وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ طَلَحَةِ بْنِ رُكَانَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا، وَخُلُقُ الْإِسْلَامِ الْحَيَاءُ» أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Зәйд ибн Талха ибн Рукана жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Әр діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ұят», – деген.1
Түсіндірме
Расулалла (с.а.с.) әр діннің өзіне тән мінезі барын айтып, исламға тән қасиет ұят екенін ескерткен. Демек, Исламның көркем болуы, кемел болуы ұятқа тікелей қатысты деген сөз.
Зурқани «ұят» (хая) сөзінің түбірін «тіршілік», «өмір» мағынасындағы «хаят» сөзімен байланыстырады: «Жүрек Аллаға деген иманмен тіршілікке кіріссе, онда ұят та арта түседі. Ұялшақ адам ұялған кезде терлеп кетеді, демек, оның тері рухта жанданған ұяттың (хаяның) жалынынан туындайды. Ұят келген кезде рух бірден жалын атып, маңдайдың терлеуіне себеп болады. Өйткені ұяттың егемендігі жүз бен кеудеде көрініс табады. Бұл құбылыс адамдағы Исламның қуаттылығынан туындайды. Өйткені Ислам мойынсұнудан тұрады. Міне, сол себепті ұят Ислам әдебі саналған». Кейбір ғалымдар былай дейді: «Өзге дін өкілдерінде ұяттан басқа бір ерекшеліктер үстем болып тұрады. Мұсылмандарда ұят үстем болып тұрады. Ислам діні барлық діндердің ең абыройлысы болғандықтан, Алла Тағала әдептің де ең ұлығы мен ең абыройлысын ерекшелік етіп берген».
- 1Мәлик, «Муатта», «Хусн әл-хулқ», 9 (2:905). Ибн Мәжа, «Зүһд», 17, № 4181–4182.