وَعَنْهُ أَيْضًا أَنَّ هَبَّارَ بْنَ الْأَسْوَدِ جَاءَ يَوْمَ النَّحْرِ وَعُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَنْحَرُ هَدْيَهُ، فَقَالَ: «يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ، أَخْطَأْنَا الْعِدَّةَ، كُنَّا نَرَىٰ أَنَّ هَذَا الْيَوْمَ يَوْمُ عَرَفَةَ». فَقَالَ: «اذْهَبْ إِلَىٰ مَكَّةَ، وَطُفْ أَنْتَ وَمَنْ مَعَكَ، وَانْحَرُوا هَدْيًا إِنْ كَانَ مَعَكُمْ، ثُمَّ احْلِقُوا أَوْ قَصِّرُوا وَارْجِعُوا، فَإِذَا كَانَ عَامٌ قَابِلٌ فَحُجُّوا وَاهْدُوا، فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ فِي الْحَجِّ وَسَبْعَةٍ إِذَا رَجَعْتُمْ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Сүлейман ибн Ясардан жеткен тағы бір риуаятта былай делінеді: «Хаббар ибн әл-Әсуад Құрбан айт күні Омарға (р.а.) келді. Омар құрбандығын шалып жатқан еді. Хаббар: “Уа, мүміндердің әміршісі! Күн есебінен жаңылып, бүгінді Арафа күні деп ойладық”, – деді. Омар: “Меккеге бар. Өзің де, жаныңдағылар да тауап жасаңдар. Құрбандық мал әкелген болсаңдар, оны шалыңдар. Содан кейін шаштарыңды алдырыңдар немесе қысқартыңдар да, елдеріңе қайтыңдар. Келер жылы қажылық жасап, құрбан шалыңдар. Құрбандық таба алмаған адам қажылықта үш күн, қайтқан соң жеті күн, барлығы он күн ораза ұстасын”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Зурқани Хаббардың қажылыққа Шамнан келгенін айтады.
2. Жоғарыда айтылғандай, Арафат уақфасын өткізіп алған адам келесі жылы қажылығын қайта өтейді. Бұл риуаят ихрамнан қалай шығатынын түсіндіреді. Ихрамға кірген адам қажылық не умра рәсімдерін орындап барып шығады. Сондықтан Арафат уақфасына үлгермеген адам умра жасап, ихрамнан шығады.
Мұның тәртібі адамның қажылықтың қай түріне ниет еткеніне байланысты:
1) Ифрад қажылығына ниет еткен адам умра жасап, ихрамнан шығады. Келер жылдардың бірінде қажылықтың қазасын өтейді.
2) Тәмәттуғ қажылығына ниет еткен адамның Арафат уақфасына үлгермеуі тәмәттуғ ниетінің күшін жояды. Сондықтан тәмәттуғ құрбандығын шалмайды. Қайтадан умра жасап, ихрамнан шығады да, келер жылдардың бірінде қажылығын өтейді.
3) Қиран қажылығына ниет еткен адам Арафат уақфасын өткізіп алғанға дейін умра жасаған болса, қайта умра жасап, ихрамнан шығады. Қажылық жасамағандықтан оған құрбандық шалу міндет емес. Ал бұған дейін умра жасамаған болса, әуелі умра ихрамынан шығу үшін бір тауап пен сағи, одан соң қажылық ихрамынан шығу үшін тағы бір тауап пен сағи жасайды. Шашын алдырып, ихрамнан шығады. Келер жылдардың бірінде қажылығын қайта өтейді.
Жоғарыдағы риуаятта Омар Арафат уақфасын өткізіп алған адамға құрбан шалуды бұйырған. Ханафи мәзһабы бойынша қажылықтың қай түріне ниет етсе де, жаза құрбандығы міндеттелмейді. Өйткені ихрамнан шығу үшін жасалған умра кедергіге тап болған адам шалатын құрбандықтың орнына өтеді.
Имам Мәліктің пікірінше, қиран қажылығына ниет етіп, уақфаны өткізіп алған адам ихрамнан шығу үшін екі құрбан шалады. Бірі – қиран үшін, екіншісі – қажылықты өткізіп алғаны үшін шалынатын жаза құрбандығы. Зурқани: «Қажылықты бұзатын бір әрекет жасалған болса, тағы бір құрбан қосылады. Сонда үшеу болады», – деген.
- 1Мәлік, «Муатта», «Хаж», 154 (1/383).