وَعَنْ عُرْوَةَ بْنِ مُضَرِّسٍ الطَّائِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمُزْدَلِفَةِ حِينَ أَقَامَ الصَّلَاةَ. فَقُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنِّي جِئْتُ مِنْ جَبَلَى طَيِّئٍ أَكْلَلْتُ رَاحِلَتِي وَأَتْعَبْتُ نَفْسِي، وَاللَّهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ مَا تَرَكْتُ مِنْ جَبَلٍ إِلَّا وَقَفْتُ عَلَيْهِ فَهَلْ لِي مِنْ حَجٍّ؟ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ صَلّى مَعَنَا صَلَاتَنَا هَذِهِ هَاهُنَا ثُمَّ أَقَامَ مَعَنَا وَقَدْ وَقَفَ قِبْلَ ذَلِكَ بِعَرَفَةَ لَيْلًا أَوْ نَهَارًا فَقَدْ تَمَّ حَجُّهُ وَقَضَى تَفَثَهُ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.
Уруа ибн Мударрис әт-Таи (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мұздалифада намазға тұрған кезде келіп: “Уа, Алланың елшісі! Тай тайпасының қос тауынан келдім. Өзім де, мініс көлігім де қалжырадық. Аллаға ант етейін, жолдағы әр тауда аялдадым. Қажылығым есепке алына ма?” – деп сұрадым. Алла елшісі: “Кім осы намазды бізбен бірге оқып, осында бізбен бірге тұрса және бұған дейін Арафатта түнде не күндіз уақфа жасаған болса, қажылығын толық өтеген және ихрамнан шығуға қатысты амалдарын орындаған болып есептеледі”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Риуаяттағы «Тай таулары» тіркесі түпнұсқада «Тай тайпасының қос тауы» деп берілген. Бірі – Сәлма, екіншісі – Әжа.
2. Кейбір риуаяттарда Муздалифа орнына «жәмғ» делінеді. «Жәмғ» дегенде Муздалифа көзделеді.
3. «Осы намазды бізбен бірге оқыса» дегені – Мұздалифадағы таң намазы. Хадистің сыртқы мағынасына сүйенген Алқама, Шағби, Нәхәи, Әбу Абдуррахман, Шафиғи, Ибн Хузайма және Ибн Жәрир әт-Табари Мұздалифадағы уақфадан қалған кісі сол жылғы қажылығынан қалып, ихрамын умраға ауыстырады деген. Олар فَاذْكُرُوا اللَّهَ عِنْدَ الْمَشْعَرِ الْحَرَامِ «Мәшғарул-харамда Алланы еске алыңдар»2 деген аятты да дәлел етіп, мұндағы әмірді орындау міндетті деп түсінген. Ал ғалымдардың көпшілігі, соның ішінде Әбу Ханифа, Мұздалифада түней алмай, ондағы уақфадан қалған кісі бұл кемшілікті құрбандық шалып өтейді деген.
4. Ахмад ибн Ханбал хадистегі «түнде не күндіз» сөздеріне сүйеніп, уақфа күн тас төбеден ауған соң басталады деген шартты қабылдамаған. Оның пікірінше, Арафа күні таң атқаннан айт күні таң атқанға дейін Арафатта аз да болса болған кісі уақфаны орындаған болып саналады. Имам Мәликтің ізбасарлары уақфада күндізді түнге бағынышты деп қараған. Олардың пікірінше, Арафа күні күн батқанша Арафатта болмаған кісі сол жылғы қажылығынан қалып, оны келесі жылы қайта өтейді. Көпшілік ғалым Алла елшісі (с.а.с.) мен әділетті халифалардың ісіне сүйеніп, «күндіз» дегенді «күн ауған соң» деп түсінген. Олардың бәрі түстен кейін уақфа жасаған. Осы пікір бойынша, Арафатта түске дейін ғана болу уақфаға есептелмейді.
5. Уақфа жасаған кісінің қажылығын толық өтегені туралы сөзді түсіндіру қажет. Өйткені қажылық рәсімдерінің бәрі сол сәтте аяқталмайды.
Хаттаби: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзімен қажылықтың негізгі бөлігі аяқталғанын білдірген», – дейді. Мұндағы негізгі бөлік – уақытпен шектелген уақфалар. Уақыты өтіп кетсе, оларды сол жылы орындау мүмкін болмайды. Екінші рүкін – зиярат тауабында ондай қауіп жоқ. Пайғамбар الْحَجُّ عَرَفَةٌ «Қажылық – Арафат» дегенде, қажылықтың негізгі бөлігі Арафаттағы уақфа екенін меңзеген.
6. Соңғы сөйлемдегі «тәфәс» сөзі тілде кір-қоқысты білдіреді. Алла елшісі (с.а.с.) онымен ихрамнан шығарда орындалатын амалдарды меңзеген. Шаш пен дене түгін алу, құрбан шалу, жамраларға тас лақтыру осы амалдарға жатады.
7. Арафа күні күн батқанша Арафатқа бармаған адамға қатысты жоғарыда айтылғандай мәликилер «қажылықты қайта орындау керек» десе, Хасан Басри «Қажылығы толық. Тек құрбандық шалады» деген. Фиқыһ ғалымдарының басым көпшілігі: «Арафа күні күн батпай тұрып, Арафаттан кеткен адамның қажылығы толық. Тек құрбандық шалуы қажет» деп үкім берген. Ата, Сәури, Әбу Ханифа мен ізбасарлары, Имам Шәфиғи мен Ахмад ибн Ханбал осындай көзқараста. Имам Мәлик пен Имам Шәфиғи: «Арафаттан күн батпай тұрып кетіп, қайтадан оралса, ештеңе істеу талап етілмейді» – деген. Әбу Ханифа мен оның ізбасарлары: «Күн батқан соң оралып, уақфа жасаса да одан құрбандық түспейді» – деген.