Хадис

Кутуб ситтә, № 1672

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
216. № 1669–1672 хадистер
Нөмірі
№ 1672 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1672
Кутуб ситтә, № 1672 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَا كَانَ الْفُحْشُ فِي شَيْءٍ إِلَّا شَانَهُ، وَمَا كَانَ الْحَيَاءُ فِي شَيْءٍ إِلَّا زَانَهُ» أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәстің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Қай іске әдепсіздік араласса, оны ұсқынсыз етеді. Қай іске ұят араласса, оны көркем етеді», – деген.1

Түсіндірме

Хадис мәтініндегі «фухш» деген сөзді «әдепсіздік» деп аудардық. «Фухш» ұғымы күнә мен жамандықтардың ең сорақыларына айтылған. Сөз бен әрекеттің ашық түрде жиіркеніштілері әрдайым «фухш» деп аталған. Зина да күнәлардың ең жиіркеніштісі болғандықтан «фухш» сөзімен білдіріледі. Хадистегі «фухш» сөзімен жиіркенішті әрі дөрекі сөздердің негізделіп айтылғандығы көпшілік тарапынан қабыл етілген. Сондай-ақ «фухш» сөзімен дөрекілік, қатыгездік айтылады дегендер де бар. Себебі осы мағынаны білдіре келген басқа бір хадисте: مَا كَانَ الرِّفْقُ فِي شَيْءٍ إِلَّا زَانَهُ وَلَا نُزِعَ مِنْ شَيْءٍ إِلَّا شَانَهُ. «Бір нәрсеге жұмсақтық араласса, сол істі көркем етеді, ал бір нәрседен жұмсақтық кетсе, әлгі істі сүйкімсіз етеді»2, – делінген.

Жоғарыдағы хадиске қатысты Тиби былай дейді: «Ұят араласқан әр іс көркем» деген сөйлемдегі «нәрсе» сөзі ерекше сөз. Ұят жансыз нәрселерді көркем яки ұсқынсыз ететін болса, адамға қалай әсер ететінін осыдан-ақ түсінсек болады».

Мінез-құлық

Дінімізде мінез-құлықты «хулқ» немесе «хулуқ» деп атайды. «Ниһая» сөздігінде бұл сөз «дін», «табиғат», «мінез» деп түсіндіріледі. Адамның сыртқы пішіні мен сипатын «халқ» десе, ішкі болмысы мен нәпсісіне тән қасиеттерді «хулқ» дейді. Нәпсінің жақсы да, жаман да қасиеттері бар. Сауап пен жаза адамның сыртқы келбетінен гөрі ішкі болмысының қасиеттеріне байланысты.

Мына хадис мінездің кейбір қасиеттері туа бітетінін аңғартады: إِنَّ اللَّهَ قَسَّمَ بَيْنَكُمْ أَخْلَاقَكُمْ كَمَا قَسَّمَ بَيْنَكُمْ أَرْزَاقَكُمْ. «Алла сендерге ризықтарыңды бөліп бергендей, мінездеріңді де үлестірді». قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِلْأَشَجِّ: «إِنَّ فِيكَ خَلَّتَيْنِ يُحِبُّهُمَا اللَّهُ: الْحِلْمُ وَالْأَنَاةُ». قَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَنَا أَتَخَلَّقُ بِهِمَا أَمِ اللَّهُ جَبَلَنِي عَلَيْهِمَا؟» قَالَ: «بَلِ اللَّهُ جَبَلَكَ عَلَيْهِمَا». قَالَ: «الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي جَبَلَنِي عَلَى خُلَّتَيْنِ يُحِبُّهُمَا اللَّهُ وَرَسُولُهُ». Алла елшісі (с.а.с.) Абдулқайс тайпасынан шыққан Әшажжға (р.а.): «Сенің бойыңда Алла жақсы көретін екі қасиет бар: ұстамдылық пен байыптылық», – деді. Әшажж: «Уа, Алла елшісі! Бұл екі қасиетті өзім бойыма сіңірдім бе, әлде Алла мені осылай жаратты ма?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Алла сені осы екі қасиетпен жаратқан», – деді. Сонда Әшажж: «Мені Алла мен Оның елшісі жақсы көретін екі қасиетпен жаратқан Аллаға мадақ болсын!»3 – деп шүкіршілік білдіреді.

Әшажждың сұрағы мен Алла елшісінің (с.а.с.) жауабы мінездің кейбір қасиеттері адамға туа бітетінін көрсетеді.

Кейбір жақсы қасиеттер ерік пен қажырдың арқасында кейін қалыптасады. Мінездің туа біте ме, әлде жүре қалыптаса ма деген сауалды Шығыс ойшылдары да, Батыс философтары да талқылаған. Екі пікірді де өмірден байқаған құбылыстармен, сенім қағидаларымен және қасиетті мәтіндердегі дәлелдермен қуаттауға болады. Аристотель, Локк, Руссо мен Эразм секілді ойшылдар мен тәлімгерлер адам жанын кез келген білім мен мінезді қабылдауға бейім таза тақтаға, балауызға немесе егін егуге дайын құнарлы жерге теңеген. Гёте мен Шопенгауэр секілді ойшылдар адамның мінезі туғаннан қалыптасып, кейінгі тәрбие оны өзгерте алмайды деген. Құранда ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді һәм отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан тұратын алапат оттан қорғаңдар!»4 делінген.

﴿قَدْ أَفْلَحَ مَن زَكَّىٰهَا ۝ وَقَدْ خَابَ مَن دَسَّىٰهَا﴾ «Сол нәпсіні жамандық атаулыдан арылтып тазартқандар құтылып, мұратына жетеді. Ал оны күнәға батырып бүлдіргендер оңбай зиянға ұшырайды»5 деген аяттар, сондай-ақ «Мен мұғалім ретінде жіберілдім», «Жақсылық – дағды», «Балаларыңа құрмет көрсетіп, көркем тәрбие беріңдер» деген хадистер тәлім-тәрбиеге үндейді. Құран мен хадистегі осы дәлелдер адамды бақытқа жеткізетін ізгі қасиеттердің тәрбие арқылы қалыптасатынын көрсетеді. Тәрбие мінезге әсер етпесе, пайғамбарлықтың, қасиетті кітаптардың, дінге шақыру мен жөн көрсетудің қандай мәні болар еді?

Мәселенің екі жағын да ескерген ислам ғұламалары туа біткен ізгі қасиеттерді саналы талпыныспен бекітіп, дағдыға айналдыруды, ал жаман мінезді тізгіндеп, тежеп отыруды жөн көрген. Мәселен, әзірет Омар (р.а.): «Адамға он түрлі мінез туа бітеді. Тоғызы – жақсы, біреуі – жаман. Сол біреуін еркіне жіберсе, өзгелерін де бұзады...» – деген.

Ибн әл-Араби былай дейді: «Тумысынан көркем мінезді жандар өте аз. Тумысынан жаман мінезге бейім адамдар көп. Өйткені адам табиғатында жамандық басым келеді. Адам ақылын, жақсы мен жаманды айыра білу қабілетін, ұят сезімін және өзін тежей білу қасиетін жұмсамай, табиғатының ағысына ере берсе, оны хайуани мінез билеп алады. Адамды хайуаннан ойлау және ажырата білу қасиеттері даралайды. Осы қабілеттерін жұмсамаса, хайуанға тән дағдыға бой алдырады. Нәпсіқұмарлықтың сан түрі оны билеп, ұяты бірте-бірте жойылады...» Мәуәрди де осы пікірді қолдайды. Ол ақылға ғана сүйенбей, нәпсіні ұдайы тәрбиелеуге үндеп: «Әдеп тәжірибемен қалыптасады!» – деген.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», № 1974. Ибн Мәжа, «Зүһд», 17, № 4185.
  2. 2Мүслим, «Бирр», № 2594.
  3. 3Әбу Дәуіт, «Әдеп», № 5225. Жананның түрікше мәтінінде екінші қасиет «ұят» (hayâ) деп берілген. Осы оқиғаның Әбу Дәуіттегі арабша риуаятында «байыптылық» (أَنَاةٌ) делінген.
  4. 4«Тахрим» сүресі, 66:6.
  5. 5«Шәмс» сүресі, 91:9–10.