وَفِي رِوَايَةٍ أُخْرَى عَنْ عُرْوَةَ قَالَ: «سُئِلَ أُسَامَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، كَيْفَ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسِيرُ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ حِينَ دَفَعَ؟ فَقَالَ: كَانَ يَسِيرُ الْعَنَقَ فَإِذَا وَجَدَ فَجْوَةً نَصَّ». قَالَ هِشَامٌ: «وَالنَّصُّ» فَوْقَ الْعَنَقِ.
Уруа былай дейді: «Усамадан (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) қоштасу қажылығында Арафаттан аттанғанда қалай жүрді?” – деп сұрады. Ол: “Қалыпты жүріп отырды. Ал алдыңғы жағы ашылғанда жүрісін үдетті”, – деп жауап берді»1. Һишам «насс» жүрісі «анақ» жүрісінен жылдамырақ екенін түсіндірген.
Түсіндірме
1. Хадис сахабалардың Алла елшісінің (с.а.с.) ісіндегі ұсақ көрінетін жайттардың өзін назардан тыс қалдырмағанын көрсетеді. Олар оның қалай жүргенін де сұрап, естігенін риуаят еткен.
2. Усаманың айтуынша, түйе бірқалыпты жүріп отырған. Ал алдыңғы жағы ашылғанда, Алла елшісі (с.а.с.) оның жүрісін үдеткен.
№1430 хадисте Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) жұртты сабырға шақырғанын айтады. Кейбір нұсқада: «Мұздалифаға жеткенше түйесінің оң аяғын көтергенін көрмедім», – деген. Екі хабар бір-біріне қайшы келмейді. Асықпау жөніндегі ескерту жұрт қалың жиналған, кептеліс туатын тұстарға қатысты. Ибн Хажар Ибн Аббастың бұл хабарды Усамадан алғанын дәлелдерімен көрсетеді.
- 1Бұхари, Хажж 92, Жиһад 136, Мағази 77; Мүслим, Хажж 282, (1286); Муатта, Хажж 176, (1, 392); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 64, (1923); Нәсәи, Хажж 205, (5,259).