وَعَنْ عَمْرِو بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ صَفْوَانَ عَنْ يَزِيدِ بْنِ شَيْبَانِ الْأَزْدِي رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَانَا ابْنُ مِرْبَعٍ الْأَنْصَارِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَنَحْنُ وُقُوفٌ بِالْمَوْقِفِ مَكَانًا يُبَاعِدُهُ عَمْرٌو عَنِ الإِمَامِ. فَقَالَ: إِنِّي رَسُولُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَيْكُمْ، يَقُولُ: كُونُوا عَلَى مَشَاعِرِكُمْ فَإِنَّكُمْ عَلَى إِرْثٍ مِنْ إِرْثِ أَبِيكُمْ إِبْرَاهِيمَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. «الْمَشَاعِرُ» جَمْعُ مَشْعَرٍ، وَهُوَ الْمَعْلَمُ، وَالمُرَادُ بِهَا مَعَالِمُ الْحَجِّ.
Амр ибн Абдулла ибн Сафуан Язид ибн Шәйбан әл-Әздидің (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Біз Арафатта, Амрдың айтуынша, имамнан шалғай жерде уақфа жасап тұрған едік. Ибн Мирбағ әл-Ансари келіп: “Мені сендерге Алла елшісі (с.а.с.) жіберді. Ол: ‘Қажылық рәсімі өтетін орындарыңда тұра беріңдер. Өйткені сендер аталарың Ибраһимнен қалған мұраны жалғастырып жүрсіңдер’, – деді”, – деп хабарлады»1.
Түсіндірме
1. Қосымша түсіндірме сөздер хадистің басқа нұсқаларынан алынды.
2. Мәтінде аталған Амр – осы хабарды жеткізген Амр ибн Абдулла ибн Сафуан. Ол оқиғаны баяндағанда өзін үшінші жақта атаған.
3. «Имам» деп қажылықты басқарушы аталады. Бұл риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) меңзелген. Амр уақфа жасаған тұстың имамнан шалғай екенін білдірген.
4. «Машағир» – «машғар» сөзінің көпше түрі. «Машғар» белгіленген мекенді білдіреді. Машағир деп қажылық рәсімдері өтетін орындарды, ал бұл хадисте уақфа жасайтын жерлерді айтады. Алла елшісінің нұсқауы ежелден уақфа орны саналған аймақтың сол қалпында қалғанын білдіреді. Қажылықтың кей рәсімі өзгергенімен, бұл жердің орны өзгермеген. «Аталарың Ибраһимнен қалған мұраны жалғастырып жүрсіңдер» деген сөз осыны қуаттайды. Пайғамбар өзінен алыс тұрғандардың уақфа шекарасынан шығып кеттік пе деген күдігін сейілткен. Имамға жақын не шалғай болсын, ежелден уақфа жасалған орындар Ибраһимнен қалған.
- 1Тирмизи, Хажж 53, (883); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 63, (1919); Нәсәи, Хажж 202, (5, 255); ибн Мәжа, Мәнәсик 55, (3011).