Бұл хадиске адамның құқықтық жауаптылығы мен діни міндеттері жайында жиі жүгінеді. Ғалымдар «қалам» және «қаламның көтерілуі» тіркестерін тура немесе астарлы мағынада түсіндірген. Астарлы мағынада «қаламның көтерілуі» міндет пен жауапкершіліктің жүктелмейтінін білдіреді. Міндеттің белгіленуі жазумен бейнеленеді. Мысалы, Құранда كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ «Сендерге ораза ұстау парыз етілді»2 делінген. Арабша мәтіндегі «жазылды» деген сөз осында «парыз етілді» деген мағынада жұмсалған. Демек, хадистегі «қалам көтерілген» тіркесі аталған үш топқа жауапкершілік жүктелмейтінін білдіреді.
Қаламды тура мағынада түсіндіргендер оны мына хадистегі қалам деп таниды:
أَوَّلُ مَا خَلَقَ اللَّهُ الْقَلَمُ، فَقَالَ لَهُ: اكْتُبْ، فَكَتَبَ مَا هُوَ كَائِنٌ إِلَىٰ يَوْمِ الْقِيَامَةِ
«Алла әуелі қаламды жаратты да, оған “Жаз!” деп бұйырды. Қалам Қиямет күніне дейін болатынның бәрін жазды»3.
Осы түсіндірме бойынша, қалам адамдардың жақсылығы мен жамандығын, ғибадаттың сауабы мен жаман істің жазасын қалдырмай жазған. Алла қаламды жаратып, Ләухул-махфузға жазуды бұйырған, қалам осы әмірді толық орындаған.
Осы түсіндірмеде ұйықтап жатқан кісі, бала және есінен айырылған адам істеген әрекеті үшін күнә арқаламайды делінеді. Алла қаламға олардың әрекетін күнә деп жазбауды бұйырған. Сондықтан оларға діни жауапкершілік жүктелмейді.
Жинақ авторының айтуынша, мұсылман ғалымдары осы хадиске сүйеніп, балаға ересек адамдай жауапкершілік жүктемеген. Баланың жауапкершілікке тартылатын шағы риуаяттың әр нұсқасында әртүрлі айтылған: حَتَّىٰ يَشِبَّ «...жігіт болғанға дейін», حَتَّىٰ يَكْبُرَ «...есейгенге дейін», حَتَّىٰ يَبْلُغَ «...балиғатқа жеткенге дейін».
Автор Батыста бала істеріне арналған бөлек соттар, заңдар мен сот жүргізу тәртібі қалыптасқанын айтады. Оның баяндауынша, бұған дейін кей жағдайда бала да ересек адаммен бірдей жауапқа тартылып, тіпті өлім жазасына кесілген. Ал классикалық ислам құқығында баланың жауаптылығы әуелден бөлек қаралған.
ХИДАНА БӨЛІМІ
Классикалық ислам құқығында кішкентай баланы бағып-қағу мен тәрбиелеу «хидана» деп аталады. Фиқһ ғалымдарының анықтамасы бойынша, хидана – ұл мен қызды немесе өз қажетіне өзі жарай алмайтын, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты ажырата қоймаған баланы бағып-қағу. Оған баланың қажет жағдайын жасау, зиян мен қауіптен қорғау, тәні мен жанын тәрбиелеу, жауапкершілікке баулу кіреді.
Бұл кезең, әдетте, ұл балада жеті-тоғыз, қыз балада тоғыз-он бір жасқа дейін созылады. Бала өз бетімен ішіп-жеп, киініп, дәрет сындырып, тазалана алатын шаққа жеткенде хидана кезеңі аяқталады. Қыз баланың хидана кезеңінің аяқталуы етеккір келетін жаспен де байланыстырылған.
Баланың өсіп-жетілуі үшін ең алдымен мейірім керек. Әке-шешесі ажырасқанда немесе олардың бірі не екеуі де қайтыс болғанда, баланы кім бағып-қағады, оны тәрбиелеуге кім лайық әрі кім жауапты деген мәселе туады. Әдетте баланы бағып-қағуға ең лайық жан анасы деп есептелген.
Жинақ авторы сүннетте ананың балаға мейірімі ерекше ескерілгенін айтады. Хадисте былай делінген:
مَنْ فَرَّقَ بَيْنَ الْوَالِدَةِ وَوَلَدِهَا فَرَّقَ اللَّهُ بَيْنَهُ وَبَيْنَ أَحِبَّتِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ.
«Ананы баласынан айырған адамды Алла Қиямет күні жақындарынан айырады».
Анасы күң болса да, сату кезінде оны баласынан ажыратуға тыйым салынған. Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) алдына әкелінген тұтқындарға бір-бірлеп қарайтын. Жылап тұрған әйелді көрсе, себебін сұрайтын. Баласы сатылғанын айтса, келісімді бұздырып, баланы анасына қайтаратын». Рауи осыған Әбу Әсид әс-Саидиге қатысты оқиғаны мысал етеді.
عَنْ عَلِيٍّ أَنَّهُ فَرَّقَ بَيْنَ جَارِيَةٍ وَوَلَدِهَا فَنَهَاهُ النَّبِيُّ ﷺ عَنْ ذَلِكَ وَرَدَّ الْبَيْعَ.
Әбу Дәуіт келтірген риуаятта Әли (р.а.) күң ана мен баласын сату арқылы айырғанда, Алла елшісі (с.а.с.) оған тыйым салып, келісімді бұздырғаны айтылады.4
Әзірет Омар да бұл мәселеге мән беріп, жауапты адамдарға хат жолдаған. Абдулла ибн Фәррух әкесінен: «Омар ибн әл-Хаттаб бізге “Ағайынды адамдарды, ана мен баланы сату арқылы бір-бірінен айырмаңдар” деп жазды», – деген сөз жеткізген. Дереккөзде Омардың Нафиғ ибн Абд әл-Хариске де осы мазмұнда хат жазғаны баяндалады.
Мунауидің айтуынша, Шафиғи, Әбу Ханифа және Мәлік сату не сыйға тарту арқылы ана мен баланың арасын айыруды харам санаған. Шафиғи тыйымды бала жақсы мен жаманды ажырататын тәмиз жасына жеткенге дейін, Әбу Ханифа балиғатқа жеткенге дейін қолданған.
Бұл үкім ана мен балаға қоса, әке мен балаға және өзге жақын туыстарға да қатысты. Ана мен баланың арасын айырмау айрықша ескертілген. Саид ибн Мансұр келтірген деректе Алла елшісінің (с.а.с.) әпкелі-сіңілі екі қызды бөлек адамдарға сату келісімін жарамсыз деп тапқаны айтылады.
Балаға ана тәрбиесі аса қажет деп саналғанымен, ата-ана ажырасқан соң баланы кім қарайтыны жөнінде дау тууы мүмкін. Кейде дау баланың анасы мен әкесінің бауыры немесе әкесі мен нағашы әжесі арасында өрбиді. Осындай әртүрлі жағдайда қандай шешім шығарылғанына қатысты сүннетте бірнеше мысал бар.
1. Тәмиз жасына жетпеген бала анасы қайта тұрмысқа шықпағанша соның қамқорлығында болады.
Абдулла ибн Амрдың риуаятында бір әйел: «Уа, Алланың елшісі! Осы ұлымды құрсағымда көтердім, омырауыммен еміздім, құшағымда аяладым. Әкесі менімен ажырасты, енді ұлымды алып кетпек», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.): «Қайта тұрмысқа шықпағаныңда, оны бағып-қағуға сенің құқығың басым», – деп жауап береді. Әбу Бәкір де Омардың ажырасқан әйелінен туған Асым жайында: «Анасы қайта тұрмысқа шықпағанша, ұлы оның қамқорлығында болады. Өйткені анасы балаға бәрінен мейірімді, қайырымды, жанашыр әрі балажан», – деген.
Бала ана мейіріміне мұқтаж шағында оның күтімі анасына жүктелетінін ғалымдар бірауыздан құптаған. Фиқһ мамандары бұл кезең баланың ас ішіп, киініп, дәретке өзі бара алатын шағына дейін жалғасатынын айтқан. Олардың есебінше, бала бұл істерді шамамен жеті-сегіз жасында өз бетімен істей алады. Қыз баланың ана күтіміне мұқтаждығы етеккір келгенге дейін созылады деп есептелген.
2. Тәмиз жасына жеткен балаға таңдау берілуі.
Ажырасқан ата-ана балаға қатысты дауын Алла елшісіне (с.а.с.) жеткізеді. Ол екеуін қатар отырғызып, балаға: «Мынау – әкең, мынау – анаң. Қайсысын қаласаң, соның қолынан ұста», – дейді. Сөйтіп таңдауды баланың өзіне қалдырады.
Ибн Аббастың риуаятында Асым анасын таңдағанда, Әбу Бәкір Омарға: «Бала ер жетіп, таңдау жасай алатын жасқа келгенше анасының иісі, жылуы мен төсегі оған сенен қайырлы», – деген. Омар оған қарсы уәж айтпаған. Аммара ибн Рабиғаның жеткізуінше, әкесі мен анасы дауласқанда, Әли жеті-сегіз жасар балаға таңдау берген. Оның кіші бауыры туралы: «Бұл да ағасының жасына жетсе, оған да таңдау берер едім», – деген. Абдуррахман ибн Ғанамның риуаятында Омар әлі тілі шықпаған бала туралы: «Тілі шығып, таңдай алатын жасқа келгенше анасымен бірге болады», – деп үкім айтқан. Бұл мысалдарда кішкентай бала анасының қамқорлығында қалады. Ал сөйлей алатын, тәмиз жасына жеткен балаға таңдау беріледі.
Тәмиз жасына жеткен балаға әкесі, анасы немесе екі жақтың туыстары арасынан таңдау беруге қатысты фиқһ мамандары әртүрлі пікір айтқан. Ахмад пен Исхақтың көзқарасы бойынша, ата-анасы дауласса, жеті жасқа толған бала таңдай алады. Одан кіші бала анасымен қалады. Қазы Шурайх екі тараптың да хақын ескеріп: «Әкенің хақы басым, ана баласына мейірімдірек», – деген. Әкелері қайтыс болған бірнеше қара нәсілді баланы алдына әкелгенде, ол: «Өздеріне таңдау беріңдер, қалаған адамдарымен бірге болсын», – деп шешкен. Имам Шафиғи де таңдау беруді жақтаған.
3. Таңдау беруді қабылдамайтын ханафи пікірін Тахауи қорғаған. Ол Әбу Һурайрадан жеткен риуаятқа сүйенеді. Онда Алла елшісі (с.а.с.) «Араларыңда жеребе тартыңдар» дегенде әкесі қарсылық білдіріп, содан кейін ғана балаға таңдау берілгені айтылады. Тахауи осыдан баланы таңдату Алла елшісінің (с.а.с.) жалпыға ортақ үкімі болмаған деген тұжырым шығарған. Куфа ғалымдарының көбі осыны құптаған. Тахауи Хамзаның қызына туыстары арасынан таңдау берілмегенін де мысал етеді. Абдулхамид ибн Сәләмә әл-Ансари мен Рафиғ ибн Синаннан жеткен риуаятта мұсылман ер мен мұсылман емес әйел балаға таңдау беру туралы ұсынысқа келіскеннен кейін ғана таңдау жасалғаны айтылады. Тахауи осы риуаятты да дәлелге келтірген.
Ханафи ғалымы әл-Кәсәнидің пікірінше, ұл бала тәмиз жасына жетіп, өздігінен ішіп-жей және киіне алатын кезде әкесінің қамқорлығына өтеді. Ол ұлдың ер кісіге тән мінез-құлық пен әдепті әкесінен үйренетінін, анасымен қалса әйелге тән әдеттерді бойына сіңіруі мүмкін екенін алға тартқан. Әл-Кәсәни мұны қыз бала үшін кемшілік санамаған және әйелге тән тәлімді анасынан алуы үшін қыздың соның қамқорлығында қалғанын жөн көрген.
Таңдау беруге қарсы ханафи ғалымдары баланың ықыласы сол сәттегі қызық пен жайлылыққа ауады деп уәж айтқан. Олардың пайымынша, бала оқуды, өзін тәрбиелеуді және діни білім алуды талап ететін адамнан гөрі, еркіне жіберетін адамды таңдап қалуы мүмкін. Бұл тәрбиесіне немқұрайды қарайтын ата-ананың бірін таңдауына әкеледі. Олар таңдау беруді жақтаушылар келтірген хадистегі бала балиғатқа толған деп түсіндіріп, таңдау құқығын содан кейін ғана мойындаған.
Таңдау беруді қолдағандар да тәмиз жасындағы баланы тәрбиелеуде әкенің орны маңызды екенін ескерткен: «Бала анасын таңдаса, әкесі соған сүйеніп оны қараусыз қалдырмайды. Әдеп пен білім беру ісіне өзі қатысады немесе басқа жолмен атсалысады, баласының қажеттерін өтейді».
Таңдау беруді қолдаған ғалымдар оны екі тарап та хидана шарттарына сай болғанда рұқсат санаған. Олар мұсылмандықты, азаттықты, ақыл-естің дұрыстығын, әділдікті және бір жерде тұруды мысалға келтіреді. Бір тарап шарттардың біріне сай келмесе, хидана құқығынан айырылады. Классикалық қағида бойынша, бала азаттық пен құлдықта анасына, тегі мен есімінде әкесіне, дінде екеуінің дін жағынан қайырлысына ілеседі.
4. Ана жағындағы туыстардың басымдығы. Әлидің (р.а.) риуаяты бойынша, мұсылмандар ұмрасын өтеп, Меккеден аттанғалы тұрғанда, Хамзаның қызы «Көке, көке!» деп соңдарынан ереді. Ибн Аббас жеткізген нұсқада қыз Алла елшісіне (с.а.с.), Зәйд ибн Харисаға және Жағфарға жеке-жеке барып, өзін ертіп кетулерін сұрайды. Олар Құрайышпен жасалған келісімге сай бірден келіспейді. Әли қыздың қолынан ұстап, қамқорлығына алады. Жағфар: «Ол – көкемнің қызы. Нағашы әпкесі менің жұбайым. Нағашы әпке анамен тең, сондықтан оған қарауға менің хақым басым», – дейді. Әли: «Ол – менің де көкемнің қызы. Жұбайым – Алла елшісінің (с.а.с.) қызы. Қамқорлыққа мен лайықтымын», – дейді. Зәйд те: «Ол – бауырымның қызы. Оған қарауға менің хақым басым», – деп дауға араласады. Алла елшісі (с.а.с.) қыздың қамқорлығын Жағфарға тапсырып: «Қыз нағашы әпкесінің қасында болады. Нағашы әпке анамен тең», – дейді.
Ғалымдар әртүрлі нұсқада жеткен осы оқиғаға сүйеніп, хиданада баланың нағашы әпкесі әкесінің әпке-қарындасынан бұрын тұрады, ана жағындағы туысқа әке жағындағы туыстан басымдық беріледі деген үкім шығарған. Нағашы әпкенің хақы басым екенін қуаттайтын басқа риуаяттар да бар. Әбу әл-Уәлидтің риуаятында анасы мен көкесі дауласқан балаға Омар: «Анаңның таршылығы саған көкеңнің молшылығынан қайырлы», – деген. Фиқһ мамандары хиданаға мұсылман болу, ақыл-есі дұрыс әрі балиғатқа толған болу, бала тәрбиесіне шамасы жету, сенімділік, азаттық және некеде болмау сияқты шарттар қойған. Олар сүннетте жеткен мысалдарды ескеріп, хиданаға хақы басым жандарды мына ретпен көрсеткен:
1. Анасы;
2. Анасының анасы;
3. Әкесінің анасы;
4. Әке-шешесі бір әпке-қарындасы;
5. Шешесі бір әпке-қарындасы;
6. Әкесі бір әпке-қарындасы;
7. Әке-шешесі бір әпке-қарындасының қызы;
8. Шешесі бір әпке-қарындасының қызы;
9. Анасының әке-шешесі бір әпке-сіңлісі;
10. Анасының шешесі бір әпке-сіңлісі;
11. Анасының әкесі бір әпке-сіңлісі;
12. Әкесі бір әпке-қарындасының қызы;
13. Әке-шешесі бір аға-інісінің қызы;
14. Шешесі бір аға-інісінің қызы;
15. Әкесі бір аға-інісінің қызы;
16. Әкесінің әке-шешесі бір әпке-қарындасы;
17. Әкесінің шешесі бір әпке-қарындасы;
18. Әкесінің әкесі бір әпке-қарындасы;
19. Анасының нағашы әпкесі;
20. Әкесінің нағашы әпкесі;
21. Анасының әкесінің әпке-қарындасы;
22. Әкесінің әкесінің әпке-қарындасы.
Әке-шешесі бір туысқа басымдық беріледі. Аталған махрам әйел туыстардың арасында баланы қарайтын адам болмаса немесе бар адамның хиданаға шамасы жетпесе, құқық мұрагерлік ретімен әке жағындағы махрам ер туыстарға өтеді.
Әке жағындағы асаба туыстардың арасынан лайықты адам табылмаса, хидана құқығы асабаға кірмейтін махрам ер туыстарға өтеді. Мұндай рет баланың күтімі қараусыз қалмауы үшін белгіленген. Оған, алдымен, жақын туыстары жауап береді, олардың да туыстық дәрежесіне қарай басымдығы әртүрлі. Балаға қарайтын ешбір туыс табылмаса, лайықты қамқоршыны қазы тағайындайды.