وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَنْ خَافَ أَدْلَجَ وَمَنْ أَدْلَجَ بَلَغَ الْمَنْزِلَ، أَلَا إِنَّ سِلْعَةَ اللَّهِ غَالِيَةٌ، أَلَا إِنَّ سِلْعَةَ اللَّهِ الْجَنَّةُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Қауіптен қорыққан кісі түнделетіп жолға шығады. Түнделетіп шыққан кісі діттеген жеріне жетеді. Біліп қойыңдар, Алланың ұсынған тауары қымбат! Біліп қойыңдар, Алланың ұсынған тауары – жәннат!» – деген.1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл жерде дұшпанның таңсәріде тұтқиылдан шабуылдау қаупін меңзеген. Өйткені шабуыл көбіне таңсәріде жасалатын.
2. Тиби Алла елшісінің (с.а.с.) бұл хадисте ақырет жолаушысына мысал келтіргенін айтады: «Жолаушының жолын тосқан дұшпаны – шайтан. Нәпсісі мен бос қиялы – шайтанның жәрдемшілері. Сапарда қырағы болып, амалының ықыласын жоғалтпаған жолаушы шайтаннан да, оның айласынан да аман қалады. Шайтан жәрдемшілерімен бірге кімнің жүрегіне “Ақырет жолы қиын, ол жолда мұратқа жету тым ауыр” деген азғыру салса, әлгі кісінің бойында қайрат қалмайды».
3. Хадистегі «силғатуллаһ» тіркесі «Алланың ұсынған тауары» дегенді білдіреді. Алла елшісі (с.а.с.) оның жаннат екенін түсіндірген. Жаннаттың тауарға теңелуі мына аятпен үндес: ﴿إِنَّ ٱللَّهَ ٱشْتَرَىٰ مِنَ ٱلْمُؤْمِنِينَ أَنفُسَهُمْ وَأَمْوَٰلَهُم بِأَنَّ لَهُمُ ٱلْجَنَّةَ﴾ «Расында, Алла мүміндерден жандары мен дүние-мүліктерін орнына жаннатты беретін болып сатып алды»2.
4. Жаннаттың қымбаттығы оған жету оңай еместігін білдіреді. Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде Алланың рақымы болмаса, ешкім, тіпті өзі де, амалымен жаннатқа кіре алмайтынын айтқан. Алла Тағала жаннатты Өзі разы болған құлдарына сыйлайды. Құранда жаннатқа жетелейтін игі амалдардың мәңгілік мәні былай баяндалған: ﴿وَٱلْبَٰقِيَٰتُ ٱلصَّٰلِحَٰتُ خَيْرٌ عِندَ رَبِّكَ ثَوَابًا وَخَيْرٌ أَمَلًا﴾ «Ал мәңгі-бақи зая болмайтын иманға негізделген игі істер болса, Раббыңның құзырында сауап тұрғысынан да, оларға үміт арту жағынан да әлдеқайда қайырлы»3.