Хадис

№ 1669–1672 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 216-тарау · 4 хадис · № 1669–1672

Хадистер

1669
Кутуб ситтә, № 1669 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اسْتَحْيُوا مِنَ اللَّهِ حَقَّ الْحَيَاءِ. قُلْنَا إِنَّا نَسْتَحْيِي مِنَ اللَّهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ. قَالَ: لَيْسَ ذَلِكَ وَلَكِنَّ الِاسْتِحْيَاءَ مِنَ اللَّهِ حَقَّ الْحَيَاءِ أَنْ تَحْفَظَ الرَّأْسَ وَمَا وَعَى، وَالْبَطْنَ وَمَا حَوَى وَتَذْكُرَ الْمَوْتَ وَالْبِلَى، وَمَنْ أَرَادَ الْآخِرَةَ تَرَكَ زِينَةَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا، وَآثَرَ الْآخِرَةَ عَلَى الْأُولَى، فَمَنْ فَعَلَ ذَلِكَ فَقَدِ اسْتَحْيَى مِنَ اللَّهِ حَقَّ الْحَيَاءِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَالْمُرَادُ «بِمَا وَعَى الرَّأْسُ» اَلسَّمْعُ وَالْبَصَرُ وَاللِّسَانُ. «وَبِمَا حَوَى الْبَطْنُ» الْمَأْكُولُ وَالْمَشْرُوبُ. وَالْمُرَادُ: اَلْحَثُّ عَلَى طَلَبِ الْحَلَالِ مِنَ الرِّزْقِ، وَاسْتِعْمَالُ هَذِهِ الْجَوَارِحِ فِي مَرْضَاةِ اللَّهِ تَعَالَى.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Алладан лайықты түрде ұялыңдар”, – деді. Біз: “Уа, Алланың елшісі! Аллаға шүкір, ұяламыз”, – дедік. Ол: “Мен меңзеген ұят одан терең. Алладан лайықты түрде ұялу үшін басыңды және оған қатысты мүшелерді, құрсағыңды және оның ішін сақта. Өлім мен сүйектің шіруін есіңе ал. Ақыретті қалаған адам дүние сәнін тәрк етеді. Осыны істеген кісі Алладан лайықты түрде ұялған болады”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Расулалла (с.а.с.): «Алладан шынайы ұялу» дегенде тереңірек мағынаны меңзеген. Бұл хадисте күнделікті ұят ұғымынан басқа анықтама айтқан. Бұл анықтама бойынша, адам, естіген, көрген, үйренген және ішіп-жегеніне дейін барлық әрекеттерінің Алланың разылығына сай болуына мұқият болуы керек дегенді ұғамыз. Міне, шынайы ұят – осы. Өйткені баста орналасқан көз, құлақ, тіл секілді ағзалар арқылы есте сақтау, қиялдау, ойлау секілді рухани сезімдер мен қабілеттер меңзелген. Сондай-ақ қарынның қамтығандары деп, асқазан, жүрек, тән, қол және аяқ секілді қарынның іші мен сыртына жалғасқан барлық ағзалар меңзелген. Аталмыш ағзаларға қатысты барлық әрекеттер хадистің аясына кіреді. Ендеше, адам барлық ағзаларын адал жолда қолданбайынша шынайы ұятқа жете алмайды.

Осы хадиске байланысты Бәйдауи: «Алладан шынайы ұялу, сендер ойлағаннан да терең, ол, адамның нәпсісін барлық ағзаларымен Алла разы болмайтын әрекет пен сөздерден қорғауы» деген.

Суфиян ибн Ұяйна: «Ұят – тақуалықтың алғашқы сатысы. Адам ұялмайынша, Алладан қорықпайды. Тақуа кісілердің тақуалыққа ұяттан басқа кіретін есігі бар ма?» – деген.

Бұл хадиске қатысты Тиби: «Бұл жерде бас әртүрлі түрлі әрекет жасайтын мүшелердің орны ретінде айтылып, ауыз, көз, құлақ және осыларға байланысты барлық рухани сезімдер меңзелген. Сондықтан бұлардың барлығын жамандықтан қорғау әмір етілген», – деп айтқан.

Мунауи хадисте айтылған «өлімді және топырақта шіруді еске алу» деген сөйлемге былай түсіндірген: «Кім сүйектерінің шіритінін, ағзаларының ыдырайтынын еске алса, дүниедегі жалған ләззаттардың құны қалмайды және ақырет бақытына жетуге қажетті істер маңызды болып көріне бастайды. Осылайша Аллаға шынайы құрметпен әрі сүйіспеншілікпен ғибадат жасайды.

Тиби хадистің соңында келген: «Кім бұл айтылғандарды орындаса, Алладан шынайы ұялған болады» деген сөйлемге қатысты былай дейді: «Кім хадисте айтылған ескертулердің бірін ескерусіз қалдырғанмен ұялу жауапкершілігінен құтыла алмайды». Бұл жерде мына мәселені түсінеміз: Адамның табиғаты, мінез-құлқы және бастан-аяқ ішкі-сыртқы ағзалары, жаратылысы, кемшіліктерін Алла Тағала өте жақсы біледі. Олай болса, шынайы ұят – Алладан ұялу. Исламда мәні жоқ пайдасыз істерді тәрк ету сауабы мол істердің қатарына жатады. Демек, хадисте айтылған ескертулерді кімде-кім орындаса, Алла оны шынайы ұятқа жеткізеді. Ұяттың көптеген мәртебелері бар: Ең жоғарғы мәртебесі – Алладан ұялуы. Міне, осы қасиет адамды ақиқатты тануға, өзін өзі бақылай білуге жеткізеді.

«Әл-Мәжмуғада» Әбу Хамидтің былай айтқаны келтірілген: «Дені сау да, сырқат та әрбір адам осы хадисті есінен шығармауы керек. Әсіресе, науқас кісілер көбірек еске алсын!»

  1. 1Тирмизи, «Сифат әл-қияма», № 2458.
1670
Кутуб ситтә, № 1670 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَشَدَّ حَيَاءً مِنَ الْعَذْرَاءِ فِي خِدْرِهَا وَكَانَ إِذَا رَأَى شَيْئًا يَكْرَهُهُ عَرَفْنَا ذَلِكَ فِي وَجْهِهِ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худридің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) шымылдық ішіндегі бойжеткеннен де ұяң еді. Бір нәрсені ұнатпағанын жүзінен аңғаратынбыз.1

Түсіндірме

Бұл хадисте Алла елшісінің бойындағы ұяттың ерекше екені айтылған. Әдетте, ұяты күшті адамдар туралы сөз етілгенде тұрмысқа шықпаған қыздың ұяты айтылады. Міне, Расулалланың (с.а.с.) ұяты осындай жағдайдағы ар-намысы бекем қыздың ұятымен салыстырылып, одан да ұятты екені айтылған.

Хадис түсіндірмесін жасаған ғалымдар «Алла елшісінің (с.а.с.) бойындағы ұят діни ақиқаттарды айтуына кедергі болмайды» деген. Имам Бұхари келтірген бір хадисте зина жасағанын мойындап келген кісіге қатысты Алла елшісі: أَنِكْتَهَا؟ لَا يَكْنِي. «Онымен жыныстық қатынасқа түстің бе?» – деп астарламай, ашық сұрады.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 77, «Мәнақиб», 23. Мүслим, «Фадаил ән-нәби», 67, № 2320.
1671
Кутуб ситтә, № 1671 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ طَلَحَةِ بْنِ رُكَانَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا، وَخُلُقُ الْإِسْلَامِ الْحَيَاءُ» أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Талха ибн Рукана жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Әр діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ұят», – деген.1

Түсіндірме

Расулалла (с.а.с.) әр діннің өзіне тән мінезі барын айтып, исламға тән қасиет ұят екенін ескерткен. Демек, Исламның көркем болуы, кемел болуы ұятқа тікелей қатысты деген сөз.

Зурқани «ұят» (хая) сөзінің түбірін «тіршілік», «өмір» мағынасындағы «хаят» сөзімен байланыстырады: «Жүрек Аллаға деген иманмен тіршілікке кіріссе, онда ұят та арта түседі. Ұялшақ адам ұялған кезде терлеп кетеді, демек, оның тері рухта жанданған ұяттың (хаяның) жалынынан туындайды. Ұят келген кезде рух бірден жалын атып, маңдайдың терлеуіне себеп болады. Өйткені ұяттың егемендігі жүз бен кеудеде көрініс табады. Бұл құбылыс адамдағы Исламның қуаттылығынан туындайды. Өйткені Ислам мойынсұнудан тұрады. Міне, сол себепті ұят Ислам әдебі саналған». Кейбір ғалымдар былай дейді: «Өзге дін өкілдерінде ұяттан басқа бір ерекшеліктер үстем болып тұрады. Мұсылмандарда ұят үстем болып тұрады. Ислам діні барлық діндердің ең абыройлысы болғандықтан, Алла Тағала әдептің де ең ұлығы мен ең абыройлысын ерекшелік етіп берген».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Хусн әл-хулқ», 9 (2:905). Ибн Мәжа, «Зүһд», 17, № 4181–4182.
1672
Кутуб ситтә, № 1672 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا كَانَ الْفُحْشُ فِي شَيْءٍ إِلَّا شَانَهُ، وَمَا كَانَ الْحَيَاءُ فِي شَيْءٍ إِلَّا زَانَهُ» أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәстің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Қай іске әдепсіздік араласса, оны ұсқынсыз етеді. Қай іске ұят араласса, оны көркем етеді», – деген.1

Түсіндірме

Хадис мәтініндегі «фухш» деген сөзді «әдепсіздік» деп аудардық. «Фухш» ұғымы күнә мен жамандықтардың ең сорақыларына айтылған. Сөз бен әрекеттің ашық түрде жиіркеніштілері әрдайым «фухш» деп аталған. Зина да күнәлардың ең жиіркеніштісі болғандықтан «фухш» сөзімен білдіріледі. Хадистегі «фухш» сөзімен жиіркенішті әрі дөрекі сөздердің негізделіп айтылғандығы көпшілік тарапынан қабыл етілген. Сондай-ақ «фухш» сөзімен дөрекілік, қатыгездік айтылады дегендер де бар. Себебі осы мағынаны білдіре келген басқа бір хадисте: مَا كَانَ الرِّفْقُ فِي شَيْءٍ إِلَّا زَانَهُ وَلَا نُزِعَ مِنْ شَيْءٍ إِلَّا شَانَهُ. «Бір нәрсеге жұмсақтық араласса, сол істі көркем етеді, ал бір нәрседен жұмсақтық кетсе, әлгі істі сүйкімсіз етеді»2, – делінген.

Жоғарыдағы хадиске қатысты Тиби былай дейді: «Ұят араласқан әр іс көркем» деген сөйлемдегі «нәрсе» сөзі ерекше сөз. Ұят жансыз нәрселерді көркем яки ұсқынсыз ететін болса, адамға қалай әсер ететінін осыдан-ақ түсінсек болады».

Мінез-құлық

Дінімізде мінез-құлықты «хулқ» немесе «хулуқ» деп атайды. «Ниһая» сөздігінде бұл сөз «дін», «табиғат», «мінез» деп түсіндіріледі. Адамның сыртқы пішіні мен сипатын «халқ» десе, ішкі болмысы мен нәпсісіне тән қасиеттерді «хулқ» дейді. Нәпсінің жақсы да, жаман да қасиеттері бар. Сауап пен жаза адамның сыртқы келбетінен гөрі ішкі болмысының қасиеттеріне байланысты.

Мына хадис мінездің кейбір қасиеттері туа бітетінін аңғартады: إِنَّ اللَّهَ قَسَّمَ بَيْنَكُمْ أَخْلَاقَكُمْ كَمَا قَسَّمَ بَيْنَكُمْ أَرْزَاقَكُمْ. «Алла сендерге ризықтарыңды бөліп бергендей, мінездеріңді де үлестірді». قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِلْأَشَجِّ: «إِنَّ فِيكَ خَلَّتَيْنِ يُحِبُّهُمَا اللَّهُ: الْحِلْمُ وَالْأَنَاةُ». قَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَنَا أَتَخَلَّقُ بِهِمَا أَمِ اللَّهُ جَبَلَنِي عَلَيْهِمَا؟» قَالَ: «بَلِ اللَّهُ جَبَلَكَ عَلَيْهِمَا». قَالَ: «الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي جَبَلَنِي عَلَى خُلَّتَيْنِ يُحِبُّهُمَا اللَّهُ وَرَسُولُهُ». Алла елшісі (с.а.с.) Абдулқайс тайпасынан шыққан Әшажжға (р.а.): «Сенің бойыңда Алла жақсы көретін екі қасиет бар: ұстамдылық пен байыптылық», – деді. Әшажж: «Уа, Алла елшісі! Бұл екі қасиетті өзім бойыма сіңірдім бе, әлде Алла мені осылай жаратты ма?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Алла сені осы екі қасиетпен жаратқан», – деді. Сонда Әшажж: «Мені Алла мен Оның елшісі жақсы көретін екі қасиетпен жаратқан Аллаға мадақ болсын!»3 – деп шүкіршілік білдіреді.

Әшажждың сұрағы мен Алла елшісінің (с.а.с.) жауабы мінездің кейбір қасиеттері адамға туа бітетінін көрсетеді.

Кейбір жақсы қасиеттер ерік пен қажырдың арқасында кейін қалыптасады. Мінездің туа біте ме, әлде жүре қалыптаса ма деген сауалды Шығыс ойшылдары да, Батыс философтары да талқылаған. Екі пікірді де өмірден байқаған құбылыстармен, сенім қағидаларымен және қасиетті мәтіндердегі дәлелдермен қуаттауға болады. Аристотель, Локк, Руссо мен Эразм секілді ойшылдар мен тәлімгерлер адам жанын кез келген білім мен мінезді қабылдауға бейім таза тақтаға, балауызға немесе егін егуге дайын құнарлы жерге теңеген. Гёте мен Шопенгауэр секілді ойшылдар адамның мінезі туғаннан қалыптасып, кейінгі тәрбие оны өзгерте алмайды деген. Құранда ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді һәм отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан тұратын алапат оттан қорғаңдар!»4 делінген.

﴿قَدْ أَفْلَحَ مَن زَكَّىٰهَا ۝ وَقَدْ خَابَ مَن دَسَّىٰهَا﴾ «Сол нәпсіні жамандық атаулыдан арылтып тазартқандар құтылып, мұратына жетеді. Ал оны күнәға батырып бүлдіргендер оңбай зиянға ұшырайды»5 деген аяттар, сондай-ақ «Мен мұғалім ретінде жіберілдім», «Жақсылық – дағды», «Балаларыңа құрмет көрсетіп, көркем тәрбие беріңдер» деген хадистер тәлім-тәрбиеге үндейді. Құран мен хадистегі осы дәлелдер адамды бақытқа жеткізетін ізгі қасиеттердің тәрбие арқылы қалыптасатынын көрсетеді. Тәрбие мінезге әсер етпесе, пайғамбарлықтың, қасиетті кітаптардың, дінге шақыру мен жөн көрсетудің қандай мәні болар еді?

Мәселенің екі жағын да ескерген ислам ғұламалары туа біткен ізгі қасиеттерді саналы талпыныспен бекітіп, дағдыға айналдыруды, ал жаман мінезді тізгіндеп, тежеп отыруды жөн көрген. Мәселен, әзірет Омар (р.а.): «Адамға он түрлі мінез туа бітеді. Тоғызы – жақсы, біреуі – жаман. Сол біреуін еркіне жіберсе, өзгелерін де бұзады...» – деген.

Ибн әл-Араби былай дейді: «Тумысынан көркем мінезді жандар өте аз. Тумысынан жаман мінезге бейім адамдар көп. Өйткені адам табиғатында жамандық басым келеді. Адам ақылын, жақсы мен жаманды айыра білу қабілетін, ұят сезімін және өзін тежей білу қасиетін жұмсамай, табиғатының ағысына ере берсе, оны хайуани мінез билеп алады. Адамды хайуаннан ойлау және ажырата білу қасиеттері даралайды. Осы қабілеттерін жұмсамаса, хайуанға тән дағдыға бой алдырады. Нәпсіқұмарлықтың сан түрі оны билеп, ұяты бірте-бірте жойылады...» Мәуәрди де осы пікірді қолдайды. Ол ақылға ғана сүйенбей, нәпсіні ұдайы тәрбиелеуге үндеп: «Әдеп тәжірибемен қалыптасады!» – деген.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», № 1974. Ибн Мәжа, «Зүһд», 17, № 4185.
  2. 2Мүслим, «Бирр», № 2594.
  3. 3Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 5225. Жананның түрікше мәтінінде екінші қасиет «ұят» (hayâ) деп берілген. Осы оқиғаның Әбу Дәуіттегі арабша риуаятында «байыптылық» (أَنَاةٌ) делінген.
  4. 4«Тахрим» сүресі, 66:6.
  5. 5«Шәмс» сүресі, 91:9–10.