Хадис

Кутуб ситтә, № 1414

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
169. Уақфалар және үкімдері (жалпы мәлімет)
Нөмірі
№ 1414 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1414
Кутуб ситтә, № 1414 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَتْ قُرَيْشٌ وَمَنْ دَانَ دِينَهَا يَقِفُونَ بِالْمُزْدَلِفَةِ وَكَانُوا يُسَمُّونَ الْحُمْسَ، وَكَانَ سَائِرُ الْعَرَبِ يَقِفُونَ بِعَرَفَةَ: فَلَمَّا جَاءَ الْإِسْلَامُ أَمَرَ اللَّهُ تَعَالَى نَبِيَّهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يَأْتِي عَرَفَةَ فَيَقِفَ بِهَا ثُمَّ يَفِيضَ مِنْهَا وَذَلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَى: ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Жәһилият дәуірінде Құрайыш пен оның жолын ұстанғандар Мұздалифада уақфа жасайтын. Оларды хумс деп атайтын. Өзге арабтар Арафатта уақфа жасайтын. Ислам келген соң Алла Пайғамбарына (с.а.с.) Арафатқа барып, сонда уақфа жасауды, содан кейін сол жерден қайтуды бұйырды. Алланың ثُمَّ أَفِيضُوا مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ “Адамдар лек-легімен ағылған жерден сендер де ағылыңдар”1 деген сөзі осыны білдіреді»2.

Түсіндірме

1. Мұздалифа – қажылық рәсімдері өтетін маңызды мекендердің бірі. Арафат пен Минаның арасындағы тар алқап. Оны «Мұхассар аңғары мен Мағзамайн арасындағы жер» деп те сипаттайды.

Бұл аймақтың Муздалифа деп аталуының себебіне қатысты әртүрлі көзқарас бар. Кейбір ғалымдар жиналу деген мағынаны білдіретін «издилаф» деген сөзден шыққанын және «издилаф үшін иқтираб» яғни (бір-біріне жақындау) деп айтқандар да болған. Ол жер Аллаға жақындайтын жер. Кейбіреулер Арафатта тұрған қажылардың Минада бас қосуының себебінен осы ат берілгенін алға тартқан. Кейбіреулер әзірет Хауа мен әзірет Адамның сол жерде кездескен жері деген мағынада осы ат берілгенін айтқан. Адам мен Хауаның кездескен жері деген мағынада «жәмғ» деп те аталған. Хадистерде Муздалифаның жиі-жиі «жәмғ» деп аталғанын кездестіреміз.

Басқа бір көзқарас бойынша «зулфат» деген түбір сөз «қурбат» яғни жақындық деген мағынаны білдіреді. Қажылар бұл жерде харам аймағына жақындайтындықтан Муздалифа «жақындайтын жер» деп аталған. Өйткені бұл жер Харам мен Арафат арасындағы шекара аймақ.

Мынадай да көзқарас бар: «Әзірет Адам (а.с.) жәннаттан жер бетіне түскен кезде әзіреті Хауамен Арафатта кезіккенше жақындай алмайды. Сол жерде кездесіп, Муздалифада қосылады. Сол себептен ол жерді Муздалифа деп атаған».

Мұздалифа – Арафаттан қайтқан қажылар түнейтін, намаз оқып, дұға жасайтын мекен. Құранда аталған Мәшғарул-харам осы жерде. Арафаттағы уақфадан кейін Мұздалифада да уақфа жасау уәжіп. Қажылар ақшам мен құптан намаздарын осында қосып оқиды. Құрбан айттың алғашқы күні таң намазын да осында оқып, таң атқан соң Минаға беттейді. Мұхассар шатқалы Мұздалифа шекарасына кірмейтіндіктен, ондағы уақфа дұрыс саналмайды.

2. Мәшғарул-харам – Мұздалифа шекарасындағы Қуза тауында орналасқан төбенің атауы. Құранда فَإِذَا أَفَضْتُمْ مِنْ عَرَفَاتٍ فَاذْكُرُوا اللَّهَ عِنْدَ الْمَشْعَرِ الْحَرَامِ «Арафатта тұрғаннан кейін Мұздалифаға қарай ағылғандарыңда, Мәшғарул-харамда Алланы еске алыңдар»3 деп осы мүбәрак мекен аталады. Кейбір ғалымдар Жәмғ немесе Мұздалифа деп аталатын бүкіл өңірді Мәшғарул-харам дейді. Қуза төбесінде «Миқада» деп аталатын цилиндр пішінді белгі бар. Әуелде белгі беру үшін ошаққа от жағылған. Һарун Рашид тұсында үлкен майшамдар, кейін ірі шырақтар қолданылған. Кейін бұл жерге ғимарат салынып, белгі беретін шырақтардың орнын электр шамдары басты.

Қажылар Минадағы жамраларға лақтыратын ұсақ тастарды Мұздалифадан жинайды.

3. Мина – қажылықтың бірқатар маңызды рәсімі өтетін мекен. Мұздалифа мен Меккенің арасында, Харам аймағында орналасқан. Қажылар Мұздалифадағы уақфадан кейін құрбан айттың алғашқы күні таң намазын оқып, Минаға келеді. Мұнда құрбан шалып, шаш алдырады және ихрамнан шығады. Жамраларға тасты да осында лақтырады. Осы рәсімдердің кейбірі белгілі шарттарда уәжіп саналады. Минаның қажылықтағы орны осыдан көрінеді.

Бір түсіндірмеге сай, осы жерде құрбандықтың қаны ағатындықтан ол Мина аталған. Исмаилдың (а.с.) орнына берілген қошқар да осы жерде шалынған деседі. «Мина» сөзі қан ағызу мағынасында түсіндіріледі. Сондай-ақ осы түбірден тараған «тәмәнни» сөзі тілек тілеуді білдіреді. Адам ата жәннатты осы жерде тілегендіктен, мекен осылай аталған деген пікір де бар. Тәруия күнінен Арафа күніне қараған түн мен айт түндерін Минада өткізу – сүннет.

  1. 1«Бақара» сүресі, 199-аяттың басы.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, «Бақара» 35, Қажылық, 91; Мүслим, Хажж 152, (1219); Тирмизи, Хажж 53, (884); Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 58, (1910); Нәсәи, Хажж 202 (5, 255).
  3. 3«Бақара» сүресі, 198-аяттың үзіндісі.