وَعَنْ جُنَادَةَ بْنِ أُمَيَّةَ، عَنْ بُسْرِ بْنِ أَرْطَاةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: لَا تُقْطَعُ الْأَيْدِي فِي السَّفَرِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَعِنْدَ التِّرْمِذِيِّ: «فِي الْغَزْوِ».
Жунада ибн Умәйя жеткізген риуаятта Буср ибн Артат (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) “Сапарда қол кесілмейді” дегенін естідім», – дейді. Тирмизи нұсқасында «ғазуада» делінген.1
Түсіндірме
1. Әбу Дәуіт жеткізген риуаятта хадистің айтылу жағдайы көрсетілген: «Буср ибн Артатпен теңіз сапарында едік. Мисдар есімді адамды алып келді, ол түйе ұрлаған екен. Буср: “Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Ғазуа кезінде қол кесілмейді’ дегенін естідім. Осы хадис болмағанда, оның қолын кестірер едім”, – деді».
2. Бір риуаятта «ғазуада», екіншісінде «сапарда» делінген. Шәрхтерде мұндағы «сапар» сөзі әскери жорықты білдіреді деп түсіндірілген.
3. Шәрхтерде осы тыйым әскери жорықта жазаланған адамның дұшпан жағына өтіп кетуі мүмкін деген қауіппен түсіндірілген. Сондықтан жазаны сапардан қайтқанға дейін кейінге қалдыру жөн саналған.
Әузағи бұл үкім ұрлыққа ғана қатысты емес, зина мен жала секілді өзге хадд санаттарын да қамтиды деген. Көпшілік ғалым бұған қосылмаған. Олардың пікірінше, хадд жазалары елде де, сапарда да қолданылады.
Әли әл-Қари Турбуштидің мына жорамалын келтіреді: «Бәлкім, Әузағи қолы кесілген адамның бүлікке араласып, исламға қарсы шығуынан қауіптенген. Немесе қолбасшы жорықта ұрлық үшін қол кесу дұшпанға қарсы әскерді әлсіретеді, пайда бермейді деп, жазаны әскер қайтқанға дейін кейінге қалдырған».
Қазы Ияз басқа жорамал айтқан: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл тыйыммен соғыс олжасынан ұрлаған адамның қолын кеспеуді көздеген болуы мүмкін».
Көпшілік ғалым Убададан (р.а.) жеткен мына риуаятқа сүйенген:
جَاهِدُوا النَّاسَ فِي اللَّهِ، الْقَرِيبَ وَالْبَعِيدَ، وَلَا تُبَالُوا فِي اللَّهِ لَوْمَةَ لَائِمٍ، وَأَقِيمُوا حُدُودَ اللَّهِ فِي الْحَضَرِ وَالسَّفَرِ.
«Алла жолында жақынмен де, алыспен де жиһад етіңдер. Алла жолында ешкімнің айыптауына қарамаңдар. Алланың хадд үкімдерін елде де, сапарда да орындаңдар».2