Хадис

Кутуб ситтә, № 1680

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
218. № 1678–1683 хадистер
Нөмірі
№ 1680 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1680
Кутуб ситтә, № 1680 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ:مَا رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مُسْتَجْمِعًا قَطَّ ضَاحِكًا حَتَّى أَرَى مِنْهُ لَهَوَاتِهِ إِنَّمَا كَانَ يَتَبَسَّمُوَزَادَ الْبُخَارِيُّ فِي رِوَايَةٍ:‘وَكَانَ إِذَا رَأَى غَيْمًا أَوْ رِيحًا عُرِفَ فِي وَجْهِهِ. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، النَّاسُ إِذَا رَأَوُا الْغَيْمَ فَرِحُوا رَجَاءَ أَنْ يَكُونَ مِنْهُ الْمَطَرُ، وَأَرَاكَ إِذَا رَأَيْتَ غَيْمًا عُرِفَ فِي وَجْهِكَ الْكَرَاهَةُ؟ فَقَالَ: يَا عَائِشَةُ، مَا يُؤْمِنُنِي أَنْ يَكُونَ فِيهِ عَذَابٌ، قَدْ عُذِّبَ قَوْمٌ بِالرِّيحِ، وَقَدْ رَأَى قَوْمٌ الْعَذَابَ، فَقَالُوا: هَذَا عَارِضٌ مُمْطِرُنَا’

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) аузы ашылып, таңдайындағы кішкене тілі көрінетіндей қарқылдап күлгенін көрген емеспін. Ол кісі тек жымиып күлетін».1

Бұхаридің бір риуаятында мынадай қосымша бар: «Алла елшісі (с.а.с.) бұлт немесе жел көрсе, алаңдағаны жүзінен білінетін. Бірде: “Уа, Алла елшісі, жұрт бұлт көрсе, жаңбыр жауар деп қуанады. Ал сіз бұлт көргенде, жүзіңізден алаңдаушылық байқаймын. Мұның себебі неде?” – деп сұрадым. Ол: “Уа, Айша, оның ішінде азап жоқ екеніне маған кім кепіл? Бір қауым желмен азапталды. Бір қауым азапты көріп тұрып: ‘Бұл – бізге жауын әкелетін бұлт’, – деді”, – деп жауап берді».

Түсіндірме

1. Жел соққанда немесе бұлт көрінгенде Алла елшісінің (с.а.с.) алаңдап, дұға еткені жайында бірнеше риуаят бар. Мүслимдегі нұсқада Айша (р.а.) былай дейді: «Жел қатты соққанда Алла елшісі (с.а.с.): اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ خَيْرَهَا وَخَيْرَ مَا فِيهَا وَخَيْرَ مَا أُرْسِلَتْ بِهِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّهَا وَشَرِّ مَا فِيهَا وَشَرِّ مَا أُرْسِلَتْ بِهِ. «Уа, Алла! Сенен осы желдің қайырын, оның бойындағы қайырды және онымен бірге жіберілгеннің қайырын сұраймын. Желдің жамандығынан, оның бойындағы жамандықтан және онымен бірге жіберілгеннің жамандығынан Өзіңе сиынамын»2, – дейтін. Аспанды бұлт торласа, өңі өзгеріп, бір кіріп, бір шығып, мазасы кететін. Жаңбыр жауған соң көңілі орнына түсетін. Мұны жүзінен аңғаратынмын».

2. Хадистің басқа нұсқаларында сұрапыл желмен азапталған қауымның Ад екені айтылады. Олардың көкжиекті қаптаған бұлтты көргенде айтқан сөзі Құрандағы Ад қауымының оқиғасында да келтірілген: ﴿هَٰذَا عَارِضٌ مُمْطِرُنَا﴾ «Бұл – бізге жауын әкелетін бұлт»3.

3. Хадис түсіндірушілері Бұхаридегі қосымша нұсқаның мына тұсына назар аударған: قَدْ عُذِّبَ قَوْمٌ بِالرِّيحِ، وَقَدْ رَأَى قَوْمٌ الْعَذَابَ. Мұнда «қауым» сөзі екі рет келеді. Араб тілінде зат есім алғаш рет белгісіздік тұлғасында (нәкира) айтылса, сол қауымды қайта атағанда белгілілік тұлғасында (мағрифа), яғни الْقَوْمُ түрінде келуі күтіледі. Мұнда екі жерде де قَوْمٌ түрінде тұр. Осыған сүйенген түсіндірушілер сөз екі бөлек қауым жайында болуы мүмкін деген. Ал осы оқиғаға қатысты аяттарда желмен азапталғандар мен жоғарыдағы сөзді айтқандар бір қауым екені білдіріледі.

Осы түйінге тоқталған Ибн Хажар Кирманидің түсіндіруін жеткілікті санамай, өз пайымын ұсынған. «Нәжм» сүресінде ﴿وَأَنَّهُۥٓ أَهْلَكَ عَادًا ٱلْأُولَىٰ﴾ «Алғашқы Ад қауымын жойған да – бір Өзі!»4 делінген. Ибн Хажар осы аяттан екінші бір Ад қауымы да болғанын аңғарады. Ол туралы қиссаны Ахмад ибн Ханбал әл-Харис ибн Хассан әл-Бәкриден хасан иснадпен жеткізген. Тирмизи, Нәсәи мен Ибн Мәжа қиссаның кей тұстарын келтірген. Ибн Хажардың пайымынша, «Ахқаф» сүресінде кейінгі Ад қауымы жайында сөз болады. Демек, ол аяттағы ﴿أَخَا عَادٍ﴾ «Адтықтардың бауыры»5 деген тіркес Һудты (а.с.) емес, басқа бір пайғамбарды меңзеуі мүмкін.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Ахқаф», 2, № 4828–4829, «Әдеп», 68. Мүслим, «Истисқа», 16, № 899. Әбу Дәуіт, «Әдеп», 113, № 5098–5099. Тирмизи, «Тәпсір», «Ахқаф», № 3257.
  2. 2Мүслим, «Истисқа», № 899.
  3. 3«Ахқаф» сүресі, 46:24.
  4. 4«Нәжм» сүресі, 53:50.
  5. 5«Ахқаф» сүресі, 46:21.