Хадис

Кутуб ситтә, № 1683

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
218. № 1678–1683 хадистер
Нөмірі
№ 1683 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
1683
Кутуб ситтә, № 1683 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ أَبِي بُرْدَةَ عَامِرِ بْنِ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِي عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: هَلْ تَدْرِي مَا قَالَ أَبِي لِأَبِيكَ؟ قُلْتُ: لَا. قَالَ: إِنَّ أَبِي قَالَ لِأَبِيكَ يَا أَبَا مُوسَى هَلْ يَسُرُّكَ أَنَّ إِسْلَامَنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهِجْرَتَنَا مَعَهُ، وَجِهَادَنَا مَعَهُ، وَعَمَلَنَا كُلَّهُ مَعَهُ بَرَدَ لَنَا، وَأَنَّ كُلَّ عَمَلٍ عَمِلْنَاهُ بَعْدَهُ نَجَوْنَا مِنْهُ كَفَافًا رَأْسًا بِرَأْسٍ؟ فَقَالَ أَبُوكَ لِأَبِي: لَا وَاللَّهِ، قَدْ جَاهَدْنَا بَعْدَهُ وَصَلَّيْنَا، وَصُمْنَا وَعَمِلْنَا خَيْرًا كَثِيرًا، وَأَسْلَمَ عَلَى أَيْدِينَا بَشَرٌ كَثِيرٌ، وَإِنَّا لَنَرْجُو أَجْرَ ذَلِكَ. قَالَ أَبِي: لَكِنِّي أَنَا وَالَّذِي نَفْسُ عُمَرَ بِيَدِهِ لَوَدِدْتُ أَنَّ ذَلِكَ بَرَدَ لَنَا، وَأَنَّ كُلَّ شَيْءٍ عَمِلْنَاهُ بَعْدَهُ نَجَوْنَا مِنْهُ كَفَافًا رَأْسًا بِرَأْسٍ، فَقُلْتُ: إِنَّ أَبَاكَ وَاللَّهِ خَيْرٌ مِنْ أَبِي. »

Қазақша аудармасы

Әбу Бурда Әмир ибн Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Абдулла ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) маған: “Әкемнің сенің әкеңе не айтқанын білесің бе?” – деді. “Білмеймін”, – дедім. Ол былай деді: “Әкем сенің әкеңнен: ‘Уа, Әбу Мұса! Алла елшісімен (с.а.с.) бірге исламды қабылдағанымыз, онымен бірге һижрет еткеніміз, онымен бірге жиһадқа шыққанымыз және қасында істеген барлық амалдарымыздың сауабы өзімізде қалып, одан кейінгі істерімізден сауап та, күнә да артпай құтылсақ, соған разы болар ма едің?’ – деп сұрады. Сонда әкең менің әкеме: ‘Аллаға ант етемін, жоқ! Алла елшісінен кейін де жиһад жасадық, намаз оқыдық, ораза ұстадық, талай жақсылық істедік. Біздің қолымыздан көп адам ислам қабылдады. Осы істердің сауабынан үміт етеміз’, – деді. Әкем: ‘Омардың жаны қолында болған Аллаға ант етемін, әлгі амалдарымыздың сауабы өзімізде қалып, кейінгі істерімізден сауап та, күнә да артпай құтылсақ екен деймін’, – деді”. Сонда мен: “Аллаға ант етемін, сенің әкең менің әкемнен қайырлы екен”, – дедім».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят сахабалардың қорқыныш пен үмітті қалай ұстанғанын көрсетеді. Әзірет Омар (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) кейін ізгі амалдармен қатар күнәлі істер де жасап қойған болармын деп қорыққан. Кейінгі жақсылықтары жамандықтарының орнын толтырса, соның өзін ол қанағат тұтатынын айтқан.

Әбу Бурда Омардың бұл пайымын құп көріп, оны әкесі Әбу Мұсадан артық санаған. Ғұламалар әзірет Омардың жалпы артықшылығын мойындаған. Әбу Бурда осы жерде оның өз амалына сеніп қалмаудағы ұстанымын жоғары бағалаған. Жалпы артықшылығы мойындалған кісіден басқа біреу жекелеген мәселеде озық болуы мүмкін. Бұл мәселеде қорқынышы басым Омар үміті басым Әбу Мұсадан озық тұрған. Ғұламалар қорқыныш дәрежесін үміт дәрежесінен жоғары қойған. Өйткені адам жақсылық ниетімен істеген амалының өзінде кемшіліктен ада болмайды. Үміт өзін-өзі ұнатуға және бойкүйездікке ұрындыруы мүмкін. Қорқыныш болса тәубеге келуге және кешірім тілеуге жетелейді.

Ғаламның жаратылысы

Тіршіліктің бастауы мен әлемнің жаратылысы – адамзатты ежелден толғандырған мәселелердің бірі. Адам осы ғаламға қайдан, қалай келгенін, кімнен тарағанын білгісі келеді. Ол өз болмысы жайында ойланумен қатар, жарқыраған Күннің, нұрын шашқан Айдың, жымың қаққан жұлдыздардың да белгілі бір заңдылыққа бағынатынын аңғарып, осынау ғажайып ғаламның сырын ашуға құмартады.

Әлемнің сырын ұғынуға ұмтылған адам оның неден басталғанын сұрап қана қоймай, немен аяқталатынын да ойлайды. Адам өзі де шыр етіп дүниеге келеді, ақыры сол дүниемен қош айтысады. Осы құбылыстарға зер салып, көкейіндегі сауалдарға жауап іздейді.

Қайдан келдік? Қайда барамыз? Бұл дүниеге не үшін келдік?

Бұл сауалдарға жауап іздеген философиялық пайымдар мен теориялар аз емес. Материалистер үйлесімді ғалам кездейсоқ пайда болды десе, дін өкілдері оны Құдай жаратқанын айтады. Тылсым күштерге сенетіндердің де өз пайымы бар.

Дін әлемнің кездейсоқ пайда болғаны туралы түсінікті теріске шығарады. Ғаламшарлардың мүлтіксіз тәртіппен қозғалуы, Күннің өз мезгілінен бір минут та кешікпеуі, түннің айналаны белгілі бір уақытта қараңғылыққа орауы – бәрі де шебер Жаратушының құдіретін танытады. Ақыл иесі жер бетіндегі ғажайып үйлесімге зер салып, болмашы көрінген нәрсенің де бекер жаратылмағанын аңғарады. Сонда ол осындай дәлдікпен жұмыс істейтін ғаламды шебер де дана Жаратушының құдіретімен байланыстырады.

Құдіреті шексіз Жаратушы كُنْ «Бол!» деп бұйырғанында, жаратылыс ағашының «дәнегі» пайда болып, артынша «бәйтерек болып жайқалып», соңында «адам» атты жемісін беретіндей кемеліне келген. Пайғамбарымыз – жаратылыстың жауһары, адамзаттың ең асылы, гауһары. Бізге жеткен аяттар арқылы адамның жаратылысынан бастап жер мен көктің жаратылысына дейін, тіпті тылсым әлемде өмір сүретін жын мен шайтанның жайынан хабардар боламыз.

  1. 1Бұхари, «Мәнақиб әл-ансар», 45, № 3915.