وَعَنْ جُبَيْرٍ بْنِ مُطْعِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَتَى أَعْرَابِيٌّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: جُهِدَتِ الْأَنْفُسُ، وَضَاعَ الْعِيَالُ، وَهَلَكَتِ الْأَنْعَامُ، وَنُهِكَتِ الْأَمْوَالُ، فَاسْتَسْقِ لَنَا، فَإِنَّا نَسْتَشْفِعُ بِكَ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى، وَنَسْتَشْفِعُ بِاللَّهِ عَلَيْكَ، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: وَيْحَكَ أَتَدْرِي مَا تَقُولُ وَسَبَّحَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَمَا زَالَ يُسَبِّحُ حَتَّى عُرِفَ ذَلِكَ فِي وُجُوهِ أَصْحَابِهِ، ثُمَّ قَالَ: وَيْحَكَ إِنَّهُ لَا يُسْتَشْفَعُ بِاللَّهِ تَعَالَى عَلَى أَحَدٍ مِنْ خَلْقِهِ، شَأْنُ اللَّهِ أَعْظَمُ مِنْ ذَلِكَ! وَيْحَكَ، أَتَدْرِي مَا اللَّهُ؟: إِنَّ عَرْشَهُ عَلَى سَمَاوَاتِهِ – لَهَكَذَا – وَقَالَ بِأَصَابِعِهِ: مِثْلُ الْقُبَّةِ عَلَيْهِ، وَأَنَّهُ لَيَئِطُّ أَطِيطَ الرَّحْلِ بِالرَّاكِبِ. أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ.
Жубәйр ибн Мутғим (р.а.) былай дейді: «Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алла елшісі, жұрт әбден қажыды, бала-шаға қараусыз қалды, мал қырылды, дүние-мүлік сарқылды. Бізге жаңбыр сұрап дұға ет. Сені Алла алдында, Алланы сенің алдыңда араша етеміз”, – деді. Алла елшісі: “Әттеген-ай, не айтып тұрғаныңды білесің бе?” – деді де, Алланы пәктеп, қайта-қайта “Субханаллаһ” айтты. Оның әсері сахабаларының жүзінен байқалды. Содан кейін ол: “Әттеген-ай! Алланы жаратқандарының ешбірінің алдында араша етпейді. Алланың мәртебесі одан әлдеқайда жоғары! Алланың ұлылығын білесің бе? Оның Аршы аспандардың үстінде мынадай”, – деді де, саусақтарымен күмбез тәрізді пішінді көрсетті. “Ол мінген кісінің астындағы ер сықырлағандай сықырлайды”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадисте бір бәдәуидің Алла елшісіне (с.а.с.) келіп қуаңшылықтан көрген қиындықтарын айтып, дұға сұрағаны және Алла елшісінің оның сөзін түзеткені баяндалады.
2. Алла елшісі оған аңдамай сөйлеген бәдәуидің қатесін көрсетеді. Оның артық айтқаны «...Алланы ортаға салып сенің шапағатыңды сұраймыз» деген сөздері еді. Бұл – жөнсіз айтылған сөз. Өйткені Алла елшісін ортаға салып Алладан сұрау – орынды, алайда Алланы ортаға қойып Пайғамбардан сұрау – дұрыс емес.
3. Хадистен ашуланған кезде «Субханалла, Лә иләһә иллаллаһ» сияқты сөздерді айтудың мұстахаб екенін көреміз.
4. Алла елшісі бір сөзді бірнеше мәрте қайталап айтқанда сахабаларының жүзінен алаңдау байқалған еді. Өйткені олар Алла елшісі ашуланса қандай да бір апат кеп қалар ма екен деп қорқатын.
5. Арштың дауыс шығаруы. Алла Тағаланың құдіретінің алдында Арштың мінген кісінің астындағы ердей сықырлайтыны айтылған. Алайда ғалымдар хадисті тура мағынада түсінудің Алла Тағаланы жаратылысқа ұқсатуға әкеп соғатынын, ал мұның таухид ұғымына қайшы екенін айтады. Өйткені ﴿لَيْسَ كَمِثْلِهِۦ شَىْءٌ﴾ «Оның ешқандай ұқсасы жоқ»2.
Хаттаби былай дейді: «...Мұндағы айтылмақ болған ой Аллаға сипат беріп, таухидтен алыстату емес, керісінше, Жаратушының Ұлықтығын танытып, Оның құзырына жақындату, әрі сұрақ қойған адамға түсінікті тілде жеткізу мақсат етілген. Оның үстіне жазу-сызуды білмейтін, әлем атаулыдан алыс бәдәуи үшін бұл түсіндірудің ең оңтайлы тәсілі. (Алайда мәтінді тура мағынада түсіндіріп, сенім мәселелеріне кіргізе алмаймыз. Тек, жорамалдап түсіндірілуі қажет)».