Хадис

Кутуб ситтә, № 1433

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
170. Ифада
Нөмірі
№ 1433 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1433
Кутуб ситтә, № 1433 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَنَا مِمَّنْ قَدَّمَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَيْلَةَ الْمُزْدَلِفَةِ فِي ضَعَفَةِ أَهْلِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Мұздалифада түнегенімізде Алла елшісі (с.а.с.) отбасындағы әлсіз кісілерді ертерек аттандырды. Мен де солардың арасында болдым», – дейді1.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) отбасы ішіндегі әлсіз адамдарды, соның ішінде әйелдер мен балаларды, Мұздалифадан Минаға жұрттан ерте аттандырған. Ибн Аббас (р.а.) қоштасу қажылығы кезінде әлі бала болғандықтан, сол топқа кірген. Кей нұсқаларда ауыр жүктердің де ертерек жөнелтілгені айтылады.

2. Сахабалардың да әлсіз кісілерді ерте жөнелткені туралы хабарлар бар. Фиқһ ғалымдары мұның рұқсат екеніне қарсы шықпаған. Бірақ бұл жеңілдік кімдерге қатысты және түннің қай мезгілінде аттануға болады деген сұрақтарға әртүрлі жауап берген.

• Алқама, Нәһәи және Шағби «Муздалифада түнемеген адамның қажылығы бұрыс болады» деген.

• Ата, Зуһри, Қатада, Шәфиғи, Исхақ және куфалықтар «Муздалифада түнемеген адамға құрбан шалу қажет», – деген. Олардың пікірінше «Түнеген адам санатына жату үшін (жоқ дегенде) түннің жарымынан бұрын Муздалифадан кетуі қажет».

• Имам Мәлик: «Мұздалифадан аялдамай өтіп кетсе, құрбан шалу керек. Ал аялдаған болса, қай кезде шықса да міндетін орындаған болады, өтем талап етілмейді», – деген.

3. Бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) Мұздалифадағы уақфа түнінде көкесі Аббасқа: «Әлсіздеріміз бен әйелдерімізді ертіп бар. Таң намазын Минада оқысын. Жұрт ағылып жетпей тұрып тастарын лақтырсын», – дегені айтылады. Ата да қартайып, әлсірегенде осылай істеген деседі. Абдулла ибн Омар мен Әсма бинт Әбу Бәкір де солай жасаған. Бұхариде Әсманың қараңғыда тас лақтырып, оралған соң таң намазын аялдаған жерінде оқығаны айтылады. Кей ғалымдар осыны негізге алып, әлсіз кісілер мен солардың жағдайындағыларға тасты ерте лақтыруға болады деген.

Ханафилер Ақаба жамрасына тас лақтырудың күн шыққаннан кейін болғанын абзал санаған. Алайда таң атқаннан кейін күн шықпай тұрып та лақтыруға рұқсат берген. Таң атпай лақтырған кісі оны қайта орындайды. Бұл жөнінде №1442 және №1449 хадистердің түсіндірмесінде толығырақ айтылады.

  1. 1Бұхари, Хажж, 98; Мүслим, Хажж 300, (1293); Тирмизи, Хажж 58, (892, 893); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 66, (1939, 1940); Нәсәи, Хажж 208, (5, 261, 271, 272); ибн Мәжа, Мәнәсик 62, (3025).