Хадис

Кутуб ситтә, № 1692

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
219. № 1684–1704 хадистер
Нөмірі
№ 1692 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
1692
Кутуб ситтә, № 1692 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَخَذَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِيَدِي، فَقَالَ: خَلَقَ اللَّهُ التُّرْبَةَ يَوْمَ السَّبْتِ، وَخَلَقَ فِيهَا الْجِبَالَ يَوْمَ الْأَحَدِ، وَخَلَقَ الشَّجَرَ يَوْمَ الِاثْنَيْنِ، وَخَلَقَ الْمَكْرُوهَ يَوْمَ الثُّلَاثَاءِ، وَخَلَقَ النُّورَ يَوْمَ الْأَرْبِعَاءِ، وَبَثَّ فِيهَا الدَّوَابَّ يَوْمَ الْخَمِيسِ، وَخَلَقَ آدَمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ بَعْدَ الْعَصْرِ مِنْ يَوْمِ الْجُمُعَةِ فِي آخِرِ الْخَلْقِ فِي آخِرِ سَاعَةٍ مِنَ النَّهَارِ فِيمَا بَيْنَ الْعَصْرِ إِلَى اللَّيْلِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қолымнан ұстап, былай деді: “Алла топырақты сенбі күні жаратты. Ондағы тауларды жексенбі күні, ағаштарды дүйсенбі күні, жағымсыз нәрселерді сейсенбі күні, нұрды сәрсенбі күні жаратты. Бейсенбі күні жер бетіне жан-жануарларды таратты. Адамды (а.с.) ең соңынан, жұма күні екінтіден кейін, түн түсер алдындағы күндіздің соңғы сағатында жаратты”».1

Түсіндірме

1. Мунәуи хадисте айтылған التُّرْبَة («турба») сөзімен жердің меңзелетінін жазады.

2. Бұл хадис ғаламның жаратылуы сенбі күні басталғанын жеткізеді. Осы хадис арқылы Яһудилердің «жексенбі күні басталған» деген болжамдары қабыл алынбайды. Олардың пікірінше жексенбі күні басталған жарату ісі жұма күні аяқталған. Әрі «Алла жетінші күн ретінде жарату ісінен кейін сенбі күні демалған» – деп, – «Біз де сенбі күні тынығамыз» деген көзқарастары бар. Ислам ғұламалары Алланы адамға теңегендері үшін олардың сөздерін орынсыз деп тауып, сенімдеріне күмәнмен қарайды. Шаршау жаратқанға тән емес, керісінше, жаратылған (пендеге) тән қасиет емес пе?! Тіпті «Нахл» сүресінің 40-аятында: «Біз бір нәрсенің болуын қалағанымызда, оған бар болғаны “бол!” дейміз, сонда ол сол сәтте бола қалады», – делінеді.

3. Зер сала қарайтын болсақ, жаратылған нәрселердің тәртібінде хикмет бар. Бірінші топырақ, сосын тау, өсімдік, жан-жануар ең соңында адам жаратылған. Әлемді жаратудағы негізгі мақсат адам екенін байқауға болады. Өйткені жеміс ағашының отырғызылуының мақсаты – оның жемісін алу. Бірінші бүршік атады, артынша гүлдеп жайқала бастайды, тек ең соңында жемісін береді. Жеміс – негізгі мақсат.

«Таһа» сүресінің 53-аятында жердің адам баласы үшін бесік іспетті екені айтылады. Осы хадис сол мағынаны нақтылай түседі. Өйткені бесік сәбидің сау-саламат өсуі үшін әзірленеді.

Хадисте ғаламның жаратылуын белгілі бір тәртіпке байлаған. Жердің жаратылып, таудың қазық болып қағылуы, өсімдік атаулы жазық пен тау бөктерінде өсіп шығуы, жан-жануарлардың да осы екі түрлі мекенді пана тұтуы, ең соңында ғаламның жемісі адамның жаратылуы. Кейбір ғалымдар: «Алланың құдіреті барлығын бір уақытта жаратуға жетеді, алайда Ол мақлұқатқа белгілі бір тәртіппен өмір сүруді үйрету үшін», – деген пікірге келген.

4. Хадисте сейсенбі күні мәкруһтардың жаратылғаны айтылған. «Мәкруһ» сөзін кейбір ғалымдар «жер астындағы қазба байлықтар» деп түсіндірген.

5. Кейбір риуаяттарда «Сәрсенбі күні “нун” немесе “һуд” жаратылды» деген. Мұнда да ешқандай қарама-қайшылық жоқ, Нұрды да, нун мен һудты да бір күнде жаратуы әбден мүмкін.

6. Мунауи осы тақырыпқа қатысты былай дейді:

Шейхул-ислам Зәкәриядан: «Алла Тағала аспан мен жерді Адам жаратылған аптада жаратты ма, әлде одан бұрын ба? Жердің жасы Адамның жаратылуынан бұрын бастала ма?» – деп сұраған. Ол хадистің сыртқы мағынасына сүйеніп: «Алла жер мен көкті Адамды жаратқан аптада жаратты. Бір риуаятта: “Алла жерді сенбі күні, тауларды жексенбі күні, ағаштарды дүйсенбі күні, қараңғылықты сейсенбі күні, нұрды сәрсенбі күні, жан-жануарларды бейсенбі күні жаратты. Жұманың аяқталуына үш сағат қалғанға дейін көкті жаратты. Сол үш сағаттың алғашқысында апаттар мен ажалдарды, екіншісінде ризықтарды, үшіншісінде Адамды жаратты”, – делінеді. Жер Адамнан бұрын жаратылған», – деп жауап берді.

7. Кейбір ғалымдар бұл риуаятты Кағб әл-Ахбардан жеткен исраилият хабары болуы мүмкін деп санаған. Олар хадисте көктің жаратылуы айтылмай, жер мен ондағы жаратылыстардың жеті күнде жаратылғаны хабарланатынын, мұның Құранда айтылған мерзімге сәйкес келмейтінін алға тартқан. «Фуссилат» сүресінің 9–12-аяттарында былай делінеді: ﴿قُلْ أَئِنَّكُمْ لَتَكْفُرُونَ بِٱلَّذِى خَلَقَ ٱلْأَرْضَ فِى يَوْمَيْنِ وَتَجْعَلُونَ لَهُۥٓ أَندَادًا ذَٰلِكَ رَبُّ ٱلْعَٰلَمِينَ ۝ وَجَعَلَ فِيهَا رَوَٰسِىَ مِن فَوْقِهَا وَبَٰرَكَ فِيهَا وَقَدَّرَ فِيهَآ أَقْوَٰتَهَا فِىٓ أَرْبَعَةِ أَيَّامٍ سَوَآءً لِّلسَّآئِلِينَ ۝ ثُمَّ ٱسْتَوَىٰٓ إِلَى ٱلسَّمَآءِ وَهِىَ دُخَانٌ فَقَالَ لَهَا وَلِلْأَرْضِ ٱئْتِيَا طَوْعًا أَوْ كَرْهًا قَالَتَآ أَتَيْنَا طَآئِعِينَ ۝ فَقَضَىٰهُنَّ سَبْعَ سَمَٰوَاتٍ فِى يَوْمَيْنِ وَأَوْحَىٰ فِى كُلِّ سَمَآءٍ أَمْرَهَا وَزَيَّنَّا ٱلسَّمَآءَ ٱلدُّنْيَا بِمَصَٰبِيحَ﴾ «Оларға: “Сонда сендер жер бетін екі күнде жаратқан Алланы шынымен жоққа шығарып, Оған өзгелерді тең тұтасыңдар ма?! Ол күллі әлемдердің Раббысы!” “Ол жер астынан үстіне қарай көтерілген мызғымас тауларды орнатып, жерге құт-береке дарытты. Әрі онда Өзінен ризық-несібе тілеуші күллі жаратылыс атаулының бар азығын тұп-тура төрт күнде өтелетін етіп өлшеп бекітті”. Содан кейін қалауы мен құдіретін сол кезде тұмандық болған көкке қаратты да, көк пен жерге: “Мейлі өз еріктеріңмен, мейлі еріксіз түрде келіңдер!” – деп бұйырды. Сонда олар: “Біз әміріңе бойсұнған күйде келдік”, – деді. Сөйтіп, Ол көкті екі күнде жеті қат көк етіп толық қалыптастырды да, әр аспанға аян беріп, өз ісін білдірді. Содан Біз ең жақын дүние аспанын шам-шырақтармен безендірдік...»2

Ғылым-білім дамып, Құран аяттарындағы осы сырларды ашады деп сенеміз.

  1. 1Мүслим, Сифатул-Қияма 27, (2789).
  2. 2«Фуссилат» сүресі, 9-12-аяттар.