وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَتَى رَجُلٌ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: “إِنِّي أَصَبْتُ ذَنْبًا عَظِيمًا، فَهَلْ لِي مِنْ تَوْبَةٍ؟” قَالَ: “هَلْ لَكَ مِنْ أُمٍّ؟” قَالَ: “لَا”. قَالَ: “فَهَلْ لَكَ مِنْ خَالَةٍ؟” قَالَ: “نَعَمْ”. قَالَ: “فَبِرَّهَا”». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ. وَزَادَ فِي أُخْرَى عَنِ الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ: «الْخَالَةُ بِمَنْزِلَةِ الْأُمِّ».
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Үлкен күнә жасап қойдым. Тәубеге келуіме бола ма?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Анаң бар ма?” – деді. Ол: “Жоқ”, – деп жауап берді. “Нағашы әпкең ше?” – дегенде, әлгі кісі: “Бар”, – деді. Сонда Алла елшісі: “Ендеше, оған жақсылық жаса”, – деді».
Тирмизи Бәра ибн Азибтен жеткізген басқа бір риуаятта: «Нағашы әпке – анаңдай»1, – делінген.
Түсіндірме
Ғалымдардың пікірінше, әлгі адамның үлкен деп санаған күнәсі шариғат өлшемімен кіші күнәлардың бірі де, шынымен үлкен күнә де болуы мүмкін. Қалай болғанда да, Алла елшісі (с.а.с.) оның қандай күнә жасағанын сұрап, жаза белгілеуге ұмтылмаған. Бұған ұқсас өзге де мысалдар бар. Осы сүннеттен жасырын күнәні жұртқа жария етпей, тәубеге келіп, Алладан кешірім тілеу қағидасы аңғарылады.
Хадис ізгі амалдардың үлкен күнәнің де кешірілуіне себеп болатынын аңғартады. Соның ішінде туыстық қатынасты үзбей, ағайынның ақысын өтеудің орны ерекше. Ағайын араласқан сайын елдің бірлігі бекіп, бір-біріне жәрдемі, сүйіспеншілігі мен құрметі артады.
Хадис нағашы әпкенің ана орнына жүретінін де аңғартады. Тирмизи оны «Нағашы әпкеге жақсылық жасау» тарауында келтірген. Жоғарыдағы риуаятта «Нағашы әпке – анаңдай» делінеді. Алла елшісі (с.а.с.) кей жағдайда әкесінің бауыры да әке орнына жүретінін айтқан.
- 1Тирмизи, «Бирр», 6 (№ 1904, Жананда № 1905). Осы тарауда Ибн Омар мен әл-Бәрадан жеткен риуаяттар бірге берілген.