وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنِّي أَرَى مَا لَا تَرَوْنَ، وَأَسْمَعُ مَا لَا تَسْمَعُونَ، أَطَّتِ السَّمَاءُ وَحَقَّ لَهَا أَنْ تَئِطَّ، مَا فِيهَا مَوْضِعُ أَرْبَعِ أَصَابِعَ إِلَّا وَفِيهِ مَلَكٌ وَاضِعٌ جَبْهَتَهُ لِلَّهِ تَعَالَى سَاجِدًا، وَاللَّهِ لَوْ تَعْلَمُونَ مَا أَعْلَمُ لَضَحِكْتُمْ قَلِيلًا، وَلَبَكَيْتُمْ كَثِيرًا، وَلَمَا تَلَذَّذْتُمْ بِالنِّسَاءِ عَلَى الْفُرُشِ، وَلَخَرَجْتُمْ إِلَى الصُّعُدَاتِ تَجْأَرُونَ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى، لَوَدِدْتُ أَنِّي شَجَرَةٌ تُعْضَدُ» أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَمَعْنَى «أَطَّتِ السَّمَاءُ»، أَيْ كَثْرَةُ مَا فِيهَا مِنَ الْمَلَائِكَةِ قَدْ أَثْقَلَهَا حَتَّى أَطَّتْ: أَيْ: صَوَّتَتْ وَهَذَا مَثَلٌ، وَ إِيذَانٌ بَكَثْرَةِ الْمَلَائِكَةِ. وَإِنْ لَمْ يَكُنْ ثَمَّ أَطِيطٌ وَالْجُؤَارُ: اَلصِّيَاحُ: أَيْ: تَسْتَغِيثُونَ، وَقَوْلُهُ «لَوَدِدْتُ أَنِّي شَجَرَةٌ تُعْضَدُ» مُدَرَّجٌ فِي الْحَدِيثِ مِنْ قَوْلِ أَبِي ذَرٍّ.
Әбу Зәррдің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Мен сендер көрмегенді көремін, сендер естімегенді естимін. Аспан сықырлады, оның сықырлайтын жөні бар. Аспанда төрт саусақ сыятын бос жер жоқ. Әр тұсында Аллаға сәжде етіп, маңдайын қойған періште бар. Аллаға ант етемін, мен білгенді сендер білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер. Төсекте әйелдеріңмен ләззат алмас едіңдер. Далаға шығып, Аллаға дауыстап жалбарынар едіңдер», – деген. Әбу Зәрр (р.а.): «Шіркін, шабылып түсетін бір ағаш болсамшы!» – деп қосқан.1
Түсіндірме
1. Тиби аспанның сықырлауын періштелердің көптігі мен салмағына байланысты түсіндірген. Хадистегі сөз олардың көптігін білдіретін мысал деп есептейді. Оның айтуынша, аспан шын мәнінде сықырламаған күннің өзінде, бұл – Алланың ұлылығын білдіретін астарлы сөз. Әли әл-Қари бұл жорамалмен келіспей, хадисті тура мағынасында түсінуге ақыл мен нақыл тұрғысынан негіз барын айтқан. Алла елшісінің (с.а.с.) «Сендер естімегенді естимін» деуі де соған дәлел. Аспанның сықыры оның Алланы мадақтап, пәктеп, ұлықтаған дауысы болуы мүмкін. Құранда ﴿تُسَبِّحُ لَهُ ٱلسَّمَٰوَٰتُ ٱلسَّبْعُ وَٱلْأَرْضُ وَمَن فِيهِنَّ وَإِن مِّن شَىْءٍ إِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِهِۦ وَلَٰكِن لَّا تَفْقَهُونَ تَسْبِيحَهُمْ﴾ «Жеті қабат аспан мен жер және ондағы күллі жаратылыс Алланы кемшілік атаулыдан ада, мінсіз деп ұлықтайды. Оны ұлықтап, мадақтамайтын бірде-бір жаратылыс жоқ. Алайда сендер олардың айтқан мадағы мен ұлықтауын түсінбейсіңдер»2 деп, аспанның Алланы ұлықтайтыны баяндалған.
2. Хадистің соңындағы ағаш болуды аңсаған сөз, түсіндірушілердің айтуынша, риуаятты жеткізуші Әбу Зәррге (р.а.) тиесілі. Ақыреттегі есептің ауыр екенін ұққан ол сүрінсе, соңы сұмдыққа соқтыратын осындай қиын сынаққа түскенше, ағаш болғанын тілеген. Хадис мәтініне оны жеткізушілердің қосқан сөзі «идраж» деп аталады.