Хадис

Кутуб ситтә, № 1679

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
218. № 1678–1683 хадистер
Нөмірі
№ 1679 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1679
Кутуб ситтә, № 1679 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ:«دَخَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى شَابٍّ وَهُوَ فِي الْمَوْتِ، فَقَالَ: كَيْفَ تَجِدُكَ؟ فَقَالَ: أَرْجُو اللَّهَ تَعَالَى يَا رَسُولَ اللَّهِ وَأَخَافُ ذُنُوبِي. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا اجْتَمَعَا فِي قَلْبِ عَبْدٍ فِي مِثْلِ هَذَا الْمَوْطِنِ إِلَّا أَعْطَاهُ اللَّهُ مَا يَرْجُو، وَآمَنَهُ مِمَّا يَخَافُ» أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) өлім аузындағы бір жас жігіттің қасына кіріп: “Өзіңді қалай сезініп жатырсың?” – деп сұрады. Жігіт: “Уа, Алла елшісі, Алладан үміт етемін, күнәларымнан қорқамын”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Осындай сәтте құлдың жүрегінде үміт пен қорқыныш қатар орнаса, Алла оған үміт еткенін береді әрі қорыққанынан аман етеді”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?» дегенде, жігіттің дүниеден ақыретке өтер сәттегі көңіл күйін сұраған. Яғни, жүрегінде Алланың рақымынан үміт пе, әлде қаһарынан қорқыныш па, соны білгісі келген. Өлім аузындағы жігіт сұрақты осылай түсініп, жоғарыдағыдай жауап берген.

2. Хадистегі жігіт өлім аузында жатыр. Ғалымдар дұшпанмен жекпе-жекке шыққан, қысас үкімі не өлім жазасы орындалғалы тұрған кісі де осындай күйде болғаны жөн дейді. Мұндай сәтте Алланың рақымынан үміт етіп, күнәлары үшін Оның қаһарынан қорыққан кісі хадистегі сүйіншіге лайық болады.

3. «Қорыққанынан аман ету» – құлдың күнәларының кешірілуі. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисінде өлім таяғанда мүміннің не істеп, қандай күйде болуы керектігін үйреткен.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 11, № 983. Ибн Мәжа, «Зүһд», 31, № 4261.