Хадис

Ата-анаға жақсылық жасау

Кутуб ситтә, 1-том, 21-тарау · 18 хадис · № 153–170

Хадистер

153
Кутуб ситтә, № 153 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَنْ أَحَقُّ النَّاسِ بِحُسْنِ صَحَابَتِي؟» قَالَ: «أُمُّكَ». قَالَ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أُمُّكَ». قَالَ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أُمُّكَ». قَالَ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أَبُوكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَفِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ: «أُمُّكَ، ثُمَّ أُمُّكَ، ثُمَّ أُمُّكَ، ثُمَّ أَبُوكَ، ثُمَّ أَدْنَاكَ أَدْنَاكَ». وَزَادَ مُسْلِمٌ فِي رِوَايَةٍ أُخْرَى: «نَعَمْ وَأَبِيكَ لَتُنَبَّأَنَّ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі! Менің жақсы қарым-қатынасыма бәрінен бұрын кім лайық?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Анаң”, – деді. Әлгі кісі: “Одан кейін кім?” – дегенде де: “Анаң”, – деп жауап берді. Ол үшінші рет сұрағанда, Алла елшісі тағы да: “Анаң”, – деді. Төртінші рет сұрағанында: “Әкең”, – деп жауап берді».

Мүслимнің бір риуаятында: «Анаң, одан кейін де анаң, тағы да анаң, сосын әкең. Одан кейін ең жақын туыстарың, рет-ретімен», – делінеді. Мүслим тағы бір риуаятта «Иә, әкеңнің атымен ант етемін, саған міндетті түрде айтылады» деген сөздердің қосылғанын жеткізген.1

Түсіндірме

• Ғұламалар Пайғамбардың үш рет «Анаң» деуінің мәнін былай түсіндіреді.

1. Ана баласын тоғыз ай, он күн құрсағында көтеріп, дүниеге әкеледі.

2. Туған баласын өз бетінше өмір сүре алатын жасқа жеткенше бағып-қағады. Бұл көп бейнетті қажет етеді.

3. Өзі не баласы дүние салғанша аналық мейірімі мен махаббаты бәсеңдемейді. Дұрысын Алла біледі!

• Хасан Басриден: «Ата-анаға жақсылық жасау деген не?» – деп сұрағанда: «Қолыңдағы барыңды солар үшін жұмсау, күнәлі істен өзге нәрседе оларға бойсұну», – деп жауап берген.

• Қади Ияд жақсылық жасауда ата-ананың ақысы өзге адамдардың ақысынан жоғары екеніне ғұламалар бірауыздан келіскенін айтады.

• Адамды жоқтан бар еткен – Алла тағала, ал ата-ана оның дүниеге келуіне себепші2. Алла олардың жүрегіне балаға деген мейірім ұялатып, жаңа туған сәбиді сол қамқорлыққа мұқтаж етті. Әлі қол-аяғына ие бола алмаған шаранаға анасының аялы алақаны мен жылы құшағы, әкесінің қамқорлығы пана болады. Оны ақ сүтімен асырап, маңдайынан сипап, өз басына қауіп төнсе де амандығын ойлайтын – анасы мен әкесі. Мұндай мейірім жан-жануардан да көрінеді. Үркітсең қаша жөнелетін тауықтың өзі балапаны үшін жыртқыштан қаймықпайды. Сәбидің шағын әлемін кеңейтіп, жарық дүниені танытатын да – ата-ана. Жылаған баланың ана құшағына кіре сала уануы содан. Сәби ең тәтті шағын айтып бере алса, бәлкім: «Әлсіздігімді сезіп, анамның жеңіл жазғысынан сескене тұра, мейірім құшағына тығылған кезім», – дер еді. Еш қайтарым күтпей, баласына қанат болған, тәрбие берген, өзі ішпей ішкізіп, кимей кигізген, түн ұйқысын төрт бөліп, баласының болашағы үшін барын салған да – сол аяулы ата-ана.

Сондықтан баланың ең алдымен құрмет көрсететін адамдары – анасы мен әкесі. Мұны Пайғамбардың жоғарыдағы хадисінен де аңғарамыз. Олардың қамқорлығын сөзбен айтып жеткізу де, баласы үшін тартқан бейнетін түгел өтеу де қиын. Сонда бізге не істеу керек? Ғұмырымыздың әр кезеңінде ата-анамен жақсы қарым-қатынаста болып, қолымыздан келген жақсылықты аямау. Дініміз осыны үйретеді.

Ислам ата-ананы құрметтеуге айрықша мән береді. Оларға құрметсіздік көрсетуді үлкен күнәлардың қатарына жатқызады. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінде баланың ата-ана алдындағы борышы кеңінен баяндалады.

• Құрандағы ата-ана ақысы

Құран Кәрімде ата-ананы құрметтеу жайында былай делінген: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, тіпті “Түу!” деп те кеюші болма, оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Олар үшін: “Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!” – деп дұға ет»3.

Бұл аятта Алла тағала бір Өзіне құлшылық етіп, Өзіне ешкімді серік қоспауға бұйырады4. Құлшылық – ұлықтаудың ең жоғары түрі5. Оған бүкіл әлемді жоқтан бар еткен Алла тағала ғана лайық.

Жаратылысты жоқтан бар етіп, тіршілік сыйлау, оған күш-қуат, ерік, ақыл мен түрлі сезім дарыту – шексіз нығмет. Мұның бәрін беруге бір Алланың ғана құдіреті жетеді. Айналасына ақыл көзімен қараған жан осыны аңғарады. Ендеше шынайы құрмет пен құлшылыққа осы нығметтердің Иесі ғана лайық.

Аятта сенім жайы айтылған соң бірден ата-ананы құрметтеу сөз болады. Бұл ата-анаға жақсылық жасаудың Алла тағаланың алдында қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. «Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса» деген сөз олардың жасы ұлғайып, бала күніндегідей көмек пен қамқорлыққа мұқтаж болуын6 меңзейді.

«…Тіпті “Түу!” деп те кеюші болма…»

Ата-анаңның күтімі ауыр тисе де, зерігіп не шаршағаныңды «Түу!» деген бір сөзбен де білдірме. «Түу» – адам қажығанда, жалыққанда айтатын одағай7. Ата-анаға осы сөздің өзін айтпау – әдептің басы. Бұған тілі бармаған адам ауыр сөзге де бармайды. Мужаһид: «Олардан жағымсыз иіс сезсең де, “Түу!” деме»8, – деп түсіндірген. Кейбір ғалымдар шаңыраққа береке дарытатын себептің бірі – қартайған ата-ананың болуы дейді. Бір риуаятта Аллаға иілген қариялар болмағанда, жұртқа бәле-жала жауар еді делінеді.

«…Оларға зекіп ұрыспа!..» Бұл сөз кәріліктен қателескен ата-анаңа дауыс көтерме, екеуіне де зекіме дегенді білдіреді.

«…Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!»

«Анашым», «әкетайым» деп тіл қату да ата-анаға жылы сөз айтудың бір түрі. Оларды есімімен атамай, жылы жүзбен, бәсең дауыспен сөйлеу – құрметтің белгісі. Естуіне көмектесу сияқты қажет жағдай туғанда ғана дауысты көтерген жөн.

«…Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол!»

Яғни ата-анаңа мейірім танытып, кішіпейіл әрі жұмсақ бол. «Рухул-баян» тәпсірінде Ибн Аббастың (р.а.) мына сөзі келтіріледі: «Қателік жасап қойған әлсіз құл қатал қожайынының алдында өзін қалай ұстаса, сен де ата-анаңның алдында солай бол», – делінеді.

Адам ата-анасына қолдан келген жақсылығын аямауы керек. Мүмкіндігі болса, қызметін өзгеге тапсырмай, өзі атқарғаны абзал. Ата-ана баласының дүниеге келуіне себепші болғандай, оның жәннатқа кіруіне де себепші бола алады. Өйткені Алла тағаланың разылығына ата-ананың разылығы арқылы жетеді. Әкесінің фиқһты білуі өзінен кем болса да, рұқсатын алмай имамдыққа өтпегені жөн. Жолда олардың алдын кеспейді, тек кедергіні алып тастау үшін озып өтуге болады. Әңгімеде сөзін бөлмей, олардан бұрын сөйлемейді. Бұл әдеп мәжіліс пен дастархан басында да сақталады.

«…Олар үшін: “Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!” – деп дұға ет».

Алла тағала ата-анаға жылы сөз айтуды да, олар үшін қалай дұға етуді де үйретеді. Адам ата-анасына өзі мейірім танытумен бірге, олар үшін Алладан мейірім тілейді. Аятта тілейтін мейірім осы дүние мен ақыретті бірдей қамтиды9.

«Рухул-баян» тәпсірінде мынадай риуаят келтіріледі. Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.): «Ата-анам қартайды. Екеуіне бала күнімде маған көрсеткен қамқорлықты көрсетіп жүрмін. Сонда олардың ақысын өтедім бе?» – деп сұрапты. Ол: «Жоқ. Олар саған қамқорлық жасағанда, аман болғаныңды қалады. Ал сен қамқорлық жасап жүріп, олардың дүниеден өткенін тілейсің», – деп жауап беріпті10.

Мүміннің ата-анасы үшін еткен дұғасы – оларға жасаған жақсылығының жалғасы әрі өзіне де қайтатын нығмет. Әбу Дардадан жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қасында жоқ діндес бауырына жақсылық тілеп, дұға еткен мұсылманға періште: “Саған да соның теңі болсын”, – дейді»11, – деген.

• Сүннеттегі ата-ана ақысы

Абдулла ибн Масғуд (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардан (с.а.с.): “Аллаға ең сүйікті амал қайсы?” – деп сұрадым. “Намазды өз уақытында оқу”, – деді. “Одан кейін қайсы?” – дедім. “Ата-анаға жақсылық жасау”, – деді. “Одан кейін ше?” – деп сұрағанымда: “Алла жолында күресу”, – деп жауап берді»12. Басқа бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Мұрнымен жер сүзсін! Мұрнымен жер сүзсін! Мұрнымен жер сүзсін!» – дейді. «Кім, уа, Алланың елшісі?» – деп сұрағанда: «Ата-анасының біреуінің не екеуінің де қартайған шағына жетіп, жәннатқа кіре алмаған адам»13, – деп жауап береді. Бұл хадис былай түсіндіріледі.

• Ата-ана жас болса да, бала оларға жақсы қарым-қатынас жасауға міндетті.

• Хадисте олардың қартайған шағы арнайы аталған. Өйткені әке мен ана сол кезде қамқорлыққа айрықша мұқтаж болады.

• Ата-ананы жәбірлеу, оларға зұлымдық жасау – үлкен күнә. Бұл – адамды Алланың мейірімінен алыстатып, тозаққа лайық ететін амалдардың бірі14. Әбу Бәкра (р.а.) былай жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) үш мәрте “Ең ауыр күнәларды айтайын ба?” – деп сұрады. Біз: “Әрине, уа, Алланың елшісі!” – дедік. Ол: “Аллаға серік қосу және ата-анаға қиянат жасау”, – деді. Сүйеніп отырған қалпынан бойын тіктеп: “Біліп қойыңдар, жалған сөз бен жалған куәлік те сондай”, – деді. Мұны қайта-қайта айта бергені сонша, біз іштей “Шіркін, енді тоқтаса екен!” – дестік»15.

• Сахабалар өмірінен өнеге

Сағид ибн Әбу Бурда әкесінен мына оқиғаны жеткізеді.

Әбу Бурда бір йемендік кісінің анасын арқасына салып, Қағбаны тауап етіп жүргенін Ибн Омармен бірге көрген. Әлгі кісі Ибн Омардан: «Анамның ақысын өтедім бе?» – деп сұрайды. Ибн Омар: «Жоқ, сені дүниеге әкелерде шеккен бір толғағының да ақысын өтеген жоқсың», – деп жауап береді.

Әбу Науфал былай жеткізеді: «Бір кісі Омарға (р.а.) келіп: “Кісі өлтіріп қойдым”, – дейді. Омар: “Жазатайым болды ма, әлде әдейі істедің бе?” – деп сұрайды. Әлгі кісі жазатайым болғанын айтады. Омар: “Ата-анаңның бірі тірі ме?” – дейді. Ол: “Иә”, – деп жауап береді. “Анаң ба?” – дегенде, ол әкесінің тірі екенін айтады. Сонда Омар: “Әкеңе бар да, оған жақсылық жасап, ізет көрсет”, – дейді. Әлгі кісі кеткеннен кейін Омар: “Жаным қолында болған Аллаға ант етемін! Анасы тірі болып, оған ізет пен жақсылық көрсетсе, тозақ оты оған ешқашан тимес еді деп үміттенер едім”, – дейді».

• Перзенттің ата-ана алдындағы міндеттері

• Қарны ашса, тамақ беру, киімге мұқтаж болса, киім әперу.

• Көмек қажет болса, қол ұшын беру.

• Шақырса, кідірмей қасына бару.

• Ата-ананың айтқанын кідірмей орындау. Олар Аллаға серік қосуды немесе өзге бір күнәлі істі талап етсе, оған бағынбау. Құранда былай делінген: «Біз адам баласына ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік (бұйырдық). Алайда олар Менен өзгенің шын құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Ақырында бәрің Маған қайтасыңдар. Сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды өздеріңе түгелдей айтып беремін (де артынан жауапқа тартып, жақсы-жаман барлық істеріңнің қарымын қайтарамын)»16. «Егер олар Менен өзгенің құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Алайда дүниеде олармен жақсы қарым-қатынаста бол, үнемі қарайласып тұр. Сондай-ақ Маған бар ықыласымен бет бұрған, тек Менің разылығымды қалайтын жандардың жолына түс. Ақыр соңында бәрің де Маған қайтасыңдар, сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды жіпке тізгендей етіп өздеріңе айтып беремін (де жақсы-жаман барлық істеріңнің қарымын қайтарамын)»17.

• Сөйлескенде жылы сөз айтып, жұмсақ үн қату.

• Есімдерін атап шақырмау.

• Өзіне тілеген жақсылықты ата-анасына да тілеу.

• Бірге жүргенде алдына түсіп кетпеу.

• Алладан өзіне кешірім тілегенде, ата-анасына да кешірім сұрап, олар үшін үнемі дұға ету.

• Ата-ананың дұғасы

Ата-ананың дұғасы – Алла тағала қабыл ететін тілектердің бірі. Сондықтан олардың көзі тірісінде батасын алуға ұмтылған жөн. Ата-анаңмен қарым-қатынасыңды түзеп, көңіліне қаяу түсірмеуге тырыс. Әкеңнің не анаңның шын жүректен «Балам, саған Алла разы болсын!» деуінің қадірін ұғына алдық па? Сол дұға қабыл болып, адамды бұл дүниеде де, ақыретте де Алланың разылығына жеткізуі мүмкін. Сондықтан әр перзент ата-анасын разы етіп, батасын алуға күш салсын. Алланың разылығы ата-ананың разылығымен сабақтас. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үш дұғаның қабыл болатынына күмән жоқ: жәбір көргеннің дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың дұғасы»18, – деген. Тирмизи нұсқасында соңғысы «әкенің баласына қарсы дұғасы» деп нақтыланған.

• Бүгінгі қоғамдағы ата-анаға құрмет

Ата-ананы құрметтемеу бүгінде қоғамның елеулі мәселесіне айналып отыр. Мұндай жайт мұсылман жұртында да жиі ұшырасады. Сахабалар мен табиғиндер Алланың разылығына ата-ананың разылығын алу арқылы жетеміз деп біліп, оларға барынша құрмет көрсеткен. Қазір осы түсінік көмескі тартып бара жатқандай. Ата-анасын Алланың разылығына жеткізер себеп деп білгеннің орнына, мойнына артылған жүк көретіндер бар. Кейбірі қартайған әке-шешесін қарттар үйіне апарып, кейін іздемей кетеді. Мұндай немқұрайлылық үйреншікті жағдайға айналып бара жатқандай. Ал ата-ана «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деп, жәутеңдеп қала береді. Перзенті шыр етіп дүниеге келгеннен бері бар ғұмырын соған арнаған әке-шешені қартайғанда қараусыз қалдыру – үлкен қиянат. Ата-анасының көрген бейнетін, жасаған жақсылығын біле тұра солай істеу – надандық. Қиянат жасаған жан оның бір күні өз басына қайтып келетінін ойлай ма екен? Алла тағала жәбірленушінің ақысын қиянат жасағаннан алып береді. Бұл – Алла тағаланың заңдылығы.

Осындай жайттар Пайғамбар тәрбиесінен алыстап бара жатқанымызды аңғартады. Мұның алдын алудың жолы – Құран мен сүннетке қайта бет бұрып, Алла елшісінің өсиетін берік ұстану. Сонда Алла тағаланың кешірімі мен мейіріміне бөленеміз. Құранда Алла тағала: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): “Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді”, – деп айт. Алла – Ғафур (құлдары қанша жерден ауыр күнәға батса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (әсіресе мүмін құлдарына ерекше мейірімді)»19, – деп баяндайды.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 2 (№ 5971). Мүслим, «Бирр», 1 (№ 2548).
  2. 2Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб», Анкара, 1992, 14-том, 444-бет.
  3. 3«Исра» сүресі, 23–24-аяттар.
  4. 4Ибн Кәсир, «Тәфсирул-Қуранил-азим», Ыстанбұл, 1989, 9-том, 4719-бет.
  5. 5«Рухул-баян», Ыстанбұл, 1995, 535-бет.
  6. 6Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб», Анкара, 1992, 14-том, 449-бет.
  7. 7«Рухул-баян», Ыстанбұл, 1995, 535-бет.
  8. 8Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб», Анкара, 1992, 14-том, 449–450-беттер.
  9. 9Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб», Анкара, 1992, 14-том, 454-бет.
  10. 10«Рухул-баян», Ыстанбұл, 1995, 535–536-беттер.
  11. 11Мүслим, «Зікір», 86 (№ 2732).
  12. 12Бұхари, «Әдеп», 1 (№ 5970). Мүслим, «Иман», 137 (№ 85).
  13. 13Мүслим, «Бирр», 8 (№ 2551).
  14. 14«Нузһатул-муттақин шарху “Риядус-салихин мин кәлами сәйдил-мурсалин”», Димашқ, 2009. Түсіндірілетін «Риядус-салихин» еңбегінің авторы – Мұхиддин Яхия ән-Нәуауи.
  15. 15Бұхари, «Шаһадат», 10 (№ 2654). Мүслим, «Иман», 143 (№ 87).
  16. 16«Анкабут» сүресі, 8-аят.
  17. 17«Лұқман» сүресі, 15-аят.
  18. 18Әбу Дәуіт, «Уитр», 29 (№ 1536). Тирмизи, «Бирр», 7 (№ 1905), «Дұға», 47 (№ 3448).
  19. 19«Әли Имран» сүресі, 31-аят.
154
Кутуб ситтә, № 154 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ كُلَيْبِ بْنِ مَنْفَعَةَ، عَنْ جَدِّهِ كُلَيْبٍ الْحَنَفِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّهُ أَتَى رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَنْ أَبَرُّ؟» قَالَ: «أُمَّكَ وَأَبَاكَ وَأُخْتَكَ وَأَخَاكَ وَمَوْلَاكَ الَّذِي يَلِي ذَاكَ، حَقٌّ وَاجِبٌ وَرَحِمٌ مَوْصُولَةٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Куләйб ибн Мәнфаға атасы Куләйб әл-Ханафиден (р.а.) былай жеткізген: «Ол Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі, кімге жақсылық жасайын?” – деп сұрады. Ол: “Анаңа, әкеңе, әпке-қарындасыңа, аға-ініңе, содан кейін өзің азат еткен адамға жақсылық жаса. Олардың ақысын өтеу және арадағы туыстық байланысты сақтау – міндетің”, – деп жауап берді»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 129 (№ 5140).
155
Кутуб ситтә, № 155 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ بَهْزِ بْنِ حَكِيمٍ، عَنْ أَبِيهِ، عَنْ جَدِّهِ مُعَاوِيَةَ بْنِ حَيْدَةَ الْقُشَيْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَنْ أَبَرُّ؟» قَالَ: «أُمَّكَ». قُلْتُ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أُمَّكَ». قُلْتُ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أُمَّكَ». قُلْتُ: «ثُمَّ مَنْ؟» قَالَ: «أَبَاكَ ثُمَّ الْأَقْرَبَ فَالْأَقْرَبَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ فِي رِوَايَةٍ: «لَا يَسْأَلُ رَجُلٌ مَوْلَاهُ مِنْ فَضْلٍ هُوَ عِنْدَهُ فَيَمْنَعُهُ إِيَّاهُ إِلَّا دُعِيَ لَهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ فَضْلُهُ الَّذِي مَنَعَهُ شُجَاعًا أَقْرَعَ».

Қазақша аудармасы

Бәһз ибн Хаким әкесі арқылы атасы Муғауия ибн Хайда әл-Қушәйриден (р.а.) мына хадисті жеткізген:

– Уа, Алланың елшісі, кімге жақсылық жасайын? – деп сұрадым.

– Анаңа, – деп жауап берді.

– Одан кейін кімге? – деп сұрадым.

– Анаңа, – деді.

– Одан кейін кімге?

– Анаңа, – деді.

– Одан кейін кімге? – деп төртінші рет сұрадым.

– Әкеңе, содан соң ең жақын туысыңнан бастап, жақындығына қарай өзгелеріне, – деп жауап берді.

Әбу Дәуіттің бір риуаятында мына сөздер де бар:

«Кісі өзі азат еткен адамнан қажетінен артылған малынан сұраса, ол бере алатын бола тұра бермесе, бермей қалған малы қиямет күні алдынан жалаңбас улы жылан кейпінде шығады».1 Әбу Дәуіт «ақрағ» сөзін «уынан басының қылы түсіп қалған» деп түсіндірген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 129 (№ 5139, Жананда № 5141). Тирмизи, «Бирр», 1 (№ 1897, Жананда № 1898).
156
Кутуб ситтә, № 156 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، أَنَّ رَجُلًا أَتَى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ لِي مَالًا وَوَلَدًا، وَإِنَّ وَالِدِي يَجْتَاحُ مَالِي». فَقَالَ: «أَنْتَ وَمَالُكَ لِوَالِدِكَ، إِنَّ أَوْلَادَكُمْ مِنْ أَطْيَبِ كَسْبِكُمْ، فَكُلُوا مِنْ كَسْبِ أَوْلَادِكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте бір кісі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мал-мүлкім де, балам да бар. Әкем мал-мүлкімді өзіне алмақ», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.): «Өзің де, мал-мүлкің де әкеңе тиесілі. Балаларың – ең таза табыстарыңның бірі. Сондықтан балаларыңның табысынан жеңдер», – деп жауап береді1.

Түсіндірме

Хадистегі әке баласының мал-мүлкінен өз қажетіне жетерін алғысы келген болуы мүмкін. Не қажетіне қарамастан, бар мүлкіне билік еткісі келген болуы да мүмкін. Пайғамбардың (с.а.с.) жауабын былай ұғуға болады: сенің дүниеге келуіңе әкең себеп болды, ал малыңды өзің таптың. Осы тұрғыдан сен де, малың да әкеңнің табысына жатады. Демек, әкенің баласының малында ақысы бар. Хаттаби бұл ақыны әке мұқтаж болғанда берілетін нәпақа деп түсіндіреді. «Баласының мал-мүлкі болмаса да, ол жұмыс істеп, әкесінің нәпақасын табуға міндетті», – дейді. Хаттаби әкенің баласының малына шексіз билік ете алмайтынын, оны қалағанынша жұмсауға да, күнкөрісіне қажет мөлшерден артығын алуға да құқығы жоқ екенін ескертеді. Оның айтуынша, бұл хадистен ешбір фақиһ осыған қайшы үкім шығармаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 79 (№ 3530). Ибн Мәжа, «Тижарат», 64 (№ 2291–2292).
157
Кутуб ситтә, № 157 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «رَغِمَ أَنْفُهُ، ثُمَّ رَغِمَ أَنْفُهُ، ثُمَّ رَغِمَ أَنْفُهُ». قِيلَ: «مَنْ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟» قَالَ: «مَنْ أَدْرَكَ وَالِدَيْهِ عِنْدَ الْكِبَرِ أَحَدَهُمَا أَوْ كِلَيْهِمَا، ثُمَّ لَمْ يَدْخُلِ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَاللَّفْظُ لِمُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) “Қор болсын! Қор болсын! Қор болсын!” – деді. “Уа, Алланың елшісі, кім қор болсын?” – деп сұрағанда: “Ата-анасының біреуінің не екеуінің де қартайған шағына жетіп, сонда да жәннатқа кіре алмаған адам”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

Хадис ата-анаға ізет көрсетіп, қамқор болудың маңызын аңғартады. Әке-шешесінің екеуін не біреуін қартайған шағында бағып-қағуға мүмкіндігі болған перзент үшін жәннатқа бастар жол жеңілдейді. Олардың ас-суын, киім-кешегін түгендеп, көңілін табу аса қиын шаруа емес. Осы мүмкіндікті пайдалана алмаған жан хадистегі ескертуге лайық. Тирмизи нұсқасында: «Ата-анасы қолында қартайып, солар арқылы жәннатқа кіре алмаған адам қор болсын!» – делінген.

  1. 1Мүслим, «Бирр», 9 (№ 2551b). Тирмизи, «Дұға», 110 (№ 3545, Жананда № 3539). Негізгі мәтін Мүслимнің нұсқасынан алынған.
158
Кутуб ситтә, № 158 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَنْ يَجْزِيَ وَلَدٌ وَالِدَهُ إِلَّا أَنْ يَجِدَهُ مَمْلُوكًا فَيَشْتَرِيَهُ فَيُعْتِقَهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Перзент әкесінің ақысын өтей алмайды. Тек әкесін құлдықта тауып, сатып алып азат етсе ғана өтей алады»1.

  1. 1Мүслим, «Итқ», 25 (№ 1510). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 129 (№ 5137). Тирмизи, «Бирр», 8 (№ 1906, Жананда № 1907). Ибн Мәжа, «Әдеп», 1 (№ 3659).
159
Кутуб ситтә, № 159 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «رِضَا الرَّبِّ فِي رِضَا الْوَالِدِ، وَسَخَطُ الرَّبِّ فِي سَخَطِ الْوَالِدِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ مَرْفُوعًا وَمَوْقُوفًا، وَصَحَّحَ وَقْفَهُ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Раббының разылығы әкенің разылығында, ал Раббының наразылығы әкенің наразылығында»1.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 3 (№ 1899, Жананда № 1900). Хадис Пайғамбарға (с.а.с.) телінген мәрфуғ нұсқада да, сахабаның сөзі ретінде мәуқуф нұсқада да жеткен. Тирмизи мәуқуф нұсқаны дұрысырақ деп бағалаған.
160
Кутуб ситтә, № 160 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: اسْتَأْذَنَ رَجُلٌ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي الْجِهَادِ، فَقَالَ: «أَحَيٌّ وَالِدَاكَ؟» قَالَ: «نَعَمْ». قَالَ: «فَفِيهِمَا فَجَاهِدْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى: «أُبَايِعُكَ عَلَى الْهِجْرَةِ وَالْجِهَادِ، أَبْتَغِي الْأَجْرَ مِنَ اللَّهِ تَعَالَى». قَالَ: «فَهَلْ مِنْ وَالِدَيْكَ أَحَدٌ حَيٌّ؟» قَالَ: «نَعَمْ، بَلْ كِلَاهُمَا حَيٌّ». فَقَالَ: «فَتَبْتَغِي الْأَجْرَ مِنَ اللَّهِ تَعَالَى؟» قَالَ: «نَعَمْ». قَالَ: «فَارْجِعْ إِلَى وَالِدَيْكَ فَأَحْسِنْ صُحْبَتَهُمَا». وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ وَالنَّسَائِيِّ: «وَتَرَكْتُ أَبَوَيَّ يَبْكِيَانِ». قَالَ: «فَارْجِعْ إِلَيْهِمَا فَأَضْحِكْهُمَا كَمَا أَبْكَيْتَهُمَا». وَلِأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَى عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَجُلًا مِنْ أَهْلِ الْيَمَنِ هَاجَرَ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالَ لَهُ: «هَلْ لَكَ أَحَدٌ بِالْيَمَنِ؟» فَقَالَ: «أَبَوَايَ». قَالَ: «أَذِنَا لَكَ؟» قَالَ: «لَا». قَالَ: «فَارْجِعْ إِلَيْهِمَا فَاسْتَأْذِنْهُمَا، فَإِنْ أَذِنَا لَكَ فَجَاهِدْ، وَإِلَّا فَبِرَّهُمَا».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай жеткізеді: «Бір кісі жиһадқа шығуға Пайғамбардан (с.а.с.) рұқсат сұрады. Алла елшісі (с.а.с.):

– Ата-анаң тірі ме? – деп сұрады. Әлгі кісі:

– Иә, – деп жауап берді.

– Ендеше, екеуіне қызмет ету – сенің жиһадың, – деді».

Мүслим жеткізген басқа нұсқада әлгі кісі былай дейді:

– Һижрет пен жиһадтың сауабын Алладан үміт етіп, сізге серт беремін. Сонда Алла елшісі (с.а.с.):

– Ата-анаңның бірі тірі ме? – деп сұрады. Ол:

– Иә, екеуі де тірі, – деп жауап берді.

– Демек, Алладан сауап тілейсің ғой? – деді Алла елшісі (с.а.с.). Әлгі кісі «Иә» дегенде:

– Олай болса, ата-анаңа қайт та, екеуіне жақсы қара, – деді.

Әбу Дәуіт пен Нәсәи жеткізген басқа нұсқада әлгі кісі:

– Ата-анамды жылатып, артта қалдырдым, – деді. Алла елшісі (с.а.с.):

– Екеуіне қайт. Қалай жылатсаң, солай күлдір, – деді.

Әбу Дәуіттің Әбу Сағидтен (р.а.) жеткізген басқа риуаятында былай делінеді: «Йеменнен бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) һижрет етіп келді. Алла елшісі одан: “Йеменде жақының бар ма?” – деп сұрады. Ол: “Ата-анам бар”, – деді. “Екеуі саған рұқсат берді ме?” – дегенде, әлгі кісі: “Жоқ”, – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі: “Ендеше, екеуіне қайт та, рұқсат сұра. Рұқсат берсе, жиһадқа қатыс. Рұқсат бермесе, екеуіне жақсылық жаса”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 138 (№ 3004), «Әдеп», 3 (№ 5972). Мүслим, «Бирр» (№ 2549). Әбу Дәуіт, «Жиһад» (№ 2528, 2530). Нәсәи, «Жиһад» (№ 3103), «Бәйғат» (№ 4163). Тирмизи, «Жиһад» (№ 1671).
161
Кутуб ситтә, № 161 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ مُعَاوِيَةَ بْنِ جَاهِمَةَ أَنَّ جَاهِمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَتَى رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَرَدْتُ أَنْ أَغْزُوَ، وَقَدْ جِئْتُ أَسْتَشِيرُكَ». فَقَالَ: «هَلْ لَكَ مِنْ أُمٍّ؟» قَالَ: «نَعَمْ». قَالَ: «فَالْزَمْهَا، فَإِنَّ الْجَنَّةَ عِنْدَ رِجْلِهَا». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұғауия ибн Жәһиманың жеткізуінше, Жәһима (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Жорыққа қатысқым келеді. Осы жайында сізбен ақылдасуға келдім», – деді. Алла елшісі: «Анаң бар ма?» – деп сұрады. Ол «Иә» дегенде: «Ендеше, оның жанынан ажырама. Өйткені жәннат оның аяғының астында», – деді1.

  1. 1Нәсәи, «Жиһад», 6 (6/11, № 3104).
162
Кутуб ситтә, № 162 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَتْ تَحْتِي امْرَأَةٌ أُحِبُّهَا، وَكَانَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَكْرَهُهَا. فَقَالَ لِي: “طَلِّقْهَا”، فَأَبَيْتُ. فَأَتَى عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَذَكَرَ ذَلِكَ لَهُ. فَقَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “طَلِّقْهَا”». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Некелескен әйелімді жақсы көретінмін. Әкем Омар оны ұнатпайтын. Ол маған: “Онымен ажырас”, – деді. Мен келіспедім. Әкем Омар (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) барып, жағдайды баяндады. Сонда Алла елшісі маған: “Онымен ажырас”, – деді1».

Түсіндірме

Бұл хадис ата-анаға құрмет көрсетіп, ақыл-кеңесіне құлақ асудың маңызын аңғартады. Жұбайының мінезі ата-анасымен арақатынасын бұзса, адам олардың кеңесіне жүгінуі керек. Осы хадиске сүйенген ғалымдар әкесі не анасы ажырасуды талап етсе, олардың сөзін орындау қажет деп түсіндірген. Ибраһим пайғамбардың ұлы Исмайылға «Босағасын ауыстырсын» деп айтқызып кеткен өсиеті де осыған мысал. Әрбір ата-ана баласының жақсы өмір сүріп, бақытты болуын тілейді. Шариғат жұбайының ыңғайына жығылып, ата-анасына көңіл бөлмеуді құптамайды. «Алланың разылығы ата-ананың разылығында» деген қағида да осыған меңзейді. Баласының бақытын ойлаған ата-ана болмашы себеппен шаңырағының шайқалуын қаламайды. Ажырасуды талап етсе, оған себеп болғаны. Бұл риуаятта Омардың ұлына ажырасуды неліктен айтқаны баяндалмайды. Абдулланың әкесінің сөзіне әуелде келіспегені және кейін Алла елшісінің (с.а.с.) оған ажырасуды айтқаны ғана баяндалады. №153 және №154 хадистерде баланың ата-ана алдындағы борышының қаншалықты зор екені айтылған. Өтпелі сезімнің жетегіне еріп, өмір көрген ата-ананың кеңесін елемей қою жөн емес.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 129 (№ 5138). Тирмизи, «Талақ», 13 (№ 1189). Тирмизи хадисті сахих деп бағалаған.
163
Кутуб ситтә, № 163 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Дәрда (р.а.)

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: “الْوَالِدُ أَوْسَطُ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ، فَإِنْ شِئْتَ فَأَضِعْ ذَلِكَ الْبَابَ أَوِ احْفَظْهُ”». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәрда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Әке – жәннаттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң, сол қақпадан айырыл, қаласаң, оны сақта”, – дегенін естідім»1.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 3 (№ 1900, Жананда № 1901). Тирмизи хадисті сахих деп бағалаған.
164
Кутуб ситтә, № 164 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Бурайда (р.а.)

وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ امْرَأَةً قَالَتْ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي تَصَدَّقْتُ عَلَى أُمِّي بِجَارِيَةٍ وَإِنَّهَا مَاتَتْ». قَالَ: «وَجَبَ أَجْرُكِ وَرَدَّهَا عَلَيْكِ الْمِيرَاثُ». وَقَالَتْ: «إِنَّهُ كَانَ عَلَيْهَا صَوْمُ شَهْرٍ، أَفَأَصُومُ عَنْهَا؟» قَالَ: «صُومِي عَنْهَا». قَالَتْ: «إِنَّهَا لَمْ تَحُجَّ قَطُّ، أَفَأَحُجُّ عَنْهَا؟» قَالَ: «حُجِّي عَنْهَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) былай дейді: «Бір әйел: “Уа, Алланың елшісі! Анама бір күңді садақа етіп берген едім. Енді анам дүниеден өтті”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Садақаңның сауабы саған тиесілі. Күң де мұра жолымен өзіңе қайтады”, – деді. Әйел: “Анамның бір айлық ораза қарызы бар еді. Оның атынан ораза ұстасам бола ма?” – деп сұрады. “Оның атынан ораза ұста”, – деді. Әйел: “Анам қажылыққа ешқашан бармап еді. Оның атынан қажылық өтей аламын ба?” – деді. Алла елшісі: “Оның атынан қажылық жаса”, – деді1».

Түсіндірме

1. Анасына садақа берген перзент соның сауабын алады. Анасы дүние салғаннан кейін сол дүние мұрагерлік жолмен перзентіне өтсе, ол оған иелік ете алады. Бұл жағдайда садақадан айнып, бергенін қайтарып алуға тыйым салатын үкім бұзылмайды. Хадистегі әйел сол тыйымды білгендіктен, мына жағдайға күмәнданып, Алла елшісіне (с.а.с.) жүгінген болса керек. Алла елшісі туысына берген садақасы өзіне мұра болып қалса, оны иеленуге болатынын анық айтты. «Бұл мүлік енді Алланың ақысына айналғандықтан, кедейге берілуі керек» дейтіндер де болған. Алайда бұл пікір аят не хадиске сүйенбегендіктен, үкімге негіз бола алмайды.

2. «Мирқатта» айтылғандай, Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, марқұмның Рамазан, нәзір немесе кәффарат оразасынан қарызы қалса, оның жақыны оразаны сол кісінің атынан ұстай алады. Имам Мәлик, Шафиғи және Әбу Ханифа бұған рұқсат бермеген. Әбу Ханифаның пікірінше, марқұмның жақыны өтелмеген әрбір күн ораза үшін бір сағ арпа немесе жарты сағ бидайды садақаға беруі керек. Өтелмеген әрбір намаз (немесе бір күндік намаз) үшін де осынша садақа беріледі. Көпшілік ғалым денемен атқарылатын ғибадатты басқа адам біреудің атынан орындай алмайды деп есептеген. Тек парыз қажылықты өз бетінше өтеуге шамасы келмеген кісінің атынан басқа адам орындай алады. Адамның қайтыс болуы, қажылыққа жарамайтындай науқастанып, айығуынан үміт үзілуі немесе дене мүшесі істемей, өздігінен қимылдай алмауы осындай жағдайға жатады.

Кей ғалымдар марқұмның атынан нәпіл қажылық жасауға да болады деген.

  1. 1Мүслим, «Сиям», 157 (№ 1149). Тирмизи, «Зекет», 31 (№ 667). Әбу Дәуіт, «Уәсая», 12 (№ 2877), «Зекет», 31 (№ 1656).
165
Кутуб ситтә, № 165 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.)

وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَتْ: «قَدِمَتْ عَلَيَّ أُمِّي وَهِيَ مُشْرِكَةٌ، فَاسْتَفْتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقُلْتُ: “قَدِمَتْ عَلَيَّ أُمِّي وَهِيَ رَاغِبَةٌ، أَفَأَصِلُ أُمِّي؟” قَالَ: “نَعَمْ، صِلِي أُمَّكِ”». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.) былай дейді: «Мүшрік анам маған келді. Алла елшісінен (с.а.с.) не істеуім керегін сұрап: “Анам менімен көрісуге ниет етіп келіпті. Онымен туыстық қатынасымды жалғастырайын ба?” – дедім. Ол: “Иә, анаңмен қатынасыңды үзбе”, – деді»1.

Түсіндірме

Хадистегі Әсманың анасына қатысты түрлі пікір бар. Бұл риуаяттан ата-ананың сенімі бөлек болса да, перзенттік борышты өтеп, оларға жақындық пен құрмет көрсету керегін аңғарамыз. Ғалымдар осы хадистен мұсылман емес ата-ананы асыраудың да уәжіп екені туралы үкім шығарған. Түсіндірмеде осы оқиғаға байланысты уахи түсіп, Құранда мәселенің үкімі баяндалғаны айтылады: «Алла сендерді өздеріңмен дін үшін соғыспаған және өз атамекендеріңнен қумағандарға жақсылық жасаудан һәм оларға барынша әділ болудан тыймайды. Шүбәсіз, Алла әділетті болғандарды жақсы көреді!»2

Мүшрік ата-анаға да құрмет көрсету керектігі мына аятта анығырақ айтылған: «Егер олар Менен өзгенің құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне бағынба. Алайда дүниеде олармен жақсы қарым-қатынаста бол. Әрі Маған бар ықыласымен бет бұрған жандардың жолына түс…»3

  1. 1Бұхари, «Хибә», 28, «Әдеп», 8. Мүслим, «Зекет», 50 (№ 1003). Әбу Дәуіт, «Зекет», 34 (№ 1668).
  2. 2«Мумтахана» сүресі, 8-аят.
  3. 3«Лұқман» сүресі, 15-аят.
166
Кутуб ситтә, № 166 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَتَى رَجُلٌ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: “إِنِّي أَصَبْتُ ذَنْبًا عَظِيمًا، فَهَلْ لِي مِنْ تَوْبَةٍ؟” قَالَ: “هَلْ لَكَ مِنْ أُمٍّ؟” قَالَ: “لَا”. قَالَ: “فَهَلْ لَكَ مِنْ خَالَةٍ؟” قَالَ: “نَعَمْ”. قَالَ: “فَبِرَّهَا”». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ. وَزَادَ فِي أُخْرَى عَنِ الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ: «الْخَالَةُ بِمَنْزِلَةِ الْأُمِّ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Үлкен күнә жасап қойдым. Тәубеге келуіме бола ма?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Анаң бар ма?” – деді. Ол: “Жоқ”, – деп жауап берді. “Нағашы әпкең ше?” – дегенде, әлгі кісі: “Бар”, – деді. Сонда Алла елшісі: “Ендеше, оған жақсылық жаса”, – деді».

Тирмизи Бәра ибн Азибтен жеткізген басқа бір риуаятта: «Нағашы әпке – анаңдай»1, – делінген.

Түсіндірме

Ғалымдардың пікірінше, әлгі адамның үлкен деп санаған күнәсі шариғат өлшемімен кіші күнәлардың бірі де, шынымен үлкен күнә де болуы мүмкін. Қалай болғанда да, Алла елшісі (с.а.с.) оның қандай күнә жасағанын сұрап, жаза белгілеуге ұмтылмаған. Бұған ұқсас өзге де мысалдар бар. Осы сүннеттен жасырын күнәні жұртқа жария етпей, тәубеге келіп, Алладан кешірім тілеу қағидасы аңғарылады.

Хадис ізгі амалдардың үлкен күнәнің де кешірілуіне себеп болатынын аңғартады. Соның ішінде туыстық қатынасты үзбей, ағайынның ақысын өтеудің орны ерекше. Ағайын араласқан сайын елдің бірлігі бекіп, бір-біріне жәрдемі, сүйіспеншілігі мен құрметі артады.

Хадис нағашы әпкенің ана орнына жүретінін де аңғартады. Тирмизи оны «Нағашы әпкеге жақсылық жасау» тарауында келтірген. Жоғарыдағы риуаятта «Нағашы әпке – анаңдай» делінеді. Алла елшісі (с.а.с.) кей жағдайда әкесінің бауыры да әке орнына жүретінін айтқан.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 6 (№ 1904, Жананда № 1905). Осы тарауда Ибн Омар мен әл-Бәрадан жеткен риуаяттар бірге берілген.
167
Кутуб ситтә, № 167 · тараудағы реті: 15

وَعَنْ أَبِي أُسَيْدٍ مَالِكِ بْنِ رَبِيعَةَ السَّاعِدِيِّ أَنَّ رَجُلًا قَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، هَلْ بَقِيَ مِنْ بِرِّ أَبَوَيَّ شَيْءٌ أَبَرُّهُمَا بِهِ بَعْدَ مَوْتِهِمَا؟» فَقَالَ: «نَعَمْ، الصَّلَاةُ عَلَيْهِمَا، وَالِاسْتِغْفَارُ لَهُمَا، وَإِنْفَاذُ عَهْدِهِمَا مِنْ بَعْدِهِمَا، وَصِلَةُ الرَّحِمِ الَّتِي لَا تُوصَلُ إِلَّا بِهِمَا، وَإِكْرَامُ صَدِيقِهِمَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Усәйд Мәлик ибн Рабиға әс-Сағиди (р.а.) былай дейді: «Бір кісі: “Уа, Алланың елшісі! Ата-анам дүниеден өткен соң да оларға жақсылық жасай аламын ба?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә. Оларға дұға ет, Алладан олардың күнәларын кешіруді сұра, артында қалдырған аманаттарын орында, солар арқылы туыс болған адамдармен аралас-құраластығыңды үзбе, ата-анаңның дос-жаранына құрмет көрсет”, – деді»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 129 (№ 5142). Ибн Мәжа, «Әдеп», 2 (№ 3664).
168
Кутуб ситтә, № 168 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «إِنَّ مِنْ أَبَرِّ الْبِرِّ أَنْ يَصِلَ الرَّجُلُ أَهْلَ وُدِّ أَبِيهِ بَعْدَ أَنْ يُوَلِّيَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Перзенттің жасайтын ең ізгі істерінің бірі – әкесі дүниеден өткен соң да оның достарымен араласып, сыйласу”, – дегенін естідім»1.

Түсіндірме

Ғалымдар осы және осыған ұқсас риуаяттарға сүйеніп, әкесі тірі кезде оның достарының халін сұрап, сый-құрмет көрсетуді мұстахап санаған. Бұл ізгі қарым-қатынасты әкесі дүниеден өткеннен кейін де жалғастыру құпталады.

  1. 1Мүслим, «Бирр», 11–13 (№ 2552). Тирмизи, «Бирр», 5 (№ 1903, Жананда № 1904). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 129 (№ 5143).
169
Кутуб ситтә, № 169 · тараудағы реті: 17

وَعَنْ عُمَرَ بْنِ السَّائِبِ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ جَالِسًا، فَأَقْبَلَ أَبُوهُ مِنَ الرَّضَاعَةِ، فَوَضَعَ لَهُ بَعْضَ ثَوْبِهِ فَقَعَدَ عَلَيْهِ، ثُمَّ أَقْبَلَتْ أُمُّهُ مِنَ الرَّضَاعَةِ، فَوَضَعَ لَهَا شِقَّ ثَوْبِهِ مِنْ جَانِبِهِ الْآخَرِ فَجَلَسَتْ عَلَيْهِ، ثُمَّ أَقْبَلَ إِلَيْهِ أَخُوهُ مِنَ الرَّضَاعَةِ، فَقَامَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَجْلَسَهُ بَيْنَ يَدَيْهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Омар ибн әс-Саибке мынадай хабар жеткен: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) отырғанда сүт әкесі келді. Алла елшісі құрмет көрсетіп, оған киімінің бір шетін төсеп берді. Ол соның үстіне отырды. Артынша сүт анасы келді. Пайғамбарымыз киімінің екінші шетін төсеп берді. Сүт анасы соған отырды. Біраздан соң сүт бауыры келді. Алла елшісі орнынан тұрып, оны алдына отырғызды»1.

Түсіндірме

Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) сүт туыстарымен де аралас-құраластығын үзбегенін көрсетеді. Оның сүт анасы Халима әс-Сағдия мұсылман болып, бірнеше хадис жеткізген. Сүт әпкесі Шәйма бинт әл-Харис ибн Абдулузза да Исламды қабылдаған. Абдулла ибн әл-Харис пен Унәйса бинт әл-Харис – оның сүт бауырлары. Ал сүт әкесі әл-Харис ибн Абдулузза ибн Рифаа әс-Сағдиге де Алла тура жол нәсіп еткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 129 (№ 5145).
170
Кутуб ситтә, № 170 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Зәйд ибн Арқам (р.а.)

وَعَنْ زَيْدِ بْنِ أَرْقَمَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “مَنْ حَجَّ عَنْ أَحَدِ أَبَوَيْهِ أَجْزَأَ ذَلِكَ عَنْهُ، وَبُشِّرَ رُوحُهُ بِذَلِكَ فِي السَّمَاءِ، وَكُتِبَ عِنْدَ اللَّهِ بَارًّا وَلَوْ كَانَ عَاقًّا”». وَفِي أُخْرَى: «كُتِبَ لِأَبِيهِ بِحَجٍّ، وَلَهُ بِسَبْعٍ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Арқам (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Кім ата-анасының бірінің атынан қажылық жасаса, сол кісінің қажылық қарызы өтеледі. Бұл хабар көкте оның рухына сүйіншіленеді. Ол бұрын ата-анасына қарсы келген болса да, Алланың алдында ата-анасына жақсылық жасаған перзент ретінде жазылады».

Басқа бір риуаятта: «Әкесіне бір қажылықтың, өзіне жеті қажылықтың сауабы жазылады», – делінген1.

  1. 1Риуаятты Рәзин келтірген. Ұқсас нұсқасын әт-Табарани «Әл-Муғжамул-кабирде» келтірген. Қараңыз: әл-Хайсәми, «Мәжмағуз-зауаид», 3/282.