақшам және құптан намазын оқып, түнейтін. Ертеңіне, Арафа күні, таң намазынан кейін Арафатқа аттанатын. Келесі хадисте айтылғандай, бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті.

  1. 1Муатта, Хажж 195, (1, 400).
1424
Кутуб ситтә, № 1424 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمِنىً الظُّهْرَ وَالْعَصْرَ وَالْمَغْرِبَ وَالْعِشَاءَ وَالْفَجْرَ، ثُمَّ غَدَا إِلَى عَرَفَاتَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Минада бізге бесін, екінті, ақшам, құптан және таң намаздарын оқытты. Содан кейін Арафатқа аттанды»1.

  1. 1Тирмизи, «Қажылық», 50 (№879).
1425
Кутуб ситтә, № 1425 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ أَبِي دَاوُدَ: «صَلَّى الظُّهْرَ يَوْمَ التَّرْوِيَةِ وَالْفَجْرَ يَوْمَ عَرَفَةَ بِمنىً».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің нұсқасында Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) тәруия күні бесін намазын, Арафа күні таң намазын Минада оқытты», – дейді.1

  1. 1Тирмизи, «Қажылық», 57 (№891). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 69 (№1950). Нәсәи, «Қажылық», 211 (№3039–3043). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 57 (№3016).
1426
Кутуб ситтә, № 1426 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ عُرْوَةَ بْنِ مُضَرِّسٍ الطَّائِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمُزْدَلِفَةِ حِينَ أَقَامَ الصَّلَاةَ. فَقُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنِّي جِئْتُ مِنْ جَبَلَى طَيِّئٍ أَكْلَلْتُ رَاحِلَتِي وَأَتْعَبْتُ نَفْسِي، وَاللَّهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ مَا تَرَكْتُ مِنْ جَبَلٍ إِلَّا وَقَفْتُ عَلَيْهِ فَهَلْ لِي مِنْ حَجٍّ؟ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ صَلّى مَعَنَا صَلَاتَنَا هَذِهِ هَاهُنَا ثُمَّ أَقَامَ مَعَنَا وَقَدْ وَقَفَ قِبْلَ ذَلِكَ بِعَرَفَةَ لَيْلًا أَوْ نَهَارًا فَقَدْ تَمَّ حَجُّهُ وَقَضَى تَفَثَهُ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Уруа ибн Мударрис әт-Таи (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мұздалифада намазға тұрған кезде келіп: “Уа, Алланың елшісі! Тай тайпасының қос тауынан келдім. Өзім де, мініс көлігім де қалжырадық. Аллаға ант етейін, жолдағы әр тауда аялдадым. Қажылығым есепке алына ма?” – деп сұрадым. Алла елшісі: “Кім осы намазды бізбен бірге оқып, осында бізбен бірге тұрса және бұған дейін Арафатта түнде не күндіз уақфа жасаған болса, қажылығын толық өтеген және ихрамнан шығуға қатысты амалдарын орындаған болып есептеледі”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Риуаяттағы «Тай таулары» тіркесі түпнұсқада «Тай тайпасының қос тауы» деп берілген. Бірі – Сәлма, екіншісі – Әжа.

2. Кейбір риуаяттарда Муздалифа орнына «жәмғ» делінеді. «Жәмғ» дегенде Муздалифа көзделеді.

3. «Осы намазды бізбен бірге оқыса» дегені – Мұздалифадағы таң намазы. Хадистің сыртқы мағынасына сүйенген Алқама, Шағби, Нәхәи, Әбу Абдуррахман, Шафиғи, Ибн Хузайма және Ибн Жәрир әт-Табари Мұздалифадағы уақфадан қалған кісі сол жылғы қажылығынан қалып, ихрамын умраға ауыстырады деген. Олар فَاذْكُرُوا اللَّهَ عِنْدَ الْمَشْعَرِ الْحَرَامِ «Мәшғарул-харамда Алланы еске алыңдар»2 деген аятты да дәлел етіп, мұндағы әмірді орындау міндетті деп түсінген. Ал ғалымдардың көпшілігі, соның ішінде Әбу Ханифа, Мұздалифада түней алмай, ондағы уақфадан қалған кісі бұл кемшілікті құрбандық шалып өтейді деген.

4. Ахмад ибн Ханбал хадистегі «түнде не күндіз» сөздеріне сүйеніп, уақфа күн тас төбеден ауған соң басталады деген шартты қабылдамаған. Оның пікірінше, Арафа күні таң атқаннан айт күні таң атқанға дейін Арафатта аз да болса болған кісі уақфаны орындаған болып саналады. Имам Мәликтің ізбасарлары уақфада күндізді түнге бағынышты деп қараған. Олардың пікірінше, Арафа күні күн батқанша Арафатта болмаған кісі сол жылғы қажылығынан қалып, оны келесі жылы қайта өтейді. Көпшілік ғалым Алла елшісі (с.а.с.) мен әділетті халифалардың ісіне сүйеніп, «күндіз» дегенді «күн ауған соң» деп түсінген. Олардың бәрі түстен кейін уақфа жасаған. Осы пікір бойынша, Арафатта түске дейін ғана болу уақфаға есептелмейді.

5. Уақфа жасаған кісінің қажылығын толық өтегені туралы сөзді түсіндіру қажет. Өйткені қажылық рәсімдерінің бәрі сол сәтте аяқталмайды.

Хаттаби: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзімен қажылықтың негізгі бөлігі аяқталғанын білдірген», – дейді. Мұндағы негізгі бөлік – уақытпен шектелген уақфалар. Уақыты өтіп кетсе, оларды сол жылы орындау мүмкін болмайды. Екінші рүкін – зиярат тауабында ондай қауіп жоқ. Пайғамбар الْحَجُّ عَرَفَةٌ «Қажылық – Арафат» дегенде, қажылықтың негізгі бөлігі Арафаттағы уақфа екенін меңзеген.

6. Соңғы сөйлемдегі «тәфәс» сөзі тілде кір-қоқысты білдіреді. Алла елшісі (с.а.с.) онымен ихрамнан шығарда орындалатын амалдарды меңзеген. Шаш пен дене түгін алу, құрбан шалу, жамраларға тас лақтыру осы амалдарға жатады.

7. Арафа күні күн батқанша Арафатқа бармаған адамға қатысты жоғарыда айтылғандай мәликилер «қажылықты қайта орындау керек» десе, Хасан Басри «Қажылығы толық. Тек құрбандық шалады» деген. Фиқыһ ғалымдарының басым көпшілігі: «Арафа күні күн батпай тұрып, Арафаттан кеткен адамның қажылығы толық. Тек құрбандық шалуы қажет» деп үкім берген. Ата, Сәури, Әбу Ханифа мен ізбасарлары, Имам Шәфиғи мен Ахмад ибн Ханбал осындай көзқараста. Имам Мәлик пен Имам Шәфиғи: «Арафаттан күн батпай тұрып кетіп, қайтадан оралса, ештеңе істеу талап етілмейді» – деген. Әбу Ханифа мен оның ізбасарлары: «Күн батқан соң оралып, уақфа жасаса да одан құрбандық түспейді» – деген.

  1. 1Тирмизи, Хажж, 57, (891); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 69, (1950); Нәсәи, Хажж, 211, (5, 263); ибн Мәжа, Мәнәсик, 57, (3016).
  2. 2«Бақара» сүресі, 198-аяттың үзіндісі.
1427
Кутуб ситтә, № 1427 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ يَعْمُرَ الدِّيلِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَمَرَ مُنَادِيَهُ وَهُوَ بِعَرَفَةَ أَنْ يُنَادِيَ: الْحَجُّ عَرَفَةُ، مَنْ جَاءَ لَيْلَةَ جَمْعٍ قَبْلَ طُلُوعِ الْفَجْرِ فَقَدْ أَدْرَكَ الْحَجَّ. أَيَّامُ مِنًى ثَلَاثَةُ أَيَّامٍ: فَمَنْ تَعَجَّلَ فِي يَوْمَيْنِ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ وَمَنْ تَأَخَّرَ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Яғмур әд-Дили (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Арафатта жаршысына халыққа мынаны хабарлауды бұйырды: “Қажылық – Арафат. Кім Жәмғ түнінде таң атқанға дейін Арафаттағы уақфаға үлгерсе, қажылыққа үлгергені. Мина күндері – үш күн. فَمَنْ تَعَجَّلَ فِي يَوْمَيْنِ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ وَمَنْ تَأَخَّرَ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ ‘Кімде-кім асығыс болып екі күн ішінде қайтып кетсе, күнә арқаламайды. Ал кім қалып тыйым салынған істерден сақтанса, ол да күнә арқаламайды’”»1.

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) «Қажылық – Арафат» деген сөзі алдыңғы хадисте түсіндірілді.

2. «Жәмғ түнінде таң атқанға дейін уақфаға үлгерсе» деген сөз уақфаның уақытын белгілейді. Оның мерзімі Арафа күні күн батқанда бітпейді әрі айт күні таң атқан соң күн шыққанша созылмайды. Арафа күнінен айт күні таң атқанға дейін Арафатқа жеткен кісі уақфасын орындаған болады. Автор осы жерде уақфаға үлгерген, бірақ оған дейін жыныстық қатынаста болған кісінің қажылығы бұзыла ма деп алаңдамауына болатынын айтады. Қалған рәсімдер мұндай тар уақытпен шектелмейді, жіберіп алғандарының орнын өтеммен толтыруға болады. Сол себепті қажылықты қайта орындау талап етілмейді.

Уақфадан қандай да бір себеппен қалып қойған кісі қажылығын келесі жылы қайта өтейді. Оған дейін ихрамда қалмайды. Қажылығын умраға ауыстырып, ихрамнан шығуы уәжіп. Ғалымдар ихрамды келесі жылға дейін созудың харам екеніне бірауыздан келіскен.

3. «Мина күндері – үш күн» деген сөз Минада болатын күндерді білдіреді. Бұларды «әйям әл-мағдудат», «тәшриқ күндері» және «жамраларға тас лақтыру күндері» деп те атайды. Бұл үш күн құрбан айттың алғашқы күнінен кейін келеді. Ғалымдар айттың екінші күні Минадан кетуге болмайтынына бірауыздан келіскен. Алғашқы күн осы үш күнге кірсе, қалаған адамға айттың екінші күні кетуге рұқсат етілер еді.

4. «Екі күнде асығу» – Минадан ертерек қайту. Мұндағы екі күн – алғашқы екі тәшриқ күні. Яғни қажы зул-хижжаның он екісі күні күн батпай жолға шығады. Үлгермегені үшінші күнге қалып, жамраларға тас лақтыруды жалғастырады.

Екінші күнгі асығу дегеніміз – ақшам уақыты кірмей тұрып, Мина шекарасынан шығу. Сол уақытқа дейін шыға алмаған кісі үшінші күнді де Минада өткізеді. Автор екінші күні қайтуды сүннетке сай деп көрсетеді.

5. فَمَنْ تَعَجَّلَ فِي يَوْمَيْنِ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ وَمَنْ تَأَخَّرَ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ «Кімде-кім асығыс болып екі күн ішінде қайтып кетсе, күнә арқаламайды. Ал кім қалып тыйым салынған істерден сақтанса, ол да күнә арқаламайды»2 деген аят жәһилият дәуірінде тараған теріс түсінікті жойған. Тәпсірлерде ол кездегі қажылардың бір тобы Минадан ерте кеткен адамды, екінші тобы кеш қалған адамды күнәһар санағаны айтылады. Аят екі амалдың да рұқсат екенін білдірген.

  1. 1Тирмизи, «Қажылық», 57 (№889). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 69 (№1949). Нәсәи, «Қажылық», 211 (5/264). Ибн Мәжа, «Мәнәсик» (№3015).
  2. 2«Бақара» сүресі, 203-аят
1428
Кутуб ситтә, № 1428 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «وَقَفَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى قُزَحَ فَقَالَ: هَذَا قُزَحُ وَهُوَ الْمَوْقِفُ، وَجَمْعٌ كُلُّهُ مَوْقِفٌ وَنَحَرْتُ هَاهُنَا، وَمِنىً كُلُّهَا مَنْحَرٌ فَانْحَرُوا فِي رِحَالِكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Қузахта уақфа жасап: “Мынау – Қузах, уақфа орны. Бүкіл Жәмғ – уақфа орны. Мен құрбандығымды осы жерде шалдым. Минаның кез келген жерінде құрбан шалуға болады. Құрбандықтарыңды өз қоныстарыңда шалыңдар”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Қузах – Муздалифада имамға тиесілі уақфа жерінің аты. Жәһилия дәуірінде құрайыштықтар бұл жерге от жағатын. Сондай-ақ құрайыштар Арафатқа шықпағандықтан бұл жерді өздеріне тиесілі уақфа жері ретінде таңдаған.

2. Алла елшісі (с.а.с.) Мұздалифаның бүкіл аумағын уақфа орны деп атаған. Хадис ғалымдары басқа риуаяттарға сүйеніп, Мұхассар аңғарының бұған кірмейтінін айтқан.

3. Бұл хадисте Минаның барлық жерінде құрбандық шалуға болатындығы айтылған. Ғалымдар бұған бірауыздан келіскен. Алайда хадиске түсіндірме жасаушы ғалымдар Алла елшісі құрбандық шалған жерде құрбандық шалудың абзал екендігін айтады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірінші жамараттың маңында құрбандық шалған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 65, (1935).
1429
Кутуб ситтә, № 1429 · тараудағы реті: 16

وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «عَرَفَةُ كُلُّهَا مَوْقِفٌ وَارْتَفِعُوا عَنْ بَطْنِ عُرْنَةَ. وَالْمُزْدَلِفَةُ كُلُّهَا مَوْقِفٌ وَارْتَفِعُوا عَنْ بَطْنِ مُحَسِّرٍ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Арафаттың бүкіл аумағы – уақфа орны. Урана аңғарының табанынан шығыңдар. Мұздалифаның бүкіл аумағы – уақфа орны. Мұхассар аңғарының табанынан шығыңдар»1.

Түсіндірме

Урана ойпаты – Мина мен Арафат арасындағы, уақфа жасалмайтын жер. Риуаят уақфа өтетін аймақтардың шетіндегі екі аңғарды бөліп көрсетеді. Бірі – Мұздалифа жағындағы Мұхассар, екіншісі – Арафат жағындағы Урана.

  1. 1Муатта, Хажж 166 (1, 388); Мүслим, Хажж 149.