Хадис

Кутуб ситтә, № 1653

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
212. Хадд жазаларында араша түсу және жеңілдік көрсету
Нөмірі
№ 1653 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
1653
Кутуб ситтә, № 1653 · тараудағы реті: 5

وَعَنِ ابْنِ الْمُسَيِّبِ رَحِمَهُ اللَّهُ أَنَّ رَجُلًا مِنْ أَسْلَمَ يُقَالُ لَهُ هَزَّالٌ شَكَا رَجُلًا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ بِالزِّنَا، وَذَلِكَ قَبْلَ أَنْ يَنْزِلَ: ﴿وَالَّذِينَ يَرْمُونَ الْمُحْصَنَاتِ﴾ الْآيَةُ، فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: «يَا هَزَّالُ، لَوْ سَتَرْتَهُ بِرِدَائِكَ لَكَانَ خَيْرًا لَكَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн әл-Мусайябтың айтуынша, Әсләм тайпасынан Һәззал есімді бір адам Алла елшісіне (с.а.с.) бір кісінің зина жасағанын айтып шағымданған. Бұл оқиға «Ары таза әйелдерге зина қылды деп жала жапқаннан кейін сөзін растайтын төрт бірдей куә әкеле алмағандарға сексен дүре соғыңдар. Содан кейін олардың куәлігін әсте қабылдамаңдар. Олар азғындардың нақ өзі»1 деген аят түспей тұрып болған. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Һәззал! Оны сырт киіміңмен бүркегенің өзің үшін қайырлы болар еді», – деген2.

Түсіндірме

Кейбір риуаятта Мағиздің Һәззалдың күңімен жақындасқаны, Һәззалдың содан кейін Алла елшісіне (с.а.с.) шағымданғаны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) «Сырт киіміңмен бүркегенің қайырлы болар еді» деген сөзбен мұсылманның айыбын жарияламауды меңзеген. Алайда № 1605 хадисте айтылғандай, Мағиз өзі келіп, күнәсін мойындаған соң, оған ражм жазасы тағайындалған.

  1. 1«Нұр» сүресі, 4-аят.
  2. 2Мәлік, «Муатта», «Худуд», 3 (2/821). Әбу Дәуіт, «Худуд», 6 (4377, сөздері өзгеше нұсқа).