Хадис

Кутуб ситтә, № 1422

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
169. Уақфалар және үкімдері (жалпы мәлімет)
Нөмірі
№ 1422 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
1422
Кутуб ситтә, № 1422 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «غَدَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ مِنىً حِينَ صَلّى الصُّبْحَ صَبِيحَةَ يَوْمِ عَرَفَةَ حَتَّى أَتَى عَرَفَةَ فَنَزَلَ بِنَمِرَةَ وَهُوَ مَنْزِلُ الْأَمُرَاءِ الَّذِي تَنْزِلُ فِيهِ بِعَرَفَةَ حَتَّى إِذَا كَانَ بَعْدَ صَلَاةِ الظُّهْرِ رَاحَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مُهَجِّرًا فَجَمَعَ بَيْنَ الظُّهْرِ وَالْعَصْرِ ثُمَّ خَطَبَ النَّاسَ ثُمَّ رَاحَ فَوَقَفَ عَلَى الْمَوْقِفِ مِنْ عَرَفَةَ». أَخْرَجَ هَذِهِ الْأَحَادِيثَ الثَّلَاثَةَ أَبُو دَاوُدَ. «التَّهْجِيرُ» هُنَا السَّيرُ عَنْ الهَاجِرَة، وَهِيَ شِدَّةُ الْحَرِّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң Минадан шығып, Арафатқа жетті. Арафатқа келген басшылар аялдайтын Намираға тоқтады. Бесін уақыты кіргенде Намирадан күннің ыстығында жүріп кетті. Бесін мен екінті намазын қосып оқыды, содан соң жұртқа құтба айтты. Кейін Арафаттағы уақфа орнына барып тұрды»1. «Тәһжир» бұл жерде аптап ыстықта жолға шығуды білдіреді.

Түсіндірме

1. Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) Арафа күні уақфаға қалай барғанын баяндайды:

1) Зул-хижжаның сегізінен тоғызына қараған түнді Минада өткізіп, таң намазын сонда оқыған. Содан кейін Арафатқа барып, имамдар аялдайтын жерге тоқтаған. Хадис түсіндірушілер бұл жерді Әрак деп атайды. Жәбирдің Мүслимде келген ұзақ риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) Минадан күн шыққан соң аттанған.2

2) Түс болған соң күннің қызуы қайтқанын күтпей аттанған. Жәбирдің хадисінде Урана аңғарына барып, сол жерде бесін және екінті намаздарын біріктіріп оқығандығы айтылады. Урана аңғары Арафатқа жатпайды. Хадисте айтылған «мухажжир» сөзі – түскі ыстықта жүрген адам дегенді білдіреді.

3) Намаздан кейін қажыларға құтба айтады.

4) Құтбадан кейін уақфа орнында қажылықтың парыз уақфасын(бір мезет тұру) жасаған. Жәбир хадисінде алдымен құтба айтып, кейін бесін мен екінті намаздарын біріктіріп оқығандығы айтылады.

2. Нәмира Харамның сыртында Арафатқа жақын, Арафат пен Харамның арасындағы бір таудың аты. Харам аймағын бөліп тұрған белгі сол жерде. Бұл риуаят Алла елшісінің қоштасу қажылығында Минадан жолға аттанғанда алдымен осы жерге аялдағанын білдіреді. Қажылық кезінде Алла елшісі аялдаған жерге аялдау мұстахаб. Бұл жер Арафатқа бара жатқан жолаушының оң жағында, таудың түбіне қарай кеткен жартастың жаны.

3. Уақфа – тұру деген сөз. Арафатта уақфа жасау – біз тоқталып отырған риуаятта да көрініп тұрғанындай арафа күні, яғни, Зул-хижжаның тоғызында түстен бастап, Арафат шекарасының ішінде болу деген мағынаны білдіреді. Уақфа уақыты ертеңгі күннің таңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында Арафатта үздіксіз болу міндет емес. Осы белгіленген уақыттың бір кезінде Арафатта болу жеткілікті. Түс кезінен бастап, кеш батқанша болу сүннет. Ақшам намазының уақыты кірген соң жолға шығып, ақшам мен құптан намаздарын біріктіріп Муздалифа аумағында оқыған жөн.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 60, (1913).
  2. 2Мүслим, «Қажылық», 147 (№1218).