وَعَنِ الشَّعْبِيِّ: «أَنَّ رَجُلَيْنِ شَهِدَا عَلَىٰ رَجُلٍ أَنَّهُ سَرَقَ، فَقَطَعَهُ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، ثُمَّ ذَهَبَا وَجَاءَا بِآخَرَ وَقَالَا: أَخْطَأْنَا فِي الْأَوَّلِ. فَأَبْطَلَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ شَهَادَتَهُمَا، وَغَرَّمَهُمَا دِيَةَ الْأَوَّلِ، وَقَالَ: لَوْ عَلِمْتُ أَنَّكُمَا تَعَمَّدْتُمَا لَقَطَعْتُكُمَا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي التَّرْجَمَةِ.
Шағби былай дейді: «Екі кісі бір адамның ұрлық жасағанын айтып куәлік етті. Сол куәлікке сүйеніп, Әли (р.а.) оның қолын кесті. Кейін екеуі басқа бір адамды әкеліп: “Алғашқы кісі туралы қателесіппіз”, – деді. Әли (р.а.) олардың куәлігін жарамсыз деп танып, әуелгі адамның кесілген қолының құнын екеуіне төлетті. Содан кейін: “Мұны әдейі істегендеріңді білсем, екеуіңнің де қолдарыңды кесер едім”, – деді»1.
Түсіндірме
Бұхари бұл риуаятты «Бір топ адам бір кісіге зұлымдық жасаса, олардың біреуінен ғана қысас алына ма, әлде бәрінен алына ма?» деген тараудың басында келтірген. Мұнда жарақаттау, өлтіру, ұрлық пен жала секілді істер қамтылады. Бұхари кінәлілердің бәріне қысас қолданылатынын көрсететін бірнеше мысал берген. Соның бірі – Ибн Омардың мына риуаяты: «Бір жас бала қастандықпен өлтірілген еді. Омар ибн әл-Хаттаб: “Оны өлтіруге Сана халқының бәрі қатысса, бәріне де өлім жазасын қолданар едім”, – деді».
Мұғира ибн Хакимнің әкесінен жеткізген хабарында төрт адамның бірігіп бір баланы өлтіргені және Омардың төртеуін де өлім жазасына кескені айтылады.
Ибн Хажар «Фатхул-Бариде» Бұхари толық иснадсыз, қысқартып жеткізген осы оқиғалардың дереккөздерін, мәтінін және басқа да жайларын кеңінен талдаған.
- 1Бұхари, «Дият», 21. Риуаят 6896-хадистің алдындағы тарау атауында толық иснадсыз келтірілген.