Хадис

Кутуб ситтә, № 1554

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
196. Қажылықта өкілдік ету
Нөмірі
№ 1554 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1554
Кутуб ситтә, № 1554 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَتَىٰ رَجُلٌ النَّبِيَّ ﷺ فَقَالَ: إِنَّ أُخْتِي نَذَرَتْ أَنْ تَحُجَّ، وَإِنَّهَا مَاتَتْ. فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: لَوْ كَانَ عَلَيْهَا دَيْنٌ أَكُنْتَ قَاضِيَهُ عَنْهَا؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَاقْضِ اللَّهَ تَعَالَىٰ، فَهُوَ أَحَقُّ بِالْقَضَاءِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бір адам Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Әпке-қарындасым қажылық жасауды нәзір еткен еді. Оны өтей алмай қайтыс болды”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Оның қарызы болса, сен өтеп берер ме едің?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Иә”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Ендеше, оның Алла алдындағы борышын өте. Алланың алдындағы борыш өтелуге бәрінен лайық”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадис нәзірін өтей алмай қайтыс болған адамның нәзір борышын мирасқорлары өтей алатынын көрсетеді. Бұл жөнінде Ибн Аббастан екі түрлі риуаят жеткен. Бірінде ол: «Нәзір борышы бар адам қайтыс болса, оның уәлилері қазасын өтейді», – деген. Екіншісінде Ибн Омар екеуінің өзгеше үкім айтқаны баяндалады. «Муаттада» Ибн Омардан, Нәсәиде Ибн Аббастан: «لَا يُصَلِّي أَحَدٌ عَنْ أَحَدٍ، وَلَا يَصُومُ أَحَدٌ عَنْ أَحَدٍ. Ешкім басқа біреудің орнына намаз оқымайды және ораза ұстамайды», – деген риуаят келтірілген.

Ибн Хажар осы екі риуаятты былай үйлестірген: «Рұқсат берген риуаят марқұмға қатысты. Қайтыс болған адамның нәзірі өтеледі. Тыйым айтылған риуаят тірі адамға қатысты. Тірі кісінің орнына намаз оқуға да, ораза ұстауға да болмайды».

Ибн Әбу Шәйба осы түсіндірмені қуаттайтын риуаят келтірген. Ибн Аббастан (р.а.): «Нәзір борышы бар адам қайтыс болса, не істеу керек?» – деп сұралғанда, ол: «Оның атынан ораза ұсталады», – деген.

Ибн әл-Мунир осыған байланысты мынадай жорамал айтқан. Бір әйел Құба мешітінде намаз оқуды нәзір етіп, оны орындамастан қайтыс болады. Қызы не істеу керектігін Ибн Омардан сұрағанда, ол: «Оның орнына өзің оқы», – дейді. Ибн Омардың бұл үкімі Алла елшісінің (с.а.с.) «Адам қайтыс болғанда үш амалынан басқа амалдары тоқтайды» деген хадисіне сүйенуі мүмкін. Соның бірі – артында қалған ізгі ұрпағы. Ізгі ұрпақ қалдыру ата-ананың өз еңбегінің жемісі саналғандықтан, баланың өз сауабы кемімейді, ал оның ізгі амалының сауабы ата-анасының амал дәптеріне де дәл солай жазылады. Демек, «Оның орнына өзің оқы» деген сөздің мәні: «Өз атыңнан ниет етіп оқысаң да, сауабы оған жазылады». Ибн әл-Мунир осы түсіндірмемен марқұмның нәзірін өтеуге оның өз баласына ғана рұқсат барын айтқан. Имам Мәлік, Әбу Мусғаб және Ибн Уәһб те осы көзқарасты берік ұстанған.

Ибн әл-Мунирдің бұл жорамалы Ибн Батталдың «Тірі не қайтыс болған адамның орнына ешкім парыз да, сүннет те намаз оқи алмайтыны жөнінде ижмағ бар» деген пікіріне сын ретінде айтылған.

Мұһәлләб былай деген: «Егер бұған рұқсат болса, денемен атқарылатын барлық ғибадаттарда өкілдік етуге болар еді. Пайғамбар (с.а.с.) да ата-анасы үшін сондай амал жасауға бәрінен лайық болар еді, көкесі үшін кешірім тілеуіне тыйым салынбас еді. Сондай-ақ “وَلَا تَكْسِبُ كُلُّ نَفْسٍ إِلَّا عَلَيْهَا وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزْرَ أُخْرَىٰ. Әрбір жанның істеген күнәсі өзіне. Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды!”2 деген аяттың мағынасы да күшін жояр еді».

Ибн Хажар бұл уәждің, әсіресе Алла елшісіне (с.а.с.) қатысты тұстарын теріске шығару оңай екенін айтқан. Ата-ана мен жақындарға бағышталған ізгі амалдың сауабы оларға жетуі үшін олардың иманмен дүниеден өтуі шарт саналады. Алла елшісінің (с.а.с.) көкесі Исламды қабылдамастан қайтыс болғаны риуаяттарда айтылады.

  1. 1Бұхари, «Әйман» (6699), «Жаза әс-сайд» (1852), «Иғтисам» (7315); Нәсәи, «Хаж», 7–8 (5/116); Мүслим, «Нәзір» (1638).
  2. 2«Әнғам» сүресі, 164-аят.