Хадис

Кутуб ситтә, № 153

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
21. Ата-анаға жақсылық жасау
Нөмірі
№ 153 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
153
Кутуб ситтә, № 153 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَنْ أَحَقُّ النَّاسِ بِحُسْنِ صَحَابَتِي؟» قَالَ: «أُمُّكَ». قَالَ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أُمُّكَ». قَالَ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أُمُّكَ». قَالَ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أَبُوكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَفِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ: «أُمُّكَ، ثُمَّ أُمُّكَ، ثُمَّ أُمُّكَ، ثُمَّ أَبُوكَ، ثُمَّ أَدْنَاكَ أَدْنَاكَ». وَزَادَ مُسْلِمٌ فِي رِوَايَةٍ أُخْرَى: «نَعَمْ وَأَبِيكَ لَتُنَبَّأَنَّ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі! Менің жақсы қарым-қатынасыма бәрінен бұрын кім лайық?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Анаң”, – деді. Әлгі кісі: “Одан кейін кім?” – дегенде де: “Анаң”, – деп жауап берді. Ол үшінші рет сұрағанда, Алла елшісі тағы да: “Анаң”, – деді. Төртінші рет сұрағанында: “Әкең”, – деп жауап берді».

Мүслимнің бір риуаятында: «Анаң, одан кейін де анаң, тағы да анаң, сосын әкең. Одан кейін ең жақын туыстарың, рет-ретімен», – делінеді. Мүслим тағы бір риуаятта «Иә, әкеңнің атымен ант етемін, саған міндетті түрде айтылады» деген сөздердің қосылғанын жеткізген.1

Түсіндірме

• Ғұламалар Пайғамбардың үш рет «Анаң» деуінің мәнін былай түсіндіреді.

1. Ана баласын тоғыз ай, он күн құрсағында көтеріп, дүниеге әкеледі.

2. Туған баласын өз бетінше өмір сүре алатын жасқа жеткенше бағып-қағады. Бұл көп бейнетті қажет етеді.

3. Өзі не баласы дүние салғанша аналық мейірімі мен махаббаты бәсеңдемейді. Дұрысын Алла біледі!

• Хасан Басриден: «Ата-анаға жақсылық жасау деген не?» – деп сұрағанда: «Қолыңдағы барыңды солар үшін жұмсау, күнәлі істен өзге нәрседе оларға бойсұну», – деп жауап берген.

• Қади Ияд жақсылық жасауда ата-ананың ақысы өзге адамдардың ақысынан жоғары екеніне ғұламалар бірауыздан келіскенін айтады.

• Адамды жоқтан бар еткен – Алла тағала, ал ата-ана оның дүниеге келуіне себепші2. Алла олардың жүрегіне балаға деген мейірім ұялатып, жаңа туған сәбиді сол қамқорлыққа мұқтаж етті. Әлі қол-аяғына ие бола алмаған шаранаға анасының аялы алақаны мен жылы құшағы, әкесінің қамқорлығы пана болады. Оны ақ сүтімен асырап, маңдайынан сипап, өз басына қауіп төнсе де амандығын ойлайтын – анасы мен әкесі. Мұндай мейірім жан-жануардан да көрінеді. Үркітсең қаша жөнелетін тауықтың өзі балапаны үшін жыртқыштан қаймықпайды. Сәбидің шағын әлемін кеңейтіп, жарық дүниені танытатын да – ата-ана. Жылаған баланың ана құшағына кіре сала уануы содан. Сәби ең тәтті шағын айтып бере алса, бәлкім: «Әлсіздігімді сезіп, анамның жеңіл жазғысынан сескене тұра, мейірім құшағына тығылған кезім», – дер еді. Еш қайтарым күтпей, баласына қанат болған, тәрбие берген, өзі ішпей ішкізіп, кимей кигізген, түн ұйқысын төрт бөліп, баласының болашағы үшін барын салған да – сол аяулы ата-ана.

Сондықтан баланың ең алдымен құрмет көрсететін адамдары – анасы мен әкесі. Мұны Пайғамбардың жоғарыдағы хадисінен де аңғарамыз. Олардың қамқорлығын сөзбен айтып жеткізу де, баласы үшін тартқан бейнетін түгел өтеу де қиын. Сонда бізге не істеу керек? Ғұмырымыздың әр кезеңінде ата-анамен жақсы қарым-қатынаста болып, қолымыздан келген жақсылықты аямау. Дініміз осыны үйретеді.

Ислам ата-ананы құрметтеуге айрықша мән береді. Оларға құрметсіздік көрсетуді үлкен күнәлардың қатарына жатқызады. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінде баланың ата-ана алдындағы борышы кеңінен баяндалады.

• Құрандағы ата-ана ақысы

Құран Кәрімде ата-ананы құрметтеу жайында былай делінген: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, тіпті “Түу!” деп те кеюші болма, оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Олар үшін: “Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!” – деп дұға ет»3.

Бұл аятта Алла тағала бір Өзіне құлшылық етіп, Өзіне ешкімді серік қоспауға бұйырады4. Құлшылық – ұлықтаудың ең жоғары түрі5. Оған бүкіл әлемді жоқтан бар еткен Алла тағала ғана лайық.

Жаратылысты жоқтан бар етіп, тіршілік сыйлау, оған күш-қуат, ерік, ақыл мен түрлі сезім дарыту – шексіз нығмет. Мұның бәрін беруге бір Алланың ғана құдіреті жетеді. Айналасына ақыл көзімен қараған жан осыны аңғарады. Ендеше шынайы құрмет пен құлшылыққа осы нығметтердің Иесі ғана лайық.

Аятта сенім жайы айтылған соң бірден ата-ананы құрметтеу сөз болады. Бұл ата-анаға жақсылық жасаудың Алла тағаланың алдында қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. «Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса» деген сөз олардың жасы ұлғайып, бала күніндегідей көмек пен қамқорлыққа мұқтаж болуын6 меңзейді.

«…Тіпті “Түу!” деп те кеюші болма…»

Ата-анаңның күтімі ауыр тисе де, зерігіп не шаршағаныңды «Түу!» деген бір сөзбен де білдірме. «Түу» – адам қажығанда, жалыққанда айтатын одағай7. Ата-анаға осы сөздің өзін айтпау – әдептің басы. Бұған тілі бармаған адам ауыр сөзге де бармайды. Мужаһид: «Олардан жағымсыз иіс сезсең де, “Түу!” деме»8, – деп түсіндірген. Кейбір ғалымдар шаңыраққа береке дарытатын себептің бірі – қартайған ата-ананың болуы дейді. Бір риуаятта Аллаға иілген қариялар болмағанда, жұртқа бәле-жала жауар еді делінеді.

«…Оларға зекіп ұрыспа!..» Бұл сөз кәріліктен қателескен ата-анаңа дауыс көтерме, екеуіне де зекіме дегенді білдіреді.

«…Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!»

«Анашым», «әкетайым» деп тіл қату да ата-анаға жылы сөз айтудың бір түрі. Оларды есімімен атамай, жылы жүзбен, бәсең дауыспен сөйлеу – құрметтің белгісі. Естуіне көмектесу сияқты қажет жағдай туғанда ғана дауысты көтерген жөн.

«…Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол!»

Яғни ата-анаңа мейірім танытып, кішіпейіл әрі жұмсақ бол. «Рухул-баян» тәпсірінде Ибн Аббастың (р.а.) мына сөзі келтіріледі: «Қателік жасап қойған әлсіз құл қатал қожайынының алдында өзін қалай ұстаса, сен де ата-анаңның алдында солай бол», – делінеді.

Адам ата-анасына қолдан келген жақсылығын аямауы керек. Мүмкіндігі болса, қызметін өзгеге тапсырмай, өзі атқарғаны абзал. Ата-ана баласының дүниеге келуіне себепші болғандай, оның жәннатқа кіруіне де себепші бола алады. Өйткені Алла тағаланың разылығына ата-ананың разылығы арқылы жетеді. Әкесінің фиқһты білуі өзінен кем болса да, рұқсатын алмай имамдыққа өтпегені жөн. Жолда олардың алдын кеспейді, тек кедергіні алып тастау үшін озып өтуге болады. Әңгімеде сөзін бөлмей, олардан бұрын сөйлемейді. Бұл әдеп мәжіліс пен дастархан басында да сақталады.

«…Олар үшін: “Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!” – деп дұға ет».

Алла тағала ата-анаға жылы сөз айтуды да, олар үшін қалай дұға етуді де үйретеді. Адам ата-анасына өзі мейірім танытумен бірге, олар үшін Алладан мейірім тілейді. Аятта тілейтін мейірім осы дүние мен ақыретті бірдей қамтиды9.

«Рухул-баян» тәпсірінде мынадай риуаят келтіріледі. Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.): «Ата-анам қартайды. Екеуіне бала күнімде маған көрсеткен қамқорлықты көрсетіп жүрмін. Сонда олардың ақысын өтедім бе?» – деп сұрапты. Ол: «Жоқ. Олар саған қамқорлық жасағанда, аман болғаныңды қалады. Ал сен қамқорлық жасап жүріп, олардың дүниеден өткенін тілейсің», – деп жауап беріпті10.

Мүміннің ата-анасы үшін еткен дұғасы – оларға жасаған жақсылығының жалғасы әрі өзіне де қайтатын нығмет. Әбу Дардадан жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қасында жоқ діндес бауырына жақсылық тілеп, дұға еткен мұсылманға періште: “Саған да соның теңі болсын”, – дейді»11, – деген.

• Сүннеттегі ата-ана ақысы

Абдулла ибн Масғуд (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардан (с.а.с.): “Аллаға ең сүйікті амал қайсы?” – деп сұрадым. “Намазды өз уақытында оқу”, – деді. “Одан кейін қайсы?” – дедім. “Ата-анаға жақсылық жасау”, – деді. “Одан кейін ше?” – деп сұрағанымда: “Алла жолында күресу”, – деп жауап берді»12. Басқа бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Мұрнымен жер сүзсін! Мұрнымен жер сүзсін! Мұрнымен жер сүзсін!» – дейді. «Кім, уа, Алланың елшісі?» – деп сұрағанда: «Ата-анасының біреуінің не екеуінің де қартайған шағына жетіп, жәннатқа кіре алмаған адам»13, – деп жауап береді. Бұл хадис былай түсіндіріледі.

• Ата-ана жас болса да, бала оларға жақсы қарым-қатынас жасауға міндетті.

• Хадисте олардың қартайған шағы арнайы аталған. Өйткені әке мен ана сол кезде қамқорлыққа айрықша мұқтаж болады.

• Ата-ананы жәбірлеу, оларға зұлымдық жасау – үлкен күнә. Бұл – адамды Алланың мейірімінен алыстатып, тозаққа лайық ететін амалдардың бірі14. Әбу Бәкра (р.а.) былай жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) үш мәрте “Ең ауыр күнәларды айтайын ба?” – деп сұрады. Біз: “Әрине, уа, Алланың елшісі!” – дедік. Ол: “Аллаға серік қосу және ата-анаға қиянат жасау”, – деді. Сүйеніп отырған қалпынан бойын тіктеп: “Біліп қойыңдар, жалған сөз бен жалған куәлік те сондай”, – деді. Мұны қайта-қайта айта бергені сонша, біз іштей “Шіркін, енді тоқтаса екен!” – дестік»15.

• Сахабалар өмірінен өнеге

Сағид ибн Әбу Бурда әкесінен мына оқиғаны жеткізеді.

Әбу Бурда бір йемендік кісінің анасын арқасына салып, Қағбаны тауап етіп жүргенін Ибн Омармен бірге көрген. Әлгі кісі Ибн Омардан: «Анамның ақысын өтедім бе?» – деп сұрайды. Ибн Омар: «Жоқ, сені дүниеге әкелерде шеккен бір толғағының да ақысын өтеген жоқсың», – деп жауап береді.

Әбу Науфал былай жеткізеді: «Бір кісі Омарға (р.а.) келіп: “Кісі өлтіріп қойдым”, – дейді. Омар: “Жазатайым болды ма, әлде әдейі істедің бе?” – деп сұрайды. Әлгі кісі жазатайым болғанын айтады. Омар: “Ата-анаңның бірі тірі ме?” – дейді. Ол: “Иә”, – деп жауап береді. “Анаң ба?” – дегенде, ол әкесінің тірі екенін айтады. Сонда Омар: “Әкеңе бар да, оған жақсылық жасап, ізет көрсет”, – дейді. Әлгі кісі кеткеннен кейін Омар: “Жаным қолында болған Аллаға ант етемін! Анасы тірі болып, оған ізет пен жақсылық көрсетсе, тозақ оты оған ешқашан тимес еді деп үміттенер едім”, – дейді».

• Перзенттің ата-ана алдындағы міндеттері

• Қарны ашса, тамақ беру, киімге мұқтаж болса, киім әперу.

• Көмек қажет болса, қол ұшын беру.

• Шақырса, кідірмей қасына бару.

• Ата-ананың айтқанын кідірмей орындау. Олар Аллаға серік қосуды немесе өзге бір күнәлі істі талап етсе, оған бағынбау. Құранда былай делінген: «Біз адам баласына ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік (бұйырдық). Алайда олар Менен өзгенің шын құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Ақырында бәрің Маған қайтасыңдар. Сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды өздеріңе түгелдей айтып беремін (де артынан жауапқа тартып, жақсы-жаман барлық істеріңнің қарымын қайтарамын)»16. «Егер олар Менен өзгенің құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Алайда дүниеде олармен жақсы қарым-қатынаста бол, үнемі қарайласып тұр. Сондай-ақ Маған бар ықыласымен бет бұрған, тек Менің разылығымды қалайтын жандардың жолына түс. Ақыр соңында бәрің де Маған қайтасыңдар, сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды жіпке тізгендей етіп өздеріңе айтып беремін (де жақсы-жаман барлық істеріңнің қарымын қайтарамын)»17.

• Сөйлескенде жылы сөз айтып, жұмсақ үн қату.

• Есімдерін атап шақырмау.

• Өзіне тілеген жақсылықты ата-анасына да тілеу.

• Бірге жүргенде алдына түсіп кетпеу.

• Алладан өзіне кешірім тілегенде, ата-анасына да кешірім сұрап, олар үшін үнемі дұға ету.

• Ата-ананың дұғасы

Ата-ананың дұғасы – Алла тағала қабыл ететін тілектердің бірі. Сондықтан олардың көзі тірісінде батасын алуға ұмтылған жөн. Ата-анаңмен қарым-қатынасыңды түзеп, көңіліне қаяу түсірмеуге тырыс. Әкеңнің не анаңның шын жүректен «Балам, саған Алла разы болсын!» деуінің қадірін ұғына алдық па? Сол дұға қабыл болып, адамды бұл дүниеде де, ақыретте де Алланың разылығына жеткізуі мүмкін. Сондықтан әр перзент ата-анасын разы етіп, батасын алуға күш салсын. Алланың разылығы ата-ананың разылығымен сабақтас. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үш дұғаның қабыл болатынына күмән жоқ: жәбір көргеннің дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың дұғасы»18, – деген. Тирмизи нұсқасында соңғысы «әкенің баласына қарсы дұғасы» деп нақтыланған.

• Бүгінгі қоғамдағы ата-анаға құрмет

Ата-ананы құрметтемеу бүгінде қоғамның елеулі мәселесіне айналып отыр. Мұндай жайт мұсылман жұртында да жиі ұшырасады. Сахабалар мен табиғиндер Алланың разылығына ата-ананың разылығын алу арқылы жетеміз деп біліп, оларға барынша құрмет көрсеткен. Қазір осы түсінік көмескі тартып бара жатқандай. Ата-анасын Алланың разылығына жеткізер себеп деп білгеннің орнына, мойнына артылған жүк көретіндер бар. Кейбірі қартайған әке-шешесін қарттар үйіне апарып, кейін іздемей кетеді. Мұндай немқұрайлылық үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай. Ал ата-ана «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деп, жәутеңдеп қала береді. Перзенті шыр етіп дүниеге келгеннен бері бар ғұмырын соған арнаған әке-шешені қартайғанда қараусыз қалдыру – үлкен қиянат. Ата-анасының көрген бейнетін, жасаған жақсылығын біле тұра солай істеу – надандық. Қиянат жасаған жан оның бір күні өз басына қайтып келетінін ойлай ма екен? Алла тағала жәбірленушінің ақысын қиянат жасағаннан алып береді. Бұл – Алла тағаланың заңдылығы.

Осындай жайттар Пайғамбар тәрбиесінен алыстап бара жатқанымызды аңғартады. Мұның алдын алудың жолы – Құран мен сүннетке қайта бет бұрып, Алла елшісінің өсиетін берік ұстану. Сонда Алла тағаланың кешірімі мен мейіріміне бөленеміз. Құранда Алла тағала: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): “Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді”, – деп айт. Алла – Ғафур (құлдары қанша жерден ауыр күнәға батса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (әсіресе мүмін құлдарына ерекше мейірімді)»19, – деп баяндайды.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 2 (№ 5971). Мүслим, «Бирр», 1 (№ 2548).
  2. 2Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб», Анкара, 1992, 14-том, 444-бет.
  3. 3«Исра» сүресі, 23–24-аяттар.
  4. 4Ибн Кәсир, «Тәфсирул-Қуранил-азим», Ыстанбұл, 1989, 9-том, 4719-бет.
  5. 5«Рухул-баян», Ыстанбұл, 1995, 535-бет.
  6. 6Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб», Анкара, 1992, 14-том, 449-бет.
  7. 7«Рухул-баян», Ыстанбұл, 1995, 535-бет.
  8. 8Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб», Анкара, 1992, 14-том, 449–450-беттер.
  9. 9Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб», Анкара, 1992, 14-том, 454-бет.
  10. 10«Рухул-баян», Ыстанбұл, 1995, 535–536-беттер.
  11. 11Мүслим, «Зікір», 86 (№ 2732).
  12. 12Бұхари, «Әдеп», 1 (№ 5970). Мүслим, «Иман», 137 (№ 85).
  13. 13Мүслим, «Бирр», 8 (№ 2551).
  14. 14«Нузһатул-муттақин шарху “Риядус-салихин мин кәлами сәйдил-мурсалин”», Димашқ, 2009. Түсіндірілетін «Риядус-салихин» еңбегінің авторы – Мұхиддин Яхия ән-Нәуауи.
  15. 15Бұхари, «Шаһадат», 10 (№ 2654). Мүслим, «Иман», 143 (№ 87).
  16. 16«Анкабут» сүресі, 8-аят.
  17. 17«Лұқман» сүресі, 15-аят.
  18. 18Әбу Дәуіт, «Уитр», 29 (№ 1536). Тирмизи, «Бирр», 7 (№ 1905), «Дұға», 47 (№ 3448).
  19. 19«Әли Имран» сүресі, 31-аят.