Хадис

Ифада

Кутуб ситтә, 4-том, 170-тарау · 7 хадис · № 1430–1436

УАҚФАЛАР ЖӘНЕ ИФАДА

Хадистер

Ифада – қажылардың Арафаттағы уақфадан кейін Мұздалифаға қарай жаппай аттануы. Мұздалифадан Минаға қарай ағылуды да ифада деп атайды. Бұл атау №1416 хадистің түсіндірмесінде айтылды.

1430
Кутуб ситтә, № 1430 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «دَفَعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ عَرَفَةَ فَسَمِعَ وَرَاءَهُ زَجْرًا شَدِيدًا وَضَرْبًا لِلْإِبِلِ فَأَشَارَ إِلَيْهِمْ بَسَوْطِهِ. فَقَالَ: أَيُّهَا النَّاسُ عَلَيْكُمْ بِالسَّكِينَةِ فَإِنَّ البِرَّ لَيْسَ بِالْإِيضَاعِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. «الإِيضَاعُ» الْإِسْرَاعُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Арафаттан аттанған соң, арт жақтан түйелерді қатты айқайлап, ұрып айдап келе жатқан дауысты естіді. Жұртқа қамшысымен ишара жасап: “Уа, адамдар! Сабыр сақтаңдар. Ізгілік асығыстықта емес”, – деді»1. «Идағ» – асығу, жылдам жүру.

Түсіндірме

Қажылық рәсімдерінің кей тұсы байсалдылық пен сабырды қажет етеді. Арафаттан жүз мыңдаған қажы бір мезгілде бір бағытқа беттейді. Тас лақтырғанда да қалың жұрт бір жерге жиналып, кептеліс туады. Мұндай кезде сабыр сақтау ерекше маңызды. Арафатқа бет алғанда да, жамралар маңында да абыржып, жапа-тармағай ұмтылу салдарынан қысылып, қаза тапқандар болған. Қазіргі осы жағдайларды ескерсек, Алла елшісінің (с.а.с.) ифадада сабыр сақтауға шақырып, орынсыз асығудың ізгілік еместігін ескертуі мұғжиза іспетті. Ал жол ашық кезде жүрісті үдетуге болатыны №1432 хадисте айтылады.

  1. 1Бұхари, Хажж, 94, Мүслим, Хажж 268, (1282), 282, (1286); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 64, (1920); Нәсәи, Хажж 204,(5, 257.258).
1431
Кутуб ситтә, № 1431 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Усама ибн Зәйд (р.а.)

وَعَنْ أُسَامَةَ بْنِ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «دَفَعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ عَرَفَةَ حِينَ وَقَعَتِ الشَّمْسُ حَتَّى إِذَا كَانَ بِالشَّعْبِ نَزَلَ فَبَالَ ثُمَّ تَوَضَّأَ وَلَمْ يُسْبِغِ الْوُضُوءَ. فَقُلْتُ الصَّلَاةَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَقَالَ: الصَّلَاةُ أَمَامَكَ. فَرَكِبَ فَلَمَّا جَاءَ الْمُزْدَلِفَةَ نَزَلَ فَتَوَضَّأَ فَأَسْبَغَ الْوُضُوءَ ثُمَّ أُقِيمَتِ الصَّلَاةُ فَصَلَّى الْمَغْرِبَ ثُمَّ أَنَاخَ كُلُّ إِنْسَانٍ بَعِيرَهُ. ثُمَّ أُقِيمَتِ الصَّلَاةُ فَصَلَّى الْعِشَاءَ وَلَمْ يُصَلِّ بَيْنَهُمَا شَيْئًا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Усама ибн Зәйд (р.а.) былай дейді: «Күн батқанда Алла елшісі (с.а.с.) Арафаттан аттанды. Тау арасындағы өткелге жеткенде түйеден түсіп, кіші дәрет сындырды. Сосын дәретті жеңіл алды. Мен:

– Уа, Алланың елшісі! Намаз оқимыз ба? – деп сұрадым. Ол:

– Намазды алда оқимыз, – деп көлігіне мінді. Мұздалифаға жеткенде түсіп, қайтадан дәрет алды. Бұл жолы дәретін толық алды. Намазға қамат айтылып, ақшам намазын оқыды. Содан соң әркім өз түйесін шөктірді. Қайта қамат айтылып, құптан намазын оқыды. Екі намаздың арасында басқа намаз оқымады»1.

Түсіндірме

1. Бұл жерде Алла елшісінің (с.а.с.) қоштасу қажылығының бірнеше сәті сипатталған. Арафаттан аттану ифада деп аталады.

2. Алла елшісі (с.а.с.) жолда кіші дәрет сындырып, содан кейін жеңіл дәрет алған. Жеңіл дәретте суды аз қолданып, жуылатын мүшелерді бір не екі рет жуумен шектеледі. Ал толық дәретте әр мүшені үш рет жуып, ысқылап, дәреттің әдебін сақтайды. Сенімді риуаяттарда Алла елшісінің сапарда жуылатын мүшелерді бір не екі рет жуып, жеңіл дәрет алған кездері айтылады. Бұл риуаятта оның мүшелерді неше рет жуғаны көрсетілмеген.

3. Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) үнемі дәретпен жүргенін аңғартады. Намаз оқуды көздемесе де дәрет алу мұстахаб саналады. Араб тіліндегі «уду» сөзі жай жуынуды да білдіруі мүмкін. Сондықтан риуаятта истинжа жасау немесе одан кейін қол жуу меңзелген шығар деген ой тууы ықтимал. Алайда басқа нұсқаларда намаз дәреті анық аталады. Осы риуаяттағы «Намаз оқимыз ба?» деген сұрақ та соны көрсетеді.

4. Сапарда уақыт тығыз немесе су аз болса, жеңіл дәрет алуға болады. Қалыпты жағдайда дәретті әдебін сақтап, толық алу – мұстахаб.

5. Риуаят қажет болса, Арафат пен Мұздалифа арасындағы жолда аялдауға, дәрет сындыруға болатынын да көрсетеді.

  1. 1Бұхари, «Дәрет», 6, 35, «Қажылық», 93, 95 (№1667, 1669–1670). Мүслим, «Қажылық», 266 (№1280). Мәлик, «Муатта», «Қажылық», 197 (1/400–401). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 64 (№1925). Нәсәи, «Мауақит», 56 (1/292), «Қажылық», 206 (5/259).
1432
Кутуб ситтә, № 1432 · тараудағы реті: 3

وَفِي رِوَايَةٍ أُخْرَى عَنْ عُرْوَةَ قَالَ: «سُئِلَ أُسَامَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، كَيْفَ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسِيرُ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ حِينَ دَفَعَ؟ فَقَالَ: كَانَ يَسِيرُ الْعَنَقَ فَإِذَا وَجَدَ فَجْوَةً نَصَّ». قَالَ هِشَامٌ: «وَالنَّصُّ» فَوْقَ الْعَنَقِ.

Қазақша аудармасы

Уруа былай дейді: «Усамадан (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) қоштасу қажылығында Арафаттан аттанғанда қалай жүрді?” – деп сұрады. Ол: “Қалыпты жүріп отырды. Ал алдыңғы жағы ашылғанда жүрісін үдетті”, – деп жауап берді»1. Һишам «насс» жүрісі «анақ» жүрісінен жылдамырақ екенін түсіндірген.

Түсіндірме

1. Хадис сахабалардың Алла елшісінің (с.а.с.) ісіндегі ұсақ көрінетін жайттардың өзін назардан тыс қалдырмағанын көрсетеді. Олар оның қалай жүргенін де сұрап, естігенін риуаят еткен.

2. Усаманың айтуынша, түйе бірқалыпты жүріп отырған. Ал алдыңғы жағы ашылғанда, Алла елшісі (с.а.с.) оның жүрісін үдеткен.

№1430 хадисте Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) жұртты сабырға шақырғанын айтады. Кейбір нұсқада: «Мұздалифаға жеткенше түйесінің оң аяғын көтергенін көрмедім», – деген. Екі хабар бір-біріне қайшы келмейді. Асықпау жөніндегі ескерту жұрт қалың жиналған, кептеліс туатын тұстарға қатысты. Ибн Хажар Ибн Аббастың бұл хабарды Усамадан алғанын дәлелдерімен көрсетеді.

  1. 1Бұхари, Хажж 92, Жиһад 136, Мағази 77; Мүслим, Хажж 282, (1286); Муатта, Хажж 176, (1, 392); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 64, (1923); Нәсәи, Хажж 205, (5,259).
1433
Кутуб ситтә, № 1433 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَنَا مِمَّنْ قَدَّمَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَيْلَةَ الْمُزْدَلِفَةِ فِي ضَعَفَةِ أَهْلِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Мұздалифада түнегенімізде Алла елшісі (с.а.с.) отбасындағы әлсіз кісілерді ертерек аттандырды. Мен де солардың арасында болдым», – дейді1.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) отбасы ішіндегі әлсіз адамдарды, соның ішінде әйелдер мен балаларды, Мұздалифадан Минаға жұрттан ерте аттандырған. Ибн Аббас (р.а.) қоштасу қажылығы кезінде әлі бала болғандықтан, сол топқа кірген. Кей нұсқаларда ауыр жүктердің де ертерек жөнелтілгені айтылады.

2. Сахабалардың да әлсіз кісілерді ерте жөнелткені туралы хабарлар бар. Фиқһ ғалымдары мұның рұқсат екеніне қарсы шықпаған. Бірақ бұл жеңілдік кімдерге қатысты және түннің қай мезгілінде аттануға болады деген сұрақтарға әртүрлі жауап берген.

• Алқама, Нәһәи және Шағби «Муздалифада түнемеген адамның қажылығы бұрыс болады» деген.

• Ата, Зуһри, Қатада, Шәфиғи, Исхақ және куфалықтар «Муздалифада түнемеген адамға құрбан шалу қажет», – деген. Олардың пікірінше «Түнеген адам санатына жату үшін (жоқ дегенде) түннің жарымынан бұрын Муздалифадан кетуі қажет».

• Имам Мәлик: «Мұздалифадан аялдамай өтіп кетсе, құрбан шалу керек. Ал аялдаған болса, қай кезде шықса да міндетін орындаған болады, өтем талап етілмейді», – деген.

3. Бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) Мұздалифадағы уақфа түнінде көкесі Аббасқа: «Әлсіздеріміз бен әйелдерімізді ертіп бар. Таң намазын Минада оқысын. Жұрт ағылып жетпей тұрып тастарын лақтырсын», – дегені айтылады. Ата да қартайып, әлсірегенде осылай істеген деседі. Абдулла ибн Омар мен Әсма бинт Әбу Бәкір де солай жасаған. Бұхариде Әсманың қараңғыда тас лақтырып, оралған соң таң намазын аялдаған жерінде оқығаны айтылады. Кей ғалымдар осыны негізге алып, әлсіз кісілер мен солардың жағдайындағыларға тасты ерте лақтыруға болады деген.

Ханафилер Ақаба жамрасына тас лақтырудың күн шыққаннан кейін болғанын абзал санаған. Алайда таң атқаннан кейін күн шықпай тұрып та лақтыруға рұқсат берген. Таң атпай лақтырған кісі оны қайта орындайды. Бұл жөнінде №1442 және №1449 хадистердің түсіндірмесінде толығырақ айтылады.

  1. 1Бұхари, Хажж, 98; Мүслим, Хажж 300, (1293); Тирмизи, Хажж 58, (892, 893); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 66, (1939, 1940); Нәсәи, Хажж 208, (5, 261, 271, 272); ибн Мәжа, Мәнәсик 62, (3025).
1434
Кутуб ситтә, № 1434 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «اسْتَأْذَنَتْ سَوْدَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ تَفِيضَ مِنْ جَمْعٍ بِلَيْلٍ، وَكَانَتِ امْرَأَةً ضَخْمَةً ثَبِطَةً فَأَذِنَ لَهَا. قَالَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: لَيْتَنِي كُنْتُ اِسْتَأْذَنْتُهُ كَمَا اسْتَأْذَنَتْهُ. وَكَانَتْ عَائِشَةُ لَا تُفِيضُ إِلَّا مَعَ الْإِمَامِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Сәуда (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) Мұздалифадан түн ішінде аттануға рұқсат сұрады. Ол денелі, баяу қозғалатын кісі еді. Алла елшісі оған рұқсат берді».

Айша (р.а.): «Мен де сол кісідей рұқсат сұрағанымда ғой!» – деп өкінетін. Ол Мұздалифадан имаммен бірге ғана аттанатын1. «Сәбита» – жүрісі баяу деген сөз.

Түсіндірме

Мүслимдегі кейбір нұсқаларда Сәуданың (р.а.) Минаға жұрт жиналмай тұрып жету үшін рұқсат сұрағаны анық айтылады. Айша да Минаға жұрттан бұрын жетіп, намазын сонда оқи алмағанына өкінген.

Жәһилият дәуірінде арабтар Мұздалифадағы уақфаны күн шыққанша жалғастырған. «Күн шыққанда төбелердің үстінде тұрған қажылар алыстан тау басына оралған сәлдедей көрінетін», – деп сипатталады. Алла елшісі (с.а.с.) бұл салтты өзгертіп, таң уақыты кіріп, айнала жарықтана бастағанда, күн шықпай тұрып Минаға аттануға рұқсат еткен.

  1. 1Бұхари, Хажж, 98; Мүслим, Хажж 293.296, (1290); Нәсәи, Хажж 209, (5, 262), 214 (5, 266).
1435
Кутуб ситтә, № 1435 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «أَرْسَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِأُمِّ سَلَمَةَ لَيْلَةَ النَّحْرِ. فَرَمَتِ الْجَمْرَةَ قَبْلَ الْفَجْرِ ثُمَّ مَضَتْ فَأَفَاضَتْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Сәләманы құрбан айтқа қараған түні Минаға аттандырды. Үммі Сәләма таң атпай жамраға тас лақтырды. Содан кейін ифада тауабын жасауға кетті»1.

Түсіндірме

1. Ифада тауабы, жоғарыда айтылғандай, зиярат тауабы деп те аталады. Бұл – қажылықтың екінші парыз рүкіні. Оны жасаған соң қажы Минаға қайтып, қалған рәсімдерді аяқтайды. Әбу Дәуіттің нұсқасында сол күні Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Сәламаның үйінде болуға тиіс болғаны, оның осы амалдарды ертерек орындауы соған байланысты екені аңғарылады.

2. Жағдайы әлсіз кісілерге, әсіресе әйелдерге, амалды ертерек орындауға рұқсат берудің бір хикметі мынада болуы мүмкін. Әйел кісі етеккірі келгенде парыз болған ифада тауабын жасай алмайды. Етеккірінің қашан басталатынын білетін әйел бір-екі сағат ертерек аттанып, таза кезінде тауабын өтесе, бір апта күтпейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 66, (1942); Нәсәи, Хажж 223, (5, 272).
1436
Кутуб ситтә, № 1436 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ فَاطِمَةَ بِنْتِ الْمُنْذِرِ قَالَتْ: «كَانَتْ أَسْمَاءُ بِنْتُ أَبِي بَكْرٍ تَأْمُرُ الَّذِي يُصَلِّي لَهَا وَلَأَصْحَابِهَا الصُّبْحَ بِالمُزْدَلِفَةِ أَنْ يُصَلِّي حِينَ يَطْلُعُ الْفَجْرُ ثُمَّ تَرْكَبُ فَتَسِيرُ إِلَى مِنىً وَلَا تَقِفُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Фатима бинт әл-Мунзир былай дейді: «Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.) Мұздалифада өзіне және қасындағыларға намаз оқытатын кісіге таң намазын таң атысымен оқытуды тапсыратын. Сосын көлігіне мініп, аялдамастан Минаға баратын»1.

  1. 1Муатта, Қажылық 175, (1, 392)