1. Хадисте «ізгілік» деп аударылған «бирр» сөзі Құранның көптеген аятында кездеседі. Құранда ﴿لَّيْسَ ٱلْبِرَّ أَن تُوَلُّوا۟ وُجُوهَكُمْ قِبَلَ ٱلْمَشْرِقِ وَٱلْمَغْرِبِ وَلَٰكِنَّ ٱلْبِرَّ مَنْ ءَامَنَ بِٱللَّهِ وَٱلْيَوْمِ ٱلْـَٔاخِرِ وَٱلْمَلَٰٓئِكَةِ وَٱلْكِتَٰبِ وَٱلنَّبِيِّـۧنَ وَءَاتَى ٱلْمَالَ عَلَىٰ حُبِّهِۦ ذَوِى ٱلْقُرْبَىٰ وَٱلْيَتَٰمَىٰ وَٱلْمَسَٰكِينَ وَٱبْنَ ٱلسَّبِيلِ وَٱلسَّآئِلِينَ وَفِى ٱلرِّقَابِ وَأَقَامَ ٱلصَّلَوٰةَ وَءَاتَى ٱلزَّكَوٰةَ وَٱلْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَٰهَدُوا۟ وَٱلصَّٰبِرِينَ فِى ٱلْبَأْسَآءِ وَٱلضَّرَّآءِ وَحِينَ ٱلْبَأْسِ﴾ «Шынайы ізгілік жүздеріңді шығысқа немесе батысқа қаратуда емес. Шынайы ізгілік – Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, Кітапқа және пайғамбарларға сенген жандардың, әрі мал-мүлкінен – оны қанша жерден жақсы көрсе де – жақын туыстарына, жетімдерге, міскіндерге, елінен жырақта жүрген яки жолда қалған ғаріп жолаушыға, тарыққаннан қайыр садақа сұрағандарға және азаттыққа қауышқысы келген құлдар мен тұтқындарға берген, намаз оқыған, зекет берген, уәделескенде уәдеде тұратын, әрі таршылық көргенде, дертке шалдыққанда әрі соғыс жағдайында сабырлылық танытқан жандардың ісі»2 деп баяндалған.
﴿لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ﴾ «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар»3.
﴿وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ﴾ «Ізгі істерде, әрі тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда біріңе-бірің болыспаңдар»4.
2. Нәуәуи Мүслимнің хадистеріне жазған түсіндірмесінде ғұламалар «бирр» сөзіне туысқа қарайласуды, жақсы қарым-қатынасты, ізгілік жасауды, жақсы өмір сүруді және құлшылық етуді жатқызғанын айтады. Бұлардың бәрі көркем мінезге саяды. Тиби «бирр» сөзі хадистерде түрлі мағынада түсіндірілетінін айтқан. Бірде ол жанды жай таптырып, жүректі орнықтыратын нәрсе десе, бірде иман және Аллаға жақындататын амал дейді. Бұл хадисте ізгілік көркем мінез деп түсіндірілген. Көркем мінезге қиындыққа төзу, ашуға бой алдырмау, жылы жүз таныту және жақсы сөз айту жатады.
3. Күнә адамның жанын мазалайды. Ғалымдардың түсіндіруінше, ол көңілге күдік ұялатып, адамды «Осы ісім күнә емес пе? Дұрыс істедім бе?» деген екіұдай ойға салады.
Кейбір ғалымдар: «Күнә – жамандығы көңіліңді мазалайтын әрі ұсқынсыздығынан жұртқа жария болуын қаламайтын іс», – дейді. Хадистің соңындағы «жұрттың білгенін қаламайтын іс» деген сөз осы анықтаманы қуаттайды.
Адам жақсы іс істесе, табиғатынан оны өзгелердің көргенін қалайды. Кей ісін жұрттан жасырғысы келсе, оның Аллаға жақындататын ізгі амал болмағаны немесе шариғатта рұқсат етілмегені. Мұндай істе қайыр да, ізгілік те жоқ. Ол – күнә әрі жамандық.
Қорқыныш
Дінімізде қорқыныш сезімін «хауф» дейді. Жаратушы тіршілікті сақтау үшін адамның бойына осы маңызды сезімді дарытқан. Ол адамға да, жануарға да ортақ. Қорқыныш сезімінен ада адам жоқ деуге болады. Бұл сезім адамның іс-әрекетіне едәуір ықпал етеді. Оған үстірт қараған кейбір позитивистер мен эволюционистер діннің негізінде қорқыныш жатыр деп шектен шыққан. Олардың пікірінше, адам өзі қорыққан нәрсенің зиянынан құтылу үшін соған табына бастаған. Шынында, өткінші дүниенің нәрселерінен қорқу шектен асса, адам жасырын ширкке түсіп, қорыққан нәрсесіне табына бастауы мүмкін. Мұның өзі дінге ұқсас сипат алады. Тарихта залымдар мен диктаторлар үрей мен террорды ықпалды қаруға айналдырып, жұртты өз дегеніне көндірген.
Ислам адамды қорқыныш арқылы билеп-төстеушілердің қолына түсуден құтқару үшін Алладан қорқуды негіз етіп, осы сезімді жүрекке орнықтыруды көздейді. Жүрегіне Алладан шын қорқу орныққан кісі өзгелердің үрейіне бой алдырмайды. Дүниедегі қауіп-қатерден сақтанады, бірақ адамдар қанша қорқытса да, сенімі мен діни ұстанымынан айнымайды. Адамдардың ар-ұжданы мен сеніміне үстемдік жүргізгісі келетін идеологиялық тәртіптердің исламға және Алладан қорқу қағидасына бар күшімен шабуылдауы да осыдан. Олар түрлі амалмен қорқыныш орнатып, өз пұттарының үрейлі мүсіндері мен суреттерін таратқан. «Алладан қорықпайды, Оны жақсы көреді», «Алла – қорқыныш тудыратын бірдеңе емес» деген жаңсақ уәждермен Аллаға деген сенімге шабуыл жасап, Алладан қорқу қағидасын жүйелі түрде келемеждейді. Исламда Алланы сүю де, Одан қорқу да негіз саналады. Алланы жамал сипаттары үшін сүйеді, жалал сипаттарынан қаймығады. Бізге өмір беріп, тіршілігімізге қажет нығметтерді нәсіп еткен рақымы мен кеңшілігі үшін Оны сүйеміз. Құлшылығымыздағы кемшілігіміз бен бойсұнбаған істеріміз үшін Одан қорқамыз. Құран Алладан қорқуды бұйырып, залымдар мен қарсы келгендерге Алланың азабы мен тозақты ескертеді. Алладан қорқу – Құранның осы әміріне бойсұну.
Құран аяттарында сүйіспеншілік оятатын «жаннат» пен қорқыныш ұялататын «жаһаннам» сөздері көбіне қатар келеді. Алланың рақымы мен жаннатын сүйіншілейтін аяттар азап пен тозақтан сақтандыратын аяттармен қатар айтылады. Алладан қорқу сезімі исламның ажырамас бөлігі. Ислам адамды өзгелерден қорқудың салдарынан бодандық пен озбырлыққа ұрынудан сақтап, Алладан қорқу қажеттігін айтады. Алла елшісі (с.а.с.) жұрттан қорқып, ақиқатты айтудан жалтарғандарға бірнеше хадисте қатаң ескерту жасаған. Мүмін жаратылғаннан емес, Жаратқаннан қорқуы керек.
Алла елшісі (с.а.с.) адамның Жаратқаннан қорқуын залымды тізгіндеп, жөнге салудың пәрменді амалдарының бірі санаған. Сондықтан ақиқатты айтқанда жұрттан жасқанбауды, өзге қорқынышты Алладан қорқудан жоғары қоймауды қайта-қайта өсиет еткен. Ол: «Жиһадтың ең абзалы – залым әміршінің алдында ақиқатты айту», «Сақ болыңдар! Жұрттан қорқу сендерді ақиқатты айтудан тыймасын», – деген. Бірде: «Ешқайсың өздеріңді төмен санамаңдар!» – дейді. Қасындағылар: «Уа, Алла елшісі, адам өзін қалай төмен санайды?» – деп сұрайды. Ол былай жауап береді: «Алла үшін сөз айтуға тиіс бір жамандықты көре тұра үндемейді. Қиямет күні Алла Тағала одан: “Сол іс туралы ақиқатты айтуыңа не кедергі болды?” – деп сұрайды. Құлы: “Жұрттан қорықтым”, – дейді. Сонда Алла: “Ең әуелі Менен қорқуың керек еді”, – дейді». Тағы бір хадисте: «Үмбетімнің залымға “Сен залымсың!” деуден қорыққанын көрсең, оның бары да, жоғы да бір», – делінген.
Қорқынышты ақыл мен ерікке бағындырып, иманнан туындайтын қағидалармен реттей білу керек. Ақыл, иман мен ерікке бағынбаған қорқыныш тіршілікті сақтайтын қорған болудан қалып, өмірді күйретіп, бақытты улап, жанға үздіксіз азап әкелетін пәлеге айналуы мүмкін. Орынсыз үрейге бой алдырған кейбір кісілердің дерті де осы сезімнен тууы ықтимал. Мұның себебі – табиғи сезімін ақыл мен ерікке бағындыра алмауы. Алла елшісінің (с.а.с.) қорқыныш туралы мына хадистері осы мәселеде орта жолды табуға көмектеседі: