وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَتْ: «قَدِمَتْ عَلَيَّ أُمِّي وَهِيَ مُشْرِكَةٌ، فَاسْتَفْتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقُلْتُ: “قَدِمَتْ عَلَيَّ أُمِّي وَهِيَ رَاغِبَةٌ، أَفَأَصِلُ أُمِّي؟” قَالَ: “نَعَمْ، صِلِي أُمَّكِ”». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.) былай дейді: «Мүшрік анам маған келді. Алла елшісінен (с.а.с.) не істеуім керегін сұрап: “Анам менімен көрісуге ниет етіп келіпті. Онымен туыстық қатынасымды жалғастырайын ба?” – дедім. Ол: “Иә, анаңмен қатынасыңды үзбе”, – деді»1.
Түсіндірме
Хадистегі Әсманың анасына қатысты түрлі пікір бар. Бұл риуаяттан ата-ананың сенімі бөлек болса да, перзенттік борышты өтеп, оларға жақындық пен құрмет көрсету керегін аңғарамыз. Ғалымдар осы хадистен мұсылман емес ата-ананы асыраудың да уәжіп екені туралы үкім шығарған. Түсіндірмеде осы оқиғаға байланысты уахи түсіп, Құранда мәселенің үкімі баяндалғаны айтылады: «Алла сендерді өздеріңмен дін үшін соғыспаған және өз атамекендеріңнен қумағандарға жақсылық жасаудан һәм оларға барынша әділ болудан тыймайды. Шүбәсіз, Алла әділетті болғандарды жақсы көреді!»2
Мүшрік ата-анаға да құрмет көрсету керектігі мына аятта анығырақ айтылған: «Егер олар Менен өзгенің құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне бағынба. Алайда дүниеде олармен жақсы қарым-қатынаста бол. Әрі Маған бар ықыласымен бет бұрған жандардың жолына түс…»3