وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَعْذَرَ اللَّهُ إِلَى امْرِئٍ أَخَّرَ أَجَلَهُ حَتَّى بَلَّغَهُ سِتِّينَ سَنَةً». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَالتِّرْمِذِيُّ. وَعِنْدَهُ: «أَعْمَارُ أُمَّتِي مَا بَيْنَ سِتِّينَ إِلَى سَبْعِينَ، وَأَقَلُّهُمْ مَنْ يَجُوزُ ذَلِكَ». وَلِرَزِينٍ رَحِمَهُ اللَّهُ: «مُعْتَرَكُ الْمَنَايَا مَا بَيْنَ السِّتِّينَ إِلَى السَّبْعِينَ، وَمَنْ أَنْسَأَ اللَّهُ تَعَالَى فِي أَجَلِهِ إِلَى أَرْبَعِينَ فَقَدْ أَعْذَرَ اللَّهُ إِلَيْهِ».
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Алла ажалын кейінге қалдырып, алпыс жасқа жеткізген адамның ақталуына еш сылтау қалдырмады», – дегенін жеткізген.
Тирмизидегі нұсқа былай: «Үмбетімнің ғұмыры алпыс пен жетпіс жастың арасы. Бұл жастан асатындары аз».
Рәзин келтірген нұсқада: «Өлім көбіне алпыс пен жетпіс жастың арасында келеді. Алла тағала кімнің ғұмырын қырық жасқа дейін ұзартса, оның ақталуына сылтау қалдырмады», – делінген1.
Түсіндірме
Алпысқа жетпей де, жетпістен асқан соң да дүние салатындар бар. Дегенмен үмбеттің көптеген ғұламалары, ізгі адамдары мен халифалары алпыс пен жетпіс жас арасында қайтыс болған. Алла елшісі де (с.а.с.) осы аралықта дүние салды. Сондықтан кейбір ғалымдар хадисте алдымен үмбеттің айтулы тұлғалары – халифалар, ғұламалар мен ізгі жандар меңзелуі мүмкін деп түсіндіреді. Алпыс пен жетпіс жас арасында адамның күш-қуаты кеми бастайды. Осы шақта ақыретке бет бұрып, құлшылық пен зікірді көбейту адамға жаңа серпін береді. Ғалымдардың айтуынша, адам жас күнінде дүниелік істе қандай ынта танытса, қартайғанда ақыреттік іске де сондай ықылас қоя алады. Жаңа істе ілгері басқанын көрген сайын рухы сергіп, бүгін жиі кездесетін күйзеліске бой алдырмай, қарттығын төзіммен, белсенді өткізуге мүмкіндік туады. «Наср» сүресі түскенде Пайғамбар (с.а.с.) ажалының жақындағанын аңғарып, құлшылығы мен зікірін арттырған. Қартайған шақта діндарлығын күшейту – мүмінге жарасымды әдеп. Бұл дүниелік істің бәрінен қол үзу дегенді білдірмейді. Мұның мәні – жастық шақтағы шектен шығушылықтан арылу. Бәдиүззаман мұны бағбанның мысалымен түсіндіреді: «Намазды тастаған кісі қартайғанда бағбандықтан да жалығады. “Маған не керек? Онсыз да бұл дүниеден кетемін. Несіне бейнеттенемін?” – деп, өзін жалқаулыққа салады. Ал діндар адам: “Құлшылығымды арттырып, адал еңбектенемін. Қабіріме көбірек нұр жіберіп, ақыретіме молырақ азық дайындаймын”, – дейді».
Жақсылық жасау бөлімі
- 1Бұхари, «Риқақ», 4 (№ 6419). Тирмизи, «Дұға», 113 (№ 3550, Жананда № 3545), «Зуһд», 23 (№ 2331, Жананда № 2332). Ибн Мәжа, «Зуһд», 27 (№ 4236). Негізгі мәтін Бұхаридің нұсқасынан алынған.